Қарасартов кім болған?

ТАНЫМ
8192

Жуықта Ult.kz интернет басылымынан ақын бауырымыз Ақберен Елгезектің «Шәкірімді атқан кім?» атты мақаласын оқыдық. Дұрыс дүние екен. Қалам ұстап жүрген кез келген адам ел ішіне шыққанда, ескіден бір-екі ауыз сөз түйіп қалған үлкендерді айналдырады. Ол бәріміздің де басымызда бар. Бұрындары құлаққа шалына қоймаған бөтендеу әңгіме естіп қаламыз ба дейміз.

Жарайды, ол өз алдына, менің айтайын дегенім Абзал Қарасартов жайлы еді. Бұл күнде Қарасартов деген сөз қазақ үшін бір қанқұйлы зұлымдықтың, қатыгездіктің баламасы секілді естіледі. Бұның барлығы Шәкәрім қажының өліміне байланысты екенін білеміз. Сондықтан төменде Қарсартов жайлы өзім білетін аз ғана деректерді ел назарына ұсынсам деп едім. Ол біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Оның үстіне қазір бұндай дүниелерден соң, әлеуметтік желілерде аты-жөнін көрсетпейтін кейбіреулер авторды қара есекке теріс мінгізіп, балағаттап жатады. Осы мақаланы оқығасын, мені де оңдырмайтын шығар. Дегенмен, жазуға тура келіп тұр. Бірақ, дұрыс түсініңіздер, бұл жердегі мақсат қайтсе де, Қарасартовты ақтап алу емес. Пенде баласы болған соң, кез келген адамның дұрыс жағы да, бұрыс жағы да болады. Қарасартовты бүгінде қазақ тек бір ғана жағынан ғана, жендет, баскесер деп біледі. Ал, оның шын мәнінде қандай адам болғанын оқырман жұртшылыққа жария еткен дұрыс шығар деп ойладық.

Бұл кісінің азан шақырып қойған аты – Әбзәли. Қарасартовты білетін Қызылтау елінің үлкендері бертінге дейін солай атаған. Әкесінің шын есімі–Ғабдолла. Жеңгелері Қарасарт деп атап, ақыры Ғабдолла есімі біржола ұмытылып кеткен деседі.

Абзалдың білім алып, халыққа танылуына себепкер болған – Жүсіпбек Аймауытов. Өйткені, екеуі де Баянаула-Қызылтау жерінің тумасы, оның үстіне ағайын адамдар. Жүсіпбек Құлболды-Күліктің ішінде Танашбай-Қуанннан тараса, Абзал–Күнтай биден тарайды. Аймауытов Орынборда әскери училищеде сабақ беріп жүргенде, жазу-сызуға бейімі бар, өлең шығаратын талапты жас Абзалды және сырнай тартатын өнері бар, екі көзі зағип бала Садық Кәрімбаевты өзімен бірге алып кетіп, оқуға берген екен. Кейін Кәрімбаев елге танымал композитор болды. Сөйтсе де, Қарасартов пен Кәрімбаевтың ресми өмірбаяндарында бұл тұсы айтылмайды. Себебі, ол уақытта Жүсіпбектің атын атуға болмайтын еді.

А.Қарасартов Қызылтаудағы Әбділдә хазіреттің медресесінде ескіше сауат ашып, одан кейін Павлодарда мектепте, Шымкенттегі педагогикалық техникумда оқып, Ташкенттегі Орта Азия Жоғарғы әскери училищесін бітірген.

Өзі де өлең шығаратын, өнерге құштар Абзал Абай мен Шәкәрім өлеңдерін жасынан жаттап өскен адам. Оның себебі, Қызылтау өңірі мен одан төменірек тұрған Мәдидің Үшқарасы, Едірей, одан арғы Арқалық, Дегелең, Абыралы, Сарыжал, Шыңғыстау – қанаттас жатқан, жазы-қысы қатынасы үзілмеген елдер. Абзал сол ГПУ-де қызмет істеп жүргенде, Шәкәрімді арнайы іздеп барып сәлем беріп, жолығып жүрген. Өзі де Абай мен Шәкәрімге еліктеп өлеңдер жазған. Оны бүгінгі күні Қарасартовтың соңында қалған азды-көпті әдеби мұрасынан байқауға болады.

Абзал Қарасартовқа қатысты тағы бір айтылмай жүрген жайт, Павлодар облыстық «Қызыл ту» газеті алғаш ашылғанда, оның тұңғыш редакторы болған Бейсенбай Кенжебаев. Ол кезде халықтың сауатсыздау кезі, дайын тұрған журналист жоқ. Бейсекең сосын сауаты бар, жазу-сызуға ыңғайлы адамдарды ел ішінен жинаса керек. Солардың бірі – өзі сауатты, өлең жазатын Абзал Қарасартов «Қызыл тудың» тұңғыш журналистерінің бірі болған екен.

Ал, Шәкәрім атылғанда Абзалдың Қарқаралы ГПУ-ының бастығы болғаны рас. Бірақ қажының өліміне қатысы болмағаны анық. Абзалдың Шәкәрім өліміне қатысы жоқтығын кезінде сол өңірдің тарихына жетік жазушы Төкен Ибрагимов өзінің «Қажыны атқан Қарасартов емес» деген мақаласында жазғанын білеміз. Абай елінің бүгінгі көзі тірі абызы Бекен Исабаев та өзінің «Ұлылар мекені» кітабында осыны растайды.

« ...Кеңес өкіметіне қарсы Шыңғыстауда 1931 жылы 3 қыркүйек күні көтеріліс болғаны, көтерілістен соң тұп-тура бір ай өткенде, 3 қазан күні Шәкәрімінің ГПУ қолынан атылғаны да анық. Бұл аш халықтың көтерілуін күні кешеге дейін «Шәкәрім көтерілісі» деп келді. Шәкірім қажы терең ой, кемел ақылдың адамы. Кеңес өкіметінің шыңғыстаулықтардың бесті-онды сойылы, бірер мылтығынан құламайтынын білмеді деуге болар ма? Көтерілістің басталуы мен Шәкәрім қажының қаралануына Бердеш бастаған Әзімбай балалары кінәлі болды (Бердеш-Фердоуси – Тәкежаннің Әзімбайының баласы – С.Б).

... Разақ, Қабдеш, Бердеш үшеуінің 1954 жылы Мұқаңа (Мұхтарға – С.Б) сәлем бере барғандағы Мұқаң сөзін Әмен Әзиев сәл жасытып жазған. Мұқаң Бердешке: «Ойпыр-ай, Бердеш-ай, сен де жер басып жүр ме едің?!» – деген ғой. Мұқаңа бұл сыйымды, бұл Мұқаң ғана айтатын сөз. Сыйымды болатыны, Бердеш Шәкәрім атын жамылып, Шыңғыстау халқын көтеріліске шақырды, халық қырғын тапты, Шәкәрімдей адамды адастырды. Оны білмейтін, ол істі жеңіл бағалайтын Мұқаң ба?! – деп жазады Б.Исабаев.

Енді, зерделеп қарасақ, Қарасартовтың кінәсі – сол кезде Қарқаралы ГПУ-ының бастығы болғаны. Бүгінгілер: «Егер Қарасартов кінәсіз болса, ол сол кезде-ақ Шәкірім өліміне менің қатысым жоқ деп жар салуы керек еді»–дейді. Иә, біздер, бүгінгі ұрпақ солай деп ойлаймыз. Бірақ ол кезде олай істеу мүмкін бе еді? Заман басқа, заң басқа болатын. Абзал да ет пен сүйектен жаралған адам. Айта алмаған. Ал, қуғын-сүргін мен түрменің азабын бастан кешпеген бүгінгі ұрпақ соның бәрін оп-оңай деп ойлайды.

Айталық, Мәскеудің Бутырка түрмесінде жатып, көрген азапқа шыдай алмай, талай жақсыға (оның ішінде Жүсіпбек Аймауытов та бар) жазықсыз жала жапқан аты белгілі бір адамға қалай өкпелейміз? (Жапон елінің шпионымыз деп қол қойып берген бұл кісі де, онымен бірге болғандар да атылып кеткен. Белгілі себептермен оның атын атамадық, сол заманның тарихынан хабары бар адамдар өздері де білуге тиісті). Бұл үшін ол байқұсты кінәлауға бола ма? Ол да ет пен сүйектен жаралған адам баласы, түрме жендеттерінің көрсеткен азабына шыдамады, сынып кетті. Қалай кіналайсың?! (Бұл оқиға жөнінде бүгінде марқұм болған жазушы Жайық Бектұров Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтың сөзіне сүйеніп жазады).

Ал, өз басынан бұндайды кешпеген бүгінгі ұрпақ барлығын бассалып қаралауға бейім тұрады. Айталық, кезінде Сәкеннің, Бейімбеттің, басқалардың отбасын ойрандап, кітап-қағаздарын өртеп, бала-шағасын далаға қуып шығып, үйлеріне кіріп алған адамдар кейін қазақ әдебиетінің ірі өкілдері атанып, кеңес дәуірінің бар рахатын көрді. Оны сол кездегі зиялы қауымның бәрі білген. Білсе де «сен неге олай істедің?» деп айта алмады. Себебі жоғарыда қарап тұрған «қырағы көз» бар еді, кеңестік идеология бар еді. Осы қаламгерлерден бүгін қалай бас тартамыз? Тарта алмаймыз. Бәріне заман кінәлі дейміз де құтыламыз. Иә, шынында да солай. Қарап отырсақ, Сәкен де, Бейімбет те, Жүсіпбек те, Шәкәрім де, Абзал да өз заманының құрбандары. Шындығы солай.

Енді жоғарыдағы Абзалды Жүсіпбек оқытыпты деген әңгімеге қайта оралсақ. Көргендер айтады, тоқсаныншы жылдардың басында Жүсіпбек Аймауытовтың баласы Бектұр Кемеровадан елге оралып, Қызылтауға барғанда, алдымен Абзалды сұрапты. «Әбзәли біздің үйге жиі келуші еді, ана бір жақтан атпен келетін» – деп, тау жақты нұсқады дейді көргендер.

Баянауыл елінің адамдары Бектұр Жүсіпбекұлының аузынан естіген мына бір әңгімені айтады. Абзал Ташкентте оқып жүрген уақытта, демалыс күндері өзбек-қазақ екі жақ болып бөлініп, ақша тігіп, балуан күрестіреді екен. Әлде ақшадан тарыққасын ба, әлде шынымен күреске құмар болды ма, Абзал апта сайын күреске түсіп, тиын-тебен тауып жүріпті. Кішкентай Бектұр жанында бірге еріп барып, Абзалдың киіміне ие болып тұрады екен. Бірде, бір өзбектің атақты балуаны шығып, бәйгеге 100 сом тігіледі. Бұл ол уақытта көп ақша болса керек. Кім шығады дегенде, қазақтар жағы бөгеліңкіреп қалып, бір мезгілде ортаға балағын түріп Абзал шығады. Өзбектер бұған: «Күресем десең, ең әуелі 100 сомыңды ортаға таста»–дейді. Бұндай ақшасы жоқ Абзал не істерге білмей тұрғанда, топ ішінен біреу: «Күресе бер, жеңілсең, ақшаңды мен төлеймін»–депті. Бұл кім деп қараса, топ ішінде тұрған Жүсіпбек ағасын көреді. Сөйтсе, Жүсіпбек бұның жасырын күреске түсіп жүргенін біреулерден естіп, әдейі келген екен. Сөйтіп, ағасы әлгіндей дегесін, Абзалға күш біткендей, ортаға шығып, өзбек балуанын алып ұрған екен.

Бектұр Кемеровадан оралғанда: «Абзал сабақтан қолы бос уақытында шаштараздықты кәсіп етіп, жұрттың сақал-шашын алып, тиын-тебен тауып, ол табысын өз аузына салмай, Жанақ екеумізге тәтті алып беретін» – деп есіне алғанын айтады көргендер.

Жүсіпбек шығармаларының біразын ауызша айтып, «сенің жазуың жақсы» деп, Абзалға жаздыртады екен. Бір өкініштісі, Жүсіпбек Аймауытовқа қатысты не бір әңгімелереді білетін Қарасартов жазушы ағасы ақталмай тұрып, қайтыс болып кетті. Егер тоқсаныншы жылдардан былай қарай тым болмаса біраз жыл жасағанда, ол кісі Жүсіпбектің өмірі мен шығармашылығына қатысты талай дүниелерді айтары анық еді.

Бір ескерте кететін жайт, зобалаңды жылдардың қасіретінен Қарасартовтар әулеті де аман қалмаған. Абзал өзі көрсетінді болып, Қарағанды түрмесінде біраз уақыт жатып шығады. Ал, туған ағасының баласы Мәзәли сотталып, 5 жыл Воркутаның дәмін татып келген.

Міне, Абзал Қарасартов жайлы аз ғана әңгіме осындай.

Сайлау Байбосын

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...