«Мен 1945 жылдың күзінде жергілікті қарт кісілердің көмегімен көне Сайрамдағы жер асты жолының...
Қаңтар айында қайтыс болған, Абайдың ұлық тұтқан ұстазы деп аталып жүрген Дулат Бабатайұлы туралы не білеміз?
Фото: Дулат Бабатайұлының бейнесі / жасанды интелект
Дулат Бабатайұлы - қазақ халқының бастан кешкен қилы тағдырын жырлаған, зар заман ақыны атанған алып тұлға. Адалдық пен адамдық қасиеттерді ту еткен ақын шығармаларының өзіне тән бояуы бар. Бұл жазбамызда Абайдай ұлы тұлғаға ұстаз болған Дулат Бабатайұлы туралы құнды мәліметтер айтамыз.
Абайдың ұлық тұтқан ұстазы Дулат Бабатайұлы 1802 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданының Сандықтас қонысында дүниеге келген. 1874 жылы өзі дүниеге келген өңірде өмірден өтті. Мұсылманша сауат ашқан, өз кезеңіндегі көзі ашық, алдыңғы қатарлы білімді адамдардың бірі болған. Дулат Бабатайұлы жыршы ғана емес, заманын терең толғаған, әсем тілмен өрнектеген ақын. Өлеңдері ел ішінде ауыздан-ауызға және қолжазба түрінде тараған. Ақынның шығармалары дидактикалық негізде жазылған.
Дулат Бабатайұлының шығармаларына арналған кітап сөресі. Көрнекі сурет: kstounb.kz
Ақынның алғаш аты 1939 жылы құрастырылған С. Мұқанов, Қ. Бекхожин хрестоматиясында кездеседі. 1940-1941 жылдары шыққан мектеп оқулықтарында Қ. Жұмалиев шығармаларын талдап жазды. 1961 жылы шыққан "Қазақ әдебиеті тарихының" I томында ақын жайында толық айтылды. "XVIII -XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары" (1962), "Үш ғасыр жырлайды" (1965), "Дастандар" (1960), "Бес ғасыр жырлайды" (1989) жинақтарына Дулат Бабатайұлының өлеңдері енгізілген.
Ақын шығармаларының зерттеушілердің қатарында Х. Сүйінішәлиев, Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев, М. Мағауиннің еңбегі бар.
Ғалым Р. Сыздықова: "Дулат ─ қазақтың ұлы ақыны, ұлылықтың бастауы. Сонысымен құнды", - деген.
"XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінде Дулаттың өзіндік үлкен орны бар. Өйткені ол өзінің толғау - жырларында көптеген келелі мәселелерді көтеріп, өз заманының шындығы бірқыдыру бере білді. Жеке кісілерге арналған өлеңдерінде (Кеңесбайға, Бараққа, ел аралаған ишанға т,б) сол кездегі тірліктің ұсқынсыз жақтарын өлтіре шенеп, кейде өткір сатира дәрежесіне дейін көтеріле алды. Дегенмен, түптеп келгенде Дулат жырау ескішіл ақын, феодалдық қоғамның жаршысы. Дулат толғаудың асқан шебері болғандықтан өлендердің барлығы дерлік еркін ұйқасты жеті-сегіз буыннан тұратын жыр үлгісінде болып келді. Ақының кіргізген бір жаңалығы кейбір толғауларының шумақтарында өзара қайталап отыратын заңдылық бар".
Ақынның өлең-жырларының негізгі сарыны XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы отаршылдық әрекеттерге рухани қарсылық көрсетумен байланысты шығарылған. Дулат Бабатайұлының "Тегімді менің сұрасаң", "О, Сарыарқа, Сарыарқа", "Асқар таудың сәні жоқ" сынды өлеңдері мен "Сүлейменге", "Бараққа", "Кеңесбайға" сынды жеке кісілерге айтқан арнау өлеңдері арқылы қазақ жерінің отарлануына, ел билеушілердің отаршыл саясатына қарсы екенін білдірген.
Дулат Бабатайұлының өлеңдері. Көрнекі сурет: kstounb.kz
Дулат Бабатайұлының өлеңдерінен үзінді
Асқар таудың сәні жоқ Асқар таудың сәні жоқ, Төрт түліктің қонысы, Басылмайтын сонысы, Көк майса белі болмаса; Өзен, судың сәні жоқ, Өрлеп құнай қонатын, Жағасы малға толатын, Аймақты елі болмаса, Қопалы жердің сәні жоқ, Тұңғиық мөлдір үйірім, Көз болжамас қиырын, Айдын көлі болмаса. Ақ ауылдың сәні жоқ, Топталып жылқы үйездеп, Ноқталы құлын күйездеп, Тартқан желі болмаса, Шешендіктің сәні жоқ, Сөзіне сүттей ел ұйып, Қолтығына ел сыйып, Басына бақыт қонбаса. Қайырсыз байдан пайда жоқ. Нашарға жәрдем бермесе. Кем - кетікті көрмесе, Көн болып қатса сіреуі, Екіге сатса біреуі, Несиенің өсімі, Мөлшерлі жоқ кесімі, Үзбей құйса, толмаса. Сұлулықтың сәні жоқ, Көрсе қызар күлкі ғой, Шаруа істемей, сылап бой, Жол саудаға жолдаса, Би мен бектің сәні жоқ, Елін қорғай алмаса, Тура жолға салмаса. Ыстығына күймесе, Суығына тоңбаса; Батырлықтың сәні жоқ, Түн ұйқысын төрт бөліп, Елерген тұлпар ерттеліп, Толғаулы найза қолға алып, Тұйғын құстай толғанып, Сары садақ асынып, Егескен жауды қашырып, Ұлын қорып жауынан, Ереулеген егер дауынан, Тұтамдақ оқ жонбаса; Бәрін айт та, бірін айт, Ұғынар мұны ел қайда, Елді бастар ер қайда? Аға сұлтан, абыздар, Еліңді қамап, көрге айда, Барса келмес жерге айда. Күш кеткен соң қолыңнан, Зарлаудан, сарнау не пайда? *** Тегімді менің сұрасаң Тегімді менің сұрасаң, Қалың Найман нуынан. Жырымды менің сұрасаң, Сары алтынның буынан. Сырымды менің сұрасаң, Тыманың тынық суынан. Кеудеме қайғы толған соң, Тұнық жырмен жуынам. Сорғалаған нөсердей Жырын тыңда, Дулаттың. Тасқын судай ағызып, Шәрбәт балдай тамызып, Торқалы топыр тойында, Топ бас қосқан ойында, Қасқа - жәйсаң алдында Топ жиынды дулаттым. Айдасаң алыс жерімді, Алсаң ащы терімді, Өзіне - өзі сенімді, Тоят төс, салпы ерінді, Топтан торай бермейтін Тұлпар аттай қунақпын. Қайырсыз сараң малыңды, Еріншек есер жарыңды, Халыққа емес сыйымды - Парақор баспақ биіңді, Ел бүлдіргіш бегіңді Әперіп сөзбен кегіңді- Улы тілмен улаттым. Сана құйып ойыңа , Қуат беріп бойыңа, Аққан жасы сел болған, Етегі толып көл болған, Беріш боп шері байланған, Ұйқы беріп қайғы алған, Қайғылыны уаттым. Жырымды менің тыңдаған Сөз ұғатын соңғы адам, Тыңдаудан әсте тынбаған, Кауһардай дүрі бұлдаған, Сарқырап аққан жылғадан Жыр арнасы суатпын. Шашудай болып шашылар Меруерттей асыл сөз деген, Жаршылардың шәйірі Асыл сөзді езбеген. Нысананы дәл басып, Қалаған жерден көздеген. Қамқа бірдей бола ма Қаламы мата бөзбенен? Қосылып алтын қорылмас Мырышпенен, мыс, жезбенен. Меруерттей сөзбен шашайын Бойыма біткен асылын Ақындық әсер қуаттың. Сусағанды сулатып, Шаршағанды қунатып, Күзегенді туратып, Жырыммен елді жетелеп, Мүйісжерден төтелеп, Ағылайын ақпадай! Азған елдің адамы Апшыған сұмдар қадамы, Жүйрікпін деп шабаны, Момынға жапса жаланы, Қулық - сұмдық табады; Арқасы елдің жауыр боп, Жеңіл жүгі ауыр боп, Төрт таяқтап ақсады... Аға сұлтан, қазының Ел сілкінді ісінен. Ауылдың атқа мінері Жемтікке қонған күшіген. Өзі тойса мәз болды, Ел іргесін сақтамай. Ер деп елді бұзғышты, Сұқсыр деп сұмырай қызғышты, Кез құйрықты лашын деп, Кенеусізді ісім деп, Құладынды сұңқар деп, Жабыны шабан тұлпар деп, Құтқармайтын құмай деп, Төбетке қарғы таққаны. Майырдың алса бұйрығын, Борбайға қысып құйрығын, Ел пысығы жортады. Өзі елді қорқытып, Онан өзі қорқады. Алдыңа түсіп томпаңдар Жарлылардың торпағы, Бір торпақтан он болып Пысықтардың ортағы. Қара шығын алымы Бай, кедейге бірдей боп, Шаңыраққа салығы. Ел ұйытқысы шайқалып, Дәулет судай аққаны Сортаң жерге қақ тұрып Суы ішуге келмейтін, Сараң байға бақ тұрып Қолынан қайыр бермейтін, Қортиғандар бек болды Елді теріс сермейтін...