Токиодағы олимпиада ойындарында Қазақстан атынан бокс бөлімі бойынша тоғыз қазақстандық ел намысын қ...
Президент: “Әділетті қоғам боламыз десек, бір-бірімізге жанашыр болуымыз қажет”
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы жауапкершілік, азаматтардың бір-біріне құрметпен қарауы, қоғамдық тәртіпті сақтау және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселелеріне тоқталды. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» идеясын жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, «Заң мен Тәртіп» қағидаты әр азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы керектігін айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Президент әділетті қоғам құру үшін әр адамның өз ісіне жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін айтты. Сонымен қатар азаматтар бір-біріне жанашырлық танытып, табиғатқа қамқор болуы қажет. «Таза Қазақстан» идеясы тек қоршаған ортаны тазалаумен шектелмейді. Ол адамның ішкі мәдениеті, ниеті мен сөйлеу әдебінен де көрінуі тиіс.
«Біз әділетті қоғам боламыз десек, әр іске жауапкершілікпен қарап, бір-бірімізге жанашыр болуымыз қажет. «Таза Қазақстан» идеясына сай табиғатқа қамқор көзбен қарап, болмысымызды, ниетімізді және тілімізді таза ұстау маңызды».
Мемлекет басшысы өркениетті қоғамда адамдардың бір-біріне құрметпен қарауы керектігін жеткізді. Дөрекі сөйлеу, өзгелерді кемсіту, қоғамдық орындарды ластау, ортақ мүлікті бүлдіру сияқты әрекеттерге жол берілмеуі тиіс.
«Өркениетті қоғамда дөрекі сөйлеуге, біреудің ар-ожданына нұқсан келтіруге, өзгелерді кемсітуге, қоқысты көшеге немесе қоғамдық жерлерге лақтыруға, кез келген жерге түкіруге, қоғамдық дүниені бұзып, сындыруға жол берілмейді және ондай әрекет заң бойынша жазаланады. Бұл – барлық құқық қорғау мекемелеріне қатысты жеке және өте маңызды тапсырмам».
Президент Қазақстанды жаңа өркениетті деңгейге көтеру жолында мемлекеттік тілдің маңызы ерекше екенін атап өтті. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оны кеңінен қолдану және дәріптеу – тарихи міндет.
«Отанымызды жаңа өркениетті деңгейге көтеруіміз керек. Осы өзекті жұмыста қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, күшейту, дәріптеу тарихи міндет я миссия десек, артық болмас».
Мемлекет басшысы «Заң мен Тәртіп» қағидаты ел өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы керектігін айтты. Оның сөзінше, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп мемлекеттің тұрақтылығын сақтап, тәуелсіздікті қорғауда маңызды рөл атқарады.
«Заң мен Тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс. Өйткені заң мен тәртіп үстемдігі – мемлекеттілігімізді нығайтудың, Егемендігімізді қорғаудың бірден-бір шарты».
Президент кейбір адамдардың «Заң мен Тәртіп» ұғымын теріс түсіндіріп, оны өзгелерге қысым жасау құралы ретінде көрсетуге тырысатынын айтты. Мемлекет басшысы мұндай әрекеттерді құптамайтынын жеткізіп, оған қатаң тосқауыл қою қажеттігін атап өтті.
«Өкінішке қарай, кейбір теріс пиғылды адамдар «Заң мен тәртіп» қағидатын бұрмалап, оны қысым жасаудың құралы ретінде көрсеткісі келеді. Ашығын айтсақ, бұл – арамдық. Мұндай келеңсіз әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек».