Іс-шарада Мемлекет басшысына рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру аясында аударылып, басып шығары...
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдық қорытынды есеп жиыны өтті
Бүгін әлеуметтану, экономика, психология, журналистика және филисофия сынды ірі салалар бойынша аударылған 18 оқулықтың тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.
Елбасының тікелей өзі қатысуымен өткен алқалы бас қосуда ең алдымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша былтырдан бергі атқарылған істерге қорытынды жасалды. Соның ішінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жұмыс нәтижесі бойынша есеп берілді.
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаламның шыққанына 1 жыл болды. Сол 1 жылдың ішінде асыққанымыз да жоқ, көштен қалғанымыз да жоқ. Бірте-бірте барлық саласын іске қосып келе жатырмыз. Оны өзім қадағалап отырмын. Себебі бұл бағдарлама елімізді біріктіріп, түйістіріп, барлығын бір салаға салғандай болды. Халқымыз осыны түсінді, білді, бірікті, дұрыс деп санады», – деді Елбасы.
Елбасы аударылған 18 кітаппен жеке танысып шығып, алған әсерімен бөлісті. Яғни, бұл кітаптардың қазақ тілінде жарық көріп, кеңінен қолданысқа енуі қазақ ғылымы мен мәдениетінің көкжиегін кеңейтуге зор ықпал етпек.
«Бүгінгі таңда «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының бірнеше тарапын орындап келеміз. Ол аталған 5 бағыттан тұрады. Оның ішінде ең маңыздыларының бірі бұрын-соңды болмаған 100 кітапты қазақ тіліне аудару болып табылады. Аударылған кітаптарының барлығы менің үстелімде бар, бір апта бойы оларды парақтап, таныстым. Біз оқыған кезде қолымызға тимеген құндылық екеніне көзім жетті. Президент болып жүрген кезде сол кітаптармен таныстық. Ағылшын тіліндегі кітаптарды қазақ балаларына қолжетімді қылу үшін және тілді дамыту үшін де кітаптарды қазақ тіліне аударып отырмыз», – дедіМемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Елбасыға отандық білім мен ғылымға көрсетіп отырған ерекше қамқорлығы үшін үлкен алғыс білдірді.
Сосын Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы да «Рауахани жаңғыру» бағдарламасы жөнінде:
«Барлық жастағы оқырмандарға ерекше жұғымды, сырттағы мамандар да бірден қолдаған секем тудырмаған сәтті шешім десек, артық айтқандық емес. Сондықтан Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру барысында үкіметтік емес және коммерциялық емес негізде жұмыс істейтін Ұлттық аударма бюросы құрылған. Бүгінде сол өзіндік қиындықтары болған жұмыстың алғашқы нәтижесімен таныстыру сәтіне куә болып отырмыз», – деді..
Р.Кенжеханұлы жоғарыда айтып өткендей, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 100 оқулықтың бүгінде 18-і дайын тұр.
«Таңдалған оқулықтарды жинақтап айтсақ, бұл кітаптар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 млн-нан асқан Мұндай оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату әлемде баламасы жоқ тәжірибе. Бұл деңгейдегі бір оқулықты құрастырып, баспаға дайындау құны 500 мыңнан 3 млн долларға жетеді. Сондықтан да, оқулықтардың бағасы әдетте өте жоғары. Мысалы, біз аударған профессор Грегори Мэнкьюдің «Экономикс» атты оқулығын америкалық студенттер 280 долларға сатып алады. Оның айтуынша, сол себепті, оқулықты өзге тілге аударып басуға авторлар өте қатаң бақылау жасайды», – деді Р.Кенжеханұлы.
Аталған кітаптар негізінен, әлеуметтану, психология, философия, тіл білімі, экономика, менеджмент, антропология, дінтану, журналистика бағыттары бойынша аударылып отыр.
Өз тарапынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша кезең-кезеңімен ауқымды істердің атқарылып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, Елбасы Тәуелсіздік жылдарындаерекше маңызға ие 3 жетістікті тілге тиек етті.
«Тәуелсіздіктің 26 жылындағы жетістіктерді айта берсең көп. Дегенмен, бәрі шоғырланып келгенде біз үш нәрсені айта аламыз. Бірінші, Қазақстан әлем қауымдастығының төрінен орын алған ел болды. Бұл қазақ тарихында бірінші рет болып отыр. Қазір Қазақстанды білмейтін ел де, жер де жоқ. Басқа елдермен дәрежесі де, терезесі де тең. Қазақ халқы өз ойымен өз санасымен елордасын тігетін жерді таңдап Астананы тұрғызды. Барлық өткен басшыларымыз, хандарымыз осындай қала салу арманына біз жеттік. Ел шекарасын шегеледік, дәурен салдық, елдің әл-ауқатын көтердік. Ал үшінші ешкімнің ықпалынсыз тәуелсіз, егемен ел ретінде ешкім бізді мәжбүрлемей өз еркімізбен әліпбиімізді, жазуымызды таңдадық», – деді ҚР Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Рухани жаңғыру аясындағы көзделген бағыттар кезеңдеп жүзеге асырылып келе жатқанын атай келе, маңызды бағыттың бірі латынға көшу екенін ерекше ескертіп өтті.
«Ешкімнің ықпалынсыз тәуелсіз ел ретінде, егемен ел ретінде ешкім бізді мәжбүрлемей өз еркімізбен өз әліпбиімізді, жазуымызды таңдадық. Әр елдің тарихында мұндай мәселе есте қалатын үлкен тарихи оқиға болып табылады. Еліміз көш басында болсын, ана тіліміз кеңейе түссін деп осыны жасадық. Қазір әліпбиді бекіттік, ептеп-ептеп енгізуіміз керек. Мен де отырып алып күнде сол әліпбимен Абайдың сөздерін жазамын. Кішкене әр жерлерде ойланып барып жазссаң, қиын емес. Мектепте әліпбиді солай үйрендік қой. Қазақ тіліне бұл әліпбидің еніп кетуі өте тез болады деп санаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы "Туған жер" бағдарламасының маңыздылығы, ол бойынша атқарылған істерді тілге тиек етті.
«Туған жер» бағдарламасы әр қазақстандықтың патриотизмін, жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған бағдарлама. Отан деген таулардан, сулардан, өсімдіктерден, өзендерден, жәндіктерден құралады. Бір жерге барсаң, Отан туралы не ойлайсың, Отан анаң туған жерің есіңе түседі. Бір жылда «Туған жер» бағдарламасы аясында 1500 нысан іске қосылды. Ол әлі де жалғасады. Өз жеріне, өз ауылына жақсылық жасайтын азаматтар көп», – деді ол.
Елбасының айтуынша, Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы бойынша 400-ден астам нысан қалпына келтірілген. Сондай-ақ, Елбасы "100 жаңа есім" бойынша 102 тұлға таңдалған. Елбасы осындай жобаны бұрын-соңды неге өткізбедік деген ойға да келген екен. Сондықтан да Елбасы жасындай жрқылдап тұрған жастардың жоқ емес екенін және оларға қолдау көрсету керектігін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев "Рухани жаңғыру аясындағы барлық бағдарламалардың маңызды екенін, соның ішінде "100 жаңа оқулық" жобасы жайлы былай деді:
"Біз ең таңдаулы ұлттардың 800 кітаптан тұратын тізімін жасадық. Қанша ғалымдарымыз, аудармашыларымыз жұмыстанды. Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания Франция, Швейцария сияқты озық елдердің таңдаулы өнімдері. Оларды қазақ балалары бұрын-соңғы еш уақытта оқымаған. Енді әрбір бала оқитын болады".
Сондай-ақ, Ұлт көшбасшысы жаңа оқулықтардың нағыз энциклопедия екенін айтты.
Осы ретте Н.Назарбаев: «Қазір білім берудің әдіс-тәсілдері ғана емес, мазмұны да үлкен маңызға ие. Бұл ретте бағдарлама жалпыұлттық ағартудың бесжылдығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осыны ойланайық. Негізі, мұндай біртұтас баағдарлама бүкіл әлемдік тәжірибеде сирек кездеседі. Дамушы елдер үшін теңдесі жоқ мысал деп айтуымызға болады», – деп атап көрсетті.
Тағы да айта кететін нәрсе, біздегі білікті мамандар жаңа оқулықтар еліміздегі гуманитарлық білім мен ғылымды дамудың жаңа белесіне көтеретінін, сонымен бірге, жоба аясындағы кешенді жұмыстар қазақстандық аударма ісінің дамуы мен түпнұсқа тілден қазақ тіліне тікелей ғылыми аударма мектебінің қалыптасуына айрықша ықпал етіп жатқанын айтты.
Тұсаукесерде рәсімінде жарық көрген оқулықтардың әрбірі 10 мың тиражбен басылды. Бұл кітаптарды Алдағы бір ай көлемінде оқыту жүйесі Қазақстанның жоғары оқу бағдарламасына енгізілмек.
Сондай-ақ оқулықтар 2018-2019 жаңа оқу жылынан бастап оқу бағдарламасына енгізу жоспарлануда.
Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та аталған оқулықтардың қатысы бар пәндерді оқу бағдарламасына енгізуді тапсырды. Сонымен бірге, оқулықтардың электронды нұсқалары мен олардың негізінде дайындалған видео лекциялар топтамасы Қазақстанның ашық университеті платформасы арқылы еркін таратылатын болады.
Айта кетерлік жайт, мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрын-соңды іске аспаған. 100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғарғы білім беру орындары, ғылыми орталықтар және оқулық шығаруға маманданған баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатпақ. Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, академиялық жазу стилін жетілдіруге, ғылыми терминалогияны дамытуға, баяндау және қазіргі ғылыми зерттеу әдістерін игеруге зор мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жоба аясында әлемнің алдыңғы қатарлы баспалдақтарымен (CENGAGE, Cambridge University Press, Sage Publishing, Pearson, Wiley-Blavkwell, Free Press, McGraw-Hill Education, Oxford University Press, Bloomsbury Academic, Phaidon, Routledge) оқулықтарды қазақ тіліне аудару туралы шарттары жасалды.
Кітаптарды аудару белгілі кезеңдермен жүзеге асырылды. Аталмыш 18 оқулықтың глоссарилері негізінде 3 мыңнан аса ғылыми терминдер мен ұғымдар жинақталды. Олардың үштен бірі қолданысқа жаңадан енгізілуде.
Жиынның қорытындысында Елбасы Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырмалар берді.