Жарты ғасырға жуық ғұмырында мыңнан астам өлең, онға жуық поэма жазған, қазақ поэзиясның символы ата...
Опера патшайымы
Қазақ опера өнерінің жарық жұлдызы Хорлан Ықсанқызы Қалиламбекова Қарағандыда 1944 жылы қарашаның қарасуығында туды. Сол түні үшінші баласы туарда түрмедегі әке түс көрген. Қарқаралының қазағы Карлагта қамауда отырған. Анасы айы-күні тақап отырса да, Карлагқа күйеуіне тамақ апара жатқан, түнде толғақ басталып, фельдшер келіншек өзін-өзі босандырған. Таңертең жас босанған ананы Балқашқа аттандырып, ол жақтағылар шанамен тосып алды.
Ел басына нәубет төнген ашаршылық, жұт жылдары анасы Зейтіннің әулеті Егіндібұлақтан Сібірдің Кемерово облысына қашып барып паналаған. Ықсан тексеру жұмысымен шет өлкеге барады. Екеуі түп қазығы Арқаның тумалары, алыс жақта табысып, әкесі ескі қазақ дәстүрімен қалыңдығын елге алып қашып кетеді.
Отбасы соғыс уақытында Балқашта тұрды. Балқашта эвакуациямен эшелондармен келгендер, орыстар, өзге ұлттар өте көп болатын. Көл жағасындағы барақта бірнеше отбасы көрші тұрды. «Аяғыңды тоңдырып алдық, сен өте ерте сөйлей бастадың, бірақ тез жүре қоймадың. Орыс әйелдер Зейтін Бектемірованың қызы мешел, сөйлей алса да, аяғын басып жүре алмайды деп айта бастады. Мұны естіген ұлты поляк дәрігер: «Ыстық құмға жылқының тезегін салып, қызыңды белуардан көміп отырғыз. Бала әбден терлегенде барып құмнан ал, жүрегіне шаппау үшін осыны күнара қайтала»,– деп кеңес берді». Анасы айтқанды бұлжытпай орындап, құйрық басып шоқиып отыруды ғана білетін кішкентай қызын құмнан суырып алғанда бірден аяғын басып, жүріп кетіпті. Бала болса да алғаш қаз басып, қадам жасаған сәтін Хорлан жадында терең сақтап қалды.
1948 жылы әкесі тұтқыннан босап шыққан соң отбасы Қарағандыға көшті, қала таза орыс тілінде сөйлейтін, бір көшеде жалғыз қазақ отбасы болды. Қайран әке жасөрім қызы ел алдына шығып ән салғанын теледидардан көргенде баяғы түсі есіне анық түсті. Түсінде Қараменде әулие үстінде шапаны бар, мұның қолына кішкентай құс ұстатты, құс шырылдайды. Саяси қуғын-сүргін заманда Карлагта негізінен оқыған азаматтар, ғалымдар, өнер адамдары отырды. Саяси тұтқын орыс: «Білесіз бе, Ихсан, мынау аян түс, келіншегіңіз қыз туады, ол ән салады! Үлкен әнші болады!», – деп түсін оң жорыған. Хорланның құдай берген дауысына риза пейілді әкесі: «Қызым, сен туарда Қараменде әулие нышан берді, үлкен сахнаға шыққанда есімін атап, рухы жебей ғөр! – деп айтып жүруді әсте ұмытпа», – деп тапсырды.
Ол уақытта Қарағандыдағы музыкалық училище өте күшті болатын. Саяси айдауға ілігіп, Карлагта отырып шыққан үлкен артисттердің көбі Мәскеу мен Ленинград сияқты ірі қалаларға кері оралмай, мұнда біржола қалып қойды. Бәлкім, қанды репрессияда отбасын жоғалтқан, барар жер, басар тауы қалмаған тағдыры ауыр жандар. Зиялы қауым оқытушылық қызметке орналасып, балаларға білгенін үйретуге көшті. Биік мәдениет, терең білім, эстетикалық тәрбиені жас ұрпақтың бойына сіңірді. Хорланның алғашқы ұстазы Тамара Спиридоновна Шенэйх, ұлты неміс, әйгілі мәскеулік оқытушы. Қазақтың қаршадай қызы білікті ұстаздан бокалдан сабақ ала бастады. Тамара Спиридоновна ынталы қыз балаға 4 жылда көп нәрсе берді. Жасы 71-де, зиялы, аса білімді жан шәкіртін баулып үлгерді, 4 жылдан соң дәмі таусылып қайтыс болды. Қабірі Қарағандыда, Хорлан Ықсанқызы елге жолы түскенде ұстазының зиратына барып, еске алып тұрады.
Дауысы академиялық-опералық Хорланды училищені бітірген соң қалада өтетін күллі мерекелерге ән салуға жіберетін. Әншілік өнер қанмен берілген, әкесі әнді асқақ шырқата салатын. Ол консерваторияға түсуді мұрат санады.Алматы жас қыздың албырт жанын ерекше баурады, әзелде жұмақтан кем көрінбеген. Алатаудың ақбас шыңдарын көріп, осы қалада тұратын боламын деп өзіне уәде берді.Консерваторияға бірден қабылданды, ұстазы Шенэйхтың төрт жылғы тағылымы Хорланның туа бітті дарынымен ұштасқанда тамаша нәтеже берді. Бокал бойынша әйгілі профессор Бекен Жылысбаев +5 қойды. Бұл мұнда үміткерді емтиханда құлатпау керек деген тыйымды әрі талантты аса жоғары бағалаған ризашылықты қатар білдіретін белгі болып саналады. Консерваторияның театр кафедрасында Шолпан Жандарбекова жұмыс істеді. Рахилям Машурова, Құман Тастанбеков сияқты театр саласының адамдарымен араласты. Спектакльдердің қоюшы-режиссері әйгілі шебер Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов. Режиссердің жұбайы, белгілі композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова Хорлан Қалиламбекованың табиғи әуезі күшті дауысына сүйсінетін.
16 мамыр 1972 жылы Хорлан дипломдық жұмысы Джакомо Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» атты атақты операсындағы басты партия Чио-Чио-Санды орындады. Абай атындағы опера және балет театрының көркемдік кеңес мүшелерін диплом қорғаушы студент қызды тыңдауға ректор шақырды. Соңғы курста театрға қабылдануды армандап жүрген. Наурыз айында консерватория бітіретін студенттерді жер-жерге бөлді. Бұл шараға Хорлан барған жоқ. Консерватория ректоры Еркеғали Рахмадиев кабинетіне шақыртты. Ол кісі тоқ етерін айтты: «Хорлан, мен сені көктемгі байқауда Фрунзеде тыңдадым. Сенің үнің өте жақсы. Жас мамандарды жер-жерге бөлгенде сені Теміртауға жібермекші едім. Бибігүл Төлегенова Халық артисі атанып, опера театрына ауысты. Оның орны Құрманғазы оркестрінде босап қалды. Шамғон сені әнші қылып қылып алуға келісті. Айлық жалақың 150 сом болады».«Еркеғали Рахмадиевич, Фрунзедегі байқауда мені тыңдасаңыз, егер сіз маған көмектесуді ұйғарсаңыз, опера театрында ән салғым келеді, болмаса Қарағандыға ораламын». «Хорлан, мінезбен көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Опера театрында 28 сопрано бар, оның үстіне Бибігүл барды. Онда бәсеке, кісі көп», – деп жауап берді ректор. «Опера театрында орын бұйырмаса, онда елге кетемін».
Әйткенмен, ректор жас талантқа жол ашып, Абай атындағы опера және балет театрына қоңырау шалған екен. Ғазиза Жұбанова, Сыдық Мұхамеджанов, Роза Жаманова Хорланның өнеріне тәнті болып, труппаға қабылдады. Бұл барша әншілердің арманы болатын. Көктен тілегені жерден табылды. Театр директоры Шалабаев: «Біз сізді бір шартпен жұмысқа аламыз, қазақ тілін үйренуіңіз керек». Әнші классикалық операдан бөлек ұлттық операның інжу-маржан арияларын түгел шырқады. Сара, Ақтоқты, Қамар сұлу, Еңлік бейнелерін үлкен сахнада мүлтіксіз, аса жоғары кәсіби деңгейде алып шықты.
Қазақстан Республикасының Халық артисі, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, сопрано Хорлан Қалиламбекованың даңқты жолы осылай басталды.
Бірден қазақ труппасымен гастрольға кетті. Төрт құраммен шыққан Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» спектакліне жаңа декорация жасауды ұйғарды. Роза Жаманова, Нина Радченко, Лида Свисткова, Хорлан Қалиламбекова – төрт әншіге Чио-Чио-Сан рөлі бұйырды. 1972 жылы 23 наурызда Дж.Пуччини операсының алғашқы қойылымы болып өтті. Премьераға Хорлан пір тұтатын әншісі Роза Жамановаға сыйлауға гүлмен келді. Спектакльде әйгілі өнер иесінің тамағы қарлығып, дауысы шықпай қалды. Хорланды залдан жедел шақыртып алды, тез гримм жасап, екінші актіге енгізді. Антракт созылыңқырап кетті. Сосын сахнадан: «Халық артисі Роза Жаманованың кенет сырқаттанып қалуына байланысты, Чио-Чио-Сан ариясын театрдың жас әншісі Хорлан Қалиламбекова орындайды» – деп хабарлады. Мұндай тосын жағдай сахна әлемінде болып тұрады. Ет пен сүйектен жаралған адам баласына тән жайт.
1977 жылы дирижер Базарғали Жаманбаев екеуін Болгарияға кәсіби сынақ мерзімін өтуге жіберді. Әнші бір жылдан аса тәжірибе жинақтап қайтты. келді. Болгарияның Халық артисі, София ұлттық опера театрының бас дирижері, жетекшісі Асен Найденов Хорланнан: «Қазақстан қайда?» деп сұраған. Қыркүйекте келген бетте Болгария опера өнерінің барша бетке шығар қаймағы алматылық екі қазақтың кәсіби деңгейін байқап көрді. Жас Хорлан мінсіз ән салды. Олар таң қалысып, қайда оқығанын, ұстаздары кім екенін сұрап білді. Осы елде «Музыкалық сервиздер» фестивалінде қалуын сұрады. Егер бұл елге тәжірибе өтуге келген әншінің кәсіби жетілуі кемшін болса, сынақты консерваторияда өтетін үрдіс қалыптасқан. Әншінің табиғи үні, кәсіби біліктілігі мықты екені білінсе, сынақ мерзімі София опера театрында өтеді. Мұнда Хорлан Қалиламбекова Джузеппе Вердидің «Травиата» және «Ригалетто» атты қос операсының партияларын итальян тілінде орындады. Болгарияда әр қалада: Пловдив, Варна, Бургас, Старозагорск, Руседе опера театры бар. Біздің қазақ әншісін осы қалалардың бәрінің дәмі тартты. Ол София ұлттық опера театрының құрамында гастрольге жиі барып тұрды.
Елге оралған соң композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсында – Айсұлу, «Ақан сері – Ақтоқты» – Ақтоқты ариясын орындады, бұл опера да әншінің дауысына лайықтап жазылды. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында, Ғазиза Жұбанованың «Еңлік-Кебек» операсында Еңлік ариясын және осы композитордың «28 панфиловшылар» операсында ария орындады.
1982 жылы 23 қаңтарда премьерасы өткен, либреттосын Ғабит Мүсірепов, музыкасын Сыдық Мұхамеджанов жазған «Ақан сері – Ақтоқты» операсында басты партияларды Кенжеғали Мыржықбаев пен Хорлан Қалиламбекова орындады. Операмен қатар жеке концерттер, концерттік бағдарламалармен өте көп айналысты. Репертуарында Шостакович, Римский-Корсаков, Чайковский музыкасы болатын. 1980 жылы әншіге Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі, ал арада екі жыл өткенде Қазақ ССР-інің халық артисі атағы берілгені тынымсыз еңбектің оң нәтежесі.
Консерваторияға Хорлан Ықсанқызын оқытушылылыққа ректор Ғазиза Ахметқызы шақырған. Талай талантты шәкіртті тәрбиеледі. Композитор Ғазиза Жұбановамен көбірек жұмыс істеді, екеуара тығыз шығармашылық байланыс орнады.
1995 жылы тағдыр жолы Хорлан Ықсанқызын Әзірбайжан Мәдиұлымен жолықтырды. Бұл әйгілі режиссердің қиындыққа тап болған өлара уақыты. Сүйікті жұбайы Ғазиза Ахметқызының дүниеден озғанына екі жыл болған. Жұмыссыз, бәрінен шаршап-шалдыққан, күйзелген шағына тап келді. Ең қиын сәтте өнердің айтулы қос тұлғасы кездесуі кездейсоқтық деуге әсте келмейтін құбылыс. Мәртебелі мэтрдың қарындасы Лейла Мәмбетовамен Хорлан құрбы болатын. Екеуін жолықтырған, таныстырған. Режиссер Хорлан Ықсанқызына бірден тұрмыс құруға ұсыныс жасады. «Біздер ересек адамдармыз, әуелі кездесейік, бір-бірімізді таниық». Құпия түрде жолығыса бастады. Бұрынғыдай үзбей ән салатын кезеңнен өтіп, Хорлан Ықсанқызы оқытушылық қызметке ден қойған. Жас дарындар жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатты, ал сахна сәні жастық. Әзекеңмен тату-тәтті тұрмыс құруды маңдайға жазыпты. Сөз шыға бастаған. «Давай, нашумим! («Кәне, шулатайық!»)», – деген Әзекең.
1999 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Әзірбайжан Мәмбетовті шақырды. «Астана ашылып жатыр, жас астананың мәдениетін көтерейік, барасың ба? Сені үйленді деп естідім», – деді Президент екеуара сұхбатта. «Иә, үйлендім. Хорлан Қалиламбекова». «Иә, мен білемін, жақсы әнші». «Ол да Астанаға бара ма?». «Әрине, барады». Телеэкран осының бәрін түсіріп алыпты. Әзекең үйге келе сала, «Мама, телевизорды қос», –деді асығыс. Зайыбын «Мама» дейтін. Әзекең таза шығармашылықтың адамы ғой, үйленгенін телеэкран арқылы айтқаны қызық болды. Сол-ақ екен, әріптестері тегіс құттықтап қоңырау шала бастады, Фарида Шәріпова, Шолпан Жандарбекова, әйгілі актриса Хорлан Ықсанқызына туыс болатын. Опера театрына алғысын айтып, Астанаға Әзекеңмен бірге кететінін мәлімдеді. 1999 жылдың тамыз айында екеуі әбден бауыр басқан әсем Алматыдан жас Елордаға жетті. Музыкалық академияға қызметке вокалдық ұстаз болып орналасты.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік музыкалық қазақ драма театрында Әзекең ең әуелі Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек» атты лирикалық драмасын қойды. Спектакльдің премьерасына Елбасы келгені жас театр үшін зор абырой болды. Сахнада кілең жас актерлер, оркестр ойнап тұр, хор ән салды, би билеп жатыр. «Сен үшін бұл кішкентай театр. Мықты спектакльдер қойдың. Біз әлі жаңа театр саламыз. Опера театрын ашу керек», – деді Елбасы сахнасы шағын театрда керемет музыкалық үйлесімді көрген соң. Әзекең Елбасының сөзін қуана құптады. Ертесіне Теміржол вокзалынан Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера театры ашылды. Мемлекет басшысы қадір тұтқан адамның өнер өрісін кеңейте түсуды қалады. Мәмбетовтың арқасында жаңа опера театры ашылды. Мұнда Әзекең Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын қойды. Бұл премьераны да Елбасы келіп көрді.
Опера театрында Хорлан Ықсанқызы вокалдан кеңесші болды. Аналардың ариясын айтатын уақыт туды. Чайковскийдің «Евгений Онегин»операсында Татьянаның анасының ариясын салды. «Артистерді, әншілерді менің қатысуыммен жұмысқа алдық, Біржан мен Сараның ариясын айтатын әншілер бар, Аналықты айтатын әнші табылмады. Әзекең: «Хорлан споет!», – деген. Бұл арияда жоқтау бар. Аналық «Қара бір шашым жаяйын», – деп жылайтын сәтінде залда отырған көрермендердің кеудесіне өксік тығылған», – деп еске алды әнші сол сәтті. Әзекең Хорлан Ықсанқызынан драма артисі сияқты ойнауды талап еткен. Әзекең елді жылатты. Ол опера театрында «Қыз Жібекті» қойды. Қуанышбаев театрынан бірталай адамдарды алды. Төлегеннің анасының ариясын Хорлан Ықсанқызы айтты. Әнші биік өнерімен Чехословакия, Польша, Португалия, Финляндия, Үндістан елдерінде шығармашылық сапармен болды.
Байсейітова театрында атақты әнші талай концерттер берді. Музыкалық салон дүниеге келді. 8 наурызда концерт берді. Әншілердің балалары өнер көрсетті. Жұрт ерен ұнатты. Керім шығармашылық күйге шомды. Астанада он жыл өмір сүру маңдайына жазылған екен, Әзекең сырқаттанып, дерті ұзаққа созылды. 2009 жылы қарашаның суығында дүниеден озған тау тұлға Әзекеңмен бірге қазақ театрының тұтас бір алтын дәуірі өте шықты.
Үлкен өнердегі алмастай өткір, көк жүзінде толған айдай толықсыған ең таңдаулы көркем жылдарына бір адамның ғұмыры сияды. Сұлу арман, биік мұрат, шынайы мәртебеге толы қызығы мен қиыншылығы, бейнеті мен ырзығы тең жарқыраған ақ таңдай әдемі шығармашылығы өткен шақтың еншісінде қалғаны әмірші уақыттың баяны. Оның тылсым табиғатын өлең таңбалар ма еді: «...Вдали – над головой вдали – / Обрывки безответных арии» (Андрей Белый).
Хорлан ханым Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, сонымен қатар Қаллеки театрында вокалдан ұстаздық етеді. Кезінде Хорлан Ықсанқызы Роза Жаманованы пір тұтты, көп үйренді. Енді жастарға өзі қамқорлық жасайтын мерзім жетті. Елордада өткен 21 жылда ол 42 шәкіртті үлкен өнерге баулыды. Шәкірттері жан-жақта игілікті жұмыс істеп жүр. Салтанат Ахметова, Жамиля Жәркембаева, Айгүл Ниязова, Әсел Уашева сияқты аса дарынды әншілер жұлдыздай жарқырап, үлкен кеңістікте Қазақ елінің абыройын асқақтатып жүр. Хорлан Қалиламбекова өнердегі жалғасым өз шәкірттерім деп біледі. Өз мектебін қалыптастыруды мұрат санайды.
Опера – европалық өнер. Ұстазы Хорлан Ықсанқызының айтуымен барып, 2014 жылы «Үлкен опера» атты ресейлік «Культура » арнасының тележобасы бойынша бас жүлдені жеңіп алған қазақ әншісі Салтанат Ахметова: «Опера бұрын корольдер үшін жазылатын. Оны тек сарай адамдары тыңдайтын, бұқара халықты жібермейтін. Мүмкін, осы шектеу опера өнеріне тек таңдаулылар тәнті деген аңызды тудырған шығар. Операны сүюге үйрету мүмкін емес», – дейді.
Хорлан Ықсанқызы өнердегі іштарлық, күншілдік, өсек-аяң, қоқыс, қитұрқылықты көрмеуге, мән бермеуге тырысты. Бәсекесіз өмір жоқ. Ол тәртіпке өте құлықты, жауапкершілігі зор, ішкі мәдениеті күшті, турашыл, айла-шарғысыз адам. Өнердегі ірі, шынайы жетістіктері табиғи дарынымен қатар адами қасиеттерінің арқасы екені шындық.
Айгүл Кемелбаева, жазушы,
«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты
27.09. / 9.10. / 21.10. / 16.10. / 22.10. / 26.10. / 27.10. /28.10. /8.11. 2019.