Маңғыстауда Отпан тау

ТАНЫМ
3643

Адайлардың ғана емес, барша қазақ рухының киесіндей. Оған тәу ету әр қазаққа парыз. Менің де арманым еді. Сәті түскендей. Себеп – ол елмен шығармашылық байланысым, Жаңбырбай Матаев інімнің бір сөзділігі. “Бару-келу жолың, жатын орның – бәрі қамданды» деген. Екі сөйлемейтінін тағы дәлелдеді. Маңғыстауға бет алған елдегі ең тәуір «Эир Астана» әуе кемесімен ұшып келемін. Менен басқа «Ақжол» ҚДП орталық кеңсесінің хатшысы Асылхан Төлепбергенұлы деген бір жайсаң жігіт бар. Түнгі ауада қауырсындай қалқыған ұшақ іші тым-тырыс, кісіні ойға еріксіз жетелегендей. Әлемді Коронавирус деген пәлекет құрсап алып жатыр. Бас санитардың ескертуін әлеуметтік желідегі шетінен данышпан сайқымазақтар сан-саққа жүгірткен әжуамен бір рахаттанып қалғандай еді. Ол пәлекет әжуашылдардан рұқсат сұраған жоқ, келді. Індетті жолын Алматыдан бастады. Біздің іс-шарамызға да салқынын тигізді.Оған бармақшы болғандардың құрамы барынша шектелді. Арамызда ғалымдар да болуға тиісті еді. Амал жоқ, Асылхан екеуміз ғана тәуекел етіп келеміз.

Әуежайдан бізді Жаңбырбайдың ұлы Қайыржан Жәнібеков қарсы алды. «Ақжолдың» орталық кеңсесінен көретінмін. Жастар ғой, құлынтайдай тебісіп қатар өскен, Асылхан екеуінің шұрқыраса кеткенін көрудің өзі бір ғанибет. Менің жағдайымды да әлсін-әлі сұрап қояды. Түнгі жарығы самаладай жарқыраған Ақтау қаласына «Джиппен» зыр еткізіп тез алып келді. Мені «Виктория» дейтін таңдаулы қонақ үйіне орналастырды. Алдымызда жүз метрдей жерде түнеріп түнгі Каспий шалқып жатты.

Күн ашық. Жылы.Теңіз беттен иодты ауаның лебі сезіледі. Кеуде керіп тыныс алу да бір рахат. Дегенмен, көңіл күпті. Адамдар коронавирусқа байланысты жайсыз хабарлардан қорқып-үркіп қалмаса игі. Жоқ. 12 наурыз күні әуелі советтік Қазақстан Үкіметін алғаш басқарғандардың бірі Жалау Мыңбайұлы ескеткіші алдында рухына тәу еттік, құран оқылды. Ал тура белгіленген уақыт – сағат 16-да қаланың «Ханшаһар» салтанат сарайында, Маңғыстау облыстық әкімдігі, облыстық жастар ресурстық орталығы қолдаған «Ақжол жастар» жастар қанатының есеп беру жиыны басталды. 70-тей адам орын тимегендіктен өкініштерін іштеріне бүгіп, кері қайтып кеткен. Көрермендердің басым бөлігі ата-аналар, қаланың елге үлгі қадірменді ағалары, жазушылар, журналистер. «Ақжол» партиясының бес облыс пен екі қаладан келген жастар қанатының белсенділері. Баршаның назары «Ақжол» ҚДП эмблемасымен, жастардың самғауын білдіретін құс қанатымен безендірілген сахнаға ауған. Құрылғандарына бес жыл толған жастар қанатының 22 бағыт бойынша 5 жылда атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Бір қызықтан соң, бір қызық. Көресің, тыңдайсың, сүйсінесің.

Жастар қанатының театры сан-салалы жұмыстарының бір қыры. Репертуарында үлкенді-кішілі 16 спектакль болса, соның 5- уі менің пьесаларым бойынша қойылған. Осыдан бес жыл бұрын партияның орталық кеңсесінде жауапты қызмет атқарған Айдын Ырысбек менің осы жас театрдың бастауында тұруыма себеп болған еді. Ол мені Маңғыстау филиалының басшысы Жаңбырбай Жәнібекұлымен таныстырған. Жаңбырбай маған Алаш тақырыбына пьеса керек деді. Екеуміздің ой-ниеттеріміз бір жерден табыла кетті. Жастар қанатының әуесқой әртістері, әуесқой режиссер Әлия Исаева менің Ахмет Байтұрсынұлы мен оның сүйген жары Бәдрисафа (Александра) екеуінің қуғын-сүргінде өткен ауыр тағдыры туралы «Азаппен өткен өмір-ай» деген пьесамды қолға алды. Илеуін қандырған соң, Маңғыстаудың тарихи орталығы Түпқараған ауданында тұсаукесерін өткізді. Ішінде мен де болдым. Көрермен жақсы қарсы алды. Дүниеге жаңа бір жас өнер ұжымы келді деп сүйсінді.Осылайша арамызда нық шығармашылық байланыс орнады. Жас театр бұдан кейін кезегімен менің қаламымнан туған алғаш советтік Қазақстан Үкіметін басқарған Жалау Мыңбайұлы туралы «Елім деп өткен Ер Жалау», Алаш арыстарының әдеби-мәдени мұрасын ел арасына жасырын жүріп насихаттағандары үшін 20-25 жас аралығында «халық жауы» деген айыппен атылған, сотталған отаншыл жастардың рухани ерлігіне арналған «Қыршын» деген пьесаларымды сахналады. Ғасыр дертіне айналған есірткінің кесірі туралы «Жұлынқұрт», діни жат ағымның зардабы жайындағы «Ананың ақ сүті», «Әке өкініші» деген шығармаларым да жас театр репертуарының жәдігеріне айналды. 

Жастардың бес жылда атқарған жұмысының есебі республикалық және жергілікті ақпарат құралдарында жан-жақты көрініс тапты. Сондықтан оларды қайталамай, осы сапардан түйген кейбір ойларымды ғана айтып өтейін.

1.     «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп ата өсиетін жиі айтамыз. Сол аңсарлы бірлік Маңғыстау жұртында бар екен. Мысалы, «Нұр Отан» партиясының да Жастар қанаты бар. Бірақ бұлар сендер ана жақтасыңдар, біз мына жақтамыз деп бөлінбейді. Керісінше, өздерін Отан игілігі үшін бір мақсат-ниеттің жолындамыз деп есептейді. Сондықтан МАҢҒЫСТАУ ЖАСТАРЫ дейтін бірлестіктің аясында қол ұстасып бірге қимылдайды. Жергілікті билік органдары да оларға бөле-жара қарамай тең қамқорлық көрсетеді.

2.     22 бағытта жұмыс істейтін Жастар қанатын кісіліктің мектебі деуге болады. Жастар мұнда әртүрлі қоғамдық істерге тартылады: қарттарға, жалғыз ілікті жандарға, көп балалы аналарға көмектесу, қала тазалығына ат салысу, т. б. пайдалы істердің бел ортасында жүреді. Білім жетілдіру, өнердің әралуан түрін игеру арқылы талаптары мен таланттарын ұштайды, тіл шеберлігін жетілдіреді. Жеке адамдармен де, көпшілікпен де тіл табысып жұмыс істеуді үйренеді. Мысалы, осы жастардың үлкен орталарда қысылмай көсіле сөйлейтіні, дәмі де мәні де бар мазмұнды ойларын ашық та айқын жеткізе алатын шешендік шеберліктері мені қатты тәнті етті.

3.     Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп білімі жетіліп, өнері шыңдалып, азаматтық беті түзелген жастар «Ақжол» партиясының да, облыс әкімдігінің де үнемі назарында болады. Мысалы, Жастар қанатының алғашқы жетекшісі Кенжебек Сержанұлы Гумилев атындағы ЕНУ-ді бітіріп, қазір Маңғыстау облыстық газетінің белді журналистерінің бірі. Жас театрдың тұңғыш режиссеры Әлия Исаева Т.Жүргенов атындағы өнер университетінің студенті. Оқи жүріп, мәдени іс шараларға белсене қатысып, қазірдің өзінде талантты режиссер екенін танытып үлгерген. Жастар қанатынан түлеп ұшқан Жанұзақ Қойшықұлов ЕНУ-дің студенті болуымен бірге, «Ақжол» ҚДП орталық кеңсесінде жұмыс істейді. Жастар қанатының қазіргі жетекшісі Ғазиза Бақтиярқызын филиал басшысы Жаңбырбай Жәнібекұлы аудан әкімінің орынбасыры болуға дайын кадр, бірақ одан да биік көтерілуі үшін сапалы білім беретін тағы бір жоғарғы оқу орнына оқытып алуымыз керек деп мақтап қояды. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. Бұдан біз облыста жастарға көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлықтың түпкі мақсаты – ертеңгі күні әралуан салада аймақтың шаруасын алға сүйрейтін, ел тіршілігінің тізгінін ұстайтын білімді де білікті маман дайындауға, олардың өз өрістерін табуына ерекше көңіл бөлетінін байқадық.


Жаңбырбай Матаев Жастар қанатының 5 жылдық жұмысының есебіне арналған іс-шаралар аясында жан-жақтан келген қонақтарды Отпан тауға тәу етуге апаруды, Амал күнгі мерекеге қатыстыруды да жоспарлаған екен. Коронавирус індеті кесірінен тыйым салынды. Облыстардан келген жастар өкінгенмен ештеңе етпес, бастары жас қой, бәрі алда, Отпан тауды да, әлемнің басқа да қызықтарын бұйырған уақытта көре жатар. Мен болсам жасы келген адаммын, енді мұндай мүмкіндік бола ма, ұнжырғам түсіп кеткендей еді. Жаңбырбай Жәнібекұлы әкімдіктегі жауапты кісілерден мен үшін арнайы рұқсат алыпты. Қасымызға «Ақжол» ҚДП Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Ермек Әбілдинді және осы ұйымның Марат есімді белсенді мүшесін қосып алып, Отпан тауға аттанып кеттік. Қарағандылықтарды бұл сапарға Матаев Жаңбырбайдың қосып алуының себебі бар. Олар жастар театрын Қарағандыға гастрольге шақырып отыр. Спектакльдері Қарағанды, Теміртау қалаларында, Алаштың Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сынды үш бірдей арысы дүниеге келген Ақтоғай жерінде көрсетілмек. Отпан тау Қаратау жонарқасының ең биік нүктесі. Осындағы Адай ата - Отпан тау тарихи-мәдени кешенімен танысып болған соң, жастар жағы соңғы биік нүктеге айналма жол арқылы машинамен көтеріліп кетті де, мен кешен іргесінен басталатын баспалдақпен тура жаяу тарттым. Барлығы 362 басқыш екен. Шықтым. Жастар жағы біреуі таңғалып, біреуі шаршап қалған жоқсыз ба деп сұрап жатыр. Әулиелі жердің қасиеті болады. Бұл жерді Ұран тау деп те атайды ғой. Елге жау шапқанда осының басына от жағып белгі беріп, бүкіл Адай жұртының әруағын шақырған, атқа қондырған, жауға бір кісідей жұмылдырып қарсы тұрғызған. Мұндай қасиетті жерден рухани қуат алғысы келген қазақ баласының, жасы жүзге келсе де, шаршап шалдығуы мүмкін емес қой.

Отпан таудың етегіндегі Қалнияз жыраудың бейіті басында сәл аялдадық, Марат қажы құран оқыды. Жорық жырауы Қалнияз Адай жұртын Түрікпен, Хиуа хандығының жаулығына қарсы тұруға жігерлендірген ұрпақтан ұрпаққа мұра болар небір асыл сөздің иесі. Патшалық Ресейдің қарулы басқыншылығынан елден қашып, Тәжік жерін паналауға мәжбүр болған. Ұрпағына айтқан аманаты орындалып, шариғат жолымен сүйегі Отпан тау етегіне, туған топырағына қайта жерленген. Ел аузында және әртүрлі басылымдарда шашырап, шашылып қалған жыр мұрасы жинақталды. Соның бәрін құрастырып, түсініктерін жазған, қазіргі 23 жасында төрт кітаптың авторы болған жас талант – Кенжебек Сержанұлы.

Тірлікте адам баласының арманы таусылған ба, Отпан тауды бір көрсем деуші едім, Жаңбырбай Матаев інімнің арқасында ол да міне, сәтімен орындалды.

P.S. Данияр деген саясаттанушы мені Маңғыстау облысына әкім болуға шақарса бармас едім депті. Сөзі жөнсіз емес. Бойында орыс тілі мен орыс тәрбиесі басымдау адам Маңғыстау халқына басшы болып, абырой таппасы анық. Олай болуы Маңғыстау жұртының ұлтшылдығынан емес, ұлттық болмысының шынайылығы мен таза болуы себебінен. Ұлттық болмысы кемшін адам ондай ортаға басшы болып сіңбесі табиғи заңдылық. Саяси тұрғыдан «Нұр Отан» мен «Ақжол» Жастар қанаттарының «Маңғыстау жастары» аясындағы бір Отан-бір мақсат ұстанымы туралы айттым. Қарапайым адами тұрғыдан да осыны көресің. Кешкісін бильярд ойнауға барғанда, қасымызда аягөздік найманмын деген бір жігіт болды. «Аягөзде небәрі екі-үш туыстың төңірегінде айналушы ем, Адай қызына үйленіп осында келгелі балдыздарымның өзі 40 адам екенін білдім», деп мақтанды. Мақтанса да айтқандары «Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады» деген аталы сөздің дәлеліндей болып құлағымызға өте жайлы естілді. Жақсыны көру бір ғанибет болса, ондайды барша қазаққа үлгі ету мың ғанибет болмақ. Тарихтың қиын-қыстау шақтарында қазақты мың өлімнен сақтап қалған бауырмалдық қой. Осынау асыл қасиет Маңғыстау жұртында ғана емес, барлық аймақтағы барлық қазақтың бойында бар. Бәлкім, бір жерлерде көмескіленген болар, бір жерлерде ұмытыла бастаған шығар, рухани жаңғыру арқылы соларды қайта тірілтіп, жан дүниеміздің қорегі ете алсақ, ұлт болып ұюдың алғы шарты болмас па еді деп өзімше бір ой түйіп қайттым Маңғыстау - Отпантаудан...    

                                                                                     Өтен Ахмет,

                                                                           Мәдениет саласының үздігі

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...