Қажымұқан – Қазақ спортының алып бәйтерегі. Екі ғасырдың куәгерінің кеудесінде әлемнің әйгілі...
Экзистенциализм – рухани қайшылықтар философиясы
Экзистенциализм адамтану, адам тіршілігінің мәні мәселесіндегі ғылыми әдістердің нәтижесіздігін кесімді түрде жариялады. Осылайша адамның иррационалистік болмысының бірегейлігіне аса мән беретін қазіргі заманғы ең ықпалды бағытқа айналды. Экзистенциализмді біржақты түсіну дұрыс болмас еді. Өйткені ол аса күрделі, ішкі қайшылықты, бүгінгі қоғамның рухани қайшылықтарының көрінісі болып табылатын ағым.
Бірінші және Екінші Дүниежүзілік соғыстар арасында адам өміріне, тірі тіршілікке деген құрметтің тапталуы бүкіл ғылымның, рационализмнің абыройын төмендетті. Бұл трагедия ойланатын адамдардың санасында өшпес із қалдырып, қайғылы замандағы адам тіршілігін, оның қайшылықтарға толы ой тебіренісін, адам өмірінің мән-мағынасын анықтау сияқты сұрақтарға көңіл бөлуге жетеледі. Дат философы С. Кьеркегордың, неміс философы Ф.Ницшенің, француз ойшылы Б. Паскальдың, орыс жазушысы Ф.Достоевскийдің, Мартин Хайдеггердің, Карл Ясперстің, Жан-Поль Сартрдың, Альбер Камюдің, Н.Бердяев пен Л. Шестовтың, Виктор Франклдың, Хосе Ортега-и-Гассеттің ойлары, еңбектері экзистенциализм бағытының теоретикалық қайнар көзіне айналды.
«Экзистенция» ұғымы (лат. exsistehtia - «өмір сүру») ерекше рөл атқарады, оның барлық философиялық қағидаларының бастапқы негізін құрады. Экзистенциализмнің бастапқы негізі материяның, заттар дүниесінің өмір сүруі емес, жеке адамның өмір сүруі, оның көңіл-күйі, сезімі, ішкі талпынысы, яғни психикалық сезім құбылыстарының жиынтығы арқылы көрінетін субъекттің өмір сүруі. Демек, болмыстың ең жалпы формаларын зерттеу емес,сыртқы дүниенің немесе танымның мәнін ашу емес, адам өмірінің мәнін, экзистенциясының мәнін ашу. Адам өз болмысының мәнін түсіну арқылы ғана өзінен тыс сыртқы дүниеде не бар екені жайында пікір айта алады. Адамның нағыз тіршілігі, яғни экзистенциясы оның тәндік болмысына тең емес. Адамның нағыз тіршілігі, экзистенциясы ғылыми таным объективтілігінен сырғып, ұстатпайды.
Субъективтіліктің алғашқылығы бұл жерде гносеологиялық тұрғыдан ғана емес, онтологиялық тұрғыдан да көрініп тұр. Экзистенциалистер адамның табиғатын ғылыми тұрғыдан танып-білуді жоққа шығарады, өйткені адам табиғатының ішкі сырын, оның өмір сүруінің мәнін ашу олардың философиясының мақсатына қайшы келеді. Заттарды ғылыми тұрғыдан танып-білу емес (олай ету өмірдің шындығын ашып көрсете алмайды, ғылым оның шын мәні жайындағы сұраққа жауап бере алмайды), адамның «шын» және «жалған» өмір сүруін бір-бірінен ажырата отырып «жалған» өмірге адамның күнделікті тіршілігін, ал «шын» өмірге оның әлеуметтік қатынастарға тәуелсіз, адамның ішкі табиғатынан туатын ерікті іс-әрекеттерін жатқыза отырып, экзистенциалистер: адам өзінің табиғаты бойынша бостандықтан ерікті түрде бас тартады, сөйтіп күнделікті тіршілігімен айналысуға бейім тұрады деп дәлелдейді. Адам үшін еріксіздік жағдайында өмір сүру әлдеқайда қолайлы да жеңіл, бостандыққа талпынудан гөрі тағайындалған тәртіпке бойсұну ыңғайлы деп қорытады экзистенциалистер.
Экзистенциализм бойынша, адамның міндеті дүниені өзгерту емес, керісінше, өзінің дүниеге деген қатынасын, көзқарасын өзгертуде. Қазіргі заманғы экзистенциализмді адам психологиясынсыз, дағдарыс сезімінсіз түсіну мүмкін емес. Үрей-қорқыныш - экзистенциализм философиясының басты ұғымы. Болашаққа сенімсіздік, ертеңгі күннен, тұрақсыздықтан үрейлену, өмір алдындағы қорқыныш – экзистенциализм философиясының әлеуметтік және психологиялық түп-тамырлары. Экзистенциалистер бұл дағдарыстан шығудың жолын қоғамдық қатынастарды өзгертуден іздемей, адамдардың қарым-қатынасының шеңберін тарылтудан іздейді. Ал діни экзистенциалистер бұл жолды құдайға жалбырынудан іздеуді ұсынады.
Экзистенциализмнің жеке өкілдерінің әлеуметтік-саяси көзқарастары да бірдей емес. Мәселен, Сартр мен Камю Францияны неміс фашистері басып алған кезде жауға қарсылық қозғалысына қатысты, ал 60-жылдардың аяғынан бастап солшыл радикализмді және экстремизмді жақтады. Ясперс пен Марсельдің саяси бағыты либералдық сипатта болса, Хайдеггер фашистік нәсілшілдік саясат жетегімен өзінің еврей ұлтты қарт ұстазы Гуссерльдің қудалануына, моральдық азап шегуіне және дүниеден өтуіне себепкер болды.
ХХ ғасырдағы Еуропалық өркениеттің дағдарысы адамзаттың ақыл-ойы мен адамгершілік құндылықтарға сенбеушілікті тудырды. Бұл салада анықталған ең бірінші жаңалық – ғылым мен техника дамыған сайын адам болмысының тұрақсыздығы мен нәзіктігінің өсе түсетіндігі. Күрделенумен қатар қатігезденіп жатқан дүниеде тұрақтану үшін адам ең алдымен өзінің ішкі өмірін талдап, соның негізінде өзінің мүмкіндіктері мен қабілеттерін бағамдауы қажет. Өз тіршілігіне қас дүниеге адам өзінің рухы арқылы ғана қарсы тұра алады. Олай болса, адамға ең керекті нәрсе - зат, материя, я болмаса идея, таным емес. Оған керегі - адам философиясы. Адам – ол: субъект. Ерікті, өз-өзіне жеткілікті, жауапкершілікті болмыс.
Тіршілік философиясының негізінде «экзистенция» және «эссенция» ұғымдары жатыр. Мысалы, жануарлар дүниеге өзінің мән-мағынасымен бірге келеді. Ал адам - алдымен дүниеге өзі келеді. Сан түрлі жағдайларды бастан кешіп барып қана өз өмірінің мән-мағынасына ие болады. Яғни адамның өмір сүруі - оның мән-мағыналыққа жетуінен алда жүреді. Мысалы, жаңа туылған бота, күшік, марғаулар өз аяғына тұрған бойда анасының мәліметінсіз-ақ өз тіршілігін бастайды. Ал дүниеге жаңа келген сәби анасыз өмір сүре алмайды. Оны көп жылдар бойы тәрбиелеп өсіру қажет, содан кейін ғана ол өз өмірі жайлы сұрақтардың мән-мағынасын ашуға тырысады.
Экзистенциализмде «шекаралық ахуал» деген ұғымға көп көңіл бөлінеді. Ол - өмір мен өлімнің арасында қалу, үрей мен алаңдау. Тек өз өміріне қауіп төнген жағдайда ғана, жан дүниесі терең сілкініске ұшырағанда, «өмірде болу» сезімінің негізінде адам тез жетіліп, өз өмірінің қайталанбайтын ерекше мәнін ашады.
Экзистенциализм - адамның бостандығына, еріктілігіне ерекше көңіл бөледі. Еріктілік - «қажеттілікті тану», я болмаса «табиғи дарынды іске асыру» емес. Ол - өмір сүрумен тең. Адам дегеніміз - өзін-өзінен жасайтын пенде. Ол - өзінің өзіңдік жоспары. Бұл дүниеде адамды еш нәрсе билей алмайды. Адамның себебі тек өзіңде ғана, ол өзіне «Gausa sui». Ал бостандық, еріктілік дегеніміз - таңдау. Адам ерікті пенде ретінде ойына не келсе, соны істей алады. Бірақ сонымен қатар ол өз істеріне жауапты да өзі береді. Сондықтан Ж-П. Сартр: «Еріктілік дегеніміз – адамға артылған адамгершіліктің ауыр жүгі», - деген болатын. Адам өз ісіне ғана емес, басқалар үшін де жауапты. Ол өз-өзін жете түсінудің арқасында басқалардың да терең сырын аша алады.
Адам экзистенциясының іргетасы - трансценденттілену, яғни өз шегінен асу. Адам өз шеңберінен аттап өтіп, не нәрсеге жеткісі келеді? Діни экзистенциализм Құдайды трансценденттікпен теңейді. Олай болса, Құдаймен қосылуға ынтық болу, нағыз бостандықты содан іздеу - діни трансценденция болып есептеледі. Діни экзистенциализмнің өкілі Бердяевтің пікірінше, адам - екі жақты қайшылық пен қайғыға шомған пенде. Сондықтан оны түсіну – одан жоғары тұрған Құдайды талап етеді. Бұл - адамның Құдайға тәуелді пенде екендігін көрсетпейді. Философия адамның құдайшылдығын, Құдайдың адамгершілігін көрсетуі қажет. Өйткені Христостың өзі адам болып туды. Құдай дегеніміз - ол рух. Тек рухани қатынас қана адамның терең мәнін көрсетеді.
Атеистік бағытқа келсек, оның өкілдері Сартр мен Камю өмір мәнін «ештеңеге» теңеп, экзистенцияның ең терең құпиясы деген пікірге келеді. Сонымен экзистенция дегеніміз – өзінің шектілігін, уақытшалығын сезінетін, «ештеңеге» бағытталған адам өмірі. Экзистенциализмнің ерекшеліктерінің бірі – жеке адам мен әлеуметтік болмысты бір-біріне қарсы қоюы, адамзат болмысының осы екі жағының бір-бірімен ымыраласпайтынын көрсету болып табылады. Олай болса, адам өмірінің ерекшелігі – өмір сүру мен мәңдіктің, болу мен бола алудың, таным мен түсінудің арасындағы тебіреніс, таңдау. Бұл - адам болмысының мұңды жақтарын көрсетеді.
«Болмыс және уақыт» еңбегінде М. Хайдеггер адамның өмір сүруін «Dasein» деген ұғыммен береді. Мұндай ұғымды философияға енгізу арқылы адам болмысы - тарихи болмыс екенін, яғни «қазір осы арада» өмір сүріп жатқанын көрсеткісі келді.
Дүниеде адамнан басқа ешқандай тіршілік иесі өзінің шектілігін, яғни өлетіндігін білмейді. Адамға ғана уақыт сезімі, ал сонымен бірге өмірде болу мәселесі тән. Бұл тұрғыдан алғандағы философияның негізгі мақсаты – дәл қазір өмір сүріп жатқан адамның ішкі тебіренісін зерттеу, содан шығатын өмір тәжірибесін талдау болып табылады. Бұл - жаңа онтология. Яғни ол - уақытпен шеңберленген адам болмысы, осы арада өмір сүріп, басқалармен бірге коммуникацияға түсу.
Өндірістік қоғамдағы адамның болмысы өзінің бейшынайылығымен сипатталады. Бір конвейерден шыққан ұқсас заттар сияқты, адамдар да орталанып, бір тұлға екіншіні жеңіл алмастырады. Адамдар бірін-бірі ауыстыра алатындықтан, «басқа» дегеніміз - «нақтылы басқа тұлға» емес, «қайсыбір басқа», «жалпы бір басқа». Мұндай жағдайда «ол да», «мынау да» - шынайы субъект емес. Мұндай тобыр адамын Хайдеггер «das Man» деген терминмен берсе, Бердяев оны «объективацияланған дүние» деп атады. Ал адамның шынайы болмысына келер болсақ, ол - адамның тарихи пенделігін, уақыт шеңберінде шектелгенін, сонымен қатар өзінің еріктілігін сезінуінде. Шынайы болмысқа жету үшін адам күнделікті күйкі өмірден бас тартып, соңғы өмірдің шегі - өлімге тіке қарай алатын жағдайға келуі қажет.
Бейшынайы болмысты аттап өту үшін адамдар бір-бірімен қосылып «абсурдты дүниеге», оның шектілігіне, жалпы дүниенің жетілмегендігіне, мәнсіздігіне қарсы шығып, көтерілуі керек, - дейді француз ойшылы А.Камю.
Діни экзистенциализм бұл мәселенің басқа шешімін ұсынады. Г. Марсельдің ойынша, адамдар шынайы болмысты заттардың болмысымен теңейді. Ал шынайы болмыс, негізінен алғанда, әрқашанда тұлғалық болмыс. Болмыс - «Ол емес», «Сен». Сондықтан адамдардың Құдай алдындағы бір-бірімен ішкі сырларын бөлісуі – шынайы болмыстың алғышарты. Өзге адамның терең сырын ұғынып шынайы болмыстық дәрежеге көтерілу маһаббат арқылы ғана іске асады.
Марсельдің ойларын М.Бубер, Э.Левинастар дамытты. Олардың ойынша, адамның дүниеге деген қатынасы екіжақты. Өйткені оның сөздігінде екі негізгі сөз бар. Олардың біреуі «Мен» және «Сен» болса, екіншісі «Мен және Ол». Дүние - адамзат тәжірибесі ретінде «Мен және Олға» жатады. «Мен және Сен» - адами шынайы қарым-қатынасты тудырады. Олай болса, адам алдында дүниеде болудың екі мүмкіндігі бар. «Мен және Сен» - шынайы болмысты тудырса, «Мен және Ол» - адами қатынастарды заттандырады. Мен оны тануға, зерттеуге тырыспаймын, өйткені мен онымен қарым-қатынастамын. Ол қатынастардан босағанда ғана, мен оны тани бастаймын. Тану, білу –«Сеннің» алшақтауына әкеліп соғады.
«Мен және Сеннің» қарым-қатынасын маһаббатпен теңеуге болады. Маһаббат сезімі бүкіл дүниені өзінің сәулесімен жарқыратып, гүлдендіреді. Маһаббат аясындағы адам қайыбір адамды, жақсы мен жаманды, сұлу мен түрсізді, ақылды мен наданды – бәрін де ерекше «Сен» ретінде қарайды. Алайда адам болмысының трагедиясы – «Мен және Сеннің» өзара қатынасының сарқылуында, я болмаса құралға айналуында.
Экзистенциализм философиясының көрнекті өкілі—Виктор Франкл. Ол қоғамдағы адамдардың қасіреті - ноогендік невроздарда: адамның өз өмірінің мән-мағынасынан айырылып қалуында деген пікір айтты. Соңғыны В.Франкл «экзистенциалдық вакуум» деген ұғыммен берді. Өз болмысының мән-мағынасынан айырылып қалған адамдардың бірі рухани құлазудан арылу үшін «Құдайды іздеу» жолына түссе, екіншілері нашақорлық пен ішімдіктің сағымында жүреді, үшіншілері қоғамдағы тәртіпке қарсы бағытталған қылмыстық іс-әрекеттерге, төртіншілер суицидке барады. Өмірдегі ахуал қандай қиын болса да: жазылмайтын сырқат, өлімнің өзі болмасын, адам өз өмірінің мән-мағынасын жоғалтпауы керек, деген ойға келеді Франкл. Өзінің Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі Бухенвальд концлагерінде болған экзистенциалдық тәжірибесін сараптай келе, Франкл өз өмірінің мән-мағынасын сақтап қалған адамдар ғана сол тозақтан құтылғанын, ал оны жоғалтқан көпшіліктің «малға ұқсайтын тобырға» айналып құрығанын баяндады.
Абдрасилова Г.З., филос.ғыл.к., ХБА доценті, Алматы қ.