Фархад Молдағали: «Ел ұнатқан спектакльге жаңа өмір беруім керек»

ТЕАТР
3575

Саф алтындай таза өнер ұжымы өз көрермендерін асыға күтеді. Бүгін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Фархад Молдағалидың режиссерлігімен «Қарагөз» қойылымын көрермен назарына ұсынбақ. 

Қойылым заңғар жазушы М.Әуезовтің «Қарагөз» драмасы желісінде сахналанбақ. Театр ұжымы бейкүнә қыздың тағдыры мен сарсаңға түскен қос тараптың тартысқа толы шиеленісін спектакльдің тың нұсқасында көрсетуге тырысты.

Режиссер Фархад Молдағали

Фархад Молдағали: «Өздеріңіз біліп отырғандарыңыздай мен және де Қарагөзде басты негізгі рольдерді ойнаған актерлардың ыстық ұясы, үлкен мектеп берген Сәбит Мұқанов театрындағы жұмысымызды тоқтатуымызға байланысты спектакль де сахнада өмір сүруін тоқтатты. Соңғы рет 2020 жылы 4 ақпанда ойналыпты. Енді араға 1 жарым жыл салып Ғабит Мүсірепов театрының сахнасында спектакль қайта көрерменімен қауышады. Қуанып жатқан көрермендер қаншама. Сонымен қатар, «Неге? Неге қайталайын деп жатыр? Қалай?» деген сияқты сұрақтар да болады. Қысқа ғана әзірге негізгі ойымды айтайын. Біріншіден ешқандай спектакльді қайтадан басқа театрға қоймас едім, бірақ бұл спектакльдің жөні бөлек . Ертең спектакль шыққанда «қайталап қойды» деп осының бәрін жарыса жазатын адамдар да болады. Бірақ бұл спектакльге өмір беру. Жалпы маған жол ашып, қазақ театр өнеріне Фархад Молдағалиды таныстырған «Қарагөз» болатын. Бүкіл театр қауымы, өнер өкілдері, қарапайым көрермен тегіс тамашалады. Қаншама жыл өткеннен кейін де біреу маған: «Сен қазақ театры үшін не істедің?» деп сұрақ қойса, ойланбастан «Мен Қарагөзді қойдым» дер едім. Мен үшін өте қымбат спектакль. Мүсірепов театрына келгеннен кейін Азамат аға «Қарагөзді» қайталап қоюымды қалады. Мен жарты жылдан аса қарсы болып жүрдім. Бірақ бір күні Азамат аға маған: «Спектакльдің аманаты деген болады. Бұл өте аз ойналды, қаншама көрермен көрмеді. Бұл спектакль Әуезовтың және театрдың саған берген аманаты... Аманатқа қиянат жасама» деді. Ағамның сөзі қатты ойландырды. Шынымен де ғұмыры екі-ақ жылға созылған, 30 шақты рет қана ойналған, ел ұнатқан спектакльге жаңа өмір беруім керек. «Қарагөзге» жаңалық енгізбеймін, өзгертпеймін, толықтырмаймын, бірінші рет қалай қойылса, солай қалпына келтіремін. Спектакльдің ең бірінші атмосферасын, өзегін жоғалтпас үшін Нарша мен Қарагөзді театрдың тұрақты әртістері емес, Нұржан Асылхан мен Мадина Өсербаева өздері ойнайды. Спектакльдің ең басты жаңалығы да сол. Көркемдік жетекші ретінде де репертуарымызға бұл спектакльдің қосылуы үлкен оқиға». 

madeniportal.kz

author

Мұхтар Әуезов

СЫНШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...