Динара Сұлтан не себепті бес баласының әкесімен үйлену тойын тым кеш атап өткенін айтып берді. Таным...
«Халық жауы қылып жібердіңдер»: Дауға қалған асаба тағы үн қатты
Фото: видеодан скриншот
Әлеуметтік желіде өзін «халал асаба» ретінде таныстырып жүрген Сабыржанның тойда айтқан әзілдері қызу талқыға түскен еді. Оның қонақтардың мамандығына қатысты айтқан сөздерін көпшілік орынсыз әрі кемсітушілік деп бағалады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Arasha.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін желіде тараған бейнежазбада асаба әртүрлі мамандық иелеріне қалжың айтамын деген ниетпен өрт сөндірушіге «Өрттің көп болсын», дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне «Оны да оқи ма? Дене шынықтыруды түрмеден келгендер де істеп жатыр ғой» деген секілді сөздер айтқан. Сондай-ақ базарда қауын-қарбыз сататынын айтқан қонаққа «Үстіңізден сасық иіс шығып тұр екен» деп әзілдеген.
Бұл видеолар кең таралып, желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Көпшілік адамның еңбегі мен кәсібін көпшілік алдында келемеждеу әзілге жатпайтынын айтып, асабаны сынға алды.
Алайда даудан кейін дәл осы асабамен бірге жұмыс істейтін әріптесі әлеуметтік желіде видео жариялап, Сабыржанды қорғап шықты.
«Мына әлеуметтік желіге қарасам, Сабыржанды халық жауы қылып жіберіпсіздер ғой. Сол тойдағы болған әзілдерді қиып алып таратқан. Дұшпандарымыз ба, көре алмайтындар ма… Ағамның той жүргізгеніне 25 жыл болды, менің де 15 жыл болды. Егер жандарың ашыса, келіп өзімізге айтпайсыңдар ма? Оны қиып алып, жан-жаққа таратып отырсыңдар. Педофилдермен, нашақорлармен, маскүнемдермен, жезөкшелермен, жемқорлармен алысыңдаршы. Өз нәпақасын тауып жүрген бізден не керек?» - деді ол.
Өз кезегінде Сабыржан да бұл мәселеге пікір білдіріп, видеодағы әзілдерге той қонақтарының ешқайсысы ренжімегенін айтты.
«Негізі көре алмайтын адамдар ренжиді ғой. Ең бастысы, тойдағы адамдар ренжіген жоқ», - деді асаба.
Дегенмен әлеуметтік желідегі пікірталас әлі де басылған жоқ. Бірі асабаның сөздерін қарапайым әзіл деп қабылдаса, енді бірі көпшілік алдында адамның мамандығын кемсіту қандай жағдайда да дұрыс емес екенін айтып жатыр.