Қасиетті Рамазан айында «Астана Опера» қайырымдылық акцияларын өткізуді жалғастыруда. 17...
Мүсірепов театры. Жас көрермендерге кезекті тарту
Жарты ғасырға жуық ғұмырында мыңнан астам өлең, онға жуық поэма жазған, қазақ поэзиясның символы атанған Мұқағали Мақатаевтың есімі бүгінде баршаға мәшһүр. Ұлт поэзиясын шетсіз кеңістікке, шексіз биіктікке жетелеген ақынның шығармашылығы терең тұңғиығымен, кіршіксіз тазалығымен ерекше. Талай ғашықтар ақын шығармалары арқылы сырларын бөлісіп, сезімін жеткізген.
Соңғы күндері қазақтың қара өлеңінің қасиетін түсінетін жандар көбейіп, ақынға арналған көркем кештердің көп болуы көңілге қуаныш сыйлайды. Солардың бірі - көпшіліктің көңілінен шығып, аз уақыттың ішінде сұранысқа ие болып үлгерген Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрындағы «Мұқағали. Музаға...» атты әдеби музыкалық кеш. Талғампаз көрермендердің ықыласына бөленген өнерпаздар кәсіби актерлер емес, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Театр өнері» факультетінің «Музыкалық драма театр артисі» мамандығында білім алып жүрген оқу практикасындағы студенттер.
Жастардың бойындағы жалынды жағуға жақын режиссер Фархад Молдағали болашақ артистердің өнердегі тұсауларын кесті. Режиссердің ерекшелігі сол, жастар мен жас көрермендер арасындағы байланыс құра білуі. Оған дәлел, жоспар бойынша екі рет қойылуы керек әдеби кеш көрерменнің сұрауы бойынша жалғасын тауып келеді.
Театрда таяуда шымылдығын түрілген ҚР Халық артисі Қалтаев атындағы сахна лаборатория ретінде жұмыс жасап жатыр. Қалтаев залының алғашқы қойылымы заманауи драматургияның жарқын үлгісі «Дилфизо мен Донада» (реж.: К.Бесолти) болса, екінші мұзбалақ ақынға арналған музыкалық кеш болды. Жас артистер көрермендерді ақынның ыстық лирикасымен сусындатты.
Елу минут сезімнен ес жинағанша бес минуттай болып өте шықты. Кіршіксіз өнерді сүйетін креативті көрермендер барда, театр таянбай еңбек етіп, талғамы биік көрермен үшін тер төгуге дайын екенін осындай махаббатпен қойылған спектакльдер дәлелдейді.