Танымал журналист, белсенді Ербол Мәндібек актер Қайрат Әділгерей туралы мәлімдеме жасады, деп хабар...
«Өз болмысымнан ажырап қалдым»: Роза Әлқожа жан сырын бөлісті
әлеуметтік желі
Әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында өміріндегі өзгерістер, адамдарға деген сенім және жақын жандардың жатқа айналуы туралы ойымен бөлісті. Өнер иесінің жазбасы оқырмандарының назарын аударды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Әнші соңғы уақытта өзінің бұрынғы болмысы жайлы жиі ойланып жүргенін жеткізді. Оның сөзінше, бір адамға шектен тыс сену адамның өз пікірінен, тіпті болмысынан алыстауына себеп болуы мүмкін.
«Менің ішімдегі ерке қызды қай жерде қалдырып кеткенімді енді ойланып жүрмін. Ол ойын ірікпейтін, әр қадамы нық, қайсар емес пе еді?! Біреуге қалтқысыз сенген адам өз болмысынан ажырап қалады екен. Соның қабағы, соның пікірі деп өз ойы болмайды. Жалпы, өмірде өзіңе ғана сену керек екенін енді ұғындық. Сенім – үлкен қару. Оны берген соң басқа адамға қаруды былай серме дей алмайсың. Ол қалай қолданса да, жараласа да өз еркі. Тек арына тапсырасың», – деп жазды Роза Әлқожа.
Өнер иесі кезінде жақын адамның жатқа айналуы мүмкін екеніне сенбегенін де жасырмады. Алайда өмірдегі түрлі жағдайлар адамдар арасындағы қарым-қатынасты өзгертіп жіберетінін түсінгенін айтты.
Әнші адамның жанында жүргендердің бәрі бірдей шынайы тілеулес бола бермейтініне де тоқталды.
«“Мені өзімнен артық біледі” дегеннің бәрі өтірік. Ешкім ешкімді білмейді. Тек мақсатына қарай ой салады, бағыттайды. Немесе пайдаланады. Ол кім болса да, арада әділетсіздік орнағанда әркім өзін алып қашады. Жаныңда жүріп сені жамандыққа итермелеген жаннан гөрі, алыстағы тілеулес артық. Қасыңда жүріп қамқор болмай, қамытыңның ауырлығына күліп отырған кісі баласынан қайыр күтпе», – деді әнші.
Роза Әлқожа жазбасында бұл ойларының нақты кімге арналғанын ашып айтпаған. Дегенмен оның сенім, жақын адамдар және қарым-қатынас туралы жазған толғанысы желі қолданушыларының назарын аударды.