Жас вокалистердің богемалық өмірі

ТЕАТР
1649

ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары айтулы оқиғаға дайындалуда. 23 мамырда олар Джакомо Пуччинидің «Богема» ауқымды репертуарлық спектакліне қатысады. Таңғаларлық дауыстар, театрдың Симфониялық оркестрінің орындауындағы тамаша музыка, сондай-ақ италиялық суретшілер жасаған көздің жауын алатын декорациялар мен костюмдер Париждің Латын кварталының қайталанбас атмосферасын жеткізеді. 


Әлемдегі ең танымал опералардың бірі– «Богема» осымен төртінші жыл «Астана Опера» сахнасында ойдағыдай қойылып келеді, десе де алғаш рет онда барлық партияларды жас вокалистер орындағалы жатыр. Академия тыңдаушылары өнер көрсетуге шындап дайындалуда. Бұл істе оларға ұстаздары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Талғат Мұсабаев, Жұпар Ғабдуллина көмектесуде. Күн сайын дирижер Руслан Баймурзинмен және оркестрмен бірге дайындықтар өтуде, режиссер Николай Куликов сахналық дайындықтарды жүргізуде. 


«Астана Операның» жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина атап өткендей, «Богемадағы» дарынды жас суретшілердің, философтар мен музыканттардың партиялары академияның жас әрі дарынды тыңдаушыларына өте лайық. 

– Әр рөлге дайындалу – бұл өте күрделі және көп еңбекті талап ететін жұмыс. Орындаушылардың басты міндеті – көрермендерге оқиға желісін, операның қайталанбас атмосферасын, музыканың әсемдігін жеткізу, автордың мәнерін айқындау болып табылады. Спектакльге дайындала отыра, біз италиянша сөздердің анық айтылуына назар аударамыз, – деп атап өтті оқытушы. – Мимидің партиясын Назым Сағынтай орындайды. Біз онымен сөз орамдары, динамика, речитативтік бөлімдер бойынша жұмыс істеудеміз. Басты кейіпкер – лирикалық бейне және Назымның әдемі дауысы оған өте сәйкес келеді. 

Мими рөлін орындаушы Назым Сағынтайдың айтуынша, Джакомо Пуччинидің операсы оның сүйікті операларының бірі болып табылады. 


– Бұл әлемдік опера сахнасының нағыз таңдаулы, керемет туындысы, ол көрермендерді өзінің әсемдігімен және бірегейлігімен баурап алады. «Богема» елордаға келгенде «Астана Операда» тамашалаған алғашқы операм болды. Мамандыққа қатысты таңдау жасауда дәл осы спектакль ықпалын тигізді, ал Мими партиясы менің арманыма айналған еді. Осы арманым жақында орындалатынына қуаныштымын, – деп атап өтті академия солисі. – ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясында білім алған екі жыл ішінде біз орындаудың сапалы жаңа деңгейіне көтерілдік. Бізге әлемдік опера сахнасының нағыз тарландары сабақ берді. Негізгі опера тілдерін үйренуге, өзіміздің актерлік қабілеттерімізді жетілдіруге мүмкіндік алдық. Сол үшін театр мен академия басшылығына зор ризашылығымды білдіремін. 

Коллен партиясын орындаушы Валерий Селиванов та «Богемаға» қатысу оның кәсіби өсуінде зор маңызға ие екендігін атап өтті. 

– Бұл операдағы рөл мен үшін – үлкен қадам әрі жауапкершілік. Менің кейіпкерім – Коллен Мимиге ғашық, алайда қыз бұдан бейхабар. Сондықтан менің алдымда күрделі міндет тұр, көрермендерге сырды ақтаруым керек. Десе де, мұны істеу оңай шаруа емес, өйткені операда бұл екі кейіпкерде ансамбльдер жоқ, – деді әртіс.

Назым Сағынтаймен және Валерий Селивановпен бірге қойылымға келесідей дарынды әртістер қатысады: Дариға Мұсаева – Мюзетта, Ораз Мұхамедьяр – Рудольф, Дінмұхамед Көшкінбаев – Марсель, Азат Мәлік – Шонар, Шыңғыс Расылхан – Альциндор, Жандарбек Еркінбаев – Бенуа, Нұрқанат Тәпиев – Парпиньоль. Сондай-ақ Кеден сержанты рөлінде Самат Жарылқасынов пен Сарбаз бейнесінде Ескендір Сәдуақасов өнер көрсетеді. 

Айта кету керек, Халықаралық опера академиясы «Астана Операның» халықаралық деңгейдегі вокалистерді кәсіби дайындауға және театрдың имиджін халықаралық аренада арттыруға бағытталған жобасы болып табылады. Академиядағы оқудың қорытындысын шығаратын спектакль Джоаккино Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсы болмақ. Оның премьералық көрсетілімі 29-30 маусымда «Астана Операда» ОПЕРАЛИЯ Халықаралық классикалық музыка фестивалі аясында өтеді.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...