Балет. «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» қойылымы күтеді

ТЕАТР
843

Балет кешінің мазмұнды бағдарламасында әлемдік хореографиялық өнердің жауһарлары бір жерге жиналып, елорда тұрғындары мен қонақтарына «Астана Опера» сахнасында 5 наурызда таныстырылады. Көрермендерді классикалық және заманауи балеттерден үздік нөмірлер, сондай-ақ Раймондо Ребектің How long is Now («Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?») бір актілі қойылымы күтеді. 

Гала-балетте хореографиялық өнерді бағалайтын жандар дебютант София Әділханова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаевтың орындауында Петр Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен Қара аққудың па-де-десін тамашалайды.

Жорж Бизенің музыкасына Ролан Петидің хореографиясында «Кармен» балетінен дуэтті алғаш рет Анастасия Заклинская мен Диас Құрманғазы таныстырады. Айта кетейік, Кармен партиясының эталондық орындаулары әлемдік балет прималары Зизи Жанмер мен Алтынай Асылмұратоваға тиесілі. 

Дебютке дайындалып жатқан Анастасия Заклинская атап өткендей, оқиға желісі бойынша оның кейіпкері құштар, еркіндікті сүйетін және кей тұстарда үнемшіл, әрдайым жұртшылықтың назарында болуға бойы үйренген сыған қызы. 

– Бұл партияға әр орындаушы өз ойын қосады және бейнеге түрлі бояулар үстеп, Карменге сәл басқаша мінез береді. Әзірге менің өз кейіпкерімді қалай көретінімді айту қиын, себебі біз өзіміздің сахналық бейнелерімізбен танысуды енді ғана бастадық. Алайда менің түйсігім бойынша, ол ешқандай кек сақтамайды, оның бойында арамдық пен жасандылық жоқ. Ол еркетотай және соңы не болатынын ойланбастан әрдайым өзінің армандары мен сезімдерінің соңынан ереді деп ойлаймын, – деп атап өтті солист.

Сондай-ақ Гала-балет бағдарламасына Дмитрий Брянцевтің хореографиясында Назира Заетова мен Александр Корниловтың орындауында «Ескі сурет», Нима Токов, Руслан Қанағат, Ислам Қайыпбайдың интерпретациясында Патрик де Бананың «Дала үні» балетінен «Жануарлар» секілді жарқын нөмірлер енді. Шұғыла Әдепхан мен Серік Нақыспеков композитор Арам Хачатурянның «Спартак» балетінен дуэтті таныстырады, ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева мен Арман Уразов Ролан Петидің «Таис» нөмірімен сахнаға шығады. 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әнел Рүстемова мен Бақтияр Адамжанның орындауындағы Людвиг Минкустың «Дон Кихот» балетінен әйгілі Па-де-де Галаның шарықтау шегі болмақ. Қосымша вариацияларда Амина Кисембаева (дебют) және Айжан Қажыбаева өнер көрсетеді. 

Жаңа көктемгі бағдарламаның екінші бөлімінде көрермендерді заманауи неміс хореографы Раймондо Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» балетімен кездесу күтеді. Айрықша спектакльді танымал балетмейстер арнайы «Астана Опера» труппасы үшін қойған болатын. Балет желісінде терең философиялық ой тізілген: түрлі өмірлік жағдайларда өлшеу және бағалау қиын болып жататын уақытқа автор баса назар аударған. Қас қағым сәт ұзаққа созылатын, немесе, керісінше,  шексіздік бір сәтке пара-пар келетін  кездер болады. Балет солистері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева, Әсел Шайкенова, Назира Заетова, Олжас Тарланов, Далер Запаров, Данияр Жұматаев осынау күрделі тақырыпқа бидің көмегімен ойланады. Алғаш рет Уақыттың партиясында Сұлтанбек Ғұмар өнер көрсетеді. 

– Менің кейіпкерім – нақты адам емес, бұл абстрактілі субстанция. Ол жылжып, барлығын өз орындарына қояды және ешкімді күтпейді. Осы жағдайды жеткізу – менің міндетім. Уақыт спектакльді бастан-аяқ жүргізіп, әңгімелеуші ретінде болады, қойылымның барлық желілерін біріктіреді. Сондай-ақ біз күнделікті өмірде сирек ойланатын өте күрделі тақырыптарға, мәселен адам өміріндегі уақыттың маңыздылығы, әр минуттың қадірі жайлы ой жүгіртеді. Ол көрермендерге уақыттың әрқайсысына берілетін шектеулі қор екенін жеткізеді. Алайда біз қанша өмір сүретінімізді білмейміз, сондықтан жақындарымыз бен өміріміздің әр сәтін бағалауымыз керек, – деп атап өтті орындаушы. 

Әртістің айтуынша, оған спектакль, сондай-ақ қойылымды біріктіретін өз партиясы қатты ұнайды. 

– Біз өте мұқият дайындалудамыз, себебі алдымызда дуэттер мен триоларға толы көп қырлы балетте өнер көрсету міндеті тұр. «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» спектаклі заманауи хореографияда жасалған және онда бірлескен сахналар молынан кездеседі, – деп әңгімеледі биші. 

Айта кету керек, көптен күткен көктемнің белгісі болып табылатын Балет кеші ғажайыпқа қосылуға әрі «Астана Опера» балет труппасының көпшілік мойындаған сахна шеберлерімен қатар, келешегінен зор үміт күттіретін жастардың орындауында әлемдік және заманауи хореографияның жарқын нөмірлерін бағалауға  жақсы мүмкіндік болмақ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...