Бауыржандағы ғарыштық сана жан тебірентеді

СӨЗДІҢ АТАСЫ
359

Бауыржан Қарағызұлының өлеңдері өзіме ерекше ұнайды, жаттандылық пен жалған сезімдерден ада болуымен баурайды. 

Бауыржанда көне түркілік жад өз заманымен үйлеседі, бірақ көк бөрі тотемі санасында бір өшпейтін тәрізденеді. Сондықтан бұл ақын жігітті жыраулардың тікелей ұрпағы, сол нәсілдің бел баласы, алтынды мұрагері дер едім. 

Бауыржан жырларында құдіретті үндердің шынайы естілуін өз басым осылай қабылдаймын. 

«Тыңдасам дауысын еске алып Құдайды, 

Жүрегім жылқыдай жылайды!» 

«Әлди» атты осы өлеңді жазу екінің біріне бұйырмайды. Бұл біздің тарих. Жүрек жылқыдай жыласа, ол алаш нәсілінің бағы қайтқан мезет: қазақ жылқысының жоғалуы өткен ғасырда геноцидтік сипат алды. Кеңес үкіметі қазақ жылқысын қасақана құртқанын марқұм Жағда Бабалықұлы ақтық сәтінде Қасымхан Бегманұлына сұхбатында айтып кетті. 

Бауыржан жас та болса өз халқының даналығын көкірегіне жиған. «Өлімді сағынған, аңсаған - 

Қартайған Арманның 

шаршаған елесі емес пе, мына Түн??! 

Ұйықтамай отырмын неге осы??!» 

Ақын құлазыған көңілін өзі әлдилейді. Себебі «Мына Түн –  мәңгілік әуенге билейтін Сөздердің мекені», түнді нәрестедей әлдилеу бұрын-соңды кездестірмеген метафора сияқты. Қазақтың ұлттық мейірімі, жан жылуының қуаты тұнып тұр. Елегізіп, аласұрған ақын жаны ұйқысыз беймазалығын көркемдіктің жөргегіне орап, әлдилеп, бесік жырына бөлегені сүйіндіреді. 

Бауыржан жырларында кесек-кесек көркем ой қордаланып тұрады. «Шөп батасын оқыған көктем сайын талығып, Мен Біреуді сағынам көзімде  жас зарығып», «Тағдырымен ойнаған, Мен – адасқақ Сөз едім» – ақын атаулының асқақ табиғатын айқындайды. «Көктем, Көктем иманды, аппақ дұғам сен едің» – «Гипербореялықтардың сағынышы» атты бұл өлеңнен ұққаным, исламдық қағида: фәни дүние құлшылық үшін жаралған. 

Ол нағыз ұлттық дүниетаным мен қазақтығының қалыбын бұзбайтын ақын. Қазіргі қазаққа ауадай қажеті де осы. Бауыржандағы ғарыштық сана жан тебірентеді. Ескіде қазақтықтың еркін, азат болмысы солай болған. 

Арнайы Мassaget.kz үшін: Айгүл Кемелбай 

Суретте ақын Фариза Оңғарсынова Бауыржан Қарағызұлына Гран-Приді табыстауда. 

Шабыт фестивалі. 2008 жыл. 

(Aқынның жеке мұрағатынан алынды)

author

Бауыржан Қарағызұлы

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...