«Қыздарымды тек шетелде өскен қазақтарға беремін»: Нұртас Адамбай себебін айтты (ВИДЕО)

ашық дереккөз

Шоу-бизнес
143

Танымал актер әрі режиссер Нұртас Адамбай «Келінка Сабина» фильмін түсіруге не түрткі болғанын айтып, балалық шағындағы естелігімен бөлісті. Сондай-ақ ол қыздарының болашақ отбасылық өміріне қатысты ұстанымын ашық жеткізді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Жарының фильм идеясы қалай пайда болғаны туралы сұрағына жауап берген Нұртас Адамбай бала кезінде ауылдағы жеңгесі Гүлиманың өмірі өзіне қатты әсер еткенін айтты.

Оның сөзінше, қалада өскендіктен қазақ тілінде дұрыс сөйлей алмаған. Ауылға барғанда жергілікті балалар мазақтайтын, ал жеңгесі әрдайым мейірім танытып, қамқор болған.

«Маған балалық шағымдағы ағамның әйелі, жеңгем Гүлима әсер еткен шығар. Ол өте әдемі әрі мейірімді болды. Маған кәмпит беріп, өте жақсы қарайтын. Бірақ мен оны аяйтынмын. Себебі ол түн жарымға дейін жалғыз өзі үй тірлігін істейтін. Ал үйдегілер ол кезде демалып жататын», – деді актер.

Режиссер бір адамның бүкіл отбасының шаруасын атқаруын әділетсіздік деп қабылдағанын жеткізді.

«Бәрінің соңында қалып, ыдыс жуатын. Маған бұл әділетсіздік болып көрінетін. Бір адам бүкіл үйдің адамдары үшін жинап жүретін. Мүмкін, менің ішкі қарсылығымды осы "Келінка Сабина" арқылы көрсеткім келген шығар», – деді Нұртас Адамбай.

Сонымен қатар актер қыздарының болашағына қатысты да пікір білдірді. Ол қыздарын шетелде туып-өскен қазақ жігіттеріне тұрмысқа бергісі келетінін айтты. Нұртас Адамбай мұндай ұстанымын қыздарының тұрмыста құлша жұмыс істеп, күйеуінің айтқанына ғана көнетін жағдайда өмір сүргенін қаламайтынымен түсіндірді.

Осылайша, режиссер «Келінка Сабина» фильмінің идеясына балалық шағында куә болған келіннің ауыр тұрмысы мен отбасындағы әділетсіздік әсер еткенін жеткізді.