Египетте көптен күтілетін және сұлулық пен жылулыққа толы мерекелердің бірі - Жам Эль-Нессим (S...
Есікке - асыл бесікке
Ұйымдастырушылар тілшілер үшін арнайы жіберген автокөлікпен таң саз бере жолға шықтық. Ерте күздің салқыны бойды тоңазытады. Біз келе жатқан Еңбекшіқазақ ауданы – Алматы облысының оңтүстігінде орналасқан. Жетісу өлкесінің шұрайлы жеріне орын тепкен ауданның жалпы аумағы 9,7 мың шаршы шақырымды құрайды. Қазақстанда аудандар және оған бағынышты ұжымдық шаруашылықтар құрыла бастаған 1932 жылы Еңбекшіқазақ ауданы да пайда болған. Орталығы – Есік қаласы. Ауданның байырғы тұрғындары қазақтар. Бүгінде халқының жалпы саны үш жүз мыңға жуық ауданда отызға тарта түрлі ұлт диаспоралары шоғырланған. Сапарымыз аудан орталығынан шығысқа қарай Алматы-Құлжа тас жолының 25-ші шақырымында орналасқан Байтерек ауылына аялдаудан басталды. Еңбекшіқазақ ауданы жиырма төрт ауылдық округке бөлінеді. Бәйтерек – осы аттас ауылдық округтің орталығы. Патшалық билік ХХ ғасырдың басында қазақтарды байырғы қоныстарынан ығыстырып поселке салған. Оған Новоалексеевка деген ат берген. 2006 жылы Қазақстанның жаңа астанасында халық бірлігінің символикасы түрінде салынған монументтің құрметіне атауы Бәйтерек болып өзгертілген. Бізді қарсы алған ауыл әкімі Айбек Нұрланов менің көзіме таң атпай нәр татпастан шыққан бізді алдағы сапарға тойдырып жіберетін мейірбан апамдай болып көрінді. Осы арада біздің баспасөз-турымызды ұйымдастырушылар алдымыздан дастарқан жайып тұрса, неге дәм татпасқа?! Байтеректіктердің журналистерді күтуге бар ынтасымен дайындалғаны көрініп-ақ тұр.
Сапарымыз 8 қыркүйек – Халықаралық журналистер ынтымағы күніне тұспа-тұс келуі бізге ретті кездейсоқтық сияқты болып көрінді. Бұл күн алғаш рет 1958 жылы Бухарест қаласында журналистік ұйымдардың IV конгресінде атаулы дата ретінде белгіленген. 1943 жылы 8 қыркүйекте неміс басқыншылары түрмеде азаптап өлтірген чех журналисі, жазушы-антифашист Юлиус Фучикті еске алу үшін таңдалса керек. Жалпы «Қазақ журналистерінде ынтымақтастық бар ма?» деген сұрау қойылса, мен біздің осындай баспасөз турларымызды, әртүрлі басқосуларымызды мысалға алар едім. Белгілі журналист, блогер Бауыржан Кәріповтың бастамасымен осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған Қазақ Журналистері чатына кіруге бүгінде қаламдастардың көбі ынтық. Себебі онда сыйластық бар. Рухани үйлесім, керек десеңіз, бауырмалдық, ізеттілік бар.
Бәйтерек ауылынан шығып Есік музейіне келдік. Мұражайдың жаңа басшысы Тасқын Тойбаев бастаған музей қызметкерлері бізді ежелгі сақ дәуірінен қалған аспан асты ескерткіштерімен таныстырды. Тұтас алғанда Еңбекшіқазақ ауданының мәдени-ландшафтық бедері әралуан. Мұнда тарихи-мәдени мұра өте көп. Ерте тас кезеңінің тұрақтары, қола дәуірінің бейіттері мен қоныстары, ортағасырлық обалар, ескерткіштер, әр заманда тасқа салынған суреттер жетерлік. Соның бірегейі – әлемге әйгілі «Алтын адам». Биылғы ақпаннан музейге басшылық қызметке тағайындалған Тасқынның айтуынша, мұражай жаңа бағытта жұмыс атқаруды қолға алып отыр екен. Келесі жылы «Алтын адамның» табылғанына 50 жыл толады. Біз музей маңайында параметрі Алтын адам қорғанына сай келетін IV-V ғасырға тән жаңа қорғанды қазу жұмыстарына куә болып қана қоймай, қолымызға шот сияқты құрал ұстап, оба қазысып кеттік. Айта кететін жағдай, мұндағылар археологиялық қазба ісінде озық тәжірибе жинақтаған қытайлық музейлендіру әдістемесін пайдалануда екен. Оның мәні мынада. Жуырда Қытайда іссапармен болып келген музей басшысының айтуы бойынша, қазба жұмысымен айналысуда әлі күнге дейін кеңестік тәжірибені малданып келеді екенбіз. Ал басқа елдер ілгері кеткен. Мысалы, Тасқынның айтуынша, Қытайда оба қазуда музейлендіру әдісін қолданады. Олар да императорларын біз сияқты көмген ғой. Яғни, олар оба қазған кезде адам қайтадан кіретіндей етіп қазады. Қабірді ашып, жерлеу тәсілін көрсетіп қояды. Ал біз Алтын адамның қабірін көрсете алмай отырмыз. Себебі ол жерге автобаза салынып кеткен. Осы және басқа да жағдайларды ескере келіп, Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болған кезде «Мәдениет туралы» заңның археологиялық жобаларға қатысты тұсы жаңа түзетулермен Сенат қарауына ұсынылған болатын. Сол заң қабылданатын болса, онда қорған қазу ісінде сараптама жасау, археологиялық қазбалармен айналысу құзыреті, лицензиясы тек тиісті органдар мен музейлерге берілетін болады. Яғни бұрынғыдай кез келген жеке ұйымдар баса-көктеп айналыса бермейді. Бұл өте ыңғайлы. Біріншіден, табылған экспонаттар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейді, музейдің өзінде қалады. Екіншіден, жергілікті жер өз тарихын тереңірек зерттеуге мүмкіндік алады.
Біздің қоғамда қазір синофобия – Қытайға қарсылық өршіп тұр ғой. Мұның тарихи, саяси әлденеше себептері болуы мүмкін. Десе де, біздің жеке пікірімізше, Қытай жөнінде кейбір өткір пікірлерлердің орын алуы кейбір үкіметтік жобалардың дер кезінде жұртшылыққа жете түсіндірілмейтіндігінде, транспаренттіліктің аздығында, кей жағдайда мәселенің қоғамдық талқылауда түспейтіндігінде болса керек. Егер жоғарыдағыдай сын айтушылар, мәселен, ҚХР-дің Сиянь қаласына барып, ондағы атақты Теракот жауынгерлері кешенінің қалай аршылғанын және соңыра консервацияға қалай қойылғанын, сол арқылы жылына миллиондаған туристің келуін қамтамасыз еткенін көрсе, әлгіндей ұшқары ойларынан қайтар ма еді, қайтер еді...
Біз осында АҚШ-тың Калифорния штатынан келген Роберт есімді қарияны кездестірдік. 82 жастағы қарт бүгінде атағы әлемге жайылып отырған әншіміз Димаш Құдайбергеннің фанаты екен. Димаштың Алтын адам жанында түскен фотосуретін көріп, Интернеттен осы экспонат тұрған Есік музейін іздеп-тауып, мұхиттың арғы жағынан соны көруге әдейілеп келіпті. Жалпы соңғы жылдары еліміз бойынша, Есік музейін қосқанда, Димаштың талантын бағалаушылар есебінен келушілер саны едәуір көбейген. Бір ғана өнерпаздың арқасында мәдени туризмнің елімізде тыңнан тыныс алуы ой саларлық.
Бұдан кейін алдын-ала белгіленген бағдарлама бойынша атақты Есік көліне келдік. Бұрын көл аумағы қазіргісінен әлдеқайда үлкен болған екен. 1963 жылдың жазында орын алған селден кейін кішірейіп қалған. Сол шілденің 7-ші жұлдызы жексенбі екен. Соған байланысты көлдің басы демалушыларға толы болған. Дәл сол күні Мәскеуден келіп жатқан КСРО Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Косыгин жолдасты Дінмұхамед Қонаев бастаған жергілікті басшылар бірнеше машинамен көлге алып барып тамашалатады. Олар көл басына түсте келіп, арғы жағаға енді өткелі жатқанда тау басынан гүрілдеп жеткен қызыл тасқын ақтарылады. Үлкен толқындар туып, көл бетінде қайықпен серуендеп жүргендерді аударып әкете береді. Осылайша шалқып жатқан көл және оның маңайында құлпырып тұрған аймақ айналдырған бір-екі сағат ішінде ғайып болады. Ертеде қазақтар Ысықкөл деген, одан бертінде Жасылкөл атандырған осынау тектоникалық су қоймасы өзінің көркемдігі жағынан Кавказдағы Рица көлімен теңдес екен. Атақты орыс саяхатшысы Семенов-Тян-Шанский Іле Алатауының інжу-маржанына теңеген Жасылкөлді кезінде Шоқан Уәлиханов та келістіріп суреттеп кеткен. 1856 жылы полковник Хоментовскийдің экспедициясы құрамында Зауық асуы арқылы Ыстықкөлге беттеген ол төменге көз салғанында сонау зау тереңнен жап-жасыл кобальт түстес суымен көздің шарасындай тұнып жатқан Жасылкөлді көргенін жазады. Сол көл сел апатынан кейін бірте-бірте қалпына келіп, қазірде бастапқы көлемінің үштен екісіне жеткен. Мәселе онда емес. Мәселе көлдің бұрынғы демалыс аймағы ретіндегі маңызын қалпына келтіре алмай отырғанымызда. Біз осы сапар бұрынғы демалыс аймағынан қалған, адамдар демалып отыратын қалқаншалы ротонданы көрдік. Қандай ғажап көрініс! Мәдени мұра десе болады. Бұрын Алматы халқы шетелге барып демалатын жол жабық болғандықтан осында келіп демалыстарын өткізген. Ал қазір Мальдив, Сейшель аралдарына кекірелеп саяхаттау түкке тұрмайды. Демек, халықты бұл жерге қайта келтіру оңай шаруа емес. Дегенмен бір ұрымтал жол бар. Ол – осы демалыс аймағын бұрынғы қалпына жақындатып жаңғырту, сөйтіп мәдени және табиғи мұра ретінде жұрттың ықыласын аудару. Бүгінде шетелдіктер де осы тектес ескілік, мұралық сілемі бар жерлерге келуге құмар.
Осындай ойлармен оңтүстік-бағытқа қарай жиырма шақырым жердегі Түрген сарқырамасына жеттік. Жалпы Түрген шатқалында жеті сарқырама болса, соның Қайрақты, Жартасты, Аюлы деген үшеуіне ғана адам аяғы жете алады. Соның ішінде Жартасты сарқырамасы дайындығы бар туристер болмаса, басқаларға жалын сипата бермейтін көрінеді. Ал осылардың ішіндегі ең ірісі – Қайрақты. Ондағы су 55 метр биіктіктен құлайды. Оған тоғыз шақырымдай жер жүріп барып жетесің. Ең оңайы – бес шақырымдай жол жүруді қажет ететін Аюлы. Біз сол Аюлыға бардық. Оның «Махаббат сарқырамасы» деген екінші аты бар. Неге олай аталғанын білмедім. Сірә, көңіл жарастырған жастар осында келіп, өз сүйіспеншіліктерінің осы сарқырама сияқты таусылмай ағып жатуын ниет етіп, тілек тілейтін сияқты. Осы орайда ішіміздегі қиялы ұшқыр біреулер Аюлыға барар жол Ұлы Қытай қорғаны секілді қорғандалып жасалса ғой деген ұсыныс та тастады. Дұрыс қой. Меніңше, тағдыр жолдарын байлаған жұптар тұмса табиғаттың шырышы бұзылмай тұрған тұсына еңбек қылып, машақат шегіп жетіп жатса, оның өзі бір ғанибет емес пе!...
Бір күндік сапарымыз да мәресіне таяды. Жиырмаға жуық журналисті Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов, жергілікті ардагер журналист Мұрат Нақатаев, баспасөз хатшысы Динара Төлемісова, жастар саясаты басшысы депутаты Айбек Ілебаев және рухани жаңғыру бөлімінің бас маманы Динара Қоқанова табандарын тікенге тигізбей шығарып салды. Рухани жаңғыру мемлекеттік бағдарламасы аясындағы пресс-турды ұйымдастырып, қолдау жасаған Еңбекшіқазақ ауданы әкімі Ысқақ Бинәлі, Есік қаласының әкімі Бауыржан Бименов, Түргенов ауылдық округінің әкімі Бота Елеусізоваға бөлекше алғыс. Журналистің офисте қамалып қалмай, ел аралап, жазатынын көзімен көріп жазуының артықшылығына осы жолы тағы бір мәрте көз жеткізгендей болып қайттық. Бір ардагер журналист ағамыз айтпақшы, «Болатын журналист – ел аралайды, жалқау журналист – интернет жағалайды» деген сөзі әбден құптарлық.
Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ