Цезарь Кюидің музыкасына балаларға арналған «Етік киген мысық» музыкалық спект...
А.Тоқпанов театрының қос мерейтойы және республикалық фестиваль
Фотосуреттерді автор ұсынды
Өзінің саналы ғұмырын қазақ өнерінің өсіп-өркендеуіне арнаған Асқар Тоқпанов: «Театр – саф та сұлу, сыршыл, сыншыл жүректердің ғана еншісіндегі өнер» — деп айтқан еді. Ол — қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері. Т. Жүргеновтың нұсқауымен Мәскеуге барып, профессор В. Г. Сахновскийдің шеберханасын тәмамдаған. Ұлттық театр сахнасына М. Әуезов пен Л. Соболевтің «Абай» трагедиясын алғаш сахналаған режиссер де осы кісі.

Биыл А. Тоқпановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Сонымен қатар, А. Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры өзінің 90-шы маусымын ашты. Қос мерейтойды атап өту барысында киелі Тараз шаһары көптен күткен республикалық театр фестивалін 21–24 қазан аралығында өткізді. Бұл өнер бәйгесіне Қазақстанның бес облысынан келген театрлар қатысып, өз қойылымдарын ұсынды.
Фестивальдің алғашқы күнінде С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық музыкалық драма театры Г. Бюхнердің «Войцек» драмасын сахналады. Спектакльдің режиссері — Мейрам Хабибуллин. Шамамен бір жарым сағатқа созылған бұл қойылым көрерменнің көзайымына алғашқы минуттардан-ақ айналып үлгерді. Сәтті таңдалған музыка, пьесаның мән-мағынасын ашатын декорация, үздік актерлік ансамбль — мұның бәрі «Войцек» қойылымында үйлесім тапқан.
Басты рөлде ойнаған Нұржан Жарұллаұлы кейіпкердің терең психологиялық толғанысын нанымды жеткізді, көрерменді өзімен бірге ойландырды. Сахнада тартымдылығымен елітіп, бір сәтте сатқындық пен опасыздықтан жиіркеніш туғызған Мари бейнесін сомдаған актриса Гүлдер Сейткенова көптің ықыласына бөленіп, «Үздік әйел адам бейнесі» номинациясымен марапатталды.
Кешкісін фестиваль Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының «Қорғансыздың күні» спектаклімен жалғасты. Талай шақырымды артқа тастап келген атыраулық театр ұжымы біраз сынға да ұшырады. Қойылым барысында көпшілік көрермен М. Әуезовтің атақты әңгімесін білсе де, сахнада не болып жатқанын түсіну қиынға соқты. Себебі режиссер Г. Қамысбаева сахнаға тек қыздарды шығаруды жөн көрген. Әңгімеге негіз болатын Ақан мен Қалтай бұл нұсқада жоқ. Ғазизаны кімнің қорлап, кімнен қорланып жатқаны белгісіз. Мұның себебі — драматургияның әлсіздігі.
Дегенмен, эстетикалық тұрғыдан спектакль өте әсерлі өтті: үш қабатты пирамидадан кезек-кезек түскен сұлу қыздар сахнаға сән берді. Сахналық жарық пен музыка да үйлесімді таңдалған. Бірақ, бейнені ашу жағынан кей тұстар әлсіз болды: мысалы, қарт әже мен соқыр ананың образы сендірмеді. Әңгімеде шарасыз, әлсіз бейне — сахнада сөз қуалаған, ширақ кемпірге айналып кеткен.
Фестивальдің екінші күні Р. Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театры «Жалғыз Желкен» драмасын көрсетті. Пьесаның тақырыбы — коррупция, өзекті болғанымен, көркемдік деңгейі мен тұтастығы төмен еді. Сахнада тек бір типтегі — шенеуніктер бейнеленді. Конфликт шешілмеген, кейіпкерлер дамымаған. Режиссер А. Наурызбаев сахналауда қатты ізденбегені байқалды. Декорация ретінде бір ғана желкен қолданылған. Қазіргі актерге қойылатын талап көп: рөл ойнау ғана емес, бейнені іздеу, эмоциялық және физикалық дайындық қажет. Бұл тұрғыда Түркістан театры актерлерінің ізденісі аздау көрінді.
Келесі спектакль — А. Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры сахналаған М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» трагедиясы. Эстетикалық тұрғыдан көркем қойылым деп баға беруге болады. Кейіпкерлердің киімдері, жанды көпшілік сахналар, орынды музыкалық сүйемелдеу — бәрі үйлесімді. Қойылымда Молданазардың әндері пайдаланылған. Артық декорацияның болмауы режиссер тарапынан актерлерге жасалған еркіндік болса керек.
Дегенмен, режиссурада Г. Балпейісованың әдісі байқалып қалды. Мысалы, спектакль басында тұрмыс құрмаған Шолпанмен бірге оның дүниеге келмеген қызы — Жамал бірге сахналас болады. Бұл тәсіл Балпейісованың «Ұлпан» қойылымында да кездескен.
Бірақ көрермен көкейінде сұрақ көп: “Көрермен демалуға келгенде неге мораль тыңдап кетуі керек? Толғақ қысқан әйелді қыздар босандыруы мүмкін бе? Соңында «Оян, Қазақ!» деп ұрандатып тұрған қылмыскер Міржақып Дулатов па?” — деген секілді сұрақтар туындайды. Бұлар режиссер тарапынан анықталмаған жайттар. Сондай-ақ, актерлердің әлсіз дикциясы спектакльдің әсерін төмендетті.
Фестивальдің соңғы күнінде Қ. Қожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық театры мен Б. Римова атындағы Талдықорған театры өнер көрсетті. Ұйғыр театры Ғ. Мүсіреповтың «Қозы мен Баян» пьесасын сахналады (режиссері — Ф. Қанафин). Қойылым ұйғыр тілінде болса да, қазақ тілді көрермен пьесаның мазмұнын актерлердің шебер әрекеті арқылы ұғынып отырды.
Ал Б. Римова театры А. Шәріповтің режиссурасымен А. Володиннің «Кездесу мен қоштасу» драмасын ұсынды. Мұнда бірнеше отбасылық жұптың ажырасуы мен табысуы тақырып етілген. Режиссер бұл қойылымды психологиялық драма деп атағанымен, ол жанр талабына толық сай келмеді. Әр жұптың даралығы ашылмаған, актерлер кейіпкерлерін терең зерттемеген. Тек Никулин (актер А. Қожабеков) мен Никулина (актриса Ғ. Темербаева) сахнаға шыққанда көрермен шынайылықты сезініп, қошемет көрсетті. Біздіңше, театр ұжымы фестивальге апаратын қойылымын дұрыс таңдамаған.
Қорытындылай келе, фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дегенмен, алдағы уақытта қатысатын қойылымдарды іріктеу жүйесін күшейту қажет. Себебі, кейбір спектакльдер фестиваль деңгейінен төмен болды, кейбірі бәсекеге қабілетсіз еді.
Біз фестивальдің ғұмырлы болып, өз жалғасын таба беруін тілейміз! Театр ұжымдарына шығармашылық шабыт пен жаңа белестер тілейміз!
Дәлібаева Шұғыла, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының 2-курс студенті, театртанушы.