Павлодарда мектептер оқу жылына дайын емес

СӨЗДІҢ АТАСЫ
2295

Павлодар облысы бойынша бірнеше мектеп жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. Салдарынан, аталмыш мектептердің оқушылары тентіреп, басқа білім ордаларын сауғалауға мәжбүр. Сәйкесінше оларда балалардың саны шамадан тыс артып, карантиндік шектеулер жағдайына қарамастан үш, тіпті қосымша төртінші ауысымға дейін оқымақ. Бұған бас қатырып жатқан облыс басшылығы жоқ. 

Павлодар және Ақсу қаласындғы 6 білім беру мекемесінде жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмаған. Бұл келеңсіздік жылдың соңына дейін созылуы мүмкін. Тарқата айтсақ, облыс орталығындағы №1, 7 жалпы орта білім беру мектебі, Қабанбай батыр атындағы әскери мектеп пен Білім-инновация мектебі, Ақсу қаласының №8 және Қ.Шүленбаев атындағы мектеп әлі бірнеше ай оқушыларын қабылдай алмайды. Онда білім алатын балалар өзге мектептерге үлестірілуде. Кейбірі жатақханаларда оқитын болады. 

Бұл – «Заманауи мектеп» жобасының «жемісі». Мектептерді жай жөндеп қана қоймай, заман талабына сәйкестендіріп жабдықтауға бағытталған жоба былтыр қолға алынған болатын. Оның аясында білім ордаларын түрлендіру үшін қомақты қаражат бөлінуде. Биыл бұл сома 8 млрд. теңгені құрап отыр. Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мақтанса мақтанатындай-ақ көрсеткіш. Жоғарыда аталған мектептердің қазіргі жағдайына қатысты сұхбат берген аймақтың бас ұстазы «бұдан артық не керек?» дегендей сыңай танытты.

- Былтырдан бері облысымызда «Заманауи мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Қаржыландыру бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Биыл білім ордаларын заманауи талапқа сәйкестендіру үшін 8 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Кейбір мектептерде жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмағаны рас. Алдын-ала жасалған жобалық-сметалық құжаттарға сүйенсек, жөндеу жұмыстары 7-8 айға дейін жүргізіледі. Барлығы жоспарға сай, - дейді басқарма басшысы. Сірә, Дінислам Болатханұлы биыл оқу дәстүрлі оффлайн форматқа қайта көшеді деп күтпеген сыңайлы. Қайтеміз, шенеуніктердің барлығы бірдей сәуегей емес. 

Есесіне, ата-аналар қауымы жөндеу жұмыстарының тым ұзаққа созылып жатқанын сезді. Бұл тақырып төңірегінде әлеуметтік желілерде сын-пікірлер әлі де толастамай келеді. Тек, естір құлақ жоқ. 

Оқушыларын жан-жаққа тентіретіп жіберген Павлодар қаласындағы №1 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Азамат Жанайдарұлы ата-аналарға «бұл жағдайға түсіністікпен қарауымыз қажет», деп басу айтуда. Басшысынан асып қайда барсын? Ол да бар гәп жобалық-смеалық құжаттарда деп отыр. 

Өткен айдың соңында шаһардағы №1 және №7 мектептегі құрылыс жұмыстарының барысымен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов танысып қайтқан болатын. Жөндеу жұмыстарының кешеуілдеп жатқанын білді, көрді. Бірақ әрекет етпеді. Сынға алайын десе, «Заманауи мектеп» жобасы өзінің төл туындысы. Қолға алған бастамасының шатқаяқтап қалғанын мойындау қиын. Түсінеміз. Ол да түсінді. 

Облыс басшылығы алты бірдей білім ордасының жаңа оқу жылына дайын болмай шыққанын қалыпты жағдай деп бағамдап отыр. Ал бірнеше мың оқушының карантиндік шектеулер жағдайында  бір жерге «үймелеп» білім алуы қаншалықты қауіпсіз? Ата-аналар мен оқушылар үшін қаншалықты ыңғайлы? 

Айтпақшы, күні кеше облыста өткен тамыз конференциясы барысында аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов «бізде үш ауысыммен жұмыс істеутін мектептер жоқ» деп мақтанған еді...

Жомарт Жылкелдіұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...