Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласында жеке тұрғын үй өртеніп, екі адам көз жұмды,...
Енді сарбаздар QR-код арқылы басшыларына анонимді түрде шағымдана алады
Фото: Ұлттық ұлан
Ұлттық ұлан сарбаздары қолбасшылыққа анонимді түрде өтініш жолдай алады. Бұл үшін QR-кодты сканерлеп, ULAN SENIM қосымшасына кіру жеткілікті. Жаңа цифрлық жүйе Алматыдағы 6654 әскери бөлімінде сынақтан өткізіліп жатыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Жоба әскери қызметшілер мен қолбасшылық арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Ресми мәліметке сәйкес, ULAN SENIM қазақстандық Aitu мессенджері негізінде әзірленген.
Жүйені пайдалану үшін сарбаз алдымен өтініш санатын таңдап, мәселенің мән-жайын жазады. Жолданған өтінішке бірегей нөмір беріледі де, оны қарау үшін тиісті командирге жіберіледі. Әр өтінішті қарауға үш күн уақыт қарастырылған.
Өтініштер әскери қызметтегі түрлі мәселелерді қамтиды. Олардың қатарында заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, материалдық қамтамасыз ету, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және бөлімдегі моральдық-психологиялық ахуал бар.
Сонымен қатар сарбаздар жеке құрам арасындағы келіспеушіліктер туралы хабарлап, қызметті ұйымдастыруға қатысты ұсыныстарын да жолдай алады. Мәселен, күн тәртібін өзгерту немесе асхана мәзірін жаңарту жөнінде өтініш білдіруге мүмкіндік бар.
ULAN SENIM қосымшасында өтінішті анонимді түрде жіберу, оның санатын таңдау және қаралу мәртебесін бақылау функциялары қарастырылған. Ал қолбасшылық құрам өтініштердің қаралуы мен орындалуын арнайы жеке кабинет арқылы қадағалай алады.