Әбу-Хамид Мухаммед әл-Ғазали туралы білесіз бе?

ТАНЫМ
11130

ӘЛ-ҒАЗАЛИ

(1058-1111)



Философияның келесі бір көрнекті ойшылы Әбу Хамид Мухаммед әл-Ғазали Еуропада туып-өсіп өмір сүрмеді демесе, осы аймақтарда кең мәлім болған адам. Ислам әлемі оған көзінің тірісінде "Шейх-ул-ислам" деген құрметті атақ берген. Сондықтан Ғазали туралы айтушылардың мына пікіріне таң қалуға да болмайды: "Егер Мұхаммедтен кейін пайғамбар болса, ол сөзсіз Ғазали болған болар еді".

Ғазали орта ғасырдағы Еуропаға ғана белгілі болып қойған жоқ, ол Фома Аквинатқа, жалпы батыстық схоластикаға әсер еткен ғұлама. Ол сонымен бірге әл-Фараби, Ибн Синалармен айтысқа түсіп, екі кітап жазған: "Философтар ниеті" (Манасид әл-фаласафия) және "Философтардың өздерін терістеуі" (Тахафут әл-фаласафия).

Ғазалидің еңбектерінің саны жүзге тартады. Егер оларды бір жүйеге келтірсе, мынадай білім салаларын қамтыр еді: библиография, құқықтану, философия және логика, теология, пікірталастар (полемика), суфизмнің тәжірибесі, суфизмнің теориясы.

Негізгі еңбектері жоғарыда айтылған екеуінен басқа мыналар: "Бақыт алхимиясы", "Нұрдың орын алу тәртібі" (Мишкат әл-Анвар), "Жұмыс өлшемі" (Мизан әл-амал), "Інжілді бұрмалаушыларға нақтылы жауап" (Әл-Каул әл-джамил фиррадин аля мен тайар әл-Инжел) және төрт томдық "Дін ғылымдарының қайта өрлеуі" (Ихийа улум ад-дин), тағы басқалары.

Ғазалисіз жалпы ислам философиясын түсіну мүмкін емес. Ғазали ислам философиясын ғылым дәрежесіне көтерген аса мол білімді хакім. Кезінде ол білмейтін ғылым болмаған. Исламнан өзге діндерге де жетік. Ғылым туралы айтқанда, біз сөзсіз сенім мен таным мәселесіне тірелеміз. Осы екі ұғым оның ойларының негізгі басқыштары. Сенім философиясы мен таным философиясы бір-бірімен ымыраға келетін нәрселер ме? Ғазалидің осы ойлары Фома Аквиантқа да айтулы әсер еткен. Былай ойлап қарасақ, Ғазалидің де, Фома Аквианаттың да сүйенетіндері — Аристотель. Антик дәуірінің ойшылы Аристотель "Метафизикасы" уақыт өткен сайын қайта-қайта түлеп отырады. Ол араб философтары әл-Кинди, Ибн Араби, Ибн Сина, әл-Фараби, Ибн Рущдтар арқылы бір түлеп, фәлсафа деген атқа ие болса, Фома Аквианттар фәлсафадан жаңа Еуропалық ойлау мәдениеті философиясының дүниеге келуіне қызмет етті. Бұл Аристотель философиясының христиандық ілім шеңберінде түлеуі еді. Бірақ кезінде Аристотель көтерген сенім мен таным проблемасы фәлсафаға да, христиан іліміне де ортақ еді. Яғни ортақ болып отырған мәселе ғылым, бірақ оны түсінудің христиандық және исламдық мәністері бар. Және мәселенің күрделілігі сонда, сонау Аристотельден бастап жауапсыз қалып келе жатқан сұрақтар бар, соның бірі — дүниенің басы, жаратылуы. Осы мәселеде екі дін — христиан және ислам мәмлеге келмейді. Себебі, діни догмаларда жауаптар әртүрлі. Әл-Ғазали ислам философиясын ғылыми дәрежеге көтергенде, осы сұрақ төңірегінде жауап іздеген.

Екіншіден, Ғазали бір әлем, бір дүние, бір болмыс, бір тұрпатты адам туралы әңгіме айта бастағанда, алдынан діни партикуляризм шыға береді. Яғни адамдар дінге байланысты бір-бірінен алшақтай бастайды. Тіптен дін жауығудың, дауласудың негізгі мәселесіне айналады. Хакім Ғазали осы мәселе жөнінде христиандық ойшылдардың мұсылман хакімдеріне қойған сұрақтарына жауап іздеген және тапқан. Осы істе ол суфистік бағыт ұстаған. Сонда суфизм Ғазали қолында христиан мен ислам арасындағы діни партикуляризмді шешудің құралына айналған. Міне, суфизмді Еуропаның қасиетті ойшылдары Фома Аквинат пен Франциск Ассиздің жатсынбай оқып үйренулері осыдан. Идрис Шахтың айтуынша, христиан теологы Август Толк Ғазали шығармалары христиандарға жарамды деп жазған. Осы ғалымның сөзінен үзінді келтірейік: "Ол өзі жеткен барлық қымбат, ізгі биік істерінің бәрін мұсылмандыққа, Құдай жолына арнаған, оның қасиетті Құранды терең, мағыналы түрде таныса, ізгілік сезімге бастайтын ойлары, менің пікірімше, христиан дініндегілерге де пайдалы. Ол мұсылман теологиясының, суфистік мистицизмге Аристотель философиясын асқан шеберлікпен қолданған. Сөйтіп, Аристотель жаңа түрге енген. Оның айтуынша, қандай да философиялық мектеп қандай болсын діннің құпиясын ашып, олардың даңқы мен алға қойған ниеттерін тануға мүмкіндік аша алады" (1).

Кезінде Ғазалиді христиан дініне іш тартты дегендер де болған. Оның себебі, ол суфистік ілімнің барлық діндерге іштей жақындығы барын айтқан. Осы пікірін "Інжілді бұрмалаушыларға нақтылы жауап" атты еңбегінде келтірген. Мұнда ол Інжілді түсіндіруші христиан ғалымдарын сынаған. Ғазалиді жете түсінбегендер: оның сөзі мен ісінің арасында алшақтық бар, іштей өзгеше пейілде болуы мүмкін деген жорамалдар жасаушылар көп болған. Ал шындығына келсек, тағы да бір-біріне байланысты екі мәселеге тоқталуымыз керек. Біріншісі, мұсылман хакімдері ешқашан исламды өзге діндерден бөліп алып қарастырмаған. Кезінде Інжіл Жаратушының хақ сөзі болатын. Ол келе-келе бұзылды. Жалпы, ислам деген — сонау Адам атадан бергі келе жатқан дін. Демек, Ғазалидің Інжілді бұрмалаушыларға берген жауабы ислам қағидаларына теріс емес, христиан дінінің мұсылмандықтан басты айырмасы — адамның Құдай атануы. Ислам дінінде адам — пенде, Жаратушының құлы, сондықтан ол ешқашан Құдай болмақ емес.

Екіншіден, суфизм шынында жұртшылыққа түсінікті іс емес. Ол шағын топтың ғана қабылдай алатын шаркасы, яғни құпиясы. Өз ішінде болмағандықтан, суфизмнің нақты сыры туралы бейхабар жұрт не айтпақшы. Ғазали турасындағы түсінбеушіліктің бір сыры осында. Бұған қосу керек, ортодоксиялық ислам иелері суфизммен әманда қайшылықта болып отырған. Суфизм мен дін басшыларының келіспеушіліктері пайғамбарға қатысты, суфистер пайғамбарды қастерлеп, құрметтегенмен, теориялық жұмыстарында әманда әңгіме тақырыбы Жаратушы мен оның пендесі, яғни Алла мен адам туралы.

Ғазали кәміл адам (инсан-и-кәмил) туралы "Мизан әл-амал" (Жұмыс өлшемдері) деген кітабында жан-жақты айтқан. Онда ол кәмелетті жан бір мезгілде бірнеше өлшемде (кеңістікте) өмір сүруі ықтимал деген батыл ой айтқан. Кәмелетті адам идеясына соқпай өтпеген ғұлама болмаған. Себебі, мәселе адам және оның мүмкіндігі туралы сөз болғанда, адам — пенде, адам — Жаратушының құлы; адам — Құдай немесе Құдайдың ұлы сияқты ұғымдардың барлығын мойындау емес, осылардың артында үлкен-үлкен философиялық концепциялар, діни қағидалар барын естен шығаруға болмайды. Сондықтан кәмелетті адам қандай жан деген сұрақ бүгінге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Кезінде Ницше "Заратуштра осылай айтқан" деген кітабында кәмелетті адам (сверхчеловек) туралы ой қозғаған. Ницше "Құдай өлді" дейді, ал оның орнына кәмелетті адам болмақ. Әрине, "Құдай өлді" деген санадағы ой. Ол онтологиялық мәндегі емес, ол танымға байланысты. Дін туралы сана өзінің ішкі қайшылықтары бар феномен. Сондықтан мәселе Құдайдың өлгенінде емес, санамыздағы Құдай туралы бұрынғы түсініктің жойылуында болар, сірә. Кәмелетті жан туралы Абай да қарасөздерінде айтады. Бұл проблеманың осы күнге дейін шешімін таппау сыры мынада: кәмелетті адам мұсылман ба, христиан ба әлде өзге діндегі адам ба? Немесе ол кәмелетті атануы үшін барлық діндерде болуы керек пе? Міне, осы сұрақтарға Ғазали сонау заманда жауап іздеген, ойлар білдірген, бірақ сұрақ сұрақ қалпында бізге жетіп отыр.

Мәселе адамға тірелгенде, айтпай кетпейтін бір іс — алхимия немесе "философиялық тас" туралы Ғазалидің пікірлері.

"Бақыт алхимиясы" деген еңбегінде ол былай дейді: "Алхимическое золото лучше простого золота, но настоящего алхимика можно встретить столь же редко, как и настоящего суфия. Поверхностные знания о суфизме нельзя ставить выше настоящего знания".

Алхимия дегенді Еуропаға, латын әлеміне алып келген арабтар. Ағылшын Р.Честерский кітап жазып, христиан дүниесін алхимиямен таныстырған. Оның бұл кітабы арабтардың бір еңбегінің аудармасы дейді кейінгі зерттеушілер. Жалпы, алхимия турасында керегар түсініктер көп, И.Шахтың пікірінше, алхимия таза химиялық іс емес, ол рухани проблемаға қатысты дейді. Бұл пікірмен келіспеуге болмайды.Себебі, ортағасырда алхимияны софистика деп те атаған, Ибн Араби "атақты есімдерді алтын және күміс деп атаған" дейді. Сонда жай тастарды алтынға айналдыратын "философиялық тас" дегеніміз не? Осы мәселе туралы И.Шахтың мына бір пікіріне назар аударайық: "Адамдардың өмір сүрудегі мақсаты, суфистердің айтуынша, олардың тән тазалығын сақтауында. Адамдардың көңіл күйінің болмай, өзіне өзі разы болмай, дел-сал күйде болуы өзінің мәнінен алыстауында. Сондықтан адам өз бойындағы қоқысты аршын, бойындағы алтынды іске қосуы керек. Мұндай істі атқару адамның өз құпиясы. Адамның ол құпия мүмкіндігін философиялық тас дейді. Арабтың тас деген сөзі "құпия" деген ұғым береді. Сондықтан адам мәнін ұғынуда тас символ ретінде қолданылған. Батыста мұндай тасты азот дейді. Шығыстанушылар азот деген арабтың "азат" деген ұғымы дейді. Аз-зат мән немесе "құпия шындық" деген түсінік. Суфистер тас дегеніміз зат демейді. Демек, ол тас қандай өзге нәрсемен араласса, соны өзгертіп жіберетін құдіреті бар. Демек, тас дегенде адам мәнін айтамыз да, ал адам мәні Құдай құдіретіне байланысты, сонда философиялық тас дегеніміз адам бойындағы сыры ашылмаған Жаратушының нұры болмақ".

Алхимияның рухани ізденістерге қатысты екеніне тағы бір дәлел. Данте өзінің "Құдіретті комедиясын" жазғанда суфистік деректерге сүйенген. Дантенің суфистік алхимиямен байланысы бары көпке мәлім. Себебі, Данте шығармасының басты идеясы адамның тазаруы емес пе?

Ғазалидің "Діни ғылымдардың қайта өрлеуінің" маңызы өте зор. Ғазалидің әлі мойындалмаған кезінде мұсылман Испаниясында бұл кітап отқа жағылған. Осы еңбегін жазудағы мақсатын автор былай түйеді: "Дін туралы білім өте керек, оны нағыз білушілер оны білгендер. Бала үлкендер әрекеті туралы біле бермейді. Ересек адам болғанымен, ол ғалымның білгенін білмейді. Сол сияқты ғалым да суфийлерге аян арқылы берілетін білімнен бейхабар". Яғни дін туралы білімді тек ақылмен қорытып шығару мүмкін емес. Оның табиғаты — мистикалық мәнде. Дін туралы мұндай ғылымның аты — ғалам. Бұл еңбек туралы ойды қоғамдау жеңіл нәрсе емес. Біз бір ғана мәселеге назар аударайық. Ғазали өмірде кездесетін әртүрлі мәндегі күнәлар адам затының (табиғатының) төрт сипатына қатысты дейді: бірінші — хайуан инстинкті (бахимийа), екінші — тағылық инстинкті (сабу ийа), үшінші — Құдайға қарсылық, надандық (шайтанийа), төртінші өзінің жоғары күшке ие екендігі туралы жалған сана (рубубийа). Ғұлама осылардың қасиеттерін толық таратады.

Ғазали мұрасын біршама зерттеген орыс ғалымы В.Наумкиннің пікіріне сүйенсек, Ғазали мұсылман дүниетанымының үш басты бағытында: традиционализм, рационализм және мистицизмде еңбек еткен. Сондықтан да оның еңбектерінде әртүрлі ойлар жиі тоғысып отырады.

Әл-Ғазали

ОҒАН ҰСЫНЫЛҒАН СҰРАҚТАРҒА ЖАУАПТАР

Ол айтты: — Сен біл, қозғалатын барлық жұлдыздарды қоршап тұрған аспан қабы сегіз. Оның жетеуі жеті планетаға тән, сегізіншісі қозғалмайтын жұлдыздардікі (бұған аспан тұғыры және оның түсінігі туралы сөз болғанда ораламыз). Егер біз қазір жеті қат көк туралы сөз етіп отырсақ, бұл оның тоғыз немесе он болуы мүмкіндігін жоққа шығарғанымыз емес, керісінше, біз бұл жетеуін әрқайсысы сыңар жұлдыздан тұратын ұқсастығы себепті ғана бөліп алып отырмыз. Бұл жеті қат көк бірінің ішінде бірі орналасқан шар тәрізді. Олардың ішіндегі жерге ең жақыны және ең шағыны — Ай аспаны, екіншісі — Меркурий, үшіншісі — Шолпан, төртіншісі — Күн, бесіншісі — Марс, алтыншысы — Юпитер, жетіншісі — Сатурн аспандары. Бұлардың әрқайсысының кіндігі тұрақты (орнықты немесе қозғалмайтын) жұлдыздардың кіндігіне қарама-қарсы бағытта жер кіндігінен түрліше ауытқи орналасқан. Бұл туралы сөз кейінірек. Осы көк аспанының шар тәрізділігіне дәлел төмендегідей: егер олар біреулердің айтқанындай тегіс болса, тік орналасқан аспан денелері мен көлбеу денелерінің бізден қашықтығы әртүрлі болар еді. Өйткені әр дененің көк жиегінен кіндік ортасына дейінгі қашықтық әртүрлі болады. Барлық жоғарғы жұлдыздармен біз сөз етіп отырған жеті планетаның дамудың бір сатысында тұруынан және табиғаты жағынан біртектілігі себепті олардың қозғалыс жылдамдығы да бірдей. Бұл туралы ғалымдар пікірі бір жерден шығады. Олардың бірі баяу, екіншісі шапшаң қозғалады деген дұрыс болмас еді. Жұлдыздар аспан қабымен (сфера) үйкеліс салдарынан үгітілмейді, тіптен мұндай жағдай болғанның өзінде, әр жұлдыз өз аспаны шеңберінде тең дәрежеде үгітілер еді. Рас, Күн жоғарғы жұлдыздар бір айналғанда 36 000 рет айналады. Бірақ бұл Күн эплиптикасының жоғарғы жұлдыздар орбитасынан әлдеқайда шатын болуынан ғана. Сатурн бір айналғанда Ай 395 рет айналады. Өйткені Ай орбитасы кіші. Сатурн осы жеті планетаның ең шеткісі. Оның әрбір шоқжұлдызбен тоғысу мерзімі — 32 ай, одан кейін Юпитер келеді. Ол 12 шоқжұлдыздың әрқайсысымен жылына бір рет тоғысады. Марс 47 тәулікте, Күн бір ай ішінде, Шолпан 27 тәулікте, Меркурий де осынша мерзімде, Ай 2,3 күнде тоғысады.

Егер осы жеті қат көктің арасында бос кеңістік бар ма деп сұраса, оған жауап мынадай: бос кеңістіктің болуы мүмкін емес. Оның болуының мүмкіндігі алдамшы. Бос кеңістік ауа тәрізді деп саналады. Сезім арқылы қабылдау мүмкін болмағандықтан, су құйылмаған ыдысты бос екен деп ойлайды. Бірақ кеңістікті бос деп санайтындар бос деп отырған орта шын мәнінде сол ауа тұрған ыдыс сияқты: ауаның өлшемі бар, өздігінен сақталады, бөлшектене алады. Біз жалпы дене дегенде, осындай қасиеттерге ие нәрсені айтамыз. Осы тұрғыдан ауа да дене. Демек, бос кеңістік мүлдем бос емес, өйткені ол үлкен, кіші, алты қырлы, төрт қырлы, жұмыр деген тәрізді сапалық қасиеттерге ие. Егер белгілі форма болса, ол әлденемен толуы арқылы ғана осы қасиеттердің біріне ие болады. Егер оны толтырып тұрған зат (ауа) шамадан тыс коп болса, ол сыртына төгілуі, форманы өзгертуі тиіс. Бірақ абсолютті жоқ болмысқа мұндай қасиеттерді таңу қателік. Бұл қағиданы өзге мысалдармен де дәлелдеуге болады. Олардың қайсысы болсын мүлдем бос кеңістіктің болуы мүмкін емес екендігін айғақтай түседі. Бірақ аспандар арасында бос кеңістіктің жоқ екендігі мынамен арнайы дәлелденеді: Күннің бізге ең жуықтағандағы қашықтығы Шолпанның ең шалғай кеткендегісімен бірдей. Ай мен Жердің ең жуықтағандағы ара қашықтығы жердің радиусынан (нысаф қатары) 33,20 есе коп. Ай ең шалғай кеткенінде Меркурийдің ең жуық келгендегісімен бірдей бола отыра, жердің радиусынан 65,6 есе артық келеді немесе 208 542 мильге тең. Дәл осы тәрізді Меркурийдің ең шалғайлағандағы қашықтығы Шолпанмен тоғыс қашықтығына, ал Шолпанның ең шалғай кеткендегі аралығы Күнге ең таяу келгендегі аралығымен шамалас. Өзге сфералар туралы да осыны айта аламыз.

Егер сұраса: "Аспан көктерінің арасында бос кеңістік болмаған болса, онда ауа бар шығар?" — десе, жауап мынадай: бұл екі түрлі негізде мүмкін емес. Бірінші, егер бір жұлдыз барынша шалғай кеткендегі қашықтығы екінші жұлдыздың жуықтағандағы қашықтығына тең болса, олардың ортасында тағы бір көлденең нәрсенің болуы мүмкін емес; екінші, егер олардың ортасында ауа болса, олар жаратылып, кейіннен күйреп отырар еді және бір бағытта тура қозғалар еді. Бұл мүмкін болса, ауа оз формасын өзгертіп, суға айналмақ.

Егер: "Мәселені дәл осылай деп қабылдауымызға не бөгет?"— деп сұраған болса, жауап мынадай: мұндай жағдайда аспан денелері айналып қозғалмас еді, бұл олардың күйреп, жойылуына апарар еді. Өйткені тура бағытта қозғалу орын алса, олардың бірін бірі тартуы тоқтар еді, бұл аспан денесінің өзінің басты қасиетінен айрылуына, табиғи болмысын өзгертуіне немесе форма және зат түрінде біржола жойылуына әкеліп соғар еді. Бірақ аспан денесіне байланысты жойылу, бөлшектену сияқты түсініктерді қолдануға болмайды. Әйтпегенде, бұл олардың бөлшектері ендік бойынша да, көлбеу бағытпен де бір-біріне тура ұмтылады деп мойындағанымыз болар еді. Олар әріде, материя жоғалмай тұрып, форма жоғалады деген дұрыс емес, өйткені мұндай жағдайда материя еш формасыз қалар еді, бұл мүлде мүмкін емес, немесе делік басқадай формаға ие болар еді. Бұл пайда болу және одан соң жойылу деген сөз. Бұл тағы мүмкін емес. Ол үшін аспан денесінің айналмай, тура қозғалуы қажет. Ауаның табиғатына қатысты мәселе осындай. Егер ол ауадан суға айналса, ол өзі тектес затқа тура бағытпен қозғалады. Дәл осылай аспан қабының, яғни ондағы дененің жойылуы да мүмкін емес. Өйткені бастапқы материяға ие емес нәрсенің ешқайсысының жойылуы мүмкін емес, ол жойылса, қайтадан жаратыла алмайтындығы тәрізді, жаратылса (бар болса), жойылып, жоққа айнала алмайды. Керісінше, жаңғырушы заттың бәрі материяға ие болуы тиіс. Өйткені оның дәл осы қасиеті оның жаңғыруының басты кепілі, оның қажеттілігі болуы керек. Дәл осы тәрізді, зат (дене) материя болған жағдайда ғана жойылады, демек, материя оның жойылған соң, қайта пайда болуы үшін бірден - бір қажеттілік болып табылады. Әйтпегенде, ол жойылған соң ешқашан пайда болмас еді. Бірақ бар нәрсенің ешқашан жоққа айналуы мүмкін емес.

Бірақ мұндай мүмкіндікке орын қалып отырса, онда ол атрибут ретінде өзі бекітілген субстанцияны қажет етеді.

Біз аспан көгінде өзгеріске ұшыраудың болмайтындығын дәлелдеген соң, одан олардың қозғалуы өзінің сезім еркімен немесе қажет етпеуі салдарынан болмайды деген қорытынды шығара аламыз. Олай болса, олардың қозғалуына интеллектуалды ұмтылыстан өзге себеп жоқ. Алла қабыл етсе, бұл туралы төменіректе әңгіме етеміз.

Егер былай деп сұраса: "Сіз аспан денелерінің қозғалу жылдамдығы бірдей, бірі баяу, екіншісі шапшаңырақ қозғалмайды, олардың шапшаңдығының әртүрлі көрінуі орбиталарының үлкенді - кішілігінен, бәрі бір бағытта жылжиды десеңіз, олардың саны дәл осынша деген тұжырымды неге сүйеніп айта аласыз?" Онда жауап мынадай болмақ: олардың бәрі бір текті емес, зерттеулер көрсеткеніндей, олар көп және әр текке жататынына күмән жоқ. Бұған екі дәлел бар. Оның бірі — егер олар бір тектес болса, бір дененің бөліктерінің өзара қатынасы екінші дененің осындай бөліктерімен қатынасына тең болар еді, мұндай жағдайда олар бірінен бірі бөлек емес, қосылып тұрар еді. Өйткені олардың бөлек болуына табиғаттарының әртектілігінен өзге ешқандай себеп жоқ: Бұл жерде мәселе судың маймен араласпайтыны тәрізді, бірақ су мен су, май мен май араласа береді. Судың бір өлшемінің екіншісімен қосылуы және суды майдан ажыратып алу мүмкіндігі мысалынан біз олардың табиғатының әртектілігін білгеніміз тәрізді, аспан денелерінің де әр текке жататындығын білеміз, әйтпегенде, олардың қосылуына еш бөгет болмаған болар еді.

Екінші дәлел: кей аспан көгі төмен, кейбірі жоғары орналасқан, біреуі екінші бірін өз шеңберінде ұстаса, қайсыбірі екіншісінің ішінде орналасқан. Мұның өзі олардың табиғатының әртүрлі екендігін, әртектілігін көрсетеді, егер төмендегі дене жоғарыдағы денемен тектес болса, су мен ауаның белгілі өлшемінің я төмендегі өзі текті бөлегіне ұмтылуы тәрізді бірі біріне қарай ұмтылып, соңында тұтасуына ештеме бөгет бола алмас еді. Егер бұл мүмкін болса, аспан денелері тура қозғалысқа түсер еді, өйткені табиғатта төменнен жоғарыға тек осылай қозғалады. Бірақ біз оларға тура қозғалыстың тән еместігін дәлелдедік.

Егер сұраса: "Сіз барлық аспан көгін дөңгелек деген тұжырымға келдіңіз. Өзгелер оған дау айтады. Өзегі дәл ортасында және одан сырт қабатының қай шетіне дейін болсын түзу сызықтар өзара тең денені елестету мүмкін емес",— дейді. Жауап мынадай: денелер түйсік арқылы қабылданады және не қарапайым немесе күрделі болады. Бірақ күрделі денелер тек қарапайым денелерден ғана тұрады, қарапайым болмаған жерде күрделі дене пайда болмайды. Қарапайым денелердің табиғатының әртүрлі болуы мүмкін емес, олар кәдуілгі су немесе ауа тәрізді табиғаты ұқсас денелер.

Егер осы қарапайымға қандайда болсын бір өлшем сәйкес десек, онда қазіргі болмысына сай оның кескіні (формасы) не болуы керек, не болмауы керек. Оның еш кескінсіз болуы мүмкін емес. Әйткенде, оның ұшы-қиыры болмас еді. Ал біз болсақ, оны осынша өлшемге сәйкес деп тұжырдық. Егерде ол сәйкес өлшемді зат ретінде кескінге ие десек, онда ол не шар іспетті немесе төрт бұрышты, әйтпегенде, тағы бір басқадай кескінде болуы керек. Табиғаты, тегі, өлшемі бір бола тұра, ортадағы дененің бұрышты, шұбалаңқы болуы ақылға сиымсыз, оның шар пішінінен өзге ешқандай пішіні болуы мүмкін емес.

Барлық сырт пішіндердің ішінде шардан өзге ешқандай тепе - теңі жоқ. Сондықтан қарапайым дененің пішіні тек шар болуы шындық. Егер шарды дәл ортасынан қақ бөлсеңіз, сол жер тек дөңгелек болады. Осы дәлел арқылы дөңгелектің жалпы болуы мүмкіндігі анықталады, ал аспан денелерінің дөңгелек екенін біз бұрыннан дәлелдедік.

Ал "Құдай жеті қат көкті және осынша жерді жаратты" (Құран. 62—15) деген құдіретті ілімге келсек, онда жер бетіндегі жеті аймақ (зона) туралы айтылып отырғаны айқын. Ол аймақтар басы мен аяғы, шеті мен шегі анықталып, жұлдызнамашылар кітаптарында хатталған. Бұл аймақтардың әрқайсысы белгілі бір аспан көгіне тоғысады. Батыс немесе шығыс ендіктер сол ширектегі өлшем сызығынан көрсетумен анықталады. Әр тұстың жер белдеуінен (экватор) қашықтығы тиісінше жер кіндігінің көкжиектен биіктігіне қарай өлшенеді.

Жердің формасы дөңгелек. Өйткені біз барлық жұлдыздардың бату - шығуын әр жерде бірде ерте, бірде кеш, әр уақыттарда көре аламыз. Бұл сонымен қатар біздің аспан жүзінен бақылайтын өзге құбылыстарымызбен де, мәселен, Айдың тұтылуымен де дәлелденеді. Мұның бәрі жұлдызнамада жазылған. Жердегі жеті аймақтың әрқайсысы түр-тұлғасы, кескін-келбеті, мінез-құлқы мен наным-сенімі әралуан түрлі халықтар мекен еткен жеке аудандардан тұрады.

Егер сұраса: "Бәлкім, осы аятта бірінен соң бірі тізілген, орталары бос немесе әлденемен толтырылған жеті жер туралы айтылып отырған шығар?" — деп, онда жауап мынадай; төрт түрлі табиғи күш (стихия) бар, олар, өзімізге мәлім, әлемнің (аспан әлемінің) ортасында. Олардың аспан әлемінен тыс болуы мүмкін емес. Сол сияқты аспан әлеміндегі әр табиғи күштің екі орынға ие болуын көз алдыңызға келтіру мүмкін емес. Керісінше, олар осы әлемде өзінің бір ғана тұрақты орны бар болуын қажет етеді. Олардың аспан әлемінен тыс орналасуы мүмкін емес. Өйткені табиғи күш (стихия) тура бағытпен қозғалғанда ғана қосмекенді дене бола алады. Дененің екі жерде орны болуы мүмкіндігін сол денелер тағы басқа бір дененің ішінде болса және ондағы оның тұрақты орны мәлім болса ғана көз алдымызға келтіре алар едік. Әлемнен тыс жатқан, өзге бір денемен қоршалмаған дененің болуы мүмкіндігінің өзі қате. Сол сияқты қоршаған тағы бір өзге бар деп есептеген қате. Олай десек, біз бір-бірімен көрші немесе белгілі қашықтықта жатқан қатар екі әлем бар дегенге тоқтар едік. Ондайда олардың арасында бос кеңістік болуы тиіс. Бірақ соңғысы мүмкін емес. Бұл бос кеңістіктегі дене бір орнында не тұрақтап тура алмас, не қозғала алмас еді. Ол не өзінің табиғатынан немесе біреудің күштеп ұстауынан тана тыныштық қалпын сақтауы ықтимал. Дене бос кеңістікте өзінің жаратылысынан тыныштық қалпын сақтайды деп айта алмаймыз. Өйткені бос кеңістіктің барлық бөлігі өзара тең. Олардың арасында сапалық айырмашылық жоқ. Егер. біз дене бос кеңістікте өзінің тыныш қалпын сыртқы күштің ықпалымен мұқтаждықтан сақтап түр десек, бұл — дененің қазір тұрған жерінен басқа оған қарама-қарсы тағы бір орны бар дегенді мойындағанымыз. Бірақ бос кеңістіктердің арасында ешқандай айырмашылық болмаған жерде денені өзінің табиғатына сай меншікті мекенінен басқа жерде зорлап ұстап тұру мүмкін емес. Өйткені бір нәрсенің екінші бір нәрсеге қысым жасауы алғашқы жаратылудан соң пайда болды.

Бос кеңістікте қозғалуға келсек, егер оны табиғи нәрсе деп қарастырар болсақ, дене өзінің бұрынғы тұрған орнынан басқа бір орын іздеген жағдайда ғана мүмкін екенін түсінеміз. Бірақ оның жаңа орын іздеуіне еш себеп жоқ — бос кеңістік бар жерде бірдей. Сырт күштің әсерімен қозғалу мәселесі де осы іспетті.

Одан әріде, екі мекеннің ортасындағы бос кеңістікте дене тура бағытпен қозғала алатын қарама-қарсы екі нүкте болуы тиіс және олардың бір-бірінен айырмашылығын көрсететін тағы бір нәрсенің болуы шарт. Бұл айырмашылықты дене өздігінен тудыра алмайды, оны осы екі орынды сыртынан қоршап тұрған дене ғана жасауы ықтимал.

Сондықтан осыларды сыртынан қамтып тұрған үшінші дене бар деп қабылдауымыз керек. Сондай-ақ бір дененің ішіндегі екі нүктеде орналасқан екі жер бар болуы ықтимал дегенге тоқтауға болмайды. Мұндай болжам (гипотеза) өзінің қойылуы тұрғысынан - ақ дұрыс болмас еді.

Сондықтан әрбір қарапайым табиғи дененің бір тана орны бар деп есептеуіміз қажет. Әйтпегенде, мәселені өзге қырынан қарастырайық: оның екі орны бар делік. Осы екі орынның ортасына белгілі мөлшерде су төгіп жіберелік. Не болар еді? Оның екі мекені бар. Бірі — табиғатына тән меншікті мекені, екіншісі — мүмкін болатын орны. Арасында су. Ол өз орнына ұмтыла ма әлде екі жаққа қатар ұмтыла ма? Бірақ соңғысы мүмкін емес. Өйткені су қарапайым, тең өлшемді дене. Ол біртекті дене ретінде бір бағытта қозғалады. Өздігінен бір уақытта қарама-қарсы екі бағытқа бөлініп жылжымайды, өйткені оның сапасы бір нәрсе. Олай болса, екі мекендегі дененің тиісті орны бөлшектер қосылып, тұтас бір дене құратын жер болуы керек, өзгенің бәрі ақылға сыйымсыз. Құрандағы "осынша жер жаратты" дегенді де осы мағынада түсінеміз.

Сондай-ақ аспан денелерінің жаны да, бірақ интеллекті емес, жаратылғандар дүниесіне жатады. Бірақ егер көк аспанын жанды дүние деп сеніммен қалай айта аласыз, олар да жер және өзге жаратылыстар тәрізді органикалық емес денелер емес пе деп сұрай қалса, жауап мынадай: олар өздерінің еркімен қозғалады, бірақ олар үнемі бір орталықты айналып қозғалады. Бұл бір ерікке бағынбай, табиғаттың абсолютті заңымен жүзеге асуы мүмкін емес, өйткені табиғи қозғалыстың мәні — дененің бір орыннан қашып, басқа бір орынға ұмтылуында. Егер дене өзінің кәдуілгі өзіне тән орнына жетер болса, сонда мәңгі орнығып қалады. Сондықтан оның бір рет кетіп қалған орнына оралуы мүмкін емес. Өйткені осы орын оған тән болса, одан кетпес еді, ал тән болмаса, оралмас еді. Бірақ аспан денесі қозғалып, алыстап кетіп, қайта оралмайтын жер жоқ. Керісінше, ол кетеді де, қайта оралып отырады. Бұл табиғат заңымен емес, еріктілік және еркін таңдау арқылы болады. Ерік әр жағдайда бейнемен бірге көрініс береді, ал ерік пен бейнеге ие нәрсенің бәрін біз жан дейміз, өйткені дене құр дене ғана болғандықтан, онда ешқандай ерік те, сипат та жоқ. Бұл өзіндік табиғат пен өзіндік форманың арқасында ғана мүмкін, соған сай нәрсе — жан. Осылайша аспан денелерінің өз еркімен қозғалуы олардың жаны арқылы болады.

Аспан денелерін қозғаушының әлдебір таза интеллектуалды, өзгермейтін нәрсе түрінде болуы мүмкін емес. Сол сияқты оның әлдебір таза табиғи зат болуы да мүмкін емес. "Интеллектуалды" — тұрақты және өзгермейтін субстанцияның көрінісі, "жан" — керісінше үнемі өзгеріске түсіп отыратын нәрсенің көрінісі. Үнемі тұрақты қалыпта болатын нәрсе — әрдайым тұрақты қалпында қала беретін нәрсе. Мәселен, жердің тұрақтылығы өзгермейтін тұрақтылықты қажет етеді. Өйткені ол үнемі өзінің тұрақты қалпын сақтап отырады. Ал аспан денелері өз қалпын үнемі өзгертіп тұрады, сондықтан оның өзгеруіне әлдебір тұрақты және өзгермейтін нәрсе себеп деуге болмайды. Егер қозғаушы принцип ерік болса, онда ол өзгеріп, жаңғырып отыруы тиіс. Осыған сәйкес жеке бөліктердің еркінің көрінісі үнемі жаңғырып отыруы тиіс, өйткені жалпыға бірдей ерік (жоғары немесе тұтас) жеке бөліктерді қозғалысқа келтіре алмайды. Бірақ ерік пен түсінік арқасында өзгеріске ұшырайтынның бәрін жан (душа) дейміз.

Сфералардың қозғалысы дене емес және денемен байланысы жоқ ең жоғары және тұрақты субстанцияның бар екендігін көрсетеді. Осы тәрізді дүние дерексіз интеллект деп аталады. Қозғалыстың толассыздығы осындай субстанцияның бар екендігін көрсетеді. Өйткені бұл қозғалыста үзіліс немесе шек жоқ және оны тұрақты қозғайтын күш қажет. Тұрақты күштің дененің өзінде болуы мүмкін емес, өйткені қандай дене болсын бөлшектенеді, осыған қарай оның күші де бөлінеді. Егер біз күшті бөлінеді десек, күштің бөлігінің тұтас күштен айырмасы болмағандықтан, оның әр бөлегі үздіксіз қозғала беруі керек, бірақ бұл мүмкін емес немесе қай бөлігі болсын белгілі уақытқа, өзінің ақырына дейін қозғалуы тиіс, бірақ мұндай жағдайда тұтастың да соңы болуы керек. Осылайша біз мынаған көз жеткіздік деп есептеймін: шексіз (мәңгілік) күш бар және ол дененің өз бойында емес (2). Егер сфералардың қозғалысының басталуы уақытқа тәуелді болып отырғанда, олардың қозғалысы үздіксіз деп қалай айта аламыз деп сұраса, жауап мынадай болады: бақылау арқылы Айдың қуыс сферасының ішінде денелердің барлығы анықталды, ал денелердің күрделі денелер болуы да мүмкін.

Мәселен, саз балшық су мен топырақтан тұрады. Құрамның көзбен көруге болатын осындай күрделілігі тура қозғалысқа меңзейді, ал бұл қозғалыс көрініс берген кезінде, өз кезегінде оның (қозғалыстың) себебін көрсетеді, ол себептің өзге себебі бар, оның өз себебі, осылай шексіз кете береді. Демек, күрделі денелердің қозғалысы үнемі жаңғырып отырады, ал мұндай әрбір жаңғырған қозғалыс шексіз қозғалыстың бар екендігін көрсетеді. Бұған келіспеген жағдайда, қандай да құбылыстың жаңғыруын елестету мүмкін емес. Ал жаңғырып отыратын құбылыс болса, үздіксіз, шексіз қозғалыс та бар. Жаңғырудың себепсіз болуын дәлелдеу мүмкін емес. Егер себеп бұрыннан болып, бір зат дәл сол сәтінде пайда бола қалмаса, ол себепті әрекет жасауға дайындайтын қолайлы сәт пен жағдайдың тууын себептің қажетсінуі салдарынан да пайда болмас еді. Осыдан шығатын қорытынды: себеп үшін осындай сәт туғанға дейін ештеме пайда бола алмайды (3). Осы сәтке қатысты ол неге бұрын емес, дәл қазір туды деген сұрақ, шығады. Бірақ бұл үшін тағы себеп қажет, яғни пайда болушы қажеттілік салдарынан шексіз себептермен тіркесіп жатады. Бұл нәтиже мен себептер не бір уақытта қатар пайда болуы керек немесе бірінен кейін екіншісі өкшелей келуі керек. Бірақ шексіз көп себептердің бір уақытта пайда болуы мүмкін емес (оны біз төменде дәлелдейміз), сондықтан олардың сатылап пайда болуынан өзге ештеме қалмайды. Бірақ ол үздіксіз қозғалыс, яғни қозғалыс тұтастай алғанда пайда болмайтын, оның әр бөлегі келесі бөлігінің қозғалысының себебі болатын уақытта, басқаша айтқанда, қозғалыстың әр бөлегі қайтадан айналып келіп отыратын айналмалы қозғалыс жағдайында ғана орын алады. Егер қандай да бір сәтте бұл қозғалыста үзіліс бола қалса, оның қайта басталуы мүмкін болмас еді, өйткені ілгергі бөліктің қозғалысы дереу жанданбаса, келесі бөліктің қозғалысы да жанданбас еді. Ол жаңа қозғаушыны қажет етсе, мынау да сондай қозғаушыны керек етер еді, сайып келгенде, қозғалыс мүмкін болмай қалар еді. Егер біз үздіксіз қозғалысты қабылдасақ, мәселе шешіледі.

Мұның мысалы: әлдекім "Тұқым жерге ерте сіңірілгенімен, бұрын өнбей, неге дәл қазір өне бастады?" — деп сұрайды. Бұған: "Өткен қыс қатты болды, соның салдарынан жылу жетпеді", — деп жауап береді. Онда ол: "Жылу қазір неге жеткілікті?" — деп сұрайды. Оған: "Ауа райының жылына бастауынан", — дейді. Ол сұрайды: "Күн неге жылынды?" — деп. Жауап: "Күн жоғары көтеріліп, Тоқты шоқжұлдызына енді, өзінің ең биік нүктесіне жуықтап келеді". Ол сонда: "Күн неге Тоқты шоқжұлдызына тоғысты?" — деп сұрайды. "Өйткені, — деп жауап береді оған, Күнге табиғатынан қозғалыс тән. Осы қозғалыс салдарынан ол енді ғана Балық шоқжүлдызынан шықты. Оның Тоқты шоқжұлдызына енуі Балық шоқжұлдызынан шығуы арқасында мүмкін болды. Оның Балық шоқжұлдызынан шығуы Тоқты шоқжұлдызына енуіне, оның одан кейінде бұл шоқжұлдыздан шығуына себеп болды, ал ілгеріден шығуы одан кейінгісіне енуіне себеп болады және осылай шексіз жалғаса береді. Күмән жоқ: барлық пайда болушы оның жерге қатысты себептері түгелдей түзілген соң, ақтығында аспан қозғалысынан көрініс табады (тоғысады). Басқаша болуы мүмкін емес".

Бірақ егер: "Бұл дүниенің бастауы жоқтығын және оның ықылымнан жасап келе жатқандығын көрсетеді", — десе, жауап мынадай:оның өмір сүруі не мүмкін, не мүмкін емес болуы қажет. Мүмкін болмауы — қате. Бірақ мүмкіннің онымен байланыстағы алып жүретін иесі (носитель) мен материясы болуы керек. Бұдан барлық пайда болушыдан бұрын материя болуы керек деген қорытынды шытады. Материяның пайда болуы мүмкін емес, бірақ ол еш бастаусыз бар болуы тиіс, өйткені барлық пайда болатындар өздерінің пайда болғандарына дейін мүмкіндік жағдайында өмір сүреді, яғни өзі жаратылғанға дейін жаратылу мүмкіндігіне ие болады. Өйткені жаратылу мүмкіндігі жаралғанға дейін болады. Бұл мүмкіндік не бір нақты нәрсе немесе соның елесі, әлдеқандай бір жоқ нәрсенің дерегі болуы керек. Егер ол әлдебір жоқтың дерегі (выражение) ғана болса, онда пайда болушының пайда болу мүмкіндігінің болмағаны, егер ол әуел баста "мүмкін" болмаса, ол мүлде мүмкін емес болатын. Ал ол о бастан мүмкін емес болса, ол ешқашан пайда болмас еді, жаралмас еді. Бірақ бұл дұрыс емес. Сонымен, мүмкіндік деген ақылмен қажет етілетін әлдебір шын (реальное) екені анықталды. Сондықтан ол не өзінше өмір сүретін бір нәрсе, яғни субстанция немесе өзін алып жүретін иені қажет ететін атрибут болуы тиіс. Мүмкінді өздігінен өмір сүретін жеке субстанция деп қабылдауға болмайды, өйткені ол мүмкін болған субстанцияның атрибуты, оның өздігінше өмір сүруі ақылға қонымсыз нәрсе. Осылайша, күмән жоқ, оның өзімен байланыстағы алып жүрушісі болуы керек, демек, нақтылы мүмкіндік ақыр - аяғында субстраттың өзгеру қабілетінің мүмкін болатын көрінісі тана дегенге келіп саяды.

Сұрақ: егер сіз материяның басталу шегі жоқ десеңіз, дүние жаратушының кереметі, соның қолымен жасалған деп қалай айта аласыз? Жаратушы өзін әлдененің жоқтан бар болуымен ғана дәлелдеп отырған жоқ па?

Бұған жауап мынадай: жаратылғанның жаратушыдан тәуелділігі немесе осы жаратылғанның барлыққа (бытие) қатысты немесе оның жоққа қатысты әлде екеуіне бірдей қатысты орын алуы мүмкін. Оның жоққа қатысты орын алуы мүмкін емес, өйткені оның алдындағы жоқтың жаратушыдан еш тәуелділігі жоқ. Демек, оның бар екендігін мойындаудан өзге шара жоқ. Сонымен, жаратушының әміріне тәуелді нәрсе — жаратылғанның барлығы, бірақ жоқтығы емес. Бірақ егер жаратылғанның барлығы (болмысы) жаратушыға тәуелді болғанымен, бірақ ол осы барлықтан ілгеріде жоқ болғандықтан ғана тәуелді дер болса, бұл бар жоқтан соң дегенді ғана көрсетер еді (жаратылғанның барлығы жаратушыға тәуелді дедік, бірақ бұл тәуелділікті барлықтан ілгеріде жоқтың болуымен ғана байланысты қарастырсақ, бұл бар жоқтан соң пайда болды дегенді білдірер еді). Бірақ бар жоқтан соң келеді деген бүл көзқарас тұрғысынан жаратушы оған ешқандай ықпал жасай алмайды, өйткені барлық жоқтан соң ғана пайда бола алады және ол өзінің табиғатынан жоқтан соң туады. Егер жаратушы барды одан ілгеріде жоқ болмайтындай жаратқысы келсе, ол оны істей алмас еді, өйткені барлықтың жоқтан соң келуі жаратушының хұзырында емес, керісінше, жаратушы жаратылатынның барлығына ықпал етіп отыр.

Рас, жаратушы оз харекетінен бас тартып, ештеме жаратпауға хұзырлы, бірақ оның ілгеріде "жоқ" болмай тұрып, бірдемені жаратуы мүмкін емес. Бұдан шығатын қорытынды: жаратылушы жаратушыны өзінің барлығына қатысты ғана қажет етеді, өйткені ол тек өзінің барлығына қатысты ғана әлдебір мүмкін нәрсе болып табылады. Оның одан ілгерідегі жоқтан соң өмір сүруі мүмкін ғана емес, қажетті де, ал қажеттілік ретінде ол ешқандай жаратушыны керек етпейді.

Әлдебір басқа нәрсенің жаратушының арқасында барлыққа ие болуы немесе осы басқа нәрсенің әуелде барлығы жоқ болып, соңынан жаратушының әрекеті арқасында барлыққа ие болуы — бәрі жаратушының себебіне қатысты нәрселер. Ақиқат мынада: жаратушыны себеп дегенде әлдебір нәрсенің әуелгі бастағы барлығы болмай, жаратушының арқасында ғана осы барлығына ие болды деген ұғымда емес, өзінің барлығына осы әлдене жаратушының арқасында ие болды деген мағынада түсіну керек. Өйткені әуелде барлық жаратушының арқасында пайда болған жоқ, себебі, ол алғышарт емес болатын: алғашқысы соңғысының себепші және таратушы болуының нәтижесі болып табылады. Адам хақында да солай. Мәселен, ол өзінің еркіне тәуелді және бұрын керек қылмаған бірдеменің барға айналуын қажет етсе, бұл әлдене оның еркінің оған дейінгі жоқтан соң барға айналуы арқылы орындалмайды, оның еркінің де, сол сияқты қажет қылған нәрсесінің де іс жүзінде болуы нәтижесінде орындалады.

Егер, бәлкім, "арабат" аталатын ең жоғарғы аспан екінші, ол одан кейінгі, сөйтіп сатылап, әр жоғарғы аспан өзінен кейінгі аспандардың, ал ең төменгі аспан пайда болу және жойылу әлемінің себебі болар десек, оған жауап мынадай: аспан дегеніміз — дене, дененің тұңғыш материяның бастауы және себебі болуы мүмкін емес, өйткені дене әлденемен жанасқанда, оған іргелес немесе қарсы болғанда, жалпы онымен әлдебір қатынасқа түскенде ғана белгілі харекет жасай алады. Күн арасында ешқандай бөгет жоқ қарсы тұрған денеге жарық сәулесін түсіргенде осылай. Дәл осы тәрізді от та от болып, әлденені күйдіруі үшін сол денемен жанасуы керек. Сондықтан дененің әсер етуі үшін бұл дененің жанасатын әлдебір нәрсесінің болуы қажеттілігі күмән тудырмайды, осы дененің әсер етуі арқасында өзгедей екінші бір зат пайда болады. Егер осындай әлдебір зат болмаса, бір ғана дененің өзінен тағы бір өзге дененің пайда болуы мүмкін емес.

Дененің өздігінен басқа дене жарата алмайтындығына мынау дәлел болады: егер ол (дене) пайда болған болса, не жалғыз материяның арқасында, не жалғыз форманың арқасында, немесе форма мен материяның қосылуы нәтижесінде пайда болуы мүмкін. Оның жалғыз материядан пайда болуы мүмкін емес. Өйткені материяның ақиқат қасиеті — оның форманы бейтарап (пассивно) қабылдауында.

Егер материя жасар болса, онда ол өзінің қабылдау мүмкіндігі арқылы емес, табиғатының басқадай бір қыры аркасында жасар еді. Мұндайда біз материяның екі қырын көрген болар едік: бірінші жағы оның материялық табиғатын айқындайтын қабылдау қабілеті болар еді де, екінші жағы оның әрекетінен (әрекетке қабілеттілігінен), яғни формадан тұрар еді, өйткені біз форманы өзге ештеме де емес, тек харекет (деятельность) деп түсінеміз. Демек, мұндай жағдайда материя жалаң материя болып қалмай, формаға да ие болар еді. Сол тәрізді, дененің жалаң формадан жасалуы да мүмкін емес. Өйткені форма өздігінен өмір сүрмейді, ол әрқашан материямен байланыста. Егер форманың жасауға қабілеті арқасында жасалатын болса, онда не материя жеке өзінше аралық байланыстырушы түрінде болар еді, сөйтіп, форма материяның себебіне, ал материя жаратылған дененің себебіне айналып, ақырында форма себептің себебі болып шығар еді, бірақ материяның өзінің материялық сипаты тұрғысынан бұл мүмкін емес: өйткені ол осыған дейін материя болатын немесе материяның байланыстырғыштығы сол материяның әрекеті арқасында форманың денеге жетіп, отан әсер етуімен тана шектелер еді. Мәселен, оттың формасы материяның байланыстыруы арқылы кейде тап осы жерде алдынан кездескен денеге, кейде өзге бір жердегі ұшырасқан денеге әсерін жасайды. Мұның өзі осы, не ана бір жерде дене әсер ете аларлық әлдене бар деп тұспалдауға күмән қалдырмайды.

Егер: "Сіз неге бір тана емес, көп бейтарап интеллект бар және олардың саны аспан денелерінің санынан кем емес деп санайсыз?" — деп сұраса, жауап мынадай: аспан денелері әралуан, бір-біріне ұқсамайтын болса, олардың өмір сүруі әлдеқандай себепті қажет етеді, бірақ бір себептен бір дене ғана пайда болады. Сондықтан әр интеллекттен бір дене таралса, интеллект көп деген тұспалды мойындауымыз керек. Одан әрі өрбітер болсақ, денелердің әртүрлі болуы үшін интеллекттердің де тегі сан алуан болуы шарт. Біз көптік өлшемін материяға қатысты қолданамыз. Ал материяға жатпайтын нәрсенің көптік өлшемі бір тектің ішіндегі оның түрлерімен анықталады. Интеллекттің бір тегінің ішіндегі жеке белгілеріне қарай бір-бірінен ажыратылуы оның түрлерге бөлінуі болып табылады. Көп интеллект дегенде, алдымен оның осы түрлерге бөлінуін еске аламыз.

Интеллекттердің белгілері акциденталді (кездейсоқ) емес. Өйткені кездейсоқтық белгісі жоқ текке жататын әлдененің өзінің кездейсоқ белгіге ие болуы мүмкін емес. Интеллекттерде материя болмағандықтан, олар тегінің санымен мөлшерленеді. Одан әріде бұл интеллекттердің аспан денелерінің жаны үшін ынтықтық объектісі болуы қажет. Әрбір жан иесі өзінің жаратылу себебіне соған ұқсасам деген құмарлықпен қарайды. Олардың бір ғана нәрсені (интеллектіні) сүюі мүмкін емес: жұлдыз ғылымы әр аспан денесінің әртүрлі қозғалатынын дәлелдеп отыр, демек, әр дененің өз қозғаушысы (себебі) болуына қарай олардың сүйіспеншілігі де әрқайсысына бағышталады. Егер олардың барлығының ұмтылысын ынталандырушы бір зат қана болса, олардың ұмтылыстары да бірдей болар еді. Сондықтан, біріншіден, әрбір аспан денесінің соның өзіне тана қатысты және өзіне тана тән қозғалыс беретін жаны бар, екіншіден, бейтарап интеллект аспан денесінің өзіне деген махаббатына қарап отан айырықша сипат береді. Жан, сайып келгенде, көк періштелері, өйткені олар сфера денелерімен табысып қосылады, бұл интеллекттер анығында материялармен қандай да болсын жанасуда тазалығын сақтай алатын періштелер, өйткені олар өздерінің қасиеттері жатынан барлық әміршілердің әміршісіне жуық тұрады.

Аударған F. Есім

author

Әбу-Хамид Әл-Ғазали

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...