Кеңес заманында бай, би, болыстарды жағымсыз кейіпкер ретінде келтіріп, тек тап тұрғысынан ғана баға...
Өсекші шал мен сот арасындағы әңгіме (ғибратты әңгіме)
Бір шал өз көршісі туралы «Ұрлықшы!» деген өсек сөз таратыпты. Сөйтіп көршісін полиция ұстап әкетеді. Бірнеше күннен кейін көршісінің ұры емес екендігі дәлелденіп, босап шығыпты. Сосын көршісі әлгі шалды сотқа беріпті. Сотқа барған кезде әлгі шал: «Бұл тек дақпырт сөз ғана емес пе, ешкімге зияны тиген жоқ қой» деп ақталыпты. Сот оның көршісі туралы айтқан өсек сөздерін түгелдей бір бет қағазға жаздырып алып былай депті: «Қазір үйіңе қайт. Жолда мына жазылған қағазды күлдей ұсақтап жыртып, желге ұшырып жібер. Ертең келіп сот шешімін естисің» депті.
Ертеңінде сот шалға: «Қазір шық та кешегі ұсақтап жыртып лақтырып жіберген қағаздардың қиқымын бірін де қалдырмай жинап алып кел, сосын соттың шешімін еститін боласың» депті. Шал: «Оларды түгелдей қалай тауып жинамақпын, желге ұшып кетіп қалды емес пе?» депті. Сонда сот шалға: «Сол желге ұшып кеткен қағаз қиқымдары қайта қолға түспейтіндей болса, адал адамдар туралы айтылған өсек сөз де олардың абырой-беделіне қайта жөндеуге келмейтіндей нұқсан келтіреді. Егер бір адам туралы жақсы сөз айта алмайтын болсаң ештеме де айтпағаның дұрыс» деп тиісті жазасын берген екен.
Иә, біз айтқан сөздеріміздің құлы емес, иесі болуға талпынайық.