«Алтын сәндікке, күміс саулыққа»

Фото: Автордан

СҰХБАТТАР
36

Қазақ халқы ежелден ұлттық бұйымдарды тек сәндікке емес, оның емдік қасиеті мен тәрбиелік ұғымына ерекше назар аударған. Ежелгі қазақ әйелдерінің ұлттық әшекей-бұйымдарының көбі дерлік күмістен жасалатын болса керек. Өйткені дана халқымыз күмісті аурудан емдейтін, тіл-көзден сақтайтын киелі деп білген. Жаңа туған нәрестені күміс әшекейлер салынған суға шомылдырып, қыздарына күмістен жасалған шашбау таққызғаны да содан. Күмістен жасалған жүзік сынған қолды емдейтін қасиетке ие болса, күміс шашбау бойжеткендердің шашының өсуіне жақсы әсерін тигізген. Қазақ әйелдері алтын сырғадан гөрі күміс сырғаны құптаған. Сол себептен де бойжетіп келе жатқан қыздарының құлағына күміс сырға таққан. Қазақ қоғамындағы күмістің емдік қасиеті жайлы қазақтың ұлттық әшекейлерін, әсіресе күмістің емдік қасиетін зерттеп, халыққа түсіндіріп жүрген білікті этнолог маман Бұлбұл Кәпқызымен әңгімелесіп көрдім. 

   –  Қазақ әйелдері неге күміс әшекейлерді жиі таққан? Бұл денсаулыққа қалай әсер еткен? 

–Жалпы қазақта «алтын сәндікке, күміс саулыққа» деген халық арасында сөз бар. Бұл тегін айтылған сөз емес. Алтын деген дүние тек сәндік үшін таққан болса, күмісті денсаулыққа, сырттан келген тіл-көзден, жаман аурадан сақтайтын дүние ретінде және тазалыққа да қолданған. Мысалы, қолында күмісі бар адам таза, дәреті бар деген түсінік болған қазақта. Денсаулыққа пайдалы деп айтатын себебі — адамның ішіндегі жаман қасиеттерін күміс бойына сіңіріп алады деп айтады. Бұл ғылыми деңгейде дәлелденген, рас дүние. 

–  ⁠Әшекей бұйымдарды тағу арқылы жаман энергиядан немесе көз тиюден қорғану сенімі қаншалықты кең тараған?

– Біз, қазақ, денеге таққан әрбір әшекей-бұйымның барлығын тіл-көзден сақтау, сыртқы зиянды дүниелерден қорғану үшін таққан. Көбіне ең бірінші көз сенің қолыңа, мойныңа, шашыңа таққан күміс бұйымға түседі деп есептеген. Күміс бұйым сырттан келген жаман көзқарасты адам денесіне өткізбейтін қасиетті металл деп бағаланған.

– ⁠Күміс әшекейлер арқылы қандай аурулардың алдын алған? 

– Жалпы күмістің қасиеті өте зор. Мысалы, жаңа туған баланы суға шомылдырғанда біздің әжелеріміз қолындағы бір білезігін алып, суға салып жіберетін. Өйткені күміс судың ішіндегі лас қасиеттерін өз бойына сіңіріп алады дейді. Сондықтан күміс адам денсаулығына өте пайдалы. Буын ауруларына да, сырттан келген тіл-көздің де алдын алады. Ежелде күмісті таза деп бағалаған және адамға ең пайдалы зат деп есептеген. Біздің әжелеріміз қолында қос білезігі жоқ келіннің қолынан шай ішпейтін. Кейбір адуынды әжелеріміз: «Дәретің қайда?» — деп сұрайтын. Ол неге десек, қолында білезігі жоқ деген сөз. Ал енді күмістің халық арасында тараған атауы — «таза». Мәселен, келіндер күміс аттас қайын ағаларының атын «таза» деп айтатын болған.

–Қызықты әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Жұлдыз Ербол

10-сынып оқушысы

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мұхтар Шаханов Арыстанбаб кесенесінің жанындағы зиратқа жерленетін болды, деп хабарлайды MadeniPorta...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Оқиға Түлкібас ауданының орталығындағы «Береке» базарында болған, деп хабарлайды MadeniP...