Танымал актер Дәурен Айдарқұлов экс-жұбайы, әнші Ақбота-Нұр Сейтмкағанбетпен қайта қосылмақ ойы бар...
Динара Сәтжанның ұлы бөлек шықты: жас келіннің жасауын жаңа үйге апарды
Фото: видеодан скриншот
Журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжан отбасындағы қуанышты жаңалықпен бөлісті. Оның ұлы жұбайымен бірге ата-анасынан бөлек шығып, жеке шаңырақ көтерді. Жас отбасы жаңа үйіне қоныстанып, келіннің жасауын қабылдады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі парақшасында ұлы мен келінінің отбасылық өміріндегі жаңа кезең туралы жазды. Оның айтуынша, үйлену тойынан кейін жас жұбайлар екі ай бойы ата-анасымен бірге тұрған. Осы уақыт ішінде келіні Айнура отбасының тұрмыс-тіршілігімен танысып, қазақтың қонақ күту дәстүрін үйренген.
«Үйлену тойынан кейін балаларымыз екі ай бойы бізбен бірге тұрды. Осы уақыт ішінде Айнура біздің күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді көріп, үйіміздің жылуын сезініп, қонақ күту дәстүрімізбен танысып, көп нәрсені үйреніп үлгерді», – деп жазды журналист.
Жас отбасы өз алдына бөлек шаңырақ көтеріп, қонақ қабылдауды бастаған. Динара Сәтжан келінінің алғаш рет өз қонақтарын қарсы алған сәтін де ерекше атап өтті.
«Ал бүгін алғаш рет өз қонақтарын өзі қарсы алып, өз шаңырағының иесі ретінде қадам жасады», – деді ол.
Журналистің айтуынша, бұл сәтте жас келінге отбасы мүшелері де қолдау көрсеткен. Атап айтқанда, анасы келіні Айнураға мейірімімен, даналығымен көмектескен. Сонымен қатар келіннің анасы Тамара құдағи қызының жасауын әкелген.
«Әрине, жанында әдеттегідей біздің Мамани @akmaral_st өзінің мейірімімен, даналығымен, алтын қолымен көмектесіп жүр. Ал Айнураның анасы, біздің Тамара құдағи, жасауын әкелді», – деп жазды Динара Сәтжан.
Жазбасының соңында журналист балалардың енді өз өмір жолын бастайтынын айтып, әр кезеңнің өзіндік қуанышы мен ерекшелігі болатынын жеткізді.
«Енді балалардың өз жолы басталды. Өз шаңырағы, өз жаңалықтары, өз қуаныштары мен өз тәжірибелері болады.
Ал өмір дегеніміз… ағып жатқан өзен секілді. Өз арнасымен аға береді. Жағалары өзгереді, жаңа бұрылыстар пайда болады, бір кезең аяқталып, екіншісі басталады. Әр кезеңнің өз сұлулығы, өз сыйы бар. Ал мен болсам, өз жасымның қадірін бұрынғыдан да терең сезініп, өмірдің осы кезеңінен ләззат алып жүрмін», – деп түйіндеді журналист.
Осылайша, Динара Сәтжан ұлы мен келінінің жеке өмірге қадам басқан сәтін бөлісіп, ата-ана үшін балалардың өз алдына шаңырақ көтеруінің де ерекше қуаныш екенін жеткізді.