Мұхаммед Әлидің анасы: «Құдай мені бұл баланың анасы болу үшін таңдады»

ТАНЫМ
3921

"Мәдениет порталы" Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының жақында тұсауы кесілген «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» кітабынан жарияланымдар топтамасын  ұсынады.

Кітап аналарға арналған... және адамзат тарихында әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті данышпандарды тәрбиелеген аналардың ерекше өмірлік тарихына негізделген.

Кітап беттеріндегі мемуарларда өз балаларының таланттарын ашып, тұлға ретінде қалыптасуына ерекше үлесін қосқан даңқты аналар, атап айтқанда олимпиадашы Песейдордың анасы, ФЕРЕНИКА; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы ӘЛЖАН НАЗАРБАЕВА; орыстың ғалым-энциклопедисті Дмитрий Менделеевтің анасы МАРИЯ ДМИТРИЕВНА КОРНИЛЬЕВА; Сингапур Республикасының Бірінші Премьер-министрі Ли Куан Юдың анасы ЧУА ДЖИМ НЕО; американдық өнертапқыш Томас Эдисонның анасы НЭНСИ ЭЛИОТ; Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің анасы МАРИЯ ИВАНОВНА ПУТИНА; футбол королі Пеленің анасы СЕЛЕСТА АРАНТИС, Түркия Республикасының бірінші президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің анасы ЗҮБЕЙДЕ ХАНЫМ; белгілі ғалым-нейрохирург Бен Карсонның анасы СОНЯ КАРСОН; Бесінші Республиканың бірінші президенті Шарль де Голльдің анасы ЖАННА ДЕ ГОЛЛЬ; физикадан Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Энштейннің анасы ПАУЛИНА ЭЙНШТЕЙН; Америка Құрама Штаттарының бірінші президенті Джордж Вашингтонның анасы МЭРИ ВАШИНГТОН; әлемге белгілі суретші Пабло Пикассоның анасы МАРИИ ПИКАССО ЛОПЕС; Франция императоры Наполеон Бонапарттың анасы МАРИЯ ЛЕТИЦИЯ РАМОЛИНО, дүние жүзі тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің анасы АННА МАТВЕЕВА, саясаткер Махатма Гандидің анасы ПУТЛИБАЙ ГАНДИ; бокс аңызы Мұхаммед Әлидің анасы Одесса Грэди Клэй, Нобель сыйлығының лауреаты Нельсон Манделаның анасы НОНГАПИ НОСЕКЕНИ туралы сыр шертілген.


79 жыл бұрын 17 қаңтарда есімі аңызға айналған боксшы, «Ғасыр спортшысы» атағының иегері, ауыр салмақтағы үш дүркін әлем чемпионы, ЮНИСЕФ-тің әлем елшісі – Мұхаммед Әли дүниеге келді. Одесса Грейди Клейдидің аналық махаббаты, мейірімділігі мен  ұлының болашағына деген зор сенімі Мұхаммед Әлидің әлемдік бокс аңызына  айналуына ықпал етті.

Расында да, болашақ даңқты спортшының анасы, ұлының жетістіктерін құштарлықпен қадағалап, оны спортта тек бірінші болу туралы ойға жетеледі, күнделікті жаттығуларға ынталандырып отырды. Жаратқан бұл әйелді бекер таңдамаса керек-ті... Себебі ол балаларының болашағы үшін көптеген сынақтардан өтті: отағасының отбасына мән бермеуі, нәсілдік алалаушылық, жалақысы төмен жұмыс…

Алайда, жылдарға ұласқан қорлық ананың сағын сындыра алмады. Төзімділік, шыдамдылық, спортта да, өмірде де соққыларға төтеп беру – Мұхаммед Әлиге ана сүтімен дарыған қасиеттер еді. Ақиқатында, анасы оның бас жаттықтырушысы болатын.

Бокс аңызы Мұхаммед Әли мен анасы – ОДЕССА ГРЕЙДИ КЛЕЙБокс аңызы Мұхаммед Әли мен анасы – ОДЕССА ГРЕЙДИ КЛЕЙОл өмірінің барлық салаларында белсенді болды. Ана жүрегі өз ұлын қай жаққа қарай бағыттау керек екенін біле алмай жүрді. Ал шешім өздігінен келді. 

- Саған не болған? – ана жүрегі мазасыз ұлына бірдеңе болғанын сезіп, - Жүзің солып кетіпті! Ауырып қалдың ба? – деп тыныштала алмай қойды.

Бала Мұхаммед көңіліне кірбің, көзіне жас келтірген ренішін жасырғысы келіп бет-жүзін көрсетіңкіремесе де, көкейіндегі әділетсіздік мұңын бірден жайып салды:

- Сен маған сыйлаған велосипедті... ұрлап әкетті... Кім ұрласа да соны тауып, жазасын жұдырықпен беретін боламын», - деп кектене сөйледі.

- Бар болғаны осы ма?! - деп анасы бір жеңілдеп, күрсінді, - Ең бастысы денің сау, қол-аяғың бүтін! КЕТКЕНГЕ ӨКІНБЕ, ҚОЛДА БАРДЫ БАРЫНША БАҒАЛА! – деп, ұлының түсіне алмаған жүзіне қарап, жаңғыртып күліп жіберді. 

- Балам, менің сөзімді тыңдасаң – ТОЙТАРЫС БЕРУДІ ТЕК ӘДІЛ ҚАРСЫЛАСУ АЛАҢЫНДА ҒАНА ҮЙРЕН! ӨЗІҢЕ, КҮШ-ҚУАТЫҢА САЙ ҚАРСЫЛАСТЫ ТАҢДА! ЕШҚАШАН ЕШТЕҢЕДЕН ҚОРЫҚПА! - деді, ұлының жүзінен ашу мен реніштің орнына келген жылулық лебін байқаған Одесса... 

– Сонда тойтарыс беруді, қарсы тұруды қалай үйренемін? 

– Өзің ойланып, жауабын тап... 

Сол сәттен бастап Мұхаммед өзінің абыройына ешкім нұқсан келтірмесін деген ниет-тілегімен бокспен айналысуға бел буады.

Мұхаммед Әли – әлемнің үш дүркін чемпионы және Олимпиада чемпионы. 1942 жылы 17 қаңтарда Кентукки штатындағы Луисвиллде суретші Кассиус Клей мен қарапайым үй шаруасындағы әйел Одесса Греди Клейдің отбасында дүниеге келген. Кассиустың ата-анасы оңтүстік-америкалық қара нәсілді орта таптан шыққан, сондықтан ақ нәсілді орта тап отбасыларға қарағанда әлдеқайда жұпынылау өмір сүрген.

Әлем боксының аңызы Мұхаммед Әли (шын есімі – Кассиус Клей) әрдайым өз анасын өміріндегі басты тірекшісі һәм қолдаушысы деп санаған. 

Әлемге танылған аңыз адамды тәрбиелеп, баптаған әйел кім болды екен? 

Есімі – Одесса Греди Клей. Одесса 1930-жылдары Кассиус Марцеллус Клейге тұрмысқа шыққан. Содан кейін кішкентай балаларына көмектесу үшін біраз уақыт үй қызметшісі болып жұмыс істейді. Кедейлікте өмір сүрмесе де, Одесса ақша табуды өзінің міндеті деп санады, себебі отағасы жарнама суретшісі ретінде табысты болса да, оған толық сенім арту мүмкін емес-ті. Күйеуінде тапқан ақшасын араққа, ойын-сауық, жезөкшелерге салып жіберетін әдет болатын. Әке ретінде де ұлының тәрбиесіне араласуды да еш ойламаған.

СОНДЫҚТАН, КІШКЕНЕ КАССИУС ҮШІН АНАСЫ БАРЛЫҚ САУАЛДАРЫ МЕН КҮМӘНДАРЫНА ЖАУАП БЕРІП, КЕҢЕСЕТІН АДАМҒА АЙНАЛДЫ... 

Ұлы туралы: «Бала кезінен бір орнында отыра алмайтын. Жүруді, сөйлеуді –  бәрін өз уақытынан бұрын жасады. Оның ақыл-ойы наурыз айында есетін самал желдей жан-жақтан соғатын» дейтін. 

Мұхаммед анасының рухани қолдауының арқасында талай тар жол тайғақ кешулерден мойымай өтті. Ол баласының ілгері қадам басуын қызығушылықпен бақылап, оның спортта үздік болу идеясын алға тартып, күн сайынғы жаттығуларға: «әрқашан ең қиын жолды таңдасаң, бәсекелестерге жолықпайсың! Бұл өз елін құтқарып қалған әйгілі француз генералының сөзі!» деп шабыттандыратын.

Көп жыл өткеннен кейін Мұхаммед Әли өз анасын былай еске алады: 

«АНАМ БІРДЕ: МЕНІҢ БОЙЫМДАҒЫ БАТЫЛДЫҒЫМ ОНЫҢ СЕНІМІН КҮШЕЙТЕ ТҮСЕТІНІН АЙТҚАН ЕДІ. МЕН ҮШІН БҰЛ ӨТЕ КҮЛКІЛІ БОЛАТЫН, СЕБЕБІ ОНЫҢ СЕНІМІНІҢ АРҚАСЫНДА МЕНІҢ БАТЫЛДЫЛЫҒЫМ КҮШЕЙЕ ТҮСЕТІН. ОЛ КЕЗДЕРІ ТҮСІНЕ БЕРМЕЙТІНМІН, АЛ АНАМ БОЛСА КІШКЕНЕ КЕЗІМНЕН БАСТАП БАР ҒҰМЫРЫМНЫҢ ІРГЕТАСЫН ҚАЛАУҒА КӨМЕКТЕСКЕН ЕКЕН».

Мұхаммед Әли жаратылысынан берілген мінезі және сол мінезді дамытқан анасы Одесса Клейдің тәрбиесін өмірінің негізгі іргетасы деп біледі.

Ол ұлына нәсілІне, ұлтына, түр-түсіне, дініне қарамастан бәріне құрметпен қарауды үйретті. Сондықтан болар, Мұхаммед Әли АҚШ әскерінде қызмет етуден бас тартты, себебі ол зорлық-зомбылықтың кез келген түрін қабылдамады. Вьетнамға қарсы соғысудан адами қағидаларының негізінде бас тартты: «Егер тікелей дәл маған ешқандай қарсылық көрсетпесе, вьетнамдықтармен шайқасқа шығып, неге оларды өлтіруім керек?». Мұхаммед Әли бұл ұстанымынан ешқашан қайтқан емес. Ол өз қағидаларына қашанда адал және сенімді болатын. Тіпті оны сол үшін рингтен алыстатса да өз сөзінен қайтпады.

Қиын кезеңде анасы оның жанында болып, ұлының жігерлі пацифистік шешімін қолдады. Ол баспасөздегі шабуылдарға, спорттық ортадағы сұхбаттарға және нәсілдік алалаушылыққа қарамастан, мінезі мен темірдей ерік-жігерін сенімділікпен көрсетті. Мұндай жалған үкімдер оның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеді. Бұл да анасының сіңірген еңбегінің арқасы еді. 

Бокстың аңызына айналған ол әрдайым өзінің танымалдылығын жақсы мақсаттарда қолдана білетін: мектептерге көмектесті, науқас балаларды ынталандырды, адамдарды шабыттандырып, түрлі қайырымдылық шараларына қатысты. 

Одесса Клэй ұлының бокс мансабындағы барлық деңгейлерінде оны қолдады: кішігірім ешкім білмейтін спорт залдарынан бастап, Мұхаммед Әли әлемге әйгілі спортшы болған кезде өнер көрсеткен халықаралық ареналарға дейін ана жүрегі бірдей елжірейтін. Анасы ұлымен бірге саяхаттап, оның денсаулығы мен тамақтануын бақылап жүрді. Жекпе-жектерін мүлдем қалдырмай,  көрермендер залында боксшының көзіне көрінетін жерден орын алып отыратын. Ұлы жұдырықтасу үстінде анасының сабырлы жүзін көріп, қарсыласымен әділ шайқаста тағы да жеңетініне сенімі арта түсетін! 

Кейіннен халық арасында тараған «бокс аңызы» атағына ие болған Мұхаммед Әли:

- Адам ретінде де, спортшы ретінде де қалыптасу жолында менің биіктерден көрінуімді анаммен бірге армандадық! Мен анамды қатты құрметтеп, жақсы көрдім ... Оның пікірі мен үшін әрқашан маңызды болды. 

Анасы сұхбаттардың бірінде ұлының өткізіп алған әр соққысынан оның жүрегі елжірейтінін айтты.

БҰЛ ОРЫНДЫ СЕЗІМ! АНА ЖҮРЕГІ ДЕГЕН ОСЫ…

Ол тек ана ғана емес, сонымен бірге отағасы болуға мәжбүр болған әйел. Оның нұсқаулары ұлына тек бокста ғана емес, өмірде де жұдырықтасуды үйреткен. Мұхаммед Әли өзінің барлық соққыларын шыдамдылықпен жетілдіріп, әр техника үшін тер төгіп, еңбек етті. 

Одесса Клэй ұлына ең бастысы сөзсіз қолдау көрсете білді. Тіпті ондай үлкен қолдау күшінің тереңдігін өзі де сезіп, білмеген де шығар. Айта кету керек, Одесса өз кезінде нәсілдік езгіден өтсе де, балаларына рухани құндылықтарды сіңдіріп, олардың адамзатқа деген сүйіспеншілігін сақтай білді. Рухы еш мызғымаған ана әрдайым баласының қасында болып, өмір жолында барынша қолдап отырды. 

Мұхаммед Әли кейінірек: «Анам – баптист. Ер жете келе ол маған Құдай туралы білгендерінің бәрін айтып берді. Әр жексенбі сайын киіндіріп, ағам екеумізді шіркеуге апаратын. Ол бізді адамзатты шын сүюді және адамдарға мейірімділікпен қарауды, өзгелерді құрметтеуді үйретті. Мен дінімді өзгерткеніммен, сенімдеріміз бірдей болды. Менің анам сүйкімді, керемет әйел болатын. Ол ағам екеумізге тамақ дайындағанды жақсы көретін, бізге киім тігетін. Анам әрдайым жанымнан табылатын. Дәйім салауатты өмір салтын ұстанды. Ол менің періштем еді » - дейді. 

Анасы әрдайым: «ҚҰДАЙ МҰХАММЕДТІ ЕРЕКШЕ ЖАН ЕТІП ЖАРАТҚАНЫН ӘРҚАШАН СЕЗЕТІНМІН, БІРАҚ НЕГЕ МЕНІ БҰЛ БАЛАНЫҢ АНАСЫ ЕТІП ТАҢДАҒАНЫН БІЛМЕЙМІН», - деп айтатын.

Мүмкін құдіреті шексіз Жаратқан бұл әйелді жай таңмаған болар... Одесса бірталай сынақтарды бастан кешті: отбасын керек қылмаған күйеу, нәсілдік бөлектеу, жалақының жетіспеушілігі – ол осының барлығына балаларының болашағы үшін төтеп берді... Қорлық сезімі оның жігерін мұқалтқан емес. Осы қасиеттерді – шыдамдылық пен төзімділікті ол ұлына сіңірді. Баласының өмірдегі соққыларға қарсы тұруға үйреткен бас бапкеріне айналды. Мұхаммед Әлидің анасы барлық қиындықтарды өзінің қадір-қасиетін жоғалтпастан, абыроймен жеңіп, сондай қасиеттерді баласының бойына сіңірді.

Сұхбаттардың бірінде: «АНА ӨЛІМІНЕН АСҚАН ҚАСІРЕТ ЖОҚ!» деген еді. Рухани тұрғыдан анасына жақын болғандықтан, бұл қайғылы оқиға оның жанын күйзелте түсті.

Оның «Көбелектей қалықтап, арадай шағуды біл» деген қағидасы болған. Мүмкін, ананың нұсқаулары осы ұранның қалыптасуына әсер еткен шығар, себебі ол баласын өз ісінде үздік болуға үйреткен.

МҰХАММЕД ӘЛИ – 1960 жылы XVII жазғы Олимпиада ойындарының жеңіл және ауыр салмақтағы чемпионы, ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы (1964-1966, 1974-1978). «The Ring» журналы бойынша «Жыл боксшысы» (алты мәрте - 1963, 1966, 1972, 1974, 1975, 1978) және «Онжылдық боксшысы» (1960 ж.) атағының иегері; тарихтағы Sports Ilustrated журналының «Жыл спортшысы» сыйлығын алған екінші боксшы болды (1974), бірнеше спорттық басылымдарда «Ғасыр спортшысы» атанды.

Оның әлем чемпионы атағы үшін ауыр салмақта жеңген қарсыластары мен салмақ дәрежесіне қарамастан біріктірілген атақ үшін күрестердегі жеңістер саны бойынша рекордтарын 38 жыл бойы ешкім жаңарта алмаған.

Зейнетке шыққаннан кейін оның есімі Бокс даңқы залына (1987) және Халықаралық даңқ залына (1990) жазылды.

ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі (1998-2008).


Мақаланың орыс тіліндегі нұсқасын мына жерден оқып алыңыз


Арыстанбек Мұхамедиұлы


author

Арыстанбек Мұхамедиұлы

ҚАЙРАТКЕР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...