Интернеттен көрнекі суретПОСТМОДЕРНИЗМ ЖӨНІНДЕ БІРЕР СӨЗҚазіргі жаһандану заманында барлық ықпалдард...
Аристотель және перипатетиктер ІІ
Метафизиканың анықтамасы
Аристотель ғылымдарды үш үлкен бөлімге бөлді: 1) теоретикалық ғылымдар, яғни өзі үшін білім іздеу; 2) практикалық ғылымдар, бұлар моральдық жетілу үшін алынатын білімдер; 3) нəтижеге негізделген ғылымдар, оның мақсаты – белгілі бір объектілердің өндірісі. Құндылығы жəне бағалануы бойынша метафизикадан, физикадан (соның ішінде психологиядан) жəне математикадан шығатын теоретикалық ғылымдар басқалардан жоғары тұрады.
Метафизика дегеніміз не? «Метафизика» (физикадан кейінгі ғылым) терминінің авторы Аристотель еместігі анық. Бұл терминді не перипатетиктер, не болмаса б.з.д. І ғасырда Аристотель шығармаларын жариялаған Андроник Родосский айналымға енгізген. Аристотельдің өзі «бірінші философия» немесе «теология» ұғымдарын қолданған. «Бірінші философия – бұл физикалық əлемнің арғы жағындағы шынайылық». Бұл ұғымның аристотельдік түсіндірмесі адам ойының метаэмпирикалық шындыққа қол жеткізу үшін эмпирикалық əлемнен асып ойлауға деген талпынысы.
Аристотель метафизикаға төрт түрлі түсініктеме береді: а) бастапқы себепті немесе жоғарғы бастаманы табу; б) «болмысты, болмыс болғаны үшін» тану; в) субстанция туралы білім; г) Құдай туралы жəне сезімнен тыс əлем туралы білім. Аристотель қарқынды желілерге мəн береді, бұл желілер бойынша Фалестен Платонға дейінгі спекулятивтік ой дамып отырды, дами отырып барлығын асқан шеберлікпен мықты синтезге біріктіреді. Алайда, бұл төрт анықтама алдыңғы дəстүрмен ғана емес, сонымен бірге өзара да үйлесімділікте. Шынында да, кімде кім қажеттіліктің себептері мен алғашқы ұстанымдарын іздесе қалайда Құдайды кездестіруі қажет, өйткені Құдайдың артықшылығы оның барлық нəрсенің басы болуында. Болмыс не деген сұраққа жауап іздесек, сезіммен қабылданатын болмыс немесе сезімнен жоғары, құдіретті деген түсініктер бар ма деген сұраққа тап келеміз. «Субстанция дегеніміз не?» – деген сұрақ келесідей мəселені қамтиды: «Субстанцияның қандай типтері бар», яғни бұл анықтамалардың қарама-қарсы сипаты анық.
Келесі сұрақ: метафизика не үшін керек? Метафизика – Аристотель бойынша ғылымдардың ең жоғарғысы. Ол материалдық қажеттілікпен байланысты болмағаны үшін де, эмпирикалық жəне тəжірибелік мақсаттарды көздемейді. Басқа ғылымдар осы мақсаттарға бағынышты, себебі олардың ешқайсысы нəтижелер көрсетіп отырғандай құнды жəне маңызды емес. Метафизика өзіндік негіздемеге ие, сол үшін де бұл ғылым дербес, өйткені өзіндік құны бар. Материалдық қажеттіліктермен байланысы жоқ метафизика, физикалық қажеттіліктер қанағаттанғаннан кейін пайда болатын рухани қажеттіліктерге жауап береді. Бұл білімге деген, шынайылыққа деген таза құштарлық, ол жалғаннан сақтайды. Бұл «неге» деген сұраққа жауап беретін радикалдық қажеттілік жəне соңғы «не үшін» деген сауалға да жауап беруге деген қажеттілік.
Сондықтан да, – дейді Аристотель, – «басқа ғылымдардың барлығы адамдарға қажетті, алайда олардың ешқайсысы метафизикадан асып қажет бола алмайды».
Төрт себеп
Метафизиканы формальды түрде анықтап алғаннан кейін оның мазмұнын бағалауға өте аламыз. Сонымен, метафизика – бұл бастапқы себепті іздеу. Олар қандай жəне нешеу? Аристотельдің ойынша, олар жаратылыс əлеміне жатқандықтан, төртке бөлінеді: 1) формальды себеп, 2) материалдық себеп, 3) ағымдағы себеп, 4) соңғы себеп.
Алғашқы екі себеп барлық затты құрайтын форма (мəн) жəне материядан бөлек ешнəрсе емес. Аристотель бойынша себеп – бұл шарт жəне негіз. Материя жəне форма, егер оны статикалық тұрғыда қарастыратын болсақ шындықты түсіндіруге жеткілікті жағдай болып табылады. Осы тұрғыда адам өзінің материясы (еті мен сүйегі) жəне формасы (жаны) болып табылады. Егер оны қалыптасу тұрғысынан қарастыратын болсақ, біз: «Ол қалай туылды?», «Кім оны туды?», «Неге ол дамып, өсіп жатыр?» деген сұрақтар қоямыз. Демек, тағы екі себеп қажет – қозғалтқыш (яғни адамға өмір берген ата-ана) жəне соңғы (яғни, адамды дамытатын, алға жетелейтін мақсат).
Болмыс жəне оның мəні
Метафизиканың екінші анықтамасын Аристотель, жоғарыда байқағанымыздай, болмысты онтологиялық тұрғыда түсіндірді. Бұл тұста метафизика жеке ғылымдардың бірімен де сəйкес келмейді. Себебі жеке ғылымдардың бір де бірі болмысты жан-жақты білмейді, алайда, оның бір бөлігін ала отырып, сол бөліктің сипаттамасын толықтай зерттейді. Метафизика болмыстың болмыс ретіндегі алғашқы себебін «неге» деген сауал арқылы табуға тырысады, бұл оның жанжақтылығының шынайылығына негіз болады.
Болмыс деген не сонда? Парменид пен элеаттықтар болмысты бірмағыналылық пен біртектілік сипаттар арқылы қарастырды. Платон «ғайып» түсінігін керемет ұғым ретінде енгізді, бұл асқан зияткерліктің көптігін растауға мүмкіндік берді. Алайда болмыстың аясына сезімдік əлемді енгізуге Платонның батылы жетпеді, ол мұны болмыс пен ғайыптың ортасындағы аралық (metaxy) деп атады. Аристотель элеаттардың онтологиясын қайта құрастырады жəне жеңіп шығады. Болмыс бір емес, бірнеше мағынаға ие болады. Ешнəрсе болып табылмайтынның барлығы сезімдік жəне ақыл жететін əлем ретінде болмыстың аясына кіреді. Алайда болмыс мағыналарының көптігі мен сан қилылығы таза омонимияға, бірдей аталымға алып бармайды, өйткені олардың əрқайсысы жалпы тізбекке ие, яғни құрылымдық жағынан субстанциямен сəйкестендірілген. Себебі, болмыс не субстанция, не аффект, не болса да субстанцияға қатысы барбір нəрсе.
Бұған қоса Аристотель болмыстың барлық мағыналарын жинақтап, оларды төрт позиция бойынша топтастыратын əлдебір сызбаны іздейді: 1) болмыс категория ретінде (немесе өзіндік болмыс). 2) болмыс акт жəне əлеует ретінде, 3) болмыс акциденция ретінде, 4) болмыс шындық ретінде (ғайып жалған ретінде).
1) Категориялар болмыс мағыналарының басты тобын құрастырады, немесе, Аристотель айтқандай болмыстың жоғарғы түрлерін құрайды. Бұлардың саны он: 1) Субстанция, немесе мəн. 2) Сапа. 3) Мөлшер. 4) Қатынас. 5) Əрекет. 6) Азап. 7) Мекен. 8) Уақыт. 9) Ие болу. 10) Дамылдау.
Соңғы екеуін жақшаға аламыз, өйткені Аристотель оларды сирек қолданады (мүмкін бұлар пифагорлық декада үшін енгізілген болар). Бұлардың ішінде автономды түрде өмір сүретіні алғашқысы ғана, қалғандары, біріншіге негізделеді.
2) Болмыс мағыналарының екінші тобы – потенция мен акт – өте маңызды. Олар шынында да түпкі болып табылады, өйткені оларды басқалардың көмегімен анықтауға болмайды, тек қана олардың арасындағы өзара байланыс арқылы анықтау мүмкін. Мысалы үшін, соқыр мен көзін жұмып алған көретін адамның арасында үлкен айырмашылық бар. Біріншісі, шынында да көру қабілетінен айырылған, екіншісі əлеуетін жұмсаса көре алады. Дəн, көшеттің өскіні – бұл потенцияның өнімі. Бұл бөліндінің аристотельдік жүйеде қандай маңызды рөл алатынына кейінірек куə боламыз, оның көмегімен түрлі деңгейлердегі кез келген апорийлар шешімін табады.
3) Акциденциялар болмысы – бұл кездейсоқ жəне ойда жоқ болмыс, яғни басқа болмыспен аса байланыста болмаған болмыс типі (таза кездейсоқтық, мысал үшін, мен отырмын, немесе мен бозарып тұрмын деген секілді). Болмыстың бұл типі «əрқашан жəне артықшылығы бойынша емес» дегенге келеді, бірақ кейде жағдайға байланысты.
4) Болмыс шындық ретінде – бұл тікелей адамның ақыл-ойына жататын болмыс типі, ол заттарды үйлесімді немесе үйлеспейтін шындық ретінде қарастырады. Егер таным шындықпен байланысуға келмейтінді байланыстырып, жалпылауға келмейтінді бөлсе ғайыптық жалған болып табылады. Болмыстың соңғы бұл типін логика зерттейді.
Болмыстың үшінші типі бойынша ғылым жоқ, өйткені оның пəні кездейсоқ емес, қажетті болып табылатын заттар. Мағыналардың алғашқы екі тобы метафизиканың пəнін, оның ішінде субстанция мəселесін құрайды: метафизиканың мəңгілік сұрағы: Болмыс дегеніміз не? Субстанция қандай болады?
Дж. Реале және Д. Антисери
"Батыс философиясы: бастауынан бүгінге дейін"
Қазақ тіліне аударған: филос. ғ. д. Т. Х. Ғабитов
Оқи отырыңыздар: Аристотель және перипатетиктер