Тіршілік қабатынан 5017 метр биіктіктегі өмір: саяхатшы сазы

ТАНЫМ
2218

Адам расында өмірде екі нәрсе үшін өкінуі мүмкін. Ол көп саяхаттамағаны үшін және шын сүймегені үшін. Әрине, бұл тізімге біз шешім шығара алмағаны үшін деген катерогияны қосамыз. Себебі, адам саяхаттау үшін де, сүю үшін де шешім шығара білуі керек. Иә, бәлкім, адам өмірінде жалғыз нәрсе үшін өкінеді дегеніміз дұрыс шығар: шешім шығара алмағаны үшін. Өзбек ақыны Мұхаммед Салықтың "Ағаштар шайыр болса" деген өлеңінде "Ағаштар шайыр болса, саяхат жайлы, тек қана саяхат жайлы, саяхат, саяхат, саяхат жайлы жазатын еді" дейді. Шайыр ағаштың шешіміне бас имеске шара жоқ. Ағаш түгілі адам қолына қалам алса ең сұлу тақырып саяхат болмақ. Мейлі, ол назым болсын, насыр болсын маңызды емес. Себебі, онсызда саяхат туралы жазбаның болмысында назым мен насыр үндестік табады. Осы орайды "Мәдениет порталы" Еренғайып Қуатайұлының Талғар саяхаты туралы жазбасын оқырман назарына ұсынады. Мархабат!

02.07/ сағат 3:30

Қала қалың ұйқыда жатыр. Біз тауға аттанып кеттік. Ет қайнатым уақытта Есік көлінің желкесіне келіп жеттік. Бұдан ары көлік жүре алмайды. Темір тұлпар осы жерде - қорықшыда қалады. Рюкзактарымызды өлшедік. Менікі 15,5 келі тартты. Жеңіл! Былтыр 23 келі рюкзакпен 13 күн тауда сапар шеккенмін!..

Сағат 5:30. 

Арқамызда рюкзак, қолымызда таяқ. Ал, кеттік! Алдымызда - асқар шың Талғар! Біз - бесеуміз.  Ершат, Жоанна, Данил төртеуміз - Alpine Asia Team альпинистер клубының мүшесіміз. Айрат - астанадан келген серігіміз. Жолбасшымыз - Ершат. Есік өзенін бойлай тізіле соқпақ жолмен өрлеп келеміз. 

Тасыған өзен. Терең сай. Ну орман. Жартас. Жанға жайлы  саф ауа.

Жарсайға жетіп дамылдадық. 1963 жылы Есік қаласын алып кеткен сел дәл осы Жарсай мұздығынан басталған-тын...

Өте қауіпті өзен өткелдерінен өттік. Күн көрінбейтін жыныс орман ішімен келе жатырмыз. Арамыз екі қадымнан артық емес. Бір-біріміздің атымызды айқайлап айтып келеміз. Бұл - аюмен бетпе- бет келмеудің амалы.  Егер орман иесімен қапелімде жүздесіп қалсаң, ол өз өмірі үшін адамға шабуыл жасайды. Жалғыз амал - айқайлау арқылы оны алыстату. 

Түс әлетінде Бозкөлге жеттік. Бозарып көлдің табаны жатыр. 5 минут аялдадық. Жолбасшы қатал, 5 минуттан артық отыруға, артық тағам жеуге, мөлшерден тыс су ішуге, былқ-сылқ етіп баяу жүруге қатаң тиым салған. Топтан бір елі қалуға, топты кідіртуге ешкімнің қақысы жоқ! 

Бозкөлден кейін ағаш атауы селдірей бастады. Жалаңаш тау басталды. Қой тастардың үстімен келеміз. Сақ жүрмесең тастың арасына түсіп кетуің кәдік. Әр тасты сауысқандай сақ басып жылжып келеміз. Алда-жалда мертігіп жатсаң өзіңді ғана емес, түгел топты тығырыққа тірейсің.  Соның үшін үйдей жауапкершілік мойныңда! 

Ақшамға таман Ақкөлге жеттік. Шатырымызды тіктік. Бүгін осында түнейміз.

03.07/ Сағат 5:00 

Ақкөл таңы әдемі.  Тау басында күн нұры. Ақбас таулар мен мұндалайды. Сай-саладан сарқыраған өзендер асаудайын буырқанады. Жылжып аққан бұлақтар сыңғырлайды. Тұс-тұстан ән салған құстар табиғатқа сән береді. Өсімдіктің жұпар иісі танауыңды жарады. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Азон қабатында жүргендейміз. Енді міне қар кешеміз. Қардың асты мұз. Аяққа таға байладық. Баяу өрлеп барамыз. Ақкөлден кейін сай кең аңғарға ұласты. Тағалы атша жүріп көп кешікпей Көкбұлақ асуына жеттік. 4200 биіктікте тұрмыз! Ғажап! Алдымызда ақ күріш алқабындай атақты Корженевский мұздығы шалқасынан түсіп жатыр! Ұзындығы 12, ені 1 шақырымға жуық алып мұздық ақ күмістей жалтырайды. 

Тағамызды шештік. Көкбұлақ асуынан асып, құлдап келеміз. Міне, Шелек өзенінің бастауы. Корженевский мұздығының етегіне іліндік. Күн шағырайып тас төбеде тұр. Бетімізге күнге қарсы крем жақтық баттап. Бет-ауызды тұмшалап жаптық. Қолғап кидік. Ашық жер қалмады. Биіктегі ультра күлгін сәуле мұзға шағылысып адамды күйдіреді. Тіпті өліп кетуің де мүмкін. Мұз бетінде жылжып аққан тарам-тарам су Шелек өзені бастауына қосылып жатыр. Ара кідік көлденең арықтар кездеседі. Бейне бір егін алқабының арықтары тәрізді. Бір өзеннің емес, мың өзеннің қайнарына татитын мұздық бітсейші, әлі келеміз... 

Шанқай түсте мұздықтың иек тұсына жетіп жығылдық. Ыстықтан қалжырадық, білем! Көл жиегіне шатыр тіктік. Бүгін Талғар шыңы қолтығына қонамыз. Түстеніп алдық. Бұршақ аралас жаңбыр жауды. Бүркеніп ұйқыға бас ұрдық. 

04.07/ сағат 1:00

Түн ортасында ояндық. Талғар шыңының тас төбесінде жеті қарақшы тұр. Аспан тұп-тұнық. Жұлдыздар жымыңдайды. Қол созым жерде самаладай самсап тұр. Мүлгіген тыныштық! Кешегі сылдырап аққан бұлақтар тып-тыныш. Қатып қалған. Температура нөлден төмен. Бүгін - маңызды күн. Штурм!!! Ауа-райы қолайлы сияқты. Боран жоқ! Кеше шатырға су әкеліп қойғамыз. Газ жақтық. Шай қойдық. Ауқаттанып алдық. Әл жыйдық. Артық бұйымды шатырға қалдырдық. Рюкзакқа жылы күрте, бір литр ыстық шай, екі тілім қазы, бір уыс кәмпит, жарты литр кола салдым.

Белдік тақтық. Белдіктің қақ ортасында, яки, кіндік тұста жарты құлаш және үш қарыс екі мұртша байланған. Ұзынына жумар, келтесіне карабин бекітілген. Карабинді қайлаға іліп, бекіттім. Қайланың астын созып таяқша жасадым. Оны оң қолмен ұстаймын. Сол қолымда таяқ болады. Аяққа таға байладық. Маңдайға жарық байладық. 30 құлаш арқанды бес жерінен түйдік. Буынып түйіндік. Тас түйін дайынбыз! Бес түйіншекке бесеуміз белдіктегі карабинді ілдік. Бісілміллә, ал, кеттік. Арқан жерге тимесін. Арада ірку болмасын. Тас қараңғы түнде жеті қарақшыны бетке алып, Талғар шыңына беттедік. Қайламыз көк мұзға қарш-қарш қадалады. Тағамыз кірш-кірш кіреді...

Бір сәтте оң жағымнан гүрс еткен дыбыс естілді. Жалт қарадым, мұздық қақ айырылыпты... 

Енді бір шақта алдымда келе жатқан Айрат жалп ете қалды. Жарыққа түсіп кетіпті. Тоқта! Топқа команда берілді. Белуарынан түскен екен, жарықтың ернеуін екі қолымен тіреп тұр. Арқанды кере жүрмесең жарыққа түскен адам сені де алып кетуі мүмкін...

Беті қатқақ, асты аюдың апанындай жарықтар көп. Бірнеше жарықтан аттап өттік. Тереңдігіне көз жетпейді. Ені бір қарыстан екі құлашқа дейін жетеді. 

Сүрініп кеттім, жарыққа құладым. Шынтақ пен аяқ тіреп отыра қалдым...

Мұз бітті. Омбы қар басталды. Жолымыз биіктеді. Алға басқан қадамымыз артқа кетті...

Қайла мен таяқты кезек қадап өрмелеп келеміз. Таң атты, күн көзі көрінді. Төңірек ақ ұлпа бұлтқа ораныпты. Бір-екі күн бұрын қар көшкіні болыпты. 

Сағат 9:00. Талғар шыңының ұшар басына жетіп қайламызды қададық! 

Alpine Asia Team клубының кезекті тобы - шың басындамыз! Төңіректегі ақ бас таулардың төбесінен қарап тұрмыз! Бұлттан биік жердеміз. Жел соқты. Бетті суық қарыды. Күн аумай келген ізбен кету керек. Күн ысыса қар босап, көшкін жүруі мүмкін...

Тауға шығу оңай, түсу қиын. Аман-есен төрт көзіміз түгел шатырға оралдық. 

Жиналып, жолға шықтық. Көкбұлақ асуынан асқан соң әбден қалжырадық. Не де болса Ақкөлге жетіп қонамыз дестік. Күн батпай жетіп үлгердік...

5. 07/  

Таңғы 5-те тұрдық. Буынып түйініп аттанып кеттік. Ағарып артымызда Ақкөл қалды. Бозарып Бозкөл қалды. Шанқай түсте көлігімізге жеттік! 

4-5 күнге жоспарлаған сапарымыз осылай 3,5 күнде мәресіне жетті. Яки, "Сұңқар" арнайы жасағы жігіттерінің рекордын қайталадық. Мұны қазақша құр аттың жүрісі дейді. 

Альпинизмнің қыр-сырына қаныққан ғажайып сапар болды! Орасан тәжірибе жинадық. Алда қызықты сапарлар, әлбетте, болады!

Еренғайып Қуатайұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...