Бір күні таңертең белгісіз норвегиялық кішкентай бір қыз Гамсунның кітабын қолтығына қысып...
Айна амальгамасы: Деррида және рефлексия философиясы ІV
Мәтіндік онтология
Сартрдың "Әдебиет дегеніміз не?" сауалына ұқсас, "Мәтін дегеніміз не?" деген қазіргі сауал — Поль Рикердің Х.Г.Гадамерге арналған мақалалар жинағында жарық көрген эссесінің атауы — модальдылығы мен формасы осы сауалдың алдында болатын герменевтикалық сауал /6/. "Мәтін дегеніміз не?" деген сұрақ — мәтіннің мәні мен болмысын тергейтін сұрақ. Осыған сәйкес ол өзінің табиғатына сай сауал ретінде мәтіннің ti esti (ол не), мәтіннің мәтінділік мәнінің болмысын, болуын (немесе болудың теріс тәсілі ретіндегі болмауын) талап етеді. Осы мәнде мәтіннің болмыс негізінде жатқан мәтінділік мәтіннің болу себебіне жатады. Әрине, мәтіннің онтологиялық негізі ретінде танылатын мәтінділік, мәтіннің жоғарыда келтірілген үш анықтамасына біршама сай келетін анықтамалардың әртүрлі болуына жол береді. Эмпирикалық немесе идеалды критерийлер арқылы анықталған немесе олардың синтезі арқылы анықталған мәтінділік — мән немесе субстанция, яғни ол — мәтінге қарағанда, шынайы және одан да іргелі болмыстың тәсілі. Ал олардың эмпирикалық әртүрлілігі өздерінің соңғы себебі болып табылатын осы тәсілге тәуелді болады. Бірақ егер осы мәндегі мәтінділік мәтіндердің, мәтіндердің эмпирикалық деректерінің болуын немесе болмысын түсіндіре алса, ол, әрине, өздігінен болмыстың тәсілі (шынайы әрі бірегей) болғандықтан қатардан шығып, ерекшеленуі қажет. Нәтижесінде ол соңғы жағдайда мәтіннің болмысын түсіндіруге қабілетсіз болып шығады. Хайдеггердің айтуынша, ол — өзеннің бастауын өзеннен бөліп алғысы келетін адам тәрізденеді. "Мәтін дегеніміз не?" деген сауалда міндетті түрде болатын онтологиялық көкжиек, мәтіндердің "табиғаты" туралы сауалға жауап ретіндегі мәтінділіктің түсіндіру қабілетін шектеп тұрады.
Менің пікірім бойынша, Деррида, оғаш естілсе де, баршаға ортақ мәтіннің онтологиялық дәрежесін пайымдай отырып, баршаға ортақ мәтіннің түсінігі арқылы мәтін мен мәтіндіктің қарама-қарсылығын жеңеді. "Жалпы түрде болатын мәтін жоқ және бұрын болған мәтін де жоқ, ондай мәтін бұрын болғандықтан өткен шақта болады" (ПР, 211-б.). Егер, Аристотельдің анықтамасы бойынша, мән — бұрын болған нәрсе болса (to ti en еіnаі), онда баршаға ортақ мәтін, әрине, мән емес. Шынымен-ақ, баршаға ортақ мәтіндердің "онтологиядан бұрынғы" немесе "мәннен бұрынғы" дәрежесі, мәтінділік туралы теориялардың барлығы жолығуы тиіс негізгі қиындықтарды түсіндіруге мүмкіндік береді: олардың түсінігінде бұлар түсіндіруге міндетті нәрсенің, яғни олардың нысанының болмысын, не болуының бар екенін болжамдау.
Кейін мен баршаға ортақ мәтін туралы ұғымды, Дерриданың "Двойная сессия"-дағы: "Егер мәтін, тікелей жоқ болса, онда, мүмкін, [il у а] мәтін бар шығар" деген қарама-қайшы пікірін түсіндіруге талпынып, түсіндіре жатармын. Бұл мәлімдемедегі айтылатын нәрсе, мәтіннің болуы, оның тікелей немесе әріп түрінде болмау шартына байланысты дегенді білдірсе керек. Бұл пайым бойынша, мәтін болуы үшін, оны мүліктен, иеліктен, мәннен және т.б. айыру қажет. Нақ осы тұжырым мәтін болмысын оның әдетте материалдық немесе идеалдық субстрат ретінде мәтінмен ассоциация туғызатын нәрседен, әріптен (немесе таңбалаушыдан) тәуелсіздігіне тәуелді етіп тұрады. Сонымен, мәтіннің болмысы, мәтіннің болмауына немесе оның эмпирикалық субстратына немесе интеллигибельді мәніне тәуелді етіледі. Қысқаша айтқанда, мәтін жоқ болса, егер онда болмыс болатын болса, егер оның болуы жетімсіз болса ғана, оған осында болуға рұқсат етілген. Әрине, бұл мәтін тек in absentia (болмағанда) ғана болады дегенді білдірмейді; болмау — бұл болу мен болмыстың басқа бір тәсілі: мүмкін, мәтін бар, егер ол, тікелей жоқ болса, бірақ ол туралы болмауы мүмкін, демек, ол болмау, қатыспау немесе жай ғана nihil negativum (болымсыз ешнәрсе) болмауы мүмкін деп айтуға болмаса.
Бұл мәлімдеме өмір сүруі қажет емес мәтіннің осы жерде-болуына қатысты айтатынын жоққа шығаруға болмайды. Мәтіннің өмір сүрмеуі мәтіннің осы жерде-болуына жеткілікті шарт бола алмайды. Оған мүмкін деген үстеудің болуы дәлел бола алады, бірақ мұндай мағына, біз әлі көзіміз жететіндей, сөздің осы пайымындағы қызметімен шектелмейді. Осындай кейбір ескертулер Деррида мәлімдемесінің мәнін бірашама түсіндіре алады, бірақ олар мәтіннің осы жерде-болуын өмір сүрмеуге тәуелді ететін мәлімдеменің айқын емес және қайшы табиғатын жоя алмайды. Бірақ бұл мәлімдемеде ешқандай қайшылық жоқ, өйткені болу және өмір сүру бірдей нәрсе емес. Синоним болмайтын бұлар, сипаттаудың екі мүлдем әртүрлі деңгейінің көрінісі. Өмір сүру болуды, болмысты және мағынаны иеленуді, сезімді де, ақылды да бірдей қолдануды білдіреді. Өмір сүру — гуссерлік мәндегі феномендердің сипаты. Болу немесе дәлірек айтсақ, иелігінде болу, оны немістер es gibt деп аударады, ең алдымен, математикадағы сияқты осы сөйлемнің идеалды мәнін білдіреді. Екіншіден, иелігінде болу деген сөз мағынаның in specie [тегінде] мүмкін болуының таза идеясын білдіру үшін қолданылады. Сонымен иелігінде болу деген сөзде шынайы, баршаға ортақ немесе идеалды ұғымдар болады деп саналады. Үшіншіден, иелігінде болу тұтастықта және, жеке алғанда, Болмыста да, par excellence [негізінен] феномені ретіндегі феномендердің берілу тәсілін сипаттайды. Хайдеггердің пікірінше, барлық бар нәрсенің радикалды негізі ретіндегі Болмыс өзімен-өзі бола алмайды; ол тек осы жерде-болу тәсіліне ғана ие болады. Егер Болмыс өмір сүретін болса, егер ол бар болса, ол түсіндіруді қажет ететін нәрсені — Болмыстың болуын — түсіндіре алмайтын негіз болар еді. Деррида баршаға ортақ мәтінді зерттегенде, өзгертуге немесе мәтін мен мәтінділіктің, мәтіндердің эмпирикалық әртүрлілігі мен мәтіннің үнемі болатын мәні арасындағы айырмашылықты көшіруге ұмтылғанда, хайдеггерлік осы сипатты, баршаға ортақ мәтінді сипаттау үшін қолданған. Баршаға ортақ мәтін иелікте болуы мүмкін.
Баршаға ортақ мәтін әрқайсысы болмыс немесе болу тәсілін иеленетін мәтіндер мен мәтінділіктердің арасындағы айырмашылықты, (яғни баршаға ортақ мәтін) өмір сүрмейтін жағдайда ғана түсіндіре алады. Бірақ ол, фундаменталдыдан басқа қандай да бір онтологияның бөлігі емес. Баршаға ортақ мәтін дегеніміз не деген сауал — қисын жағынан қате қойылатын сауал. Баршаға ортақ мәтіннің мәні туралы герменевтикалық сауал қою — мәселені шатастыру және ойлау деңгейлерін араластыру деген сөз.
Шынымен де, егер баршаға ортақ мәтін онтологиялық дәрежені немесе мәтіндер мен мәтінділіктің онтологиялық елесін түсіндіруге қабілетті болса, онда ол феномен болмауына байланысты болады. Демек, баршаға ортақ мәтіннің болуы мүмкін. Ол (осы түрде) ешқашан пайда болмайды, ол ешқашан, сезім не ақыл формасында, қатысушы болмайды. Сондықтан ол қабылдау нысаны бола алмайды, ондай қабылдау идеацияның түсікті әрекеті немесе апперцепция болады. "Аптека Платона" еңбегінің бас жағында Деррида былай жазады: "Мәтін, алғашқы келгеннен, алғашқы көзқарастан, өз композициясының заңынан және өз ойынының ережелерінен жасырынбағанша, мәтін болмайды. Бірақ мәтін мәңгіге қабылдамайтын болып қалады. Дегенмен оның заңы мен ережелерінде құпиялық жоқ; бұл олардың ешқашан да қазіргіде, қатаң түрде қабылдау деп аталып, бір нәрседе қала алмайтынынан" (Р, 63-б.). Баршаға ортақ мәтін барлық болуы мүмкін феноменологизациялардан аулақ болады. Пайда болудың орнына ол жоғалады. "Жоғалатын нәрсе — ол жойылатын нәрсе, кідіріп барып тоқтайтын немесе жоспарлы түрде пайда болатын нәрсе, бірақ бұл жерде өзінің болмысы немесе болмыс мағынасының әсері болмайды",— деп түсіндіреді Деррида Происхождение геометрии Эдмунда Гуссерля деген еңбегінде (ПГ, 93-б.). Абсолютті ештеңеде еріп кетпей, осылай жойылу мүмкіндігі, феноменологизациялану мүмкіндігіне, мысалы Болмыс феноменіне қатысты баршаға ортақ мәтіннің деңгейін сипаттайды /7/.
Біз көргендей, баршаға ортақ мәтін мәтіндік айырмашылықты (немесе мәтін мен мәтінділіктің арасындағы айырмашылықты) жоғалатын, бірақ оған өмір сүру, болу (және мағына) тән феномен ретінде түсіндіреді. Олай болса, баршаға ортақ мәтін мен ол түсіндіріп тұратын нәрсе арасындағы қатынасты енді дәстүрлі терминдерді қолданып, түсіндіруге болмайтыны анық. Ол, әрине, эманация, туғызу немесе жасау қатынасы бола алмайды, сонымен қатар ол пайда болу, ұйымдастыру немесе, тіпті, мүмкіндік қатынасы да бола алмайды. Қатынастың екі сериясы да негіз бен негізделетін нәрсенің арасында негіздің өмір сүруін, болуын, феноменділігін талап етеді. Деррида "егер мәтін, тікелей жоқ болса, онда, мүмкін, мәтін бар шығар" деген пікірді айтқанда, ол бірінші кезекте, баршаға ортақ мәтін сияқты негіз бен ол өзі түсіндіріп тұратын нәрселер (мәтіндер мен олардың мәтіндік мәні) арасындағы қатынасты, хайдеггерлік сый мәселесі шеңберінде пайымдау мүмкіндігінің болуын талап етеді (Gabe). Es gibt іс жүзінде жай ғана "бар" емес, "берілген" деп аударылады. Хайдеггердің Болмыс сыйын пайымдауға талпынуы — негіз ретінде өзі негіздейтінмен салыстырғанда әртүрлі болуы тиіс нәрсе мен негізделетін нәрсе арасындағы қатынасты фундаментальді түрде пайымдау талпынысы. Дерриданың онтико-онтологиялық өзгешелік мәселесімен ұқсас келетін мәселеде Хайдеггердің es gibt сөз тіркесін пайдаланатынына қарамастан, ол іске басқаша қосылады. Әлі көзіміз жететіндей, Дерриданың сый мәселесін баршаға ортақ мәтін мәселесіне аудару нәтижесінде, хайдеггерлік болмыс туралы зерттеуден әлдеқайда радикалды өзгеріске немесе талдауға, қажет десеңіз, онтологияға жол ашады.
Расында да, Деррида "Рассеяние" еңбегінде, ешқашан болмайтын, бірақ үнемі кейінге қалдырылатын баршаға ортақ мәтін "өзіндік дербес тікелей мәнге ие болмайды, ол енді мағынадан болмыс ретінде тумайды" (Р, 229-б.). "Ол өзін-өзі ашатын формада көрінсе де, ақиқатта болмайды" (Р, 230-б.). Мәтін туралы мәселе, Болмыс туралы мәселеден өзгеше. Ол "Двойная сессияда" көрсеткендей, "баршаға ортақ мәтіннің белгілеу құрылымы мәтінді симметриялық емес және рефлексиялық емес формада өзіне қарай тұйықтап, Болмысты лақтырып тастайды немесе сыртқа қарай ығыстырады (a I'tcart). Баршаға ортақ мәтін Болмыстың шегі бола тұра, Болмысты шектен тыс шығарып жібереді. Болмыстың шегі ретінде баршаға ортақ мәтінде онтологиялық дәреже болмайды; Болмысқа қатысты ол не бар, не жоқ болмайды, өйткені уақыт пен болмыстың екі тәсілі де Болмыстың ғана бөліктері болып табылады. "Двойная сессияда" баршаға ортақ мәтіннің көптеген фигураларының бірі болып табылатын гимен фигурасына қатысты былай жазылған: "Болмыстың шегіндегі гимен аралығы ешқашан терістеу жұмысының қарапайым делдалдығына айналмайды; ол барлық онтологияларды, барлық философемаларды, диалектиканың бүкіл формаларын айламен бұзады. Тоқыма мен өрмекшінің өрмегі сияқты ол айласын асырып, аралық ретінде — оларды орап, жығып алып, қолын қояды" (Р, 215-б.).
Енді мәтіннің болмысы (es gibt) Болмысқа қатысты нақ осы маргиналды статусты көрсетіп тұрады. "Болу — иелігінде болу сөзін ғана жақсы айтатынына қарамастан, ол "жіктелістің" (Р, 307-б.), Болмыстың, болудың, қазіргінің бөлінуін көрсетіп тұрады. Бұл "болады...болып табылады сөйлем және мәлімдеме "елесі" арқылы ғана көрінеді" (Р, 311-б.). Мәтіннің осы жердегі-болмысы мәтіннің өмір сүруін, болуын және таңбалануын елемейді; ол оны өз шегарасында ұстап қалады. Сонымен Дерриданың осы жердегі-болмысы шегараны тұрғызатын нәрсені, Болмыс шегарасында орналасатынды, қысқасы, феноменологияландыруға келмейтінді сипаттайды. La Verite en Peinture (Истина в картине) еңбегінде біз: "Жақтауы бар, бірақ жақтауы болмайды" дегенді оқимыз (ИКб 93-б.).
Демек, біз осы жердегі-болмыстың (немесе сыйдың) бар нәрсеге, болатын нәрсеге, сезім не ақыл формасында болатын нәрсеге қатынасы жиектегі жақтаудың, шектің бірі болатынын мойындауымыз қажет. Баршаға ортақ мәтінге қатысты болуы дегеніміз, оның өзі түсіндіретін нәрсені — мәтін мен мәтінділікті жақтауға қоршауы немесе маргиналды ету дегенді білдіреді. Қысқаша айтқанда, баршаға ортақ мәтін өзін феноменологияландыратынға, мәтіндерге, олардың мәндеріне, жалпы Болмысқа деген қатынасында, "барлық құбылыстардың тәртібін, тұтас алғанда пайда болу процесін", ақиқаттың тәртібін енді қорғап тұрмайды (Р, 192-б.). Баршаға ортақ мәтін осы тәртіп қажет ететін — мәндер мен құбылыстар арасындағы, құбылыстар мен олар туғызғандар арасындағы нәрсені ажырату мүмкіндігін тергейді. Расында да, мәселенің шешілу мүмкіндігі, заттың (die Sache selbst) өз тұлғасында немесе Мерло-Понти айтатындай, тәні мен қаны арқылы қабылдануы (Anschauung) туралы мәселенің шешілуіне байланысты. Өзінің мәтіндер мен мәтінділіктердің мәндеріне деген қатынасында баршаға ортақ мәтін — феноменологияландырылмайтын "негіз", ол өзінің берілу тәсілінің — өзінің осы жердегі-болмысының арқасында — пайда болу тәртібінің ерекшелік сипаты белгілі бір форманы иеленетін өзгешелікті тесіп шығады. Бірақ, осындай ажыратудың мүмкіндігін ашу кезінде баршаға ортақ мәтін, сонымен бірге, осылайша қарама-қарсы әрекетке еркін көшетін нәрсенің шешілу шекарасын да белгілеп тұрады.
Осы жерде Болмысқа қатысты баршаға ортақ мәтін мен оның ерекше дәрежесіне арналған дерридалық зерттеу Хайдеггермен үнемі жалғасып келе жатқан айтысының бір бөлігі болатыны анықталады. Қалай болғанда да мәтін ұғымы әдеби сыннан алынған. Оның Деррида тарапынан зерттелуі, Болмыстың ойға сыймайтыны деп атауға болатын және пайда болу процесіне жол беретін ұғымды түбегейлі қайтадан ұғынылуды талап етеді. Деррида экстра-мәтін жоқ, бірақ (тек) баршаға ортақ мәтін бар дегенді айтқанда, ол Болмыстың өзі Болмыстың сыйы болуы үшін, мәтін ішінде болуы қажет дегенді білдіреді. Осындай "мәтіндік" шекара болмаса, Болмыс онтико-онтологиялық өзгешелік ретінде пайда болу тәртібін күзетіп тұратын өзінің басты қызметін атқара алмайтын еді. Бірақ сонымен бірге, мұндай шекара Болмыстың негіздеуші философиясын біршама шектейді де. Бұл Болмысқа және Хайдеггердің "Өзгешелік" туралы пайымына қатысты көшіру дерридалық мәтін туралы ұғымды сипаттайды. Баршаға ортақ мәтін Хайдеггермен болған айтыспен және ерекше философиялық мәселенің шешімін шығарумен шектелмесе де, ол осы айтыстан өзінің маңызды анықтамаларын алады.
Онтико-онтологиялық өзгешеліктерді фундаментальды түрде түсіндіретін Болмыстың хайдеггерлік түсінігіне қарағанда, бұл жерде баршаға ортақ мәтінге қатысты ешқандай "фундаментальды", "негізгі" немесе "терең" нәрсе жоқ. Ол көшіру арқылы мүмкін болатын нәрсеге қатысты мәнділік аталған нәрсе сияқты қызмет атқармайды. Керісінше, баршаға ортақ мәтін мәтіндер мен мәтінділіктің қарама-қарсылық шегарасы, мәтіндік өзгешеліктің жиегі ретінде қызмет атқарады. Мұндай шегарасыз мәтін де болмаушы еді, ешқандай мәнділік ешқашан мәтіндерді босатамын деп үміттене алмаған да. Бірақ ол мәтін және мәтінділік ретінде туғызып, жасап тұрған баршаға ортақ мәтіннің шегарасы туралы заңды түрде мәлімдеуге болмайды. Сондай-ақ ол мүмкіндік шарттарының қатынасы болады дегенді қатаң түрде айта алмаймыз. Бірақ, бар нәрсе — мәтін және мәтінділік — мәтін болғандықтан ғана мүмкін болады. Шектеулі әрі шешімі бар мәтіннің болуы, оның анықталмайтын нәрсенің: мәтіннің шеңберіне жазылуына байланысты. Және тағы бір дәйексөз:
"Барлық жерде сол баяғы дискурс пен оның тәртібіне (мән, мағына, ақиқат, маңыз, сана, идеалды және т.б.) толы баршаға ортақ мәтін бар, ол олардың билігін белгі ретінде тізбекке тізіп қояды және іс жүзінде меңгеру үшін сол елес ретіндегі билікке сенеді. Мұңдай баршаға ортақ мәтін, әрине, шектеулі және парақтағы жазу түрінде бірден ұғынылады. Бұл мәтіннің жазуы сыртқы шегарасын белгілі бір белгілі нәрседен алады. Парақтағы жазу мен кейінгі "әдебиетті" осы белгінің түрлері анықтайды" (П, 59-66 бб.).
Баршаға ортақ мәтін сезімдік және сезілетін мәтіндердің эмпирикалық көптігін, сондай-ақ, оларға тән мәнділікті немесе мәтінділікті таңбалағандай, бір жағынан парақтағы және екінші жағынан "әдебиеттегі" эмпирикалық және табиғилық шегараларды таңбалайтын және мүмкін ететін нәрседей қызмет атқарып тұрады. Ролан Барт өзінің "От работы к тексту" деп аталатын эссесінде лакандық терминологияны пайдалана отырып, мұндай тәуелділікті қысқаша сипаттағанда, жұмыс мәтіннің құйрығы тәрізді нәрсе деген /8/. Мәтіннің және мәтінділіктің қарама-қарсылығын тесіп өтіп шығатын нәрсе ретінде болатын баршаға ортақ мәтін, мәтінді шектей, маргиналдай, жиектей отырып, оның мәнділігінің мүмкін болуын да түсіндіреді. Баршаға ортақ мәтін мәтінділікті мүмкін етсе де, сонымен қатар, оны мүмкін етпейді де, өйткені бар мәтіннің мәні ретіндегі мәтінділік, өзінің үлкенді-кішілі шектерінің артықшылығы мен кемшіліктерін құрылымдық түрде эссенциялауға қабілетсіз болады. Бірақ мәтінділікті баршаға ортақ мәтін деп атау үшін, осы ұғым мәтін мәнінің жеткіліксіздігін білдіріп тұруы шарт болады. Онда мәтінділік туралы айту — дискурс пен "әдебиетте" соңғы мәре де, соңғы мән де бола алмайды және олардың меншігінде ешқандай дискурсивті де, әдеби де нәрсе атымен жоқ деген сөз.
Рудольф Гаше
Ағылшын тілінен Жанат Баймұхаметовтың аудармасы бойынша тәржімеленді