Едіге Қожахмет. Ең бақытты адам – өмірін биік идеяға арнай білген адам

СӨЗДІҢ АТАСЫ
1809

Мысынан айрылған ұлтпыз. Өкінішке орай солай. Қажымұқан атамыздың естелігін еске алсақ, мыстан 19-шы ғасырдың соңына қарай айырыла бастаған екенбіз. Қажы атаның айтуынша, бала күнінде ауылында бір еңгезердей атақты балуан болған көрінеді. Қажымұқанның өзінен де ірі болса керек. Ол кезде ауылдың маңындағы қамыстың ішінде жолбарыс мекендеген екен. Содан қорқып, ел қамыс жаққа жоламайды екен. Тек, жаңағы балуан жігіттің әкесі ғана қамыстың ішіне еркін кіріп жүреді екен. 



Батыр, балуан деген аты бар жігіт сонысын дәлелдегісі келсе керек, бір күні қамыстың ішіне барыпты. Жолбарыс бұған шапқан екен, дайын барған жігіт тағыны өлтіріп, ауылға әкеледі. Елдің мақтағанын емес, әкесінің мақтағанын күткен жігіт ақсақалға барып болған жайды айтады. «Жолбарыс маған қарай тура атылды» дегенді естігенде әкейдің өңі бұзылып, күңіреніп кеткен екен. 

Сондағы айтқаны: «...Мысықтың адамға шапқаны жақсы ырым емес. Бізді көргенде о неме басын сүмірейтіп, құйрығын қысып, бұрыла жөнелуші еді. Бір мысықтың мысын басар қауқарың қалмапты, қайран ұрпақ, ұсақталып кетіпсің-ау!..» 

Ірілектен айырылып, мыстан жұрдай бола бастаған кез сол жылдар болса керек. Сол мыс енді қайтып оралар ма? Мен оралатынына сенем. Бұқара көрген әулиенің соңының бірі Мәшекең «Бұ қазақтың әлі әлемге айтар сөзі бар...» деп бекер айтпаса керек-ті. 

Жолбарысты мысық құрлы көрмеген шалдар-ай...

* * *

Үмітсіздікке толы посттар көбейіп кетіпті. «Қоғам қайда барады?», «Ел боламыз ба өзі?» деген сарын. Yeldos Toktarbay бауырымның «Көп нәрсе жазғым келеді, бірақ оны ешкім оқымаса, не үшін керек?» дегенін де көзім шалып қалды. Рас, не бір жағдайды көргенде еріксіз солай ойлайсың. Дегенмен, мынаны ұмытпаған жөн. Топыраққа ағаштың он дәнін көмсең, оның тоғызы шіріп кетуі мүмкін. Біреуі ғана тамыр жайып, ағаш боп өсіп шықса – соның өзі мыңдаған мәуе беретін болады. Жетілу деген сол. Елдің бәрі кемел боп кететінін күтудің қажеті жоқ. Мыңнан бірің кемел бола алсаң, елдікті сақтауға жетеді. Қоғамдағы берекеге, елдікке себеп боп отыратын ілуде бір дана ақсақал, текті азамат, салиқалы ана, тәрбиелі келін, әділетті әке, сабырлы әйел кездеседі қашан да. 

Құдайдың қарғысынан сақтап отыратын да сондай тұлғалар мен қауымдар. Сол «ілуде бірлердің» шығуы үшін мыңдарға уақыт сарп ету – ысырып болмайды. Он дән салып едім, тоғызы шіріп кетті деп қайғыру қате. Біреуінің тамыр тартқанына қуану керек!

* * *

Мәдениет жайлы көп айтам. Айтылуы қажет, себебі. Мәдениет – тек әдебиет пен өнер емес. Мәдениет – әр істі әдебіне сай істей білу. Кәсіпкерлік мәдениет бар. Саудагерлік мәдениет бар. Қала мәдениеті бар. Ауыл мәдениеті бар. Ел басқару мәдениеті бар. Көп. Қала мәдениеті демекші, әр елдің өз болмысына сай қалалық, тұрмыстық мәдениеті болады. Байқасыңздар, біз сол қазақы қалалық мәдениеттен жұрдай болдық. Біздің қалалық мәдениетіміз – кеңестік мәдениет. Кеңестік стандарт. Үйлердің архитектурасы, дизайны бәрі сол кеңестік стандарт. Жаңадан салынып жатқан құрылыстың барлығы дерлік батыстық, шығыстық, аналық, мыналық бағытта. Бір қалаға кіріп қалғанда ондағы ғимараттарынан, көшелерінен, базарынан, мазарынан сол елдің иісі аңқып тұруы тиіс. Мысалы, біздің қаладағы тұрғын үй кешендерінің мынадай ерекшеліктері болуы тиіс:

Тұрғындарға ортақ бір асхана. Асхана болғанда, қазан ошағы бар, қоймасы бар, ыдыс аяғы жеткілікті бір жер болуы тиіс. Қуаныш болса да, қаза болса да сол жерде атқарып жіберетіндей ортақ орын. Құда күтіп, билетіп шығарып салуға да болады. Жаназа шығарып, асын беріп жіберуге де болады. Наурыз сияқты мейрамдарда көршілермен бірігіп шаралар ұйымдастыруға да болады дегендей. Қазаққа тән дүние емес пе? КСК-ға тиесілі боп тұра береді дегендей...

Қарияларға арналған аулада арнайы бір орын. Үлкен кісілер жиналып, самаурынның шәйін ішіп отырып, әңгіменің шүмегін ағытатын бір жылы орын болуы тиіс. Есті балалар мен жастар да кіріп со кісілердің дәмді сұхбаттарын тыңдап жүруі де мүмкін. Біреудікіне мықты әнші, жыршы, күйші кеп жатса - сол жерге жайғасып, көршілерді де жинап, мәслихат пен ду-думан құрып жатқанға не жетсін? Ол жерде ыстық тамақ, ығы жығы дастархан қажет емес. Қазаққа тән дүние емес пе?

Балалар жиналып сабақтарын, үй жұмыстарын жасайтын, кітап оқитын, жастар жұмыс істейтін коворкинг немесе кітапхана. Бұл да кешеннің бір бөлігі ретінде стандартқа кіруі керек. 

Мұндай дүниелердің түрлі түрлісін ойластыруға болады. Мұндағы басты ұстаным қалалық инфрақұрылым қазақтың салт-дәстүрін ұстануға қызмет ететіндей ыңғайлы болуы керек және көршілердің бір бірімен араласуына толық жағдай жасауы керек. Көршілік мәдениеттен ажырап қалдық қой әйтпесе. Қысқасы, қай салада болса да мәдениетке мән беруіміз қажет. Өйтпесек болмайды.

* * *

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» Хакім Абай.

«Әр қазақ менің жалғызым...» Сабыр Адай.

Мәніне үңілмейміз-ау осы сөздердің. Бауырың, досың, туысың тек үйдегі жақындарыңды ғана емес, көшедегінің бәріне өз жақыныңдай қарай білсең, өмірдің өзі басқа бояуда көрінеді. Көлігіңмен келе жатқанда басқа бір көлік қысып кеп жіберсе немесе алдыңды кесіп өтсе, бұлқан-талқан болып шыға келесің. Түгін қалдырмай боқтап, барлық күнәні соның мойнына үйесің кеп. Енді елестетіп көрші... Сөйтіп боқтап тұрған кісіңе көзің түсіп қарасаң, өзіңнің қатты сыйлайтын досың немесе туысың болып шықса, әрі қарай ұрсысып, дүрсе қоя беремісің? Қайдам... Жіби кетесің. Әзілге айналдырып, күле сөйлесіп, жылы қоштасып жүре бересің. Демек, сол әрекетінен дүние төңкеріліп, өмір тоқтап қалатындай зиян келе қоймады. Тек сенің соған деген реакцияң ғана басқа. Ал «әр қазақты жалғызыңдай», «адамзаттың бәрін бауырыңдай көрсең» сөйтер ме едің?

Жоқ.

Осыған қатысы бар тағы бір мысал. Қазақ қонақжайлығымен танымал емес пе? Аузынан жырып, қонағына ұсынатын салтымыз бары рас. Бірақ, қазіргі қазақ өз үйіне келген жекеменшік қонағына ғана қонақжай екен. Сұмдық дайындалып, табағын да, қабағын да аямайды. Бірақ, көшедегі қазақ салқын, суық. Бауырдай қарау былай тұрсын, елдің бәрін дұшпандай көреді. Бұрын басқаша еді ғой. Құдайы қонақпыз деп жүргеннің бәріне пейілі де, есігі де ашық еді ғой. Танысын танымасын апталап жатып қонақ болып, кетерінде ғана жөнін айтатын кездер болмады ма? Қазір олай емес. Жаттық, жабайылық, жатырқаушылық жайлаған, әттең...

Қайтпек керек?

* * *

Ең бақытты адам – өмірін биік идеяға арнай білген адам болса керек. Сол идея үшін қанша қиналса да, мұңайса да, оның әр сәті мағыналы. Ол өзінің мұңын да сүйеді. Адамның биіктігі мен ірілігі – оның жауапкершілік деңгейімен өлшенсе керек. Біреу тек өзіне жауап бере алады. Деңгейі сол. 

Енді біреу отбасына жауап береді, өзгелер қызықтырмайды. Өресі сол. Тағы біреулер әулетіне, ауылына, руына жауап береді. Ал, ең мықтылар елінің, ұлтының жауапкершілігін сезінеді. «Әр қазақ – жалғызым» деп шын жүрегімен айта алады. Әр қазақтың мұңына мұңаяды, қуанышына қуанады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп" деген пайғамбарлық ұстанымға ұмтылады. Сол жолда өмірін қиюға дайын болады...

Халықаралық инвестиция маманы

Абай атындағы халықаралық мәдениет орталығының директоры


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...