(Көне мәдениеттегі дүниетаным және бейнелі ойлаудың парадигмасы)Шаманизм — адамдардың палеолит...
Думан Рамазан. Шындық айтылуы керек деп ойлаймын!
– Абай атамыздың өмірінің соңғы күндері туралы «Құса» атты әңгіме жаздыңыз. Әуезовтен асырып бірдеңе айта алдым деп ойлайсыз ба?
– Құдай сақтасын! Десе де Ұлы Әуезовтен кейін Абай тақырыбына ешкім қалам тартпасын деген заң жоқ қой. Абай бәрімізге ортақ ұлы тұлға. Қай қырынан алып жазамын десеңіз де, мархабат! Менің Әуезовтен артық бір ғана нәрсем бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатырмын. Әуезов менімен замандас болып, дәл қазір өмір сүрсе, "Абай жолын" мүлде басқаша жазарма еді деп ойлаймын. Жан-жағынан көзделген оқтаулы мылтықтың зәре-құтыңды қашырар сұсын сезіне отырып та, ұлы шығарма жазды. Әуезовтың ұлылығы да сонда.Ал мен "Құса" арқылы ұлы Абайдың ұлы қайғы-қасіретін бергім келді. Абайдың ұлы қайғысы – елі мен жерінің талап-тонауға түсіп, халқының еркінен айырылып, бодандықта езіліп-жаншылып, ұлт ретінде жойылып бара жатқандығы еді... Бұны ойламаса, жүрегі ауырмаса, жаны қиналмаса, Абай бола ма?! Әрине, сүйікті ұлдарының бірінен кейін бірі дүние салуы да кемеңгердің жүрегіне аз салмақ салған жоқ. Десе де ұлы Абайды есеңгіретіп кеткен ұлтының бұлдыр болашағы еді деп ойлаймын. Міне, осыны өзімше ашып көрсеткім келді.
– Сөзіңіз аузыңызда, журналист Дархан Әбдік бір сұхбатында: «Абай қазақты емес, орысты сынауы керек еді» депті. Бұған қалай қарайсыз?
– Дархан мықты азамат. Ойлы, арлы, өз ойын ашық айтатын, өзім сыйлайтын аз журналистің бірі. Меніңше, Абай атамыз қазақты сынаған жоқ. Тек қазақ ойлансын, сөзімнен тәлім алсын, керегіне жаратсын деп, ащы шындықтарды айтты... Және қалай айтты? Жанға батырып, жүрегімізге өткізіп, санамызға жеткізіп айтты. Бірақ, біз соны әлі ұқпай келеміз... Дананың сөзінен тәлім алмай, керегімізге жарата алмай жатырмыз. «Баяғы жартас, сол жартас» деп кемеңгердің өзі айтқандай, сол баяғы қазақ сол қазақ. Әлі өзгерген көп ештеңе жоқ. Қазір қазақтың кемшілігін айтсақ, басың пәлеге қалып, ақыр аяғында өзің жаманатты болып қаласың. Абайды түсінбеген қазақ, сіз бен бізді түсінеді дейсіз бе?!
Ұлы ақынның халқына қатысты ащы шындықтарды айтуға толық хақысы бар еді. Абай қазақты ащы шындықтарды айта отырып оятқысы келді. Бірақ оны ешкім де түсінген жоқ. Әлі күнге дейін түсінбей келеді. Сөзін де құлағына іліп жатқан қазақтарды көрмедім. Бұл да шындық. Ал шындық қай кезде де, қашан болмасын (бұған уақыттың еш қатысы жоқ) айтылуы керек деп ойлаймын!