Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова. Тұлпардың тұяғы

ТАНЫМ
11753

Халқымыздың екінші атына айналған Алаш сөзін ауызға алғанымызда алдымен Алаш арыстарының есімдері еріксіз тілге, әсіресе қазақтың еркіндікпен жер бетінде жасауына жандарын шейіт еткен арыстарымыздың қасіретті өмір жолдары ойға оралатыны сөзсіз. 1917 жылдың желтоқсан айының орта тұсында екінші жалпықазақтық құрылтайы өтіп, сол съезде Әлихан Бөкейханов бастаған қазақтың қаймақтары Алаш автономиясын жариялағаны, «Алашорда» партиясын құрғаны, кейіннен жиырма жылға жуық уақыт азаттық үшін күрескені белгілі. Міне, сол арда туған Алаш арыстарының көзін көріп, сөзін естіген, жадында жаңғырып отыратын көріністерді көркем тілмен бірнеше кітап етіп көпшілікке ұсынған, Қоғабай Сәрсекеевтің сөзімен айтқанда, Алаш арыстарының шырақшысы болған Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова еді.

Міржақыптың жұбайы Ғайнижамал, қызы Гүлнәр, ұлы Әлібек. 1929 жыл.

Өмірдерегін тектінің тұяғы өз жазбасында: «Мен Гүлнәр Міржақып пен Ғайнижамал Дулатовтардың тұңғыш перзентімін. 1915 жылы қарашаның төртінші жұлдызында дүниеге келіппін. Туған қалам Орынбор болғанымен, әкем туу туралы куәлігімді елден басқа біреулер арқылы алдырған екен. Төлқұжатымда «Қостанай облысы. Торғай. Қазіргі Жангелді» деп көрсетілген. Міржақыптан қалған жалғыз перзент болғандықтан өзімді әке өмірінің жалғасындай көріп, фамилиясын өшірмей, Гүлнәр Дулатова болып өмір сүріп келемін», – деп келтіреді.

Міржақып, Ғайнижамал, Гүлнәр Дулатовтар. Орынбор. 1923 жыл.

Ұлтының тілекшісі бола білген жан ақиқатында Дулатова болып ғұмыр кешті. Тектілігін танытты. Танытқаны сол – Алашорда өкіметімен дәуірлеген өзгеше тұлғалар туралы қаншама дүниелерді қағазға түсірді. Заңғар жазушымыз Мұхтар Мағауиннің: «Гүлнәр Дулатованың естелік байып тұрғысындағы үш кітабы – қазақ руханиятындағы өзгеше бір қазына дер едім. Асырып айтылған сөз емес. Ахаңның маңдайына бітпеген, Мағжанның жастай кеткен, Әлекеңнің көктей қиылған балалары қайтып келіп әңгіме айта алмайды. Гүлнәр апамның қолынан шыққан кітаптар – қаншама тарынса да, тамырымызды біржола құрта алмаған зұлмат заманнан өтіп, бізге жеткен күтпеген бір олжа», – дегені дер кезінде берілген баға дер едік.

«Қазақ» газетінің тілшілері: Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова және Гүлайым Балғынбаева. 1914 ж.

«Қазақ» газеті үшін де, күні кеше ғана өмірден өткен ордалы от, ошақты ой иесі Қоғаш ағамыз үшін де Гүлнәр апаның орны ерекше болатын. Сөзімізге дәлел, араға 88 жыл салып, «Қазаққа» қайта жан кіргізгенде (алаштанушы Қоғабай Сәрсекеевтің жанкештілігімен) Гүлнәр Дулатова алаш зиялыларын ардақ тұтқан қаламгерге қатты толқып тұрып «Үйге әкем кіріп келгендей әсер алғанымды қарашы!» дегенін қаламгер Қоғабай Сәтенұлы естелік жазбасында әдемі келтіреді.

Әбен Сатыбалдиев пен Гүлнәр Дулатова. 1963 жыл.

Расында көкірегі алтын көмбе кейіпкеріміздің шаттануының жөні алабөтен. Өйткені, өз заманында барша алаш ұлдарының ортақ үні болған «Қазақпен» қайта қауышты. Өзі айтқандай «әкесінің көзін көрген» басылым қайта жарық көріп, алаштанушылардың қаншама еңбектері оқырманға жол тартып жатты, әлі де тарта бермек.

«Қазақ» қайта жаңғырып, жаңа қоғамда жарық көргенмен, негізгі тақырыбын әсте өзгерткен жоқ. «Қазақтың» басты ұстанымы – Алаш арыстарын ардақтау. Асылдың сынығы болған абыз апамызды мақаламызға арқау етуіміздің бірден бір себебі осы.

Гүлнәр Дулатованың мамандығы дәрігер болғанымен табиғатында қаламгерлік қабілеті барлығын өзі жазып кеткен еңбектерінен ап-анық байқаймыз. Әсіресе, ол кісінің жасы тоқсаннан асқан шағының өзінде, тіпті көзі мен құлағы жақсы көрмей-естімесе де тиісті аппараттарды пайдаланып, жазуын тоқтатпағанын мемуарлық естеліктерінен оқып отырып таңқалып, тамсанамыз. Міржақып Дулатовпен бірге әкесі «халық жауы» болып жазаланған Нариман Қыпшақбайұлы Гүлнәр апаның есте сақтау қабілетінің мықтылығын, тектілік пен мәдениеттіліктің ерекше біткендігін, асқан еңбекқорлығын қадап тұрып айтатыны да сондықтан болар.

Осынау қасиеттерді ұштастыра білген Гүлнәр Дулатова талай-талай ұлы көшке жүк болатын тарихи оқиғалардың куәгері әрі тасқа таңбалаушысы болып мәңгілік қалды. Оның алдымен өз әкесі Міржақыптан бастап Алаштың көшбасшылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар секілді ұлтжандылардың болмысын аша түсіп, тарих үшін аса құнды деректерді қалдыруының өзі теңдесіз қазына.

Әкесінің болмысын Гүлнәр апа естелігінде былайша аша түседі: «Әкем барынша ақкөңіл, ашық-жарқын, жайдары мінезді, өте балажан, көңілшек те болатын. Сонымен қатар, бірбеткей, басынан ретсіз сөз асырмайтын қатаң мінезді, ашу қысқанда түсі бозарып, қабағы түйіліп, рай бермей қоятын. Бірақ, оғаш сөзге бармайтын, ашуы тез тарқайтын. Менмендігі жоқ, өзін өте қарапайым ұстайтын, көңілді отырып әңгімелесетін, кісілерді үнсіз тыңдай алатын. Талғаммен сәнді киінетін. Тазалықты қатты ұстанатын. Ал саяткерлігі өз алдына қызғылықты әңгіме дер едім».

Ал, әкесін «халық жауы» деп көз алдында ұстап әкеткенін естелігінде былайша өрбітеді: «Қыстыгүні дауылды жел соқса болғаны, есімнен кетпейтін бір қайғылы оқиға көз алдыма келе қалады. 1928 жылдың 29 желтоқсанында Қызылордада түні аласұрған адуынды желмен түндігін желпінтіп тұрды. Шырт ұйқыда жатқанбыз. Есік-терезелерді қақырата соғып, «ашыңдар» деген айқайдан шошып ояндық. Есікті түнеп жатқан қонағымыз Мұртаза Рафиков ашты. Үйге ОГПУ-дың қарулы кісілері сау етіп кіріп келді. Шам жағылып бәрімізді орнымыздан тұрғызды. «Киініңіз, Сізді тұтқынға аламыз», – деген қаһарлы дауысты естігенде он үштегі менің жүрегім езіліп кеткендей еді. Сұстиып, қалшиып тұрған папам бір мезетте некелі алтын балдағын қолынан суырып алып, мамамның саусағына кигізді. Басына төнген қауіпті елең қылмай аса сабырлы, байсалды қалпымен мұңайып жылап тұрған бізді жұбатып: «Жыламаңдар, тағдырдың тәлкегі адамды әлі талай қиын белестерден өткізеді, шыдап, берік болыңдар. Ал, Гүлнарам, оқуды үзбе, мамаңды ренжітпе, жақсы адам бол!» – деді де бәрімізді сүйіп, өзін айнала қоршаған алты адамның ортасында кете барды… Есік ашылғанда түнгі жел долданып, суырып тұр еді».

Кейіпкеріміздің бұдан кейінгі тәлейлі тағдыры жан жүрегіңді елжіретеді: «Жасыратыны жоқ, он үшке толғанымда «халық жауының» қызы атандым, жазықсыз басыма кінә тағып қудалау басталды. Таза көңіліме, адал пиғылыма, іс-әрекетіме сенімсіздік пен күдік туғызды. Басқан ізім мен сөйлеген сөзімді аңдып, бақылауға ілінгенімді сезіп, көңілім бей-жай болатын еді. Осындай қыр соңымнан қалмаған қырсықтар жаныма қатты бататын еді, еңсемді жаншып, опық жеген, булыға өксіген қапалы сәттерім жас жанымды жегідей жейтін. Есейгенде де еңсемді езгілемеді ме! Жұрт қатарлы сүйікті әкемнің атын атап, еске алып, ашық айту деген шаттық сезім менің пешенеме жазылмапты. Сайрап кететін қызыл тіл күрмеулі, алдым қазылған ордай боп жаным түршігетін. Көңілде сақталған қорғасындай зілді ойлар, қамыққан күндерім мазамды кетіретін. Кейбір кездерде өз-өзімнен шошып, сабама түсе алмайтынмын».

Гүлнәр Дулатова еңсесін езген ауыр ойдың қамауынан тек 1988 жылдың қарашасында ғана арылуға мүмкіндік алады. «Әкемнің ақталуын тіршілігімде көрсем» деген перзенттік шын ниетін Алла қабыл етіп, жүрегінде шер боп қатқан арманы орындалады. Мұның бәрін сыдыртпа бірер ауыз сөзбен айту тым жеңіл көрінер. Бірақ, мән-жайдың тамырына үңіле білген жанға жылдар бойы өз әкесінің есімін де ауызға алмай өтуден азап жоқ-ау, сірә. Сырттан енген, іштен шыққан жаулардың шын-шынайы кескін-келбетіне қарап, олардың имансыздық идеологиясын ұстанғанын көрсе де, тек жақсылықтан үміт үзбегенін байқайсыз.

Жас жанын жеген жайттар Гүлнәр апаны тек өмірді тани түсуге итермелесе, сабырлығы өмірлік тұмарына айналғандай. Ең бастысы осынау асыл қасиеттердің қайдан дарығанын өзінің жүрекжарды толғанысында былай келтіреді: «Бала бола тұрсам да, ағалардың қадірін әке-шешем арқылы білдім, «ініге ізет, үлкенге құрмет» көрсетулерін көрдім. Үй ішінде әңгімелесіп отырғандарында көңілім ұнайтын өнегелі жақсы сөздеріне құлақ салып, естен шығармай түйіп жүрдім. Егер тал бойыма біткен адамгершілік қасиеттерім бар болса, сол зиялылардың берген өнеге-тәрбиесі дер едім».

Гүлнәр Дулатованың еңбектерін оқып отырсаңыз, жеке өмірінің бастауы мен отбасылық ортасымен ғана емес, Алаштық ата буынның бүкіл ғұмырынан хабардар етеді. Алаш бұлағы бастауының қайдан шыққанын ұғасыз. Анасы Ғайнижамалдың аманат еткен Алаш қайраткерлерінің ішкі жан дүниесінің тереңдігін, олардың бір-бірімен шынайы қатынастарын, достықтарын табандылықпен бүгінгі ұрпаққа қалай жеткізе білгенінен салмақты ойлар түйесіз. Алаш арыстарын аталап, мойнына асылған Гүлнәр Міржақыпқызы расында да сол заманды бүгінгімен жалғастырған алтын көпір.

Бүгінгі ұрпаққа Алаш ортасының мақсатын түсіндіруде ешқандай көмегін аянып қалмады. Және Гүлнәр Дулатованың тұтас бір дәуір туралы жазған естеліктерінен пайымдайтынымыз – шындық пен шынайылықты баса келтіруінде. Алаш арыстарының бойында ұлт үшін атойлайтын шындықтың болғандығына жіті назар аудартқызады. Олардың болмыс-бітімін қаз-қалпында жеткізудегі жадының мықтылығы болса өз алдына бір әлем. Қатардағы кітаптардан Гүлнәр апамыздың жазған естелік дүниелерінің шоқтығының биіктігі де осында, таза өмір сүру керектігін үндеуінде шығар. Тарихқа, әсіресе ұлт тарихына қатысты жайттар дәлдікті, шындықты қажет ететіні белгілі. Осыны ескеріп ол Алаш көсемдерінің бет-бейнелерін барынша шынайы беруге тырысқан. Бұған мысал ретінде Әлихан Бөкейхановты суреттегенін алайық: «Әкем Міржақып ағасы Әлиханды өзі «Әлеке» дейтін де, менің тілім шыққаннан бері «Атеке» дегізген. Туған күннен есейгенімше бауыр басып, орталарында өстім, әкелеріміздің қарым-қатынасы өле-өлгенше бірде-бір үзілген емес. Атекемді мен бес жасымнан білемін. Атекем менің өзіме біртүрлі сүйкімді көрінетін, қатты еркелететін, бейнесі көз алдымда: ұзын бойлы, сом денелі, иықты келген, өңі қоңыр еді, ашық үлкен көздерімен жұртқа қадала қарайтын, көрмекке сұсты болғанмен, жаны нәзік, балажан, жалпыға жанашырлық көрсететін қолы ашық мырза кісі болатын, біреуге жақсылық етсем дейтін. Даусы жуан, гүрілдек, күлгенде қарқылдап мәз болатын. Үстіне киген киімдері жағдайға байланысты, қайда барғанда қалай киіну керек екенін берік ұстайтын зиялы емес пе?».

Асылдың сынығының Алаш серкелері туралы берген қыруар мәліметтері шын мәнінде ұлттың бекзатттық болмысын, елдің ірілігін, рухын көрсеткен кесек туындылар болатын. Әсіресе, тарихшыларымызға үлкен көмек болғанын ешкім де жоққа шығара алмас. Мәселен, тарихшы Мәмбет Қойгелді: «Алаштық буыннан көз жазып қалған кейінгі ұрпақты Алаш арыстарына жақындатуға, тануға көмектескен тұлға Гүлнәр Міржақыпқызы еді. Өйткені, бұл кісі Алаш арыстарының көзін көрді.

Бөкейханов дейсің бе, Байтұрсынұлы дейсің бе – бәрі де Міржақыптың үйінде болған кісілер. Алаш арыстарының ақталғанын көзімен көріп, құлағымен естіп кетті. Өзі осы ақталу процесінде жұмыс жасады. Жазған естеліктерінің тарихи құндылығы өте жоғары, деректі маңызы зор» десе, Әбіш ағамыз (Кекілбаев) Гүлнәр апаның тарихты ғана сөйлетіп қоймай, өзі де тарихқа айналғанын айтады.

Айтулы ағалардың толғақты ойлары мен толымды пікірлерінен Гүлнәр Міржақыпқызының кемел де кесек тұлғалы жан екенін мақтанышпен әр кез айтып отыруымыз парыз. Қиянаттан қайысып тұрған қоғамда өмір сүріп, сол заманның, яғни арыстанның аузында тұрып қасқайып ақиқатты айтқан Алаш азаматтарының өзіміз білмейтін қырларын Гүлнәр Дулатованың жазбаларынан танымағанымызда кім біледі, бір бүйірлі олқы, жарымжан халық болып қала берер ме едік…

Мақаланың мақсаты да сол өшкенді жандырып, оның отын маздатқан жанның еңбектерін еске алып оқып отырсақ деген ниетпен жазылды.

«Ана тілімізді түрлеген» Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев және Жүсіпбек Аймауытовтарды алашымен табыстырған Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова – мәңгілік, оның еңбектерімен Алаш жұрты сусындап, мәңгілік жасай берері сөзсіз.

Дайындаған: Қызжібек БӘКІР, «Qazaq» газеті

ГҮЛНӘР МІРЖАҚЫПҚЫЗЫ: «ӘКЕМДІ ЖАМАНДАП ЖАЗҒАНЫ ҮШІН СӘБИТ МҰҚАНОВҚА ӨЗ БАСЫМ ӨКПЕЛЕЙ АЛМАЙМЫН…»

Бертін келе анамнан Көкшетауда болған оқиғаны білгім келіп сұрағанымда, ол кісі былай деген еді: «Азамат соғысынан кейін большевиктер Кеңес өкіметін құрғанын жариялады. Соғыс бітсе де, жаулармен күресін тоқтатпай жүргізе берді. Қолдарына түскен ақтарды Ревтрибунал соты қатаң үкім шығарып, атқызып та тастайтын. Жақаңды (Міржақып) ұстауға чекистермен бірге келген жас жігіт Сәбит Мұқанов екенін біз артынан естідік. Алғашқы уақытта жауларға қарсы күресетін ЧК-ның (чрезвычайная комиссия) қылышынан қан тамып тұрған кезі. Қолдарына түскен тұтқын ақтарды тексеруді созып жатпай, сотсыз атып тастайтын. Соның бәрін білгендіктен мен қатты қорқатынмын. Құдай сақтап, Жақаң аман қалды. Бұл іске кімнің қолғабысы тигенін білмеймін».

Ғайнижамал шешемнен естіген осы оқиға есімнен шықпайтын еді.

Өмір өз арнасымен жылжып өте берді. Мен де есейдім. Елуінші жылдары Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» (1932) кітабында Көкшетаудағы осы айтылған оқиға жазылған екен. Оқыдым. Ішіме түйіп жүре бердім. Биыл (2002 жылы) «Өмір мектебінің» І-кітабын қайтадан оқыдым, ал сол жылғы шыққан ІІ-кітабын қолыма түсіре алмаған соң (кітапханада жоқ) 1953-1956 жылдардағы басылымдардан оқуыма тура келді. Көп нәрсеге көзім жетті.

Сәбит Мұқанов Көкшетауға 1921 жылы қалай келгенін, чекистермен бірге істеген кезінде не болғанын, командирі Е.Даниловтың бұйрығын еріксіз орындағанын, Кырчик деген ақ офицері бір емес, екі рет атқандығын айтады да, сыйға тартқан сол маузердің қалыбына №210759 нөміріне дейін көрсетіп, оны өмір бойы сақтап жүргенін жазыпты (С. Мұқанов. Өмір мектебі. Алматы, 1953. І-кітап. 288-289 беттер).

1956 жылы шыққан «Өмір мектебінің» ІІ-кітабында Міржақып Дулатов жайындағы бұл эпизодты Сәбең кіргізбеген. Осы жөнінде қосымша материал қарастырып жүргенімде, мұрағат қоймасынан мына құжатқа қолым жетті. Жүнісов деген біреу «Первому секретарю ЦК КП Казахстана тов. Д.А.Кунаеву» деген хаттамасында Сәбит Мұқановтың жаңадан шыққан «Есею жылдары» (бұрынғы «Өмір мектебі» кітабының жалғасы ретінде) кітабында жазғандары туралы былай деп келтіреді: «В очерке «Досыма хат» С.Муканов писал, что 1921 году в г. Кокшетаве скрыл от ЧК и спас от верной смерти беглеца М.Дулатова. Но не указывал на то, что Дулатов убица Амангельды Иманова. Кроме того, выражал сожаление, что он не оправдал его доверия, не стал советским писателем и свой поступок оценил как проявление либерализма» («Жұлдыз». 1960. №6. 1962. №5. С. 145-147. Бұл құжатқа қол қойғандар: 1) Артықбаев Ч.; 2) Джунусов М.; 3) Утепов Ш. Октябрь (жылы көрсетілмеген).

Міржақып Дулатұлының қалай да Көкшетаудан аман кетуіне себепкер болған, ЧК-ның жазасынан құтқарып жіберген Сәбит Мұқанов екендігі туралы шындықты айқындап отырған мына құжатқа жүгінбеске амалың нешік…

Осы арада «Сәбит Міржақыпты ЧК-дан неге құтқарды?» деген сауал әркімнің басына келуі ғажап емес.

Міржақыптың атақ-даңқы қазақ еліне ерте жайылғаннан бастап жұрттың қадірлеп, сыйлайтынын Сәбит жақсы білген. Қанша жау аталса да, Міржақыпты жазушы ретінде, ақын ретінде бағаламауы мүмкін емес шығар. Адамгершілігі үлкен, қазақы мінезді Сәбит Төтенше комитеттің (ЧК) қыспағына қарамастан, Міржақыпты өлімге қимай, қиянаттан құтқаруына жоғарыда айтылған себептер түрткі болмады деудің қисыны келмес.

Сәбит ағамыздың көзі тірісінде үйіне барып, осы оқиға жайлы және Міржақыпқа деген көзқарасын өз аузынан естіп, толық жазып алмағаныма қатты өкінемін.

Сәбеңнің белсенді жас кезінде Міржақып пен алашордашыларға тиісіп, жамандап жазғаны үшін өз басым кінә тағып, өкпелей алмаймын. Өйткені, оны қатаң заман талабынан шыға алмауынан көремін. «Неге олай жазды, неге бұлай жазбады?» деп жазғырудан аулақпын, кек тұтқаным да жоқ. «Кім не айтты, не жазды?» деп бәрін жіпке тізе бергім келмейді. Өзім білетін Сәбит ағамыз соңғы 1960-1970 жылдары Міржақыпқа деген бұрынғы көзқарасынан, пікірінен күрт өзгергенін, райынан қайтқанын аңғарып, көріп жүрдім. Мұның өзі бірталай әңгіме.
Қай жылы екені есімде жоқ, Сәбеңмен және біраз белгілі жазушылардың ортасында Әбен (Гүлнар апайдың жұбайы, – ред.) екеуіміздің де бір үйде қонақта болғанымыз бар. Сонда дастарқан басында жазушылардың өткен-кеткенді естеріне алып, әңгімелері ұзаққа созылған еді. Сәбеңнің қысқа қайырған әңгімесін қалт жібермей, ұйып тыңдап отырдық. Бәрі қызық, тартымды. Езуіміз күлкіден жиылмады.

Үстелге ет қойылды. Табақ толы сүйегімен мүшеленген еттің үстіне тұтас қазы, шұжық, қарта салынған. Қойдың басы Сәбеңе тартылды. Сәбең бастың құйқасын бір кесіп асады да, маған қарап: «Міржақып ағамның қызы, Гүлнар қарындасым, саған құлағын берейін», – деп қолыма ұстатты.

Ағамыздың жұрт көзінше әкемді «Міржақып ағам» дегеніне жүрегім зырқ ете қалды (ол жылдары М.Дулатовты атау деген қылмыс). «Апырым-ай, мына сөзінің соңы неге апарып соғар екен? Менің қырсығым өзіне тиіп кетпес пе екен?» деп зәрем қалмады. Бірақ, іштей қуанғанымды несіне жасырайын?!

Арада бірнеше жылдар өтті. Сәбеңмен келесі және соңғы кездесуім – Ғалекеңнің (Ғалым Ахмедов) бәйбішесі Қанапияның қайтқанына жыл толған кезде болып еді. Ғалекеңнің қайғысына ортақтасуға келген ең жақын қаламдас жолдастары, туыстары ішінде Әбен екеуіміз де болғанбыз. Қаралы жиындағылар марқұмды еске алып, сөйлеп жатты. Бір кезде Сәбең кеудесін керіп, қарлығыңқыраған дауысымен тақпақтата жөнелді.

Сәбең айтып болды да, бет орамалымен маңдайын сүртіп: «Бұл Міржақып ағамның Алаштың Қази атты жігітінің қазасына арнап қабір басында оқыған «Тұңғыш құрбан» деген жоқтауы болатын», – деп үндемей қалды.

Әрі қарай отырыс созылған жоқ, сөз базары тарқады да, жұрт тарай бастады.

Сол кезде «Тұңғыш құрбанды» шығарған Міржақып әкем екенін Сәбеңнің аузынан алғаш рет естідім.

Сонымен оқушым, Сәбеңнің әріден келе жатқан Міржақыпқа деген көзқарасы теріс болмағанына көздеріңіз жеткен шығар. Бірақ, кеңестік заман ыңғайымен ішіндегісін терең тұңғиыққа батырғандай, үндемей, қағаз бетіне түсіре алмай кеткеніне өкінемін.

(Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованың
«Алаштың сөнбес жұлдыздары» кітабынан үзінді)

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...