Сегіз жыл бұрын шымылдық ашқан қойылым Астана сахнасына қайта оралды

Мәмбетов театры

ТЕАТР
100

Астанада Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры өзінің құрылғанына 8 жыл толуын атап өтті. Мерейтой аясында көрермен назарына британдық драматург Майкл Фрейннің «Театр 180º» комедиясы жаңа актерлік құраммен ұсынылды, деп хабарлайды  MadeniPortal.kz.

 

1 қарашада өткен мерекелік шара баспасөз конференциясымен басталып, салтанатты концертке ұласты. Ал кештің басты оқиғасы театр тарихындағы алғашқы қойылымдардың бірі саналатын «Театр 180º» комедиясының сахнаға қайта оралуы болды.

 

 

Бір кездері театр шымылдығын ашқан спектакльді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Сайлау Қамиев жаңа құраммен қайта жаңғыртты.

Қойылым көрерменді театр сахнасының арғы жағындағы қызықты әрі күтпеген оқиғалар әлеміне жетелейді. Актерлер арасындағы шығармашылық бәсеке, махаббат пен қызғаныш, сахна сыртындағы түсініспеушіліктер мен күлкілі жағдайлар әзіл мен ирония арқылы өрбиді.

 

 

Спектакльде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Жакилина, мәдениет саласының үздіктері Айжан Назарханқызы мен Айбол Шәкіржанов, сондай-ақ Ерасыл Ахан, Әли Бидахмет, Шапағат Ұзақбаева, Нұржігіт Муслимов, Джулия Нараханова және өзге де театр әртістері өнер көрсетті.

 

 

Театр ұжымы үшін бұл қойылымның орны ерекше. Өйткені «Театр 180º» – өнер ордасының алғашқы шығармашылық қадамдарын еске түсіретін туындылардың бірі. Сегіз жылдан кейін спектакльдің жаңа құраммен қайта сахналануы театрдың өткеніне тағзым әрі жаңа шығармашылық кезеңге қадам ретінде ұсынылды.

 

 

Осылайша, Мәмбетов театры сегіз жылдық мерейтойын көрерменге ерекше қойылым тарту етіп, шығармашылық ізденіс пен сахна өнеріне деген адалдығын тағы бір мәрте танытты.