Ролан Барт. Тілдер соғысы

ТАНЫМ
1709

Өзім туып-өскен — демалыстағы қарттардың тыныш өлкесінде, Францияның Оңтүстік Батысында серуендеп жүріп, мен, бірнеше жүз метр бойында үйлердің қақпасында ілінген үш әртүрлі тақтайшаны көрдім: "Қабаған ит", "Абайлаңыз, ит!", "Күзетші ит". Бұл жердің тұрғындарында меншік сезімі өте күшті дамығаны көрініп-ақ тұр. Бірақ, ең қызығы, осы үш сөйлемнің бір ғана: Кіруге болмайды (егер ит қауып алмасын десеңіз) деген хабарды жеткізіп тұруы. Басқаша айтқанда, хабарды ғана зерттеумен айналысатын лингвистика бұл жерде ең қарапайым және кәдімгі нәрселерді айтуы мүмкін; ол осы сөйлемдер мағынасын түбегейлі ашқан жоқ, өйткені мағына олардың өзге иіелігіне байланысты: "Қабаған ит" агрессивті естіледі, "Абайлаңыз, ит!" — адамды қорғайтындай естіледі, "Күзетші ит" жағдайды жеткізіп қана тұрады. Сонымен, бір ғана хабарда үш таңдау, жеке қабылдаудың үш түрі, ойлаудың үш бейнесі немесе, қаласаңыз, меншіктің ойдағы үш түрі, үш бейнесі берілген. Тақтайшасындағы тілдің көмегі арқылы — мен оны дискурс деп атаймын, өйткені барлық үш жағдайда тілдік жүйе бірдей, — әр үйдің иесі өзіне белгілі бір бейне түріндегі сенімді пана, мен болсам, тіпті, меншіктің белгілі бір жүйесін жасап алады деуші едім. Бірінші жағдайда бұл жүйе тағы күшке негізделген (ит қабаған, әрине иесі де сондай), екінші жағдайда — қолдауға негізделген (иттен сақтану керек, үй қорғалады), үшінші жағдайда — заңға негізделген (ит жеке меншікті күзетеді, өйткені ол менің заңды құқығым). Сонымен, қарапайым хабар деңгейінде (Кірмеңіз) тіл (дискурс) қопарылады, бөлшектенеді, әртүрлі жолмен ыдырауға ұшырайды — коммуникациялар туралы кәдімгі ғылым үшін белгісіз болатын тілдердің жіктелісі жүзеге асады; өзінің әлеуметтік-экономикалық және невротикалық құрылымдары бар қоғам іске кіріседі және ол тілден соғыс майданын жасайды.

Ролан Барт

Тілдердің жіктелісі бір нәрсе туралы әртүрлі тәсілдерді қолданып айтуға мүмкіндік беретін синонимияның арқасында жүзеге асатыны түсінікті, ал синонимия болса, тілдің ажырамайтын, құрылымдық, тіпті табиғи бөлігі болып табылады. Алайда тіддегі соғыс тіпті де "табиғи" емес — ол, қоғам өзгешелікті тартысқа айналдырғанда пайда болады; тіпті, қоғамның таптарға жіктелуі, символдық өрістің мүшеленуі, тілдердің бөлінісі және невротикалық ыдыраудың арасында әуелден келе жатқан параллелизм болады деген болжам да айтылған.

Шын мәнінде, мен өз мысалымды әдейі a minimo түрінде, дискурстарында мүлікке қатысты тек реңктер ғана қарама-қарсы қойылатын иеленушілердің бір ғана шағын тобының тілінен алдым. Әлеуметтік қоғам деңгейінде тіл одан да ірі бөлікгерге жіктелген күйінде көрінеді. Дегенмен де үш күрделі жағдайды мойындауға тура келеді: біріншіден, тілдердің жіктелісі таптардың жіктелісіне дәлме-дәл сәйкес келе бермейді, әртүрлі таптарға кіретін тілдер арасында бір қалыпты өту, алмасу, өзара бейнелеу, аралық үзбелер болады; екіншіден, тілдердің соғысы — бұл оларды иеленушілер арасындағы соғыс емес, бір-бірімен жеке адамдар емес, тілдік жүйелер, идиолектілер емес социолектілер соғысады; үшіншіден, тілдердің жіктелісі көрініп тұратын коммуникативті фонда — ұлттық тілдің фонында байқалады. Дәлірек айтатын болсақ, жалпы ұлттық деңгейде біз барлығымыз бірімізді-біріміз түсінеміз, бірақ біздің арамызда коммуникация жоқ — ең дұрыс деген жағдайда тілдің тек либеральды қолданысы ғана кездеседі.

Қазіргі қоғамда тілдердің ең қарапайым жіктелісі олардың Билікке деген көзқарасы арқылы анықталады. Кейбір тілдер Биліктің көптеген мемлекеттік, әлеуметтік және идеологиялық механизмдерінің қамқорлығында болып, қолданысқа түседі, дамиды, өзінің негізгі сипатына ие болады; мен оларды энкратиялық тілдер немесе дискурстың энкратиялық түрлері деп атаймын. Басқа тілдер болса Биліктен тыс және/немесе оған қарсы жасалады, орналасады, қаруланады; мен оларды акратиялық тілдер немесе дискурстың акратиялық түрлері деп атаймын.

Дискурстың осы екі негізгі формасының сипаты бірдей болмайды. Энкратиялық тіл нақты емес, бұлдыр, "табиғи" сияқты болып көрінеді және сондықтан түсініксіз болады; бұл бұқаралық мәдениеттің (үлкен прессаның, радионың, телевизияның) тілі, сондай-ақ белгілі бір мәнде тұрмыстың да, көпшілік арасында тараған пікірлердің (доксаның) де тілі; энкратиялық тілдің қуаты оның қайшылығында — ол бір мезетте астарлы (оны бірден түсіну қиын) және салтанатты (одан оңайлықпен құтыла алмайсыз); ол жабысқақ және барлық жерде кездесетін тіл деуге болады.

Керісінше, акратиялық тіл нақты ерекшеленеді, доксадан тыс жатады (яғни парадоксты); оған тән болатын жіктелу қуаты оның жүйелігінен туындайды, ол идеологияға емес, ойға негізделеді. Бүгінгі таңда акратиялық тілдердің нақты мысалдары ретінде марксистік, психоаналитикалық дискурстарды атауға болады, бұларға мен құрылымдық дискурсты да қосар едім, — оның акратиялығы кемдеу болса да, ол өз статусы бойынша бірден көзге түседі.

Бірақ ең қызық нәрсе акратиялық сала ішінде де жаңа жіктелістердің, өзіндік тілдік бөліністер мен тартыстардың болуы — сыни дискурс диалектілерге, үйірмелерге, жүйелерге ыдырайды. Мен мұндай дискурстық жүйелерді Фикция (Ницшенің термині) деп айтар едім; тағы да Ницше айтқандай, біздің рухани сословиені құрайтын интеллектуалдарды, осы тілдік Фикциялардың суреткерлік өңдеуімен айналысатын ерекше каста ретінде тануға болады (шынымен-ақ, формулаларды, яғни тілді иелену және қолдану ежелден бері діни қызметкерлердің еншісінде болып келген).

Сондықтан да дискурстық қатынастар арасында күшке негізделген қатынастар болады. Әлді жүйе дегеніміз не? Бұл — кез келген жағдайда нақты тіл иеленушілердің түкке тұрмайтын майдалығына қарамастан өз қуатын сақтап, қызмет атқаратын тілдік жүйе: марксистік, психоаналитикалық немесе христиандық дискурстың жүйелілік қуатына кейбір марксистердің, психоаналитиктердің немесе христиандардың ақымақтығы ешқандай нұқсан келтіре алмайды.

Дискурстық жүйеге, фикцияға тән осындай жауынгерлік қуат, билікке деген қызығушылық неге негізделген? Қазіргі кезде біздің тілімізге мүлдем жат Риториканың даму кезінен бастап, тілдік соғыстарда қолданылатын қаруды қолданбалы талдау бірде-бір рет анықтаған емес. Біздің әрқайсымыз күн сайын тілдік террордың әртүрлі түрінен зардап шегіп жатсақ та, біз үшін біздің логосфераның (осылай атасақ да болады) физикасы да, диалектикасы да, стратегиясы да әлі таңсық нәрсе. Дискурстық қарудың кем дегенде үш түрін анықтауға болар еді.

1. Кез келген әлді дискурстық жүйе дәлелдердің, шабуыл мен қорғаныс тәсілдерінің, тұрақты формулалардың көрінісі (театрлық мәнінде — show)68 болып табылады; ол -субъект өзінің истерикалық ләззат алу қуатымен толтыра алатын қандай да бір мимодрама.

2. Жүйелілік фигуралардың (риторикалық фигуралар бұрын осылай аталған) болатыны даусыз. Олар социолектіге абсолютты тығыздық беру үшін, жүйені тұйықтау және қорғау арқылы оның ішіндегі жауды қуып шығу үшін жасалатын дискурстың жеке формалары. Егер, мысалы, психоанализ "психоанализді жоққа шығару — психоанализ зерттейтін психикалық қарсылықтың бір формасы саналады" дегенді айтса, онда ол жүйеліліктің бір фигурасы болғаны. Мұндай фигуралардың жалпы міндеті — басқаны өз дискурсына қарапайым объект ретінде қарап, әлді тілде сөйлейтіндер қатарынан шығарып тастау мақсатында енгізу.

3. Егер мәселеге тереңдей берсек, онда іс жүзінде тұйық синтаксистік құрылым саналатын фразаның өзі жауынгерлік қару, қорқыту құралы болмай ма? — деген сұрақ туындайды; кез келген аяқталған фразада оның жағымды құрылымында қандай да бір қатерлі-императивті нәрсе болады. Тіл иелері алдында қорқақтап, бой ұсынатын субъектінің абыржығаны жартылай, нақтылығы әлсіз және мағынасы түсініксіз фразалардан әрқашан көрініс табады. Шынында да, біз өзіміздің күнделікті, бәлкім еркін өмірімізде тұтас фразалармен сөйлемейміз; ал екінші жағынан сөйлемді иелену — билікке жақындау деген сөз: күшті болу — ең әуелі, өз фразаларынды аяғына дейін айтып сөйлеу. Тіпті, грамматиканың өзінде де фраза билік, иерархия тұрғысынан сипатталады: бастауыш, бағыныңқы, толықтауыш, меңгеру және т.б.

Сонымен, осы тілдердің соғысында біз не істеуіміз керек? "Біз" дегенде мен интеллектуалдарды, жазушыларды, дискурспен айналысатындарды мегзеймін. Бізден, әрине, бұдан қашып құтыла алмаймыз: біздің мәдениетіміз бен саяси таңдауымыздың жағдайына байланысты өзіміздің әлеміміз бен тарихымыз міндеттеген жеке тілдің біріне жалдануымыз, соған қатысты болуымыз талап етіледі. Сонымен қатар, бізге, жалданбаған, бөтенсімеген (қиялымызда болса да) тілден ләззат табудан да бас тартуға болмайды. Сондықтан жалдану мен ләззат алуды қатар ұстап, тілдің плюралистік философиясын дәріптеуге тура келеді және осы іште жататын жағдайдан тыс болу Мәтін болып табылады. Шығарманың орнын басатын мәтін, жазуды өндіру процесі болады; қоғамда оны тұтыну, біз ойлағандай, бейтарап емес (мәтінді бәрі оқи бермейді), есесіне оның өңделуі еркін түрде жүзеге асады, өйткені (тағы да Ницшеге сүйенемін) онда тілдің Тұтастығын (Заңды) құрметтеу жоқ.

Шынымен, тек жазуда ғана сөйлеудің ең салмақты, тіпті, ең агрессивті түрлерінің фиктивті сипаты ашық мойындалуы мүмкін, тек жазуда ғана онда қажетті театрлық қашықтық сақталып, қарастырылуы мүмкін; мен, мысалы, бүкіл байлығы мен көлемін паш ете отырып, психоанализдің тілін пайдаланамын, бірақ in petto69 оны роман тілі ретінде бағалауым мүмкін.

Екінші жағынан, тек жазуда ғана сөйлеудің әртүрлі түрлерінің араласуы мүмкін (мысалы, психоаналитикалық, марксистік, құрылымдық) оның нәтижесінде білімнің белгілі бір гетерологиялығы пайда болады, тілге карнавалдық өлшем танылады.

Сонымен, тек жазу ғана бастапқы нүктесіз жалғасын таба алады, тек жазу ғана кез келген риторикалық дұрыстықты, жанрдың кез келген заңдарын, кез келген өзіне-өзі сенімді жүйелілікті бұза алады. Жазуға атопикалық тән; ол тілдердің соғысын жоққа шығармаса да, оны ығыстыра отырып, оқу мен жазудың пәні ретінде өктемдіктің орнын ықылас басатын тәжірибенің болуын болжайды.

1973, Le Conferenze dell'

Associazone Culturale Italiana.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...