Салтанат, ата-аналардың көпшілігі қыз баланың өнер жолын таңдауын құп көрмейді. Сіздің өнерді...
Айдын Рысбекұлы: Өңірлік рәміздер қағидасындағы олқылықтар
Фотосурет автордан
Геральдист-ғалым Айдын Рысбекұлымен болған терең мазмұнды сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Бұл әңгімеде өңірлік рәміздер (заң мәтінінде – өңірлік нышан) әлемінің күрделі табиғаты, олардың құқықтық және тарихи астары, сондай-ақ геральдикалық жүйенің ғылыми негіздері кеңінен талқыланады.
– Қазақстанда өңірлік рәміздерді реттейтін нормативтік-құқықтық база қаншалықты жүйеленген?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген құзыреттерге сәйкес қабылданған «Өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидалары» («Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 27-бабы, 1-тармағы, 1-17) тармақшаларына негізделіп, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен келісілген және Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 30 қазандағы № 503-НҚ бұйрығымен бекітілген. Бұйрықтың орындалуын бақылау Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министріне жүктелген (3-тармақ). Осы құжатқа (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400035320) жүргізілген геральдикалық, құқықтық және терминологиялық талдау нәтижелері көрсеткендей жекелеген ережелердің геральдикалық стандарттарға, құқықтық нормаларға және терминологиялық талаптарға толық сәйкес келмейтін тұстары анықталды.
– Бұл сараптама нақты нені қамтыды?
– Сараптама объектісі ретінде өңірлік рәміздерді жобалау тәртібін айқындайтын қағидалардың мазмұны, қолданылатын терминологияның бірізділігі, геральдикалық стандарттарға сәйкестігі және құқықтық нормалардың сақталу деңгейі қарастырылды.
– Мәдениет және ақпарат министрінің №503-НҚ бұйрығымен бекітілген қағида өңірлік рәміздер жүйесін реттеуге бағытталған. Бірақ сіз бұл құжатта жүйелік кемшіліктер бар деп отырсыз. Себебі неде?
– Себебі құжаттың сыртқы рәсімдік құрылымы реттелгенімен, оның ішкі логикалық өзегі әлсіз. Қағидада конкурс өткізу, сараптамалық қарау, мәслихат арқылы бекіту тәртібі айқындалған. Алайда ең басты мәселе – рәміздің өзі қандай геральдикалық және құқықтық құрылымға сүйенетіні нақтыланбаған. Яғни процедуралық тетік бар, бірақ мазмұндық субстанция мен әдіснамалық негіздеме жоқ. Бұл ахуал – техникалық сипаттағы олқылық емес, жүйенің ішкі тұтастығын бұзатын іргелі қайшылық.
– Ең осал тұс қайсы?
– Ең осал әрі сыни тұс – терминологиялық ауытқу. Құжатта «рәміз» термині «нышан» ұғымымен алмастырылған. Бұл тек стильдік ерекшелік емес, жүйелік мәні бар мәселе. «Рәміз» – Конституциялық және заңнамалық деңгейде бекітілген құқықтық категория. Оның құрылымы, түстік жүйесі (тинктура), композициялық қағидаттары және геральдикалық стандарттары нормативтік-құқықтық актілермен нақты регламенттелген. Ал «нышан» – әдеби және бейнелі ұғым. Ол құқықтық тұрғыда айқындалмаған, геральдикалық стандарттармен бекітілмеген, құрылымдық шекаралары белгіленбеген. Дәл осы сәттен бастап геральдикалық жүйе өзінің ғылыми негізінен жүйелі түрде айырыла бастайды.
– Бұл айырмашылықтың салдары қандай?
– Салдары тікелей және айқын көрінеді: термин анықталмаған болса – норма сөзсіз әлсірейді, норма әлсіресе – жүйе тұтастығын жоғалтады. Мұндай жағдайда әр өңір өз бетінше интерпретация енгізе бастайды: біреуі оны логотип ретінде, енді бірі көркем белгі ретінде қабылдайды. Ал геральдикада мұндай практикаға мүлде жол берілмейді, себебі оның ең басты талабы – қатаң бірыңғай стандарт пен абсолютті бірізділік.
– Геральдикалық стандарттар сақталған ба?
– Жоқ. Геральдика – кездейсоқ графика емес, қатаң құрылымдалған жүйе. Оның негізінде қалқан формасы, түстік жүйе, композициялық иерархия және рәміздік код жатыр. Ал қағидада бұл элементтердің ешқайсысы нормативтік түрде бекітілмеген. Сондықтан «нышан» ұғымы еркін визуалды дизайн деңгейінде қалып, құқықтық жүйеге толық енгізілгендей жалған әсер қалыптастырады. Бұл – әдіснамалық сабақтастықтың жүйелі түрде бұзылуы.
– Әлемдік тәжірибеде бұл қалай реттеледі?
– Мәселен, Франция, Германия, Жапония сияқты елдерде өңірлік рәміздер – құқықтық-тарихи код ретінде орныққан жүйе. Олар заңмен қатаң бекітіледі, құрылымдық өзгерістерге жол берілмейді, композициялық шешімдері стандартталған, ал геральдикалық сараптама міндетті рәсім болып табылады. Яғни бұл елдерде визуалды элемент емес, құқықтық рәміздің үстемдігі айқын көрінеді. Ал бізде болса, құқықтық әрі әдіснамалық тұрғыдан айқындалмаған категория қалыптасып отыр.
– Сараптамалық кеңестің рөлі қандай?
– Кеңес тек консультативтік орган ретінде көрсетілген. Оның шешімі міндетті емес. Ал геральдикалық жүйе тұрғысынан бұл даусыз қайшылық: ғылыми қорытынды түпкілікті шешім ретінде танылмайды, ал соңғы шешім әкімшілік деңгейде қабылданады. Бұл – ғылыми сараптама мен басқарушылық өкілеттіктің жүйелі түрде орын ауысуы, нәтижесінде институционалдық тепе-теңдіктің бұзылуы.
– Құжатта қолдану аясы көрсетілген. Бұл жеткілікті ме?
– Жоқ. Қолдану аясы ғана берілген, алайда басты сұрақ жауапсыз: бұл белгі қандай құрылымдық негізге сүйенеді? Құрылымдық негіз болмаған жағдайда мұндай белгі құқықтық рәміз мәртебесіне ие болмайды, тек визуалды элемент деңгейінде шектеледі. Нәтижесінде оның құқықтық табиғаты айқындалмай, жүйелік мәртебесі күмәнді күйде қалып отыр.
– Рулық-таңбалық элементтерге қатысты тыйым туралы пікіріңіз?
– Мұнда да теңгерім бұзылған. Қазақтың тарихи таңба мәдениеті ру-тайпалық жүйемен тығыз байланысты қалыптасқан мәдени-тарихи құбылыс. Оны толық жоққа шығару тарихи-мәдени контексті елемеумен тең. Сондықтан дұрыс тәсіл – абсолют тыйым емес, құқықтық тұрғыдан өлшенген нормалау енгізу: «Бөлінушілік пен кемсітушілікке әкелетін белгілерге жол берілмейді». Мұндай тәсіл бір жағынан тарихи сабақтастықты сақтаса, екінші жағынан құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
– Қағидаларда субъектілер тек облыс және республикалық мәртебеге ие қала деңгейімен шектелген. Бұл дұрыс па?
– Жоқ. Өңірлік рәміз – тек жоғары әкімшілік деңгейдің ғана емес, аудан, қала, ауылдық округ деңгейіндегі де құбылыс. Сондықтан субъектілерді шектеу геральдикалық иерархияны бұрмалайды. Дұрыс құқықтық модель – әкімшілік деңгейге бөлмей, бірыңғай ұғым қолдану, айталық «тиісті аумақтың жергілікті атқарушы органы». Бұл «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның көпдеңгейлі табиғатына сай келеді.
– Құжатта редакциялық тұрғыдағы қателіктер бар ма?
– Бұл жерде мәселе тек техникалық қателерде емес, нормативтік мәтіннің сапалық деңгейінде. Бірқатар тармақтарда грамматикалық және стилистикалық сәйкессіздіктер бар. 6-тармақтағы «ескерілерді» сөзі – грамматикалық қате. Дұрыс нұсқасы – «ескеріледі». 12-тармақтағы «Қарау мерзімі құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталған күннен бастап» деген тіркес нормативтік стильге сай емес. Дұрыс редакция: «өтініштерді қарау мерзімі құжаттарды қабылдау аяқталған күннен бастап». 14-тармақта «мерзімі аяқталғаннан күннен бастап» деген тіркесте грамматикалық қайшылық бар. Дұрысы – «мерзімі аяқталған күннен бастап». 15-тармақта «облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың» деген құрылым жекеше және көпше формалардың араласуынан туындаған стилистикалық сәйкессіздік. Дұрысы – «облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың». 18-тармақтың 1) тармақшасындағы «мәдени, бұқаралық, спорттық, ағарту, рухани іс-шараларда» деген формулировкада айқын логикалық-терминологиялық қате бар. Мұнда бір деңгейдегі жіктеуге жатпайтын ұғымдар бір қатарға біріктірілген. «Мәдени», «бұқаралық», «спорттық» – іс-шара түрлері болса, «ағарту» және «рухани» – олардың түрі емес, мазмұндық бағытын сипаттайтын ұғымдар. Соның салдарынан әртүрлі категориялар араласып, норманың жіктеу логикасы бұзылған. Бұл құқықтық техниканың талаптарына қайшы келетін категориялық сәйкессіздік. 18-тармақтың 2) тармақшасындағы «эмблемаларында (рәміздерінде)» тіркесінде «эмблема» мен «рәміз» ұғымдары теңестірілген. Бұл – терминологиялық қате, өйткені эмблема ұйымның графикалық белгісі болса, рәміз мемлекеттік-идеялық мазмұндағы ресми категорияға жатады. Аталған ұғымдар өзара алмастырылмайды. Соған қарамастан, оларды қатар қолдану норманың мағыналық шекарасын бұзып, құқықтық нақтылықты әлсіретіп, көпмәнді түсіндіруге жол ашқан. Бұл – нормативтік құқық талаптарына қайшы келетін өрескел терминологиялық бұрмалау. 3-тармақтың 1)тармақшасында да қателер бар...
– Бұл тармақта қандай редакциялық қателер бар?
– Ең алдымен орфографиялық қате бар – «қалаланың» деп жазылған, дұрысы – «қаланың».
– Басқа қандай дәлсіздіктер бар?
– 3-тармақтағы логикалық-терминологиялық қате. «Облыстың ... әкімі басқаратын» деген тіркес құқықтық тұрғыдан дұрыс емес. Себебі әкім облысқа иелік ететін тұлға емес, ол жергілікті атқарушы органды – әкімдікті басқарады. Сондықтан дұрысы – «облыстың жергілікті атқарушы органы». «Алқалы атқарушы орган» деген анықтама да қате. Әкімдік алқалы орган емес, ол бірыңғай басшылықтағы атқарушы орган. Бұл – терминологиялық сәйкессіздік. Синтаксистік тұрғыдан тізім құрылымы бұзылған. «Облыстың, республикалық маңызы бар қалаланың және астананың, ауданның…» деген бөлікте мүшелер бірізді емес, «және» жалғауы мен үтірлер дұрыс үйлеспеген. Дұрысы – «облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және ауданның…
– 1-тармақтың 1) тармақшасында жергілікті атқарушы органның толық иерархиясы көрсетілген: облыс, республикалық маңызы бар қала, астана және аудан (облыстық маңызы бар қала). Алайда 9-тармақтың 1–3) тармақшаларында аудан деңгейі мүлде жоқ. Бұл қандай сипаттағы қателік?
– Бұл жерде иерархия толық берілмеген, соның салдарынан аудан деңгейі түсіп қалған. Ауылдық округ деңгейі мүлде жоқ. Бұл қарапайым редакциялық сәйкессіздік емес, бірнеше қабатты жүйелік қайшылық. Біріншіден, бұл – құрылымдық қателік. Себебі бір нормада басқару деңгейлерінің толық иерархиясы бекітілсе, келесі нормада сол иерархияның негізгі буыны – аудан деңгейі әдейі немесе бейсаналы түрде алынып тасталған. Бұл құқықтық құрылымның ішкі тұтастығын бұзады. Екіншіден, бұл – логикалық қате. Норма бір жерде субъектілерді толық қамтиды, ал келесі жерде сол субъектілердің бір бөлігін нормативтік айналымнан шығарып тастағандай әсер қалдырады. Мұндай қайшылық құқық қолдануда екіұшты түсіндіруге әкеледі. Үшіншіден, бұл – нормативтік үйлесімсіздік. Бір құжат ішінде құқықтық субъектілердің қамту шекарасы тұрақты емес. Бұл тікелей құқықтық айқындық принципін әлсіретеді. Төртіншіден, жанама түрде бұл – редакциялық-әдістемелік олқылық. Мұндай деңгейдегі сәйкессіздік көбіне мәтіннің жүйелі құқықтық редакциядан өтпегенін немесе құрылымдық тексеріс жеткіліксіз болғанын көрсетеді.
– Демек бұл жай техникалық қате емес пе?
– Жоқ. Бұл техникалық сипаттағы мәселе емес. Бұл – нормативтік жүйенің ішкі тұтастығын бұзатын құрылымдық алшақтық. Себебі ол құқықтық иерархияның толықтығын бұзады және норманың қолдану шекарасын айқынсыз күйге түсіреді.
– Бұл қателіктер нені көрсетеді?
– Бұл тек редакциялық қателік емес. Бұл – нормативтік құжаттың тілдік және құқықтық тұрғыдан бірізді дайындалмағанын, мәтіннің жүйелі редакциялық тексеруден өтпегенін және сараптамалық талқылаудың жеткіліксіз болғанын көрсететін айқын белгі. Мұндай деңгейдегі сәйкессіздіктер құжаттың институционалдық сапасына тікелей әсер етеді.
– Қазақстан заңнамасында «рәміз» ұғымы тек Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимнге ғана қатысты ма?
– Конституция мен «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңда тек осы үш нысан ғана мемлекеттік рәміз ретінде бекітілген. Алайда «рәміз» ұғымын тек осы шеңбермен шектеу туралы тікелей құқықтық тыйым жоқ, бұл өз кезегінде терминді кеңірек қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайды.
– Сонда өңірлік, ведомстволық және әскери белгілерді рәміз деп атауға бола ма?
– Иә, болады. Олар құқықтық тұрғыдан «өңірлік рәміз», «ведомстволық рәміз», «әскери рәміз» сияқты атаулармен қолданылады және бұл қолданыс геральдикалық нормаларға қайшы келмейді, керісінше жүйелік жіктеуге сай келеді.
– Бұл не береді?
– Терминологиялық нақтылықты сақтай отырып, әр деңгейдегі рәміздердің құқықтық мәртебесін дәл әрі бірізді ажыратуға мүмкіндік береді, нәтижесінде нормативтік жүйенің тұтастығы қамтамасыз етіледі.
– Мәслихаттың өңірлік рәміздер жүйесіндегі рөлі қандай?
– Мәслихат – жергілікті өкілді орган. Ол өңір тұрғындарының еркін білдіретін, саяси-құқықтық маңызы бар шешімдер қабылдайтын институт. 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 6-бабы 4-5) тармақшаларына сәйкес, өңірлік рәміздерді (заң мәтінінде – нышанды) бекіту мәслихат құзыретіне жатады. Бұл – саяси-өкілдік сипаттағы түпкілікті шешім.
– Мәдениет және ақпарат министрінің №503-НҚ бұйрығы бұл процесте қандай рөл атқарады?
– №503-НҚ бұйрығына сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанындағы Сараптамалық кеңестен өткен жоба ғана мәслихат қарауына жіберіледі.
– Сараптамалық кеңес дегеніміз қандай орган?
– Мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі Сараптамалық кеңес – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері саласындағы уәкілетті органның жанынан құрылған әдістемелік, консультативтік-кеңесші орган.
– Оның негізгі қызметі қандай сипатта?
– Ол рәміздер мен геральдикалық белгілерге қатысты жобаларды әдістемелік тұрғыдан қарастырып, кеңестік-талдамалық қорытынды береді.
– Жобаны әзірлеу процесі қалай жүреді?
– Конкурс бірнеше кезеңнен тұрады: хабарландыру жарияланады, өтінімдер қабылданады, жобалардың талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Кейін қоғамдық талқылау өткізіледі, Сараптамалық кеңес қарайды, соңында мәслихат бекітеді.
– Хабарландыру қайда және қашан жарияланады?
– Ол жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында конкурс аяқталғанға дейін кемінде 3 ай бұрын орналастырылады.
– Өтінімдер қалай қабылданады?
– Өтінімдер қазақ және орыс тілдерінде қабылданады және жобаның сипаттамасын қамтиды. Қарау мерзімі – құжаттар қабылдау аяқталған күннен бастап 15 жұмыс күні.
– Қандай жағдайда жоба қабылданбайды?
– Егер жоба талаптарға сәйкес келмесе, уәкілетті орган дәлелді түрде бас тартады. Өтініш берушіге алдын ала хабарлама жіберіліп, ол қарсылық білдіре алады.
– Қоғамдық талқылау қалай өтеді?
– Талапқа сай жобалар бойынша бір ай ішінде қоғамдық талқылау өткізіледі. Ақпарат алдын ала интернет-ресурста жарияланады, нәтижелері хаттамамен рәсімделеді.
– Соңғы шешім қалай қабылданады?
– Ең көп дауыс жинаған жобалар Сараптамалық кеңесте қаралады. Оң қорытынды алған жобалар 15 жұмыс күні ішінде мәслихат шешімімен бекітіледі. Мәслихат талаптарға сай деп тапса – бекітеді, сәйкес келмесе – кері қайтарады. Егер жоба №503-НҚ талаптарына қайшы әзірленсе, мәслихат оны бекітпеуге толық құқылы. Ал мұндай жоба бекітілген жағдайда оның заңдылығы даулы мәселеге айналары сөзсіз.
– Бұл екі деңгейдің арақатынасы нені білдіреді?
– Бұл екі деңгейдің ара-жігін дұрыс ажырату – өңірлік рәміздердің тарихи, құқықтық және рәміздік мәнін сақтаудың басты кепілі. Егер құрылымдық талаптар нақты бекітіліп, терминологиялық бірізділік қамтамасыз етілсе, өңірлік рәміздер бірыңғай геральдикалық жүйеге түсіп, құқықтық тұрғыдан орнықты сипат алады.
– Ең басты кемшілік қайда деп санайсыз?
– Ең басты кемшілік – Қағидада өңірлік нышанның ресми атауы нақты айқындалмаған және оның қандай пішінде болуы керектігі ашық күйінде қалған. Геральдикалық жүйеде герб (елтаңба, төлтаңба), эмблема, логотип сияқты геральдикалық белгілердің атауы мен мәртебесі бекітілген. Ал бұл құжатта олардың ешқайсысы жүйелі түрде көрсетілмеген. Бұл нормативтік актінің терминологиялық құрылымы толық қалыптаспағанын білдіреді.
– Оның салдары қандай болуы мүмкін?
– Қағидада өңірлік нышанның атауы бекітілмеген жағдайда, құқықтық және әкімшілік тәжірибеде бірнеше жүйелік проблема туындайды: бірінші, конкурстық рәсімдер мен іс-шараларды өткізу кезінде құқықтық негізі айқындалмаған талаптар мен нормалар түсінбеушілікке әкеледі; екінші, салтанатты және ресми іс-шараларда құқықтық мәртебесі нақтыланбаған элементтерді қолдану құқықтық белгісіздік тудырады; үшінші, құқық қолдану тәжірибесінде нормативтік негізі бекітілмеген талаптар мен пішіндер құқықтық қиындықтарға себеп болады.
– Шешім қандай болуы керек?
– Ұсыныс біреу: әдеби сипаттағы «өңірлік нышан» терминін алып тастап, оның орнына геральдикалық тұрғыдан дәл әрі құқықтық негізі бар «өңірлік төлтаңба» (региональный герб) терминін енгізу қажет.
– Ең түйінді мәселе қандай?
– Қағида геральдиканы толыққанды ғылыми жүйе ретінде мойындамаған, құрылымдық стандарттарды нормативтік деңгейде бекітпеген, сараптамалық қорытындыны міндетті рәсім ретінде орнықтырмаған. Соның салдарынан тұтас жүйе бірізді әдіснамалық тіректен айырылады.
– Қорытынды?
– Рәміз – жай бейнелік белгі емес, ол – тарихи жадының құқықтық және институционалдық формасы. Егер ол ғылыми жүйеден ажыраса, мемлекет мазмұндық бірізділігі жоқ, тек визуалды белгілердің бытыраңқы жиынтығына ғана ие болады. Ал рәміздік жүйенің әлсіреуі мәдени кодтың сөзсіз деградациясына әкеледі, нәтижесінде геральдикалық тұтастық бұзылып, жүйенің институционалдық бірізділігі түбегейлі жойылады.
Сұхбаттасқан Семей гербінің авторы Ерлан Шаяхметұлы