Юрий Алексеевич Гагариннің анасы: Ұлым! Жылы сөзге жомарт жан едің! Саған алғысым шексіз!

ТАНЫМ
3072

ЮРИЙ АЛЕКСЕЕВИЧ ГАГАРИН – Тұңғыш ғарышкер

Анасы – Анна Тимофеевна ГАГАРИНА

«Мәдениет порталы» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының жақында тұсауы кесілген «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» кітабынан жарияланымдар топтамасын  ұсынады. Кітап аналарға арналған... және адамзат тарихында әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті данышпандарды тәрбиелеген аналардың ерекше өмірлік тарихына негізделген. Бұған дейін Мұхаммед Әлидің анасы: "Құдай мені бұл баланың анасы болу үшін таңдады", Дмитрий Менделеевтің анасы: "Батамды бердім, Митенка..." және "Джордж Вашингтон: Осы жетістігім үшін анама қарыздармын" деген жазбаларды ұсынған болатынбыз.

Кітап беттеріндегі мемуарларда өз балаларының таланттарын ашып, тұлға ретінде қалыптасуына ерекше үлесін қосқан даңқты аналар, атап айтқанда олимпиадашы Песейдордың анасы, ФЕРЕНИКА; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы ӘЛЖАН НАЗАРБАЕВА; орыстың ғалым-энциклопедисті Дмитрий Менделеевтің анасы МАРИЯ ДМИТРИЕВНА КОРНИЛЬЕВА; Сингапур Республикасының Бірінші Премьер-министрі Ли Куан Юдың анасы ЧУА ДЖИМ НЕО; американдық өнертапқыш Томас Эдисонның анасы НЭНСИ ЭЛИОТ; Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің анасы МАРИЯ ИВАНОВНА ПУТИНА; футбол королі Пеленің анасы СЕЛЕСТА АРАНТИС, Түркия Республикасының бірінші президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің анасы ЗҮБЕЙДЕ ХАНЫМ; белгілі ғалым-нейрохирург Бен Карсонның анасы СОНЯ КАРСОН; Бесінші Республиканың бірінші президенті Шарль де Голльдің анасы ЖАННА ДЕ ГОЛЛЬ; физикадан Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Энштейннің анасы ПАУЛИНА ЭЙНШТЕЙН; Америка Құрама Штаттарының бірінші президенті Джордж Вашингтонның анасы МЭРИ ВАШИНГТОН; әлемге белгілі суретші Пабло Пикассоның анасы МАРИИ ПИКАССО ЛОПЕС; Франция императоры Наполеон Бонапарттың анасы МАРИЯ ЛЕТИЦИЯ РАМОЛИНО, дүние жүзі тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің анасы АННА МАТВЕЕВА, саясаткер Махатма Гандидің анасы ПУТЛИБАЙ ГАНДИ; бокс аңызы Мұхаммед Әлидің анасы Одесса Грэди Клэй, Нобель сыйлығының лауреаты Нельсон Манделаның анасы НОНГАПИ НОСЕКЕНИ туралы сыр шертілген.

Бүгін, 9 наурызда Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш, ғарышқа сапар жасаған ең алғашқы адам Юрий Алексеевич Гагариннің туғанына 87 жыл толады.

Юрий Алексеевич Гагарин – Тұңғыш Ғарышкер

ҒАРЫШ-АНА

Үстелде «Жүрек жады» деген кітап жатыр, ақ-қара түсті фотосуреттермен безендірілген кітаптың мұқабасынан бізге жұпыны киінген қарапайым орыс әйелі күлімсірей қарап тұр. Жан-жағында жанына жақын жандардың суреттері – төрт баласы; ХХІ ғасырда да көпке танымал, қолында көгершіні бар Юрий Гагарин; күйеуі Алексей Иванович Гагарин; тағы да баласы – Юра, бұл жолы көптеген елдерден алған құрмет белгілері бар салтанатты киімде; бас конструктор Сергей Павлович Королев…

Оның нұрға толы жанары терең, жылы көрінеді, күндей күлімдеп, жан-жағына шуақ шашып тұрғандай.... 

«Бір күндері мен кішкентай ғана бүлдіршінімді тәй-тәй басқызып, сөйлеуге үйреткен едім, әріп танытып, еңбекке баулыдым, тек шын сөйлеп, шынайы болуға тәрбиеледім. Оның бар ғұмыры көз алдымнан тағы бір өтті. БҰЛ КІТАПТЫ ЖАЗЫП БІТІРУ – ЕНДІГІ МЕНІҢ БАСТЫ УАЙЫМЫМ ДА, МІНДЕТІМ ДЕ СОЛ. АННА ТИМОФЕЕВНА ГАГАРИНА 1984 жылы 12 маусымда өмірден өтті», – бұл таңғажайып кітап осы сөздермен аяқталады.

Ананың ұлы алдындағы міндеті... Балаларға арналған өмір... Бұл сөздерде нағыз ананың, Анна Тимофеевна Гагаринаның болмысы жатыр. Ол қалған өмірін мезгілсіз кеткен ұлына деген сағынышпен өткізді. «Бәрі есімде: айтқан әңгімелеріміз, алысқан хат-хабарлар. Ана үшін баласының әр қылығы қымбат, алғашқы жасаған қадамынан бастап, соңғы деміне дейін. Бірақ Құдай анаға баласын жоқтауды жазбасын деймін. Мен әлі де бұл жайтты қабылдай алар емеспін».

Анна Тимофеевна өз кітабында ұлы туралы естеліктерінің әр кезеңін есіне мұқият түсіріп: «Жақында Валяның «108 минут және күллі ғұмыр» атты кітабы жарыққа шықты. Онда Юрийдің маған жазған бір хатынан үзінді берілген. Ертеректе жазған болатын. Соншалықты мейірімге толы жолдарды есіме алсам, қазірдің өзінде жүрегім жылып сала береді. Әлі де көз алдымда: «...МАМА, МЕН СЕНІ ӨТЕ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН. СЕНІҢ ҚОЛЫҢА ТҮСКЕН ӘР ӘЖІМДІ СҮЮГЕ ДАЙЫНМЫН. БАРЛЫҒЫ ҮШІН РАҚМЕТ». 

ҰЛЫМ! ЖЫЛЫ СӨЗГЕ ЖОМАРТ ЖАН ЕДІҢ! САҒАН АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ!

Юрий Алексеевич Гагариннің анасы -Анна Тимофеевна ГАГАРИНА 
Кітап анасы мен ұлының бір-біріне деген ыстық ықыласы мен өзара сыйластығы жайлы жылы сәттерге, әсерлі ойлар мен сезімге толы. Екеуіне де шүйіркелесіп әңгімелесу, қамқорлық таныту маңызды еді: «Біз оны қатты сағынатынымызды Юра түсінетін, өзі де бізді сағынатын. Қолы қалт етсе, қонаққа келетін. Әрине, өзі қалағандай жиі келу сәті түсе бермейтін. Мен оның хаттарын сағынатынмын. Өйткені телефоннан бір сөйлескен соң, айтылған әңгімені қайтара алмайсың ғой. Ал хаттарды қайта-қайта оқуға болады... 

...ҚАЗІР ЮРАНЫҢ КІТАПТАРЫН, МАҚАЛАЛАРЫН ЖИІ ОҚИМЫН, ОНДА ҮЙІ, БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ, ОТБАСЫ, АТА-АНАСЫ ЖАЙЫНДА АЙТАТЫН ТҰСТАРЫ БАР. ОЛАР МАҒАН ҰЛЫМНАН КЕЛГЕН СӘЛЕМДЕМЕДЕЙ БОЛЫП КӨРІНЕДІ». 

Анна Тимофеевна үшін баласынан хабарлама алып, онымен кездесу өмірінің мәніне айналды. Ғарышқа жасаған тарихи сапарынан кейін баласы тек әулеттің емес, әлемнің ұлына айналғанын түсінген ана, сонда да ұлымен жиі қауышып тұратын күндердің алда екенінен үмітті еді. Сондықтан ұлымен кездескен әр сәті ол үшін мереке іспеттес болатын: «Юра үйге келгенде ылғи сергек, тың жүретін. Әлі есімде, көлігінен түсіп, бір-екі қадаммен үйдің табалдырығынан аттап, кіріп келетін. 

БІР ҚАРАСАҢ – МАҢЫЗДЫ ӘСКЕРИ АДАМ, КҮЛІМСІРЕСЕ БОЛДЫ, МЕНІҢ ЮРАМ, СОЛ БАЯҒЫ ҚАРАПАЙЫМ, МЕЙІРІМДІ, ҚАМҚОР. 

Үйге келсе, әркімге ойындағы сыйлығын әкелетін. Сондай қамқор, кімнің нені қалап, нені армандап жүргенін байқағаны ғой – әкесі, мен, Зоя. Жиендерін де тәтті мен ойыншыққа қарық қылатын. Өзі үй ішін, бақты аралап шығады. Бәрін қарап, жаңа нәрсені байқап, міндетті түрде: 

– Абажур қандай әдемі, анашым! 

Немесе: 

– Міне, Зояның құлпынайы да пісіп қапты, әй, жидектер-ай! 

Біз болсақ, әңгіме айтуға асықпыз. Отбасы жайында, барған сапарлары туралы әңгімесін тыңдағанды ұнататынбыз». 

Анна Тимофеевнаның кітабындағы баласының ерлігінің жоғары бағаланғанына сенбей, таңданысын жасыра алмаған тұсын оқу тіпті қызықты. Көпшілік ортада қарапайым мінезді Анасы мен Ұлы, өз арасында да мақтануды білмейтін, қандай жетістікке қол жеткізсе де, ол достарының, әріптестерінің, көршілерінің көмегімен, бірлесе атқарылған еңбек деп есептейтін... 

Сол кезеңді Анна Тимофеевна былайша еске алады: 

«Мен жалғыз қалғанда, қолыма газетті алып, оңашада оқитынмын. «Восток» жерсеріктік кемесімен әлемдегі тұңғыш ғарыштық сапарды жүзеге асырғаны үшін Кеңес Одағының азаматы, ұшқыш майор Юрий Алексеевич Гагаринге «КСРО ұшқыш-космонавты» атағы берілсін. Сондай-ақ тұңғыш боп ғарышқа аттанып, біздің социалистік Отанымыздың атағын асқақтатқан батыл ерлігі үшін, ержүректік, қаһармандығы мен Кеңес халқына, коммунизм ісіне, күллі адамзатқа қызмет етуге деген ынтасы үшін әлемдегі тұңғыш ғарышкер-ұшқыш майор Гагарин Юрий Алексеевичке Кеңес Одағының Батыры атағы мен Ленин орденін, «Алтын Жұлдыз» медалін қоса беруді және Мәскеу қаласында батырдың бюстін орнатуды тапсырамын».

Бұл сөздердің барлығы, расында да, біздің Алеша екеуміздің ұлымыз туралы жазылған ба?! Біздің ұлымыздың есімі күллі Кеңес халқына танымал болғаны ма?! Біздің ұлымыз Кеңес Одағының Батыры ма?! Наурыздың жаймашуақ күнінде кешкі бес жарымдар шамасында іңгәлап дүние есігін ашқан сәби, бір аптадан соң Алеша бізді Гжатсктан Клушиноға апара жатқанда менің құшағымда тербеліп жатқан нәресте бүгінде осындай атаққа ие. Өткен күннің бейнесі көз алдымнан жүгіріп өтті. Иә, сол нәресте! Ол кезде мұндай жаңалықты қабылдаудың өзі қиын еді». 

Ю. А. Гагарин анасымен бірге

Ол баласы Юраның тарихи тұлғаға, Отанының батырына айналуына үлес қосқан мыңдаған адамның орасан еңбегінің маңыздылығын түсінетін:

«Кешке радиодан КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының әлемдегі алғашқы ғарыштық сапарды сәтті жүзеге асырғаны үшін көптеген жұмысшыларды, дизайнерлерді, ғалымдарды, жетекші инженерлік-техникалық қызметкерлерді марапаттау туралы Жарлығын жариялап жатты. Жүз екі адам Социалистік Еңбек Ері атанды, олардың жетеуі екі рет, ал алты мың тоғыз жүз жиырма төрт адам Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталды.

Мен Жарлықты тыңдадым, және ғарышқа жасалған тұңғыш сапардың артында тұрған зор еңбектің ауқымын түсіндім. Тек марапатталғандардың өзі жеті мыңнан асса, қаншама адамның аянбай еңбектенгенін елестетіп көріңіз!». 

Юрий Гагарин өз дәуірінің кейіпкері бола білді, ол ғарышқа ұшқан тұңғыш адам ғана емес, ұлан-ғайыр мемлекеттің жоғары кәсіби инженерлері, жұмысшылары, техника мамандарының еңбегі мен білім-тәжірибесін, ғылыми-техникалық жетістігін әлемге танытқан тұлға болды. 

Анна Тимофеевна Гагарина да сол заманның маңызды тұлғаларының бірі. Аяулы анасының, халқының, Отанының алдында перзенттік парызын, азаматтық міндеті мен әскери борышын өтеген ғарышкер-ұшқышты тәрбиелеп, өмірдің ыстық-суығынан, сұрапыл соғыстың зардабынан қорғап өсірген осы абзал ана еді...

Анна Тимофеевна Қызыл алаңда тұрып, мақтаныш сезімі кернеп, ұлының ризашылыққа толы сөздерін ерекше ықыласпен тыңдайды: 

«МЕНІҢ АТА-АНАМА АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ. БАЛАСЫ ҮШІН ӘР АТА-АНАНЫҢ АТҚАРҒАН ЕҢБЕГІН СИПАТТАУҒА СӨЗ ЖЕТПЕЙДІ. ӨЗ АТА-АНАМА ДА РИЗАШЫЛЫҚ СЕЗІМІМДІ БІЛДІРЕМІН». 

Кейін бір кітаптан Юраның мына бір сөздерін оқыдым: 

«Анам есіме түсті. Ол бейне бір ғарыш кемесіне кіріп келіп, маған қарай иілгендей болды, тура балалық шағымдағыдай. Мен тіпті оның демін сезінгендей болдым. Кешке ұйықтар алдында бетімнен сүйетіні есіме түсті...». 

Юрий Алексеевич Гагариннің анасы -Анна Тимофеевна ГАГАРИНА 

Ананың жүрегіне бәрі сыяды, ол бәрін жақсы көреді, бәрін аялай алады. Баласынан айырылып қалғанның өзінде де, ол Жұлдызды қалашықтағы ұлының достары мен әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста болды. Ғарышты меңгеру сынды ортақ мақсатқа жұмыла кіріскен жастар да, өз кезегінде, ұлынан айырылған ананың қайғысын жеңілдетуге тырысып, тұңғыш ғарышкердің анасының көңілін аулады. Анна Тимофеевнаға жиі келіп, үй шаруасына қолғабыс бола білді, оның туындаған қандай да бір мәселесі болса, шешуге көмектесті....

Ғарыш-ана былайша есіне алатын: «Кезекті ғарыш сапарын жария еткенде, мен, ана ретінде, балалардың ғарыштан аман оралуын аңсап, оларға іштей жұмыстарына табыс, аманшылық тілеп отыратынмын».

Бірақ бәрінен бұрын ана жүрегі Юраны еске алумен болды.... Анна Тимофеевнаның кітабындағы мына бір сезімге толы жолдар жүрегіңді тебірентіп, көңіліңді босатпай қоймайды: «Мен тек ұлымның жүзіне қараумен болдым, ішкі толқыныстан тіпті дем ала алар емеспін. Ұлым қызыл кілеммен жүріп өтіп, партия және үкімет басшыларына рапорт беріп, біз жаққа қарай қадам басты… Сол сәтте менің бір ғана арманым бар еді: ұлымды кеудеме басып, оның аман-есен, сау күйі ортамызда жүргенін көрсем, соны жан-жүрегіммен сезінгім келді. Ұлым мені құшақтап: 

– АНАШЫМ, ЖЫЛАМАШЫ, БӘРІ АРТТА ҚАЛДЫ, МЕН ҚАСЫҢДАМЫН...» – дегенін қаладым. 

author

Арыстанбек Мұхамедиұлы

ҚАЙРАТКЕР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...