Маржан Ершу: «Менің үйім 8 март көшесінде…»

Фотосурет "Қазақ әдебиеті" газетінен

СҰХБАТТАР
127

Қазақтың  әйгілі  күйшісі, Күй  анасы  атанған Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 165 жыл толып отыр.  Даңқты күйшінің тұлғалық болмысын сан қырынан ашып, туындыларына арқау еткен белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершумен өнер құдіреті турасында әңгімелескен едік.   

– Күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 165 жыл толып отыр. Күйші Дина тақырыбындағы көркем дүниелерге  біраз жылдан бері қалам тербеп келесіз. «Дина» атты поэма жаздыңыз, «Дина-Dina» атты  тарихи өмірбаяндық кітабыңыз қазақ-түрік тілдерінде жарық көрді. Жақында Х.Бөкеева атындағы  Батыс Қазақстан облыстық драма театрында «Дина» атты драмаңыз сахналанды.  Дина тақырыбы неліктен қызықтырады? Дина Нұрпейісовамен сізді не байланыстырады?

– Динаның өмірі – өнерге айналған өмір. Күйші анамыз туралы жазамын деп жоспарлаған емеспін. Әдебиетке қадам басқан  жиырмадан  асқан шағымда, тоқсаныншы жылдары Дина шешейді түсімде көрдім. Телефон шырылдап, тұтқасын көтергенімде көз алдымда басында  биік, аппақ жаулығы бар Дина Нұрпейісованың бейнесі көрінді. Ол: «Мен – Дина Нұрпейісовамын! Маған Маржан Ершуова керек! Сен неге мені іздемейсің? Менің үйім 8 март көшесінде», – деп бұйрық еткендей өктем дауыспен сөйлей бастағанда  шошып оянып кеттім. Қатты қорықтым. Дина  шешейді түсімде көргеннен кейін көңілімде мазасыздық орнады. Ештеңеге қызықпай, әйтеуір бір көңілім толмай жүретінмін. 8 наурызда ел мейрамдатып, сыйлықтар алып мәз болып жатса, мен бұл күн  тез өтіп кетсе екен деп тілейтінмін. Жаным мазасызданып, мұңға батып, әлдбір қорқыныш мені уысынан босатпайтын. Мүмкін,  өлең дерті деген осы шығар. Үрей мен қорқыныш – екі түрлі нәрсе. Адамды өлтіріп, мысын құртатын – үрей ғой. Ал қорқыныш ойлауға, ойлануға үйретеді. Қазақтың «Қорқа-қорқа батыр болады» деген сөзінің философиясы терең. Уақыт өте келе Дина Нұрпейісованың  күйлеріне деген қызығушылығым арта түсті. Дина шешейдің күйлері менің мұңдасыма, сырласыма айналды. Деректер жинай бастадым. Музыка, өнер тақырыбы қызықтыра бастады. «Шопеннің жүрегі», «Асалы-Көкетай», «Құлпытас», «Күй-құдырет» т.б. туындыларымды жаздым. Тақырыбы махаббат болғанымен, бұл шығармалардың өзегі – өнер еді.

 Дина күйші тақырыбы осылай жетелеген екен ғой?

– Кішкене лирикалық шегініс жасасам, бұл – 2007 жыл… Фариза  Оңғарсынова  апамыздың  амандық-саулықтан кейін маған үнемі қоятын дәстүрлі сұрағы бар еді: «Не жазып жүрсің?» – деген. Бір күні:

– Мен «Дина» деген поэма жаздым, – дедім.

– Кім саған Дина туралы жаз деп идея берді? Тасмағамбетов пе? – деді.        

– Өзім, – деймін.

Ол кісі маған  таңғалып қарады да:

– Осы жұрттар «сүйдім-күйдімнен» әрі аспай жатқанда тарихи  тұлғаларға бет бұруың қызық екен. Баяғыда Хамаң – Хамит Ерғалиев  өзі  «Құрманғазы» деген поэма жазғаннан кейін маған «Дина туралы поэма жаз», – деп еді. Мен поэма емес, өлең жаздым,  –  деді апам.

– Апай, мені жазайын деп жазып жүр дейсіз бе? Қорыққаннан жаздым ғой! – деп қойып қалдым.

– Кімнен қорқасың?

– Дина Нұрпейісовадан!

– А, Дина Нұрпейісовадан?!

Мен көрген түсімді баяндап бердім. Түсіме ақ жаулығы дағарадай Дина Нұрпейісова енгенін, «Маржан, сен неге мені іздемейсің?» – деп ұрсып жатқанда, оянып кеткенімді айттым.

 – Дина Нұрпейісованы іздесем, жырмен іздеуім керек шығар деп ойладым, – дедім. 

Сонда Фариза апай:

– Дина  шешеміз – аруақты адам ғой, сені желеп-жебеп жүрген болар, қорықпа, –  деген еді.

– Сіздің «Дина» поэмаңызға суретші Камила Жапалованың  картина салғанын ертеректе газеттерден оқып едім.

– 2009 жылы Атырауда болғанымда суретші Камила Жапаловамен әңгімелескен едім. Мен оған бұрын суретшілер ақын-жазушылардың шығармаларына картина салатынын, қазір бұл дәстүр жоғалып кеткенін әңгімелеп, «Дина» поэмам мен түсім туралы айтқанымда, суретші емес пе,  әсерленіп кетті. Содан  арада  біраз уақыт өтті. 2011 жылдың мамыр айының ортасында Атыраудан  Камила Жапалова телефон соқты. «Картина дайын. Бүгін бітірдім», – деп. «Қандай картина?» – деймін. «Сенің «Дина» поэмаңа салынған  картина», – деді.  Сондай қуандым. Осы жерде бір қызықты айта кетейін (Дина Нұрпейісованың  туғанына 150 жыл толған мерейтойы қалай тойланғаны жөніндегі бір сырды). Аяқ астынан пысықтығым ұстап, шкафтағы кітаптардың  шаңын сүртіп жатыр едім, төбеден бір кітап басыма құлады да, парақтары ашылып жерге түсті. Кітапты қолыма алдым. Ахмет Жұбановтың «Ғасыр пернелері» кітабы. Кітап айқара бетімен ашылып түскен жерге. Бетін қарасам, Динаның суреті мен өмірбаяны бар бет екен. Сосын отыра қап кітап ақтарып кеттім. Мен математик емеспін, ақынмын ғой. Цифрға көп мән бере бермеймін. 1861 жыл – Дина шешейдің туған жылы деп жазылған екен. Бұл цифр мені қызықтырды. Есептесем, дәл қазір 2011 жыл, демек  Дина Нұрпейісованың туғанына 150 жыл толып отыр. Камилаға телефон шалып: «Сен конкурсқа қатысайын деп жатырсың ба, картинаны сол үшін салдың ба?» – десем, «Қандай конкурс?» – дейді. «Биыл Динаның 150 жылдығы екен. Атырауда не болайын деп жатыр?» – деп сұрап едім, ол таңырқап: «Ондай хабар естіген жоқпын», – деді. Атырауға билет алып, бірден Камиланың шеберханасына бардым. Туынды маған ұнады. Ертесіне екеуміз Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына орай  «Дина» поэмасы мен картинаның тұсаукесерін өткізгіміз келеді деп, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры  Қойшығұл Жылқышиевке барсақ, ол кісі: «Қайдағы  150 жылдық?» – деп шоршып түсті. Маған Атырау облыстық мәдениет басқармасынан, облыстық әкімдіктен телефон шалып: «Маржан, сен қайдағыны айтып жүрсің? Қайдағы 150 жылдық? Дина Нұрпейісованың 150 жылдығын  2000 жылы  облыс әкімі И.Тасмағамбетов өткізген. Домбырашы қыз-келіншектердің республикалық конкурсы ұйымдастырылып, Динаның ескерткішін қойған. Музыкалық колледжге, Мәдениет сарайына  Динаның аты берілген сол жылы», – деп кейісін маған. «Иманғали ағаның өткізгені 140 жылдық. Ол кісі бір жыл ерте өткізіп жіберген. 2000 жылы Мәдениетті қолдау жылы болды ғой, соған байланысты шығар. Дина Нұрпейісованың өмірбаянын қарасаңыздаршы. Мен шын айтам», – деп шырылдадым сол тұста. Сонымен қарады-ау деймін. Одан сайын ренжісін: «Сен неге мұны ерте айтпайсың?!» – деп. Мәссаған, өзім де енді біліп тұрсам! Басыма Ахмет Жұбановтың кітабы құламаса, мен қайдан қайдан білейін 150 жылдықты? Ертесіне облыстық тарихи өлкетану музейінде шарамызды өткіздік. Сәния Тойкен «Жас Алаш»  газетіне  «Екі қыз немесе сурет пен поэзияның дуэті» деген тақырыпта мақала жазды. Осы шараны өткізген соң, сол кездегі Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке хат жаздым. «Түркияда Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына бір шара өткізсеңіздер жақсы болар еді. Түркі әлемінде Дина сияқты виртуоз күйші-композитор өнерпаз әйелзаты бар ма екен?» – деп. Ол жақтан да: «Мұндай нәрсені бір жыл не жарты жыл бұрын жазбайсың ба?» – деген реніш болды. «Бәріміз де жаңа біліп жатырмыз», – дедім. Содан Дүйсен аға Атырау облысының әкімдігіне шығып, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрін Түркияға шақырып, концерттерін ұйымдастырып,  Динаның туғанына 150 жыл толған мерейтойын  Түркияда керемет қылып  өткізді.  Бұл жайды Фариза апайға да  айттым. Астанада  Президенттік мәдениет орталығында Фариза апайдың айтуымен министрлік кеш өткізген еді сонда. Әйтеуір сол жылы менің «айқайшылығымның» арқасында  Дина апамыздың 150 жылдық мерейтойы елеусіз қалмады. Бүгінгі ұрпақ көп біле бермейтін бір ғажайып адам бар. Ол – академик Ахмет Жұбанов. Дина Нұрпейісованы Алматыға әкеліп, үлкен өнер тобына қосқан адам, қазақ өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер Ахмет Жұбанов еді ғой.  Қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы, композитор, академик, Қазақ халық музыкасын ғылыми тұрғыда зерттеп, ұлттық музыка өнерін жаңа деңгейге көтерген  Ахмет Жұбановтың  туғанына биыл 120 жыл толып отыр. 

– 2017 жылы  Астанадағы «Фолиант» баспасынан қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш күйші-композитор Дина Нұрпейісова туралы «ДИНА–DINA» атты (қазақша-түрікше) кітап-альбомыңыз дискісімен бірге жарық көрді.  Бұл кітапты жазу идеясы қалай туындады?

– Халықаралық Түрксой  ұйымы  2011 жылы Дина Нұрпейісованың 150 жылдығын Түркияда кеңінен насихаттады. Анкарада Дина атындағы саябақ ашылды. Сол жылы Түрксойдың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов «Динаның өнері мен өміріне түркі әлемі таң қалды. Түркі халықтарының әйел өнерпаздары арасынан Динадай дарабоз шықпаған. Түркі әлеміне Дина Нұрпейісованы таныстыратын, қазақтың күй өнерін танытатын кітап жаз», – деген ұсыныс айтты. Бұл кітаптың форматы туралы көп ойландым. Түріктің ақын қызы Нұрай Гүнеш кітабымның  түрікше аудармасын жасады. СD дискіде «Дина» атты поэмамды қазақтың  белгілі  дикторы  Сауық Жақанова оқыды. Поэма Динаның өз орындауындағы күйлерімен әрленді. Дина туралы кітабымның тұсаукесері ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының  қолдауымен Түркияда өтті.

– Әбіш ағамыздың Дина шешей туралы айтқан керемет сөзі бар екен кітабыңызда, бұл жазушының ертеректе айтқан сөзі ме, әлде  осы кітап үшін арнайы жазылған ба?

– Динаны түркі әлеміне танытатын кітап болса, Әбіш ағаның сөзі керек болады ғой ойладым. Содан бір күні ағаның үйіне бардым. «Әбіш аға, сізге осы күнге дейін бір өтініш айтып көрмеппін. Менің бір үлкен арманым бар. Ол – Дина Нұрпейісова туралы қазақша-түрікше кітап шығару. Сол кітабыма Дина шешеміз туралы сіздің пікіріңіз өте қажет боп тұр. Сізді шаршатқым да, мазалағым да келмейді. Жарты парақ сөзіңіз болса, жақсы болар еді» деп едім. Әбіш аға сөзге келмеді. Қолына қағаз, қаламын алды да, сол бойда  мөлдіретіп жазып берген еді. Бұл – 2015 жылдың 25 қарашасы болатын. Араға ай салмай, Әбіш ағамыз да бұл дүниеден өтіп кетті ғой. «Қазақтың кейбір күйлері теңселе тебіреніп, күйзеле күңіреніп, безілдей бебеулеп басталады. Құдды бір Жер-Ананың өзін толғақ қысып, ышқына ыңырсып жатқандай. Тас құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп, жаңа бір Алып перзент бұл дүниеге бет алғандай. Оның жарыққа келгенін ұлан дүние түгел тосып тұрғандай.  Жер мен Көк шыр көбелек айналып, асыр салып, билей ала жөнеледі. Осылай арындап, ала қызып, басталатын өмір сазының әр дірілін аудармай-төңкермей дәлме дәл құйып ала қояр құйма құлақ күйшілер біздің қазақта жетіп артылады. Солардың ең дүлей еркесі де, қара домбыраны қақпақыл қылып, қаққанда қылын, соққанда сөлін шығарып, қақтай еметін еріні епсек ерені де –Дина шешеміз еді. Азуымыз еді. Анамыз еді. Мерейлене бауыр басқан панамыз еді. Ол сілтеген он саусақ жарыса шапқан он арғымақтай атанақтай ойнақтап, жүйки жөнелген жүрек қылын тербеп, небір тылсым саздарды ақ нөсердей екілене себелеген. Ағыла түседі. Ағыла түседі. Тыңдаған сайын көңіл түйткілін серпілте сейілтіп, өмір нәрін құмарлана, құшырлана жұтасың. Өнер Тәңірі деген осы екен. Дина Нұрпейісова. Көңіл жайлауынан тұла бойын күйге толтырып ораған, нағыз құт саулаған түйе енесі -– құба сирақ аруана. Ыңырси бер, ышқына соқ, күй дауылы! Төкпелете төк, төгілте түс, күй нөсері. Әдемі әуеннен маржан терген дүлдүл күйші, бұлбұл күйші  Дина апа!» Әбіш Кекілбайұлы. 25. 11. 2015»  Осылайша қатталып қалған Әбіш ағамыздың сөздері сом алтындай, салмақты да бағалы. Терең де күрделі ғой. Түрік тіліне аудартқанда қиналдық.

– Ал «Дина» драмасын жазуға не түрткі болды?

– 2006 жыл болуы керек, Алматыда опера және балет театрында Сәуле Жанпейісова «Ән-аманат» атты жеке концерт-спектаклін өткізген еді. Сол концерт-спектакльдің режиссері Болат Атабаев болды. Сол кезде Сәуле мені Болат ағаға таныстырмақ болып, ақын деп аты-жөнімді атап еді, режиссер ағамыз тәкаппар, паң қалыппен: «Естімедім», – дегені. Менің бір қырсық мінезім бар. Бұл мінезім   өзіме ұнағанмен, өзгелерге ұнай бермейтінін білетінмін. Сол мінезіме салып, «Шырақ» атты кітабымды ұсындым да: «Уақытыңыз болса, оқып шығарсыз, мен күшті ақынмын», – дедім. Содан бір күні режиссер Атабаев: «Кітабыңды түгел оқып шықтым. Шұбатылған поэма, ертегі-аңыздарды. Композицияны жақсы құрасың. Сюжеттерді ойната білесің. Бұл – ақындарда сирек кездесетін қасиет. Әй, сен поэзияда неғып жүрсің?! Сен драматургияның адамысың ғой. Маған бір драма жазып берші», – дегені. Бұл қалай деп өзім де ойланып қалдым. «Дина» атты алғашқы драмамды, «Баяғыда өзіңіз драма жазып берші деп айтқан едіңіз, міне, жаздым», – деп Болат ағаға бергенмін. Оқып шыққаннан кейін ол кісі сөйлегісі келмегендей қалып танытқаны. Мен ішімнен «ұнамаған ғой» деп ойлап қалдым да, «Еркін сөйлей беріңіз, аға, мен  өкпелемеймін», – дегенімде, Болат аға: «Осы кезге дейін сахнадағы әйелдеріміз  бағы ашылмаған сорлы, бейбақ, одан қалса, ақсақ-тоқсақ, мүгедек кейпінде көрініпті. Мен мұны бұрын ойламаған екем. Сенің Динаң ерекше қайратқа ие образ. Хулиган. Мен мұны шығарам. Тың дүние», – деген болатын. Бірақ, өкінішке қарай, Болат Атабаев шетелге кетіп қалды көп жылға. Келер, сосын қолға алар деп көп күттім. Үміттендім. Болат Атабаев аға дүниеден өткен соң ойлана бастадым. Ақырында  Оралдағы Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрына ұсынғанды жөн көрдім.  Дина шешей,  Дина Нұрпейісова  Жаңақалада туған, Орал өңірінің төл перзенті. Туған жерінің рухы қолдаса екен деп едім. Өнердің қара шаңырағына айналған Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық  қазақ  драма театры «Дина» драмамды сахнаға жақсы алып шықты. Қойылымның режиссері – Алмат Шәріпов.

– Анкара қаласында күйші құрметіне арналған «Дина Нұрпейісова паркі» бар екен білеміз. Сол арада болдыңыз  ба?

– Түркиядағы «Дина Нұрпейісова паркі»  2011 жылы  Күй анасының 150 жылдығына орай ТҮРКСОЙ-дың ұсынысымен  Анкара Этимесгут аудандық басшылығының қолдауымен ашылған еді. Түбi бiр түрік жұртының күйшi анамызды құрметтегенi қазақ өнерiне деген ықылас-iлтипаты деп білеміз. Он шақты жыл бұрын  «Алматы ақшамы» газетінен жазушы Нұрғали  Ораздың Түркия сапарынан жолжазбасын оқыдым. Сол мақаласында Анкарадағы  Этимесгут  ауданында  салынған  Дина саябағына барғанын айта келе, муниципалитет әкімдігі өкілдерінің: «Бұл саябаққа Дина Нұрпейісованың ескерткіші орнатылса, өте жақсы болар еді. Бұл жерде Дина апайдың күйлері орындалатындай жағдай жасасақ, мұнда демалуға келген кісілер ерекше әсер алар еді», – деген пікірлерін жазыпты. Бұл пікір маған да ұнады. Түркия мен Қазақстан тарапы осы бір игілікті істі бірлесіп атқарғанын қалар едім. 2019 жылы Анкарада  қазақша-түрікше  шыққан «Дина» деген кітабымның тұсаукесері өткенде, Этимесгут  ауданы әкімінің орынбасары  Аладдин  Сонат мырзаның кабылдауында болып, «Дина-Dina» атты қазақша-түрікше кітабымды тапсырдым. «Дина Нұрпейісова паркіне» қала тұрғындары келіп демалғанды ұнатады. Болашақта паркте белгілі бір уақытта Дина күйлерін ойнатып қойсақ деген де жоспарымыз бар. Паркке келгендер «Бұл кісі кім?» деп көп сұрайды. Қазақтар Дина күйшінің ескерткішін қоямыз деген еді. Сол күнді күтіп жүрміз», – деді Алааттин Сонат мырза.  Түркиядағы «Дина Нұрпейісова паркіне» күй анасының ескерткішін қою туралы мәселе соңғы  он бес жылдың ішінде Атырау облыстық әкімдігі тарапынан екі мәрте көтерілді.  Бірақ қандай тосқауыл барын білмедім. Сөздер сөз күйінде қалып келеді. Дина Нұрпейісованың  ескерткіші қойылатын тұғырды   да түріктер дайындап қойғалы он бес жылдан  асып барады. Күй анасы  Дина шешейдің туғанына 165 жыл толған мерейтойы қарсаңында Түркиядағы осы бір атақты саябақта ескерткіші орнатылса деген тілегімді айтқым келеді. Динаның «8 март» деген  атақты күйі бар. Білгенім, Алматыда,  Көк базар жақта осы күйдің құрметіне арналған «8 март» деген көше болған екен. Ол көшенің аты тоқсаныншы жылдардың аяғында Шәмші Қалдыаяқов болып өзгерген. Ал Динаның мазары  Алматыда  Райымбек бойындағы бейіттер арасында.  Жол түскенде ұлы күйші Дина Нұрпейісованың басына барып тәу етемін. Дина күйші менің өнердегі адастырмайтын темірқазығым сияқты. Ол маған алға жетелейтін күш, кайтпас рух пен қажымас жігер беретіндей. Өнердің құдыреті деген осы емес пе?!

 – Әңгімеңізге көп  рақмет!

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

author

Маржан (Айек) Ершу

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шымкентте 20 жастағы жігіт оқушыларды ойын арқылы алдап, ата-аналарының картасынан ақша алдыртқан, д...

PESTEL

Иранның бұрынғы президенті Махмұд Ахмадинежад өзінің қаза болғаны туралы тараған ақпаратты жоққа шығ...