Қазақ театр тарихында тұңғыш рет Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен...
Актерлік өнер. Азаптың ең азабы
дереккөз
«Бүкіл әлем - театр, ал ондағы адамдар - актер» деген Уильям Шекспирдің бұл сөздері ғасырлар өтсе де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Театр қоғамның айнасы. Халықтың жіберіп жатқан қателіктерін, жан түршігерлік шындықтарды сахна арқылы жеткізуге болады. Осы себепті театрдың қоғамға қосар үлесі орасан зор ол санаға ой салып, рухани тұлға қалыптастырады, халықтың талғамы мен ой өрісін өзгертеді.
Театрды тіршілендіретін екі тірек бар: режиссер мен актер. Егер режиссер сахнаның миы болса, актер оның жүрегі. Актерлік өнер бір көзге оңай болып көрінгенімен, шын мәнінде ол азаптың ең азабы. Кейіпкерге ену, соның қуанышы мен қайғысын тула бойыңнан өткізу ауырдың үстімен жеңілдің астымен жүретін қарапайым адамның қолынан келмейді. Бұл өнер нағыз еңбекқорлардың, суығына да ыстығына да төзе білетін қайсар жандардың таңдауы.
Қазақ театрының тамыры
Қазақ өнерінің тамыры тереңде жатыр. Айтыскер ақындардың домбыраға ұйқастырып сөз таластыруы, сал-серілердің ауыл аймақты аралап ән мен күй шығаруы бәрі де сол дала мектебінің жемісі. Темірбек Жүргенов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков сынды өнер алыптары қазақ театрында мәңгілік орын алды.1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ өнері жаңа кезеңге қадам басты. Ұлттық түптамырынан ажырамай, әлемдік мәдениетке де интеграцияланған қазақ театры бүгінде 70-тен астам театрмен елімізде белсенді жұмыс істеуде. Соңғы жылдары Arti Shok, Şam, Bunker, Жас сахна сынды жеке театрлардың ашылуы да өнер ортасын жандандырып жіберді.
Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жас өспірімдер театры
Осы театрлардың ішінде ерекше орын алатыны Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры. Тарихы тереңде жатқан бұл театр бүгінгі таңда ең үздік спектакльдер мен мықты актерлер труппасымен танылған. Театр көптеген халықаралық фестивальдерде жүлделі орын иеленіп, қазақ сахна өнерінің деңгейін әлемге танытуда.Дәл осы театрдың сахнасында бүгінгі мақаламыздың кейіпкері —
Мақсат Сәбитов өнер көрсетеді.
Мақсат Сәбитов: өмірбаяны мен қалыптасуы
Мақсат Сәбитов 1989 жылы 23 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келді. 2006 - 2010 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Драма» актері мамандығы бойынша білім алды. 2010 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы театрда актер болып еңбек етеді.
Осы жылдар ішінде ол «Қара шекпен», «Махаббат қызық мол жылдар», «Құлагер», «Жусан иісі» сынды ірі қойылымдарда рөл сомдап, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленді.
Мақсат Сәбитовтың спектакльдері
«Махаббат қызық мол жылдар»
Әзілхан Нұршайықовтың осы атты романы бойынша қойылған спектакль театрдың репертуарындағы ең ауқымды қойылымдардың бірі. Антрактсіз екі жарым сағатқа созылатын бұл қойылым ХХ ғасырдағы оқиғаларды бүгін өтіп жатқандай табиғи жеткізеді. Режиссер Фархад Молдағали алғашқы сахналық нұсқасын бес жыл бұрын жасап, ол ойда пісіп жетіліп, кейін жаңа түрде көрерменге ұсынылды. Премьераға төрт ай дайындалған шығармашылық топ кейіпкерлер образын жоғалтып алмай сахналауды мақсат етті.
Мақсат Сәбитов бұл қойылымда Ербол рөлін сомдады. Сахнаға шыға салысымен ол кейіпкерінің ішкі ауыртпалығын жауабы жоқ сұрақтардың салмағын, махаббат майданындағы жеңілісті дереу аңғартады. Қойнынан шығарған бір парақ қағазға қарап ойланған сол бір үнсіз сәт, ауыр күрсініс сөзсіз-ақ барлығын айтып береді. Ерболдың жеңілгенін режиссер алғашқы минуттардан-ақ көрерменге жеткізді дейтін болсақ, оны мүмкін еткен де дәл осы актердің психологиялық тереңдігі.
Спектакль өзінің өзектілігін бүгінге дейін жоғалтқан жоқ. Режиссердің өз сөзімен айтқанда: «Роман кейіпкерлері сол қалпында суреттелді. Актерлер рөлін қалай сезді, тура солай ойнап шықты». Қойылым Әзілхан атамыздың рухына арналған.

«Құлагер»
Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы бойынша қойылған бұл спектакль Ақан серінің өмірі мен тағдыры арқылы халықтың арман-мұратын, өнер мен дәстүрге деген адалдықты, сондай-ақ әділетсіздіктің қаншалықты терең із қалдыратынын ашатын туынды. Режиссер Фархад Молдағали ұлттық дәстүр мен заманауи режиссура элементтерін шебер үйлестіре отырып, Құлагер бейнесін тек жылқының ғана емес, бүкіл халық рухының символы ретінде сахнаға алып шықты.
Қойылымда музыкалық сүйемелдеу, ұлттық билер мен әндер үйлесім тауып, көрерменді қазақ халқының рухани әлеміне тереңдете жетелейді.
Мақсат Сәбитов бұл қойылымда Құлагер образын сомдады. Ол кейіпкерді бейнелеуде ерекше бірегейлік танытты Құлагердің сыртқы күш-қайраты мен ішкі нәзіктігін, қарапайымдылық пен асқақтықты, сабыр мен қайратты бір тұтас образда жеткізе білді. Актердің сахнадағы әрбір қозғалысы, тіпті үнсіз тұрған сәттері де көрерменге сөзден артық ой салды.
Спектакльдің ең күшті, кульминациялық сәтінде Құлагер жау қолынан қаза тауып, ақтық демі таусылатын тұста режиссер тұлпарға тіл бітіріп, Алаш қайраткерлерінің өлеңдерінен үзінді қолданды:
«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам,
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда кім болам?!»
Тұлпардың өлімі арқылы сол кезеңнің ауыр тағдыры, халықтың азаттығы үшін күрестің мән-мағынасы ашылды. Бұл көрініс залдағы ешкімді бей-жай қалдырмады.
Актерлік өнер өмірді қайта сезінудің, адам жанының тереңдігін ашудың ең бір сиқырлы жолы. Сахнада патша да, қайыршы да, аң да, тұлпар да бола алатын актер көрерменді өзімен бірге мүлде басқа бір әлемге жетелейді. Бірақ бұл сиқырдың артында не жатыр? Ұзақ жылдар бойғы еңбек, кейіпкерді жан-тәнімен сезіну, өзін толықтай беру.
Мақсат Сәбитов осы ауыр да асыл жолды таңдаған актер. Ақсуат даласынан шыққан бұл жігіт бүгінде қазақ театрының сахнасында халықтың жүрегіне жол тауып отыр. «Махаббат қызық мол жылдар» қойылымындағы Ерболдың үнсіз күрсінісі де, «Құлагер» спектаклінің кульминациясындағы тұлпардың соңғы сөзі де бәрі оның кейіпкерге толықтай бойлай білетінінің дәлелі.
Станиславский «сахнада өмір сүр» деген. Мақсат Сәбитов дәл солай жасайды ол ойнамайды, өмір сүреді. Сондықтан оның образдары тамашалаған адамның санасында ұзақ уақыт қалады, жүрегінде із қалдырады.
Қазақ театры өркендеп келе жатқан бүгінгі күні Мақсат Сәбитов сияқты актерлердің болуы ұлттық өнеріміздің болашағына деген сенімді күшейте түседі. Өйткені театр тірі болса халық тірі, ал театрды тірі ұстайтын актердің жүрегі.
Әбілдахан Рамазан, «Театртану» мамандығының 3 курс студенті