М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының 2020 жылдың қыркүйегінде жариялаған «Монодрама&r...
Ұлттың рухани негіздерінің бірі, ұлтты тәрбиелеуші – театр.
Ұлттың рухани негіздерінің бірі, ұлтты тәрбиелеуші – театр. Тіл мен дәстүрдің, сана мен салттың насихаты осында басталатындықтан, театр мен әдебиетті, сахна мен мәдениетті бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Мәселен, қаламгердің жақсы шығармаларын жұрт қызығып оқыса, актер сомдаған образы арқылы көрерменге "қызмет" етеді, адам жанын байытады.Театрдың негізін қалаған алыптар тобы табиғи талантын өнер жолына арнады. Тынымсыз еңбек етіп, тоқтаусыз ізденді. Қазақтың қанындағы қасиетті шығармашылықтарына арқау етті. Нәтижесінде, бізге осы әкемтеатрды – оның аласармайтын даңқын, сарқылмас мол қазынасын қалдырды.
Осы бір ізгілікті сабақтастық, яғни өнердің «эволюциялық дамуы» өзегін сақтай отырып ойдағыдай жалғасып, уақыт жаңалықтарымен ажарланып, құнарланып өрісін кеңейткені жөн болатын. Ал біз кейде бұл мәселеге атүсті қарап, өзімізді емес, өзгенің дүниелеріне тамсана көз сүземіз. Осы арқылы күллі әлемнің алдына түсетіндей асығамыз. Қазақы көрерменнің жан дүниесін ескермейміз. «Жоғары деңгейдегі талғамға үйретеміз» деген желеумен көрерменді рухани құндылықтардан алыстаттық. Класикалық туындылардың әсері ескіргендей көрініп, түбі таяз арзанқол дүниелерге қол соқтыратынымыз сондықтан. Өнеріміздің тамыры ұлттық рухпен ұштаспаса, қазақтың қажетіне жарамаса, нәтиже де болмайды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты мақалалардың өзі-ақ себеп-салдарды анық әрі жан-жақты көрсетіп жол нұсқады. Ақыл берді, ой салды. Соның тереңіне қаншалықты бойлай алдық? Біз ұрандауды алға шығарып, ішкі мәнге көңіл аудармаймыз. Ал салдарға емес, себепке үңіле білсек, ең алдымен, ұлттық өнеріміз ұтар еді... Өйткені рухани жаңғыру дегеніміз – сананың кемелденуі.
Әзірбайжан Мәмбетов, Райымбек Сейтметов секілді режиссерлеріміз театр өнерінде жаңашылдықты жақтай отырып, ұлттық өнердегі ерекшеліктердің жоғалмауын қадағалады, яғни «күпі киген театр өнерін шекпен жауып» халыққа қайтара алды. Соның арқасында Алматыдағы қазақтілді ортаның аздығына қарамастан, сол уақыттарда театр текті көрерменін сақтады. Мұны ерлік деп те, қайраткерлік деп те айтуға хақымыз бар.
Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған классикалық шығармалар – әлемнің рухани қазынасына қосылған құндылықтар. Кезінде сол шығармалар Мәскеу сахнасына қойылғанда талғампаз орыс жұрты сүйіне тамашалады. Спектакльде айтылған ойларды түбіріне дейін түсінді. Көрермен кереметтей әсерге бөленді. Бұл оқиғалар сахарада, қазақ үйінің ішінде өтіп жатыр демеді. Қаны мен жаны араласып кеткендей күйге енді. Мұндай классикаға ешкім шек келтіре алмайды.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» Франция сахналарында қойылды. Мұнда да спектакль жұртшылықтың ықыласына ие болды. Еуропаны елең еткізген сол туындыларды ескіріп қалды деп айтуға бола ма? БОЛМАЙДЫ! Бұларды сахналағанда осы жағына өте мұқият болған жөн. Әлеміштеп әсіребояу жағу қажет емес. Ол сол қазақы шекпен киген қалпымен-ақ бүгінгі жаңа буынмен тез «тіл табысады». Саxна арқылы «қайта тірілген» бабаларын жас ұрпақтың емірене қарсы алатыны да – ақиқат. Біз осы үндестікті бұзбауға міндеттіміз. Себебі классика еш өзгеріссіз сол күйінде қазаққа қызмет ете бермек. Қазір театрда ортақол драматургтің ортақол пьесасын күштеп қойдыратын «дәстүр» пайда болды. Осындай әрекеттерге түбегейлі тосқауылдар қойылса, қоя алсақ...
Абай атамыз Гетені, Пушкинді, Крыловты, Лермонтовты қазақшалағанда ол шығармалар ұлттың санасына судай сіңді. Шетелдік сахна өнерінің әдіс-тәсілдеріне жүгінген кезде біз де Абай өсиетін ескеруге тиістіміз. Оларды менталитетімізге сәйкес келтіріп көшірсек, ұлттық өнерге қиянат жасаудан да аулақ боламыз.
Актердің ең бірінші құралы – тілі. Өкінішке қарай, көркем ойлаудан, көркем сөйлеуден алыстадық. Кітап оқуға енжармыз. Халықтың арасында жиі бола бермейміз. Құрғақ ақыл айтқанды – көсемдікпен, есіп сөйлегенді шешендікпен шатастырамыз. Сөйлеген сөзіңнен бейне мен бояу көрінбесе, ол – тек жадағай тіркес. Бәріне бірдей қарапайым тілмен ұқтырудың оңай емес екендігін осыдан аңғарасыз. Тілдің қасиеті – елдің қасиеті. Қазіргі жастардың көбі сөзбен жарысатын «жайдарманшылар» бәсекесіне қатысады. Мұнда олардың көркем сөйлеуіне жете мән берілмейді. Жастардың мәз болғанына қарсы емеспін, десе де, «жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген Абай атамыздың өсиетін ескерген бұдан да маңыздырақ.
«Театр – киімілгіштен басталады». Бұрындары залдан көзің тойып, көңілің қуанатын әдемі киінген көрерменді көретінбіз. Қазіргі көрермен мұны ескермейді. Ролін жанын сап ойнап жатқан актерге қарсы алдындағы жігіттің қасындағы бойжеткеннің иығына басын қойып ұйықтап отыратыны да, образға еніп жас толы жанарымен залға назары түскенде сөзіңді тебірене тыңдайды деген кей көрерменінің қалтателефонымен сөйлесіп жатқаны да байқалады. Осының бәрі – таяздықтың, руxани тоқыраудың белгілері. Дейтұрғанмен, актер ретінде театрдың бәрбір жеңіске жететініне сенгім келеді. Қазақ қоғамы қайта түлеп жасанады, театр өнері де өркениет заманына сай рухымызға қажет оң өзгерістер әкеледі. Тек, сіз, құрметті көрермен, театрға келіп тұруды ұмытпаңыз.
Мерекелеріңізбен, менің әріптестерім!