«Алтын сақа – 2026» фестивалі сахна өнерін жаңғыртады

дереккөз

ТЕАТР
37

  Биыл театр ұжымы үшін айрықша мәнге ие жыл. Қазақ сахна өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Ғ.Мүсірепов атындағы театр 80 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Осы айтулы мереке аясында ұйымдастырылып отырған мәдени шаралардың ішіндегі ең жарқын әрі мазмұнды жобалардың бірі – дәстүрлі «Алтын сақа – 2026» театрішілік фестивалі. Бұл фестиваль - тек спектакльдер шеруі ғана емес, шығармашылық ізденіс пен өнерге деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі.

  Алғаш рет 2016 жылы бастау алған «Алтын сақа» фестивалі театр сахнасында бір жыл ішінде дүниеге келген жаңа премьераларды көрермен назарына ұсынып келеді. Уақыт өте келе бұл жоба театр ұжымының шығармашылық тынысын танытатын, жаңа көркемдік ізденістерге жол ашатын маңызды мәдени алаңға айналды. Фестиваль актерлер мен режиссерлердің кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, ұлттық театр өнерінің дамуына жаңа серпін береді.

  2016 жылдан кейін фестиваль 2017, 2018 және 2019 жылдары сәтті жалғасын тапты. Әлемді алаңдатқан пандемия салдарынан 2020–2022 жылдары уақытша үзіліс алғанымен, 2023 жылдан бастап қайта жанданып, көрермендер мен театр мамандарының ерекше қызығушылығын тудырып келеді. Ал биылғы фестиваль театрдың мерейтойлық маусымымен тұспа-тұс келіп, оның мән-маңызын бұрынғыдан да арттыра түсті.

Биыл «Алтын сақа-2026» фестивалі 24-27 наурыз аралығында өтеді. Бірнеше күнге созылатын бұл мәдени мереке барысында театр репертуарындағы түрлі жанрдағы үздік қойылымдар сахналанып, көрермендер ұлттық және әлемдік драматургияның жауһар туындыларымен қауышады. Әр спектакль – сахна тілі арқылы айтылған өмір, тағдыр, арман мен үміт туралы әсерлі әңгіме. 

Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – қойылымдарды халықаралық деңгейдегі беделді сарапшылар бағалайды. Қазылар алқасын белгілі қазақстандық театртанушы, өнертану кандидаты, профессор, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің төрайымы Анар Еркебай басқарады. Қазылар құрамында сондай-ақ өнертану докторы, профессор, Өзбекстанның халықаралық өнер сарапшысы, театр педагогы, профессор Темур Рашидов және Армения Театр қайраткерлері одағының хатшысы, театртанушы Тигран Мартиросян бар. Халықаралық сарапшылар тобы спектакльдердің режиссерлік шешімін, актерлік шеберлігін, көркемдік тұжырымдамасы мен сахналық жаңашылдығын кәсіби тұрғыда бағалайды.

  Фестиваль 24 наурыз күні сағат 11:00-де Үлкен залда Е. Шварц шығармасы негізінде сахналанған «Күл бикеш» ертегі спектаклімен шымылдығын ашады. Инсценировка авторы А. Қонысбаев, режиссері – А. Зайцев. Сиқыр мен қиялға толы бұл қойылым көрермендерді ертегілер әлеміне жетелеп, жақсылық пен мейірімділікке деген сенімді қайта жаңғыртады.

Сол күні кешкі 18:30-да көрермендер назарына қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің шығармалары желісімен сахналанған «Қорғансыз» трилогиясы ұсынылады. С.Ордашева инсценировка жасаған, режиссер Д. Жұмабаева қойған бұл қойылым «Қаралы сұлу», «Жетім» және «Қорғансыздың күні» әңгімелері негізінде сахналанып, адам тағдырының нәзік тұстарын, қоғамдағы әділетсіздік пен рухани күйзелісті әсерлі жеткізеді.

 

Фестивальдің екінші күні 25 наурызда сағат 14:00-де Жанат Хаджиев залында Н. Сәтпаеваның шығармасы бойынша режиссер Г. Пьянова сахналаған «Перзентхана» драмедиясы ұсынылады. Қойылым заманауи қоғамдағы әйел тағдыры, аналық болмыс, әлеуметтік қысым және адам жанының күрделі иірімдері туралы ой қозғайды.

Ал сол күні 18:30-да Үлкен залда У.Шекспирдің әйгілі трагедиясы негізінде қойылған «Гамлет. Соңғы күндері» спектаклі көрсетіледі. Х. Ерғалиев аударған, режиссер Д. Жұмабаева қойған бұл туынды адам жанының ішкі қайшылығын, ар мен әділет мәселесін терең философиялық деңгейде бейнелейді.

  26 наурыз күні фестиваль бағдарламасы жалғасып, сағат 14:00-де Жанат Хаджиев залында А.Чеховтың әйгілі пьесасы негізінде сахналанған «Шие бағы» қойылымы көрерменге ұсынылады. А. Елшібеков аударған, режиссер Р. Махатаев қойған спектакль өткен мен болашақтың тоғысқан тұсын, уақыттың өзгерісі мен адам тағдырының ішкі драмасын бейнелейді.

Сол күні кешкі 18:30-да Үлкен залда Н.Гогольдің өткір сатиралық шығармасы негізінде жас талантты режиссер Ф. Молдағали қойған «Ревизор» soundrama спектаклі көрсетіледі. Қойылым қоғамдағы жемқорлық пен екіжүзділікті өткір әжуа арқылы көрсетіп, көрерменді күлдіре отырып ойландырады.

Фестивальдің соңғы күні - 27 наурызда сағат 14:00-де Жанат Хаджиев залында О. Богаевтың шығармасы бойынша режиссер З. Ахмет-Қазы қойған «Бәрі жақсы…» кураж (антология) спектаклі ұсынылады. Бұл философиялық қойылым адам өмірінің мәні, жалғыздық, үміт пен болмыс туралы терең ойларға жетелейді.

Фестиваль 27 наурыз күні сағат 20:00-де өтетін «Театр түні» аясындағы салтанатты жабылу рәсімімен қорытындыланады. Бұл ерекше кеште көрермендер тек қойылымдарды тамашалап қана қоймай, театрдың ішкі шығармашылық әлеміне саяхат жасайды. Келушілер репетиция барысын көріп, сахна сыртындағы өмірмен танысып, грим, бутафория және басқа да шығармашылық бөлімдердің жұмысын тамашалай алады. Осылайша көрермендер театрдың тек сахнадағы сиқырын ғана емес, оның артындағы үлкен еңбекті де сезінеді. 

 Кеш барысында «Алтын сақа -2026» фестивалінің жеңімпаздары анықталып, арнайы марапатталады. Үздік ер адам бейнесі, Үздік әйел бейнесі, Үздік дуэт, Үздік екінші пландағы әйел бейнесі, Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі, Дебют және Үміт номинациялары бойынша үздіктер салтанатты түрде марапатталады.

«Алтын сақа - 2026» фестивалі – театр өнерінің құдіретін сезіндіретін, шығармашылық рухты асқақтататын және көрермен мен өнер иелерін бір арнаға тоғыстыратын маңызды мәдени оқиға. Бұл фестиваль - сахна мен өмірдің, өнер мен көрерменнің арасындағы ерекше көпір.

          

        Әбілдахан Рамазан,

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Театртану мамандығының 3 курс студенті

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыда Әсет Матаев ұсталды. Ол 17 наурыз кешінде Dostyk Plaza сауда-ойын-сауық орталығы маңында бо...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолынан марапат алды, деп хабарлады M...