Қош келдің, Гүлсары!

Фотосурет автордан

ТЕАТР
84

Әлем әдебиетіне қайталанбас туындылар сыйлаған, заңғар қаламгер қырғыз бен қазаққа ортақ тұлға Шыңғыс Айтматов. Жазушы шығармаларының өн бойында  уақыт тынысы мен қоғамның саяси-әлеуметтік шындығы, ұлттық болмыс пен адамзаттық құндылықтар кеңінен суреттеледі.

Театр өнері Шыңғыс Айтматов шығармаларына өте жиі жүгінеді. Оның бірден бір себебі қаламгер туындыларындағы кейіпкерлердің өміршеңдігі мен адами болмысы сахналық интерпретацияға кең мүмкіндік беруінде. Қай шығармасын алып қарасақ та, жүрек түкпірін қозғайтын, адам жанының нәзік иірімдерін ашатын аса терең психологиялық образдарға куә боламыз. Автордың осы сипаттағы бірегей туындысы “Қош бол, Гүлсары”. Қазақ тіліне тәржімалаған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі-Шерхан Мұртаза.

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры аталмыш повесть желісіндегі қойылыммен 7-маусымының шымылдығын ашқан болатын.   Сахналық нұсқасының авторы жас режиссер Ералхан Мырзахмет. 

Соғыс жылдары ауыр бейнет кешіп, енді ес жиып келе жатқан қара халықтың ашынған жан айқайы естілетін алғашқы сәтті көпшілік сахна актерлері шынайы бейнелеген. Жоспарға сай өткізіліп отыратын жиналыста басшыларды үш басты адам етіп беруін екіұшты қабылдадық,  бірі бұлардың ортақ жүйенің өкілдері екенін аңғартса, екіншіден тасбауыр жүйенің, шенеуніктер аппаратының нышаны деп түйдік. Бойында адами қасиеті жоқ, жеке жауапкершіліктен жұрдай, тек нұсқаулықтарға ғана бағынатын ұжымдық құбыжықтың жиынтық бейнесі. Осы бір ғана шешім арқылы режиссер заманауи абсурд театрына тән тәсілдерді еске түсіреді.

Жалпы «Қош бол, Гүлсары» повесті адам мен жылқының арасындағы нәзік байланыс арқылы өрбейтінін білеміз. Шығарма Танабайдың қартайып жол үстінде сенімді серігінен айырылар шақтағы қуанышы мен қайғысы қатар жүрген өмір естеліктерін ақтарумен басталатын еді. Ал Ералхан Мырзахмет ұсынған нұсқа бойынша қойылым бір кезеңді қамтып отыр. Ол шешім де көңілге қонымды көрінді, себебі көрермен де осы арқылы оқиғаның желісіне бірден еніп кете алады.

Сахналық кеңістіктің ұтымды ұйымдастырылуы қойылымның көркемдік тұтастығын арттыра түскен. Сахнаның жан-жағының биіктетілуі және авансценаның тереңдетілуі қойылымның кеңістіктік шешімін айқындап, актерлердің сахнадағы қозғалысы мен өзара әрекетіне қосымша мүмкіндік берген. Ал ортадағы гүлдеп тұрған алма ағашы оқиға өтетін ортаны нақтылап, көрініске жылылық пен символдық мән үстейді.

Танабай образын сомдаған екі құрам актерлерінің орындаушылық ерекшеліктері де назар аударарлық. Бірінші құрамдағы Қазыбек Есқара кейіпкердің болмысындағы қайсарлық пен өр мінезді алға шығарған болса, екінші құрамдағы Сұлтан Кеңшілік Танабайдың ішкі толғанысы мен жан тебіренісін тереңірек таныта білді, онымен қоса эмоцияларының табиғи шығуымен баурап алды. Бірі кейіпкердің сыртқы әрекеті мен мінез өткірлігін ширақ қимыл, нық интонация арқылы айшықтаса, екіншісі Танабайдың адамдық болмысына, өмірдің салмағын сезінген тұстағы мұңлы иірімдеріне басымдық берген. Қалай айтсақта актерлердің кейіпкерді барынша зерттеп, образ жасауға тырысқандары көрініп-ақ тұр.

Жылқының түркі жұрты үшін орны орасан зор. Сұлу бітім болмысынан бөлек, екінің біріне иіле бермейтін  мінезі де бар. Бұл образды жасау оңай міндет емес, актер өз дене пластикасын жылқының табиғатына бейімдеп, оның еркіндігін, тегеуріндерге бағынбайтын асаулығын жеткізуге ұмтылады. Гүлсары рөлін Ермахан Аймахан сомадады. Оның жүріс-тұрысы мен қимылы жылқыға тән пластиканы аңғартады. Дегенмен кей тұстарда актердің жанарынан жылқының еркін әрі өр мінезінен гөрі, үркек күйі басымырақ байқалып отырды. Бұл Гүлсарының ішкі болмысындағы асаулық пен өзіне сенімділікті біршама әлсіреткендей әсер қалдырды.

Бәйге десе делебесі қозатын бауырлас халықтың, повестте де бақ таластырып үлкен той қылатын сәті бар емес пе. Аламан бәйгеде әркім өз жүйрігінің бағы мен бабын сынап, нағыз мықтыны анықтауға ұмтылады. Осы сәтті сахнада көрсетуде режиссер сыртқы қарқынымен ғана шектелмей, ұлттық рухты да беруге тырысқан. Ортаға бірінен-бірі өткен жүйріктерді салып, сол қалың топтың арасынан суырылып шығып келе жатқан тұлпардың әр қимылын айшықтай көрсету арқылы режиссер бәйгенің тартысын одан сайын үдете түскен. Тұлпардың біртіндеп дараланып, көптің алдына шығуы көрерменнің де назарын өзіне еріксіз байлап,  шешуші сәтті әсерлі түйіндейді.

Бәйгеге түскен арғымақатарды сомдаған актерлердің де өз алдына бір образ жасап, жеке бейне құраудағы шеберліктеріне тәнті болдық.

Труппадағы актерлердің думанды сәттерде көтеріңкі көңіл-күймен шырқаған «Жылкычынын ыры» әні қойылымның кейінгі тұсында мүлде басқа реңкке ие болады. Бастапқыда қуаныш пен думанның ажарын ашқан әуен кейіпкер барынан айырылған тұста мұңлы ырғақпен қайта естіліп, сахнадағы атмосфераның күрт өзгерісін аңғартады. Осылайша режиссер бір әнді әртүрлі эмоционалдық жағдайда қайталап қолдану арқылы оның мағыналық жүгін арттырып, қуаныш пен қасіретті бір әуеннің бойына тоғыстырған. Хореографиялық шешімдер де сахнада өз жемісін берген. Әсіресе бәйге сәтінде жылқылардың шабысын қимыл-пластика арқылы жеткізуі спектакльдің динамикасын арттырса, кейін көпшіліктің жаппай қозғалысқа түсіп, билейтін тұсы қойылымның көркемдік әсерін қыздыра түсті.

Қойылымда екі түрлі әйел бейнесі бар. Бірі Танабайдың отауласқан жары-Жайдар. Данагөйлігі арқылы зұламат соғыстың қиын да қатал жылдарын еңсеріп келді. Сахнада Жайдар образын Ақниет Замзат кейіптеді. Ерінің опасыздығына куә бола тұрып, қанша өкпелесе де оған  деген ықыласын, қамқорлығын жоғалтпағанын аңғарамыз. Актриса қойылымдағы міндетін жоғарғы деңгейде алып шықты. Драмалық сахналарда өз ренініш, ашу-ызасын көз қарасы, дауыс дірілімен шынайы жеткізді.

Танабайдың көңіліне жарық сәуле сықылды еніп, жабырқау жанына медеу болған Бүбіжан бейнесінде Гүлдана Алиханқызы бой көрсетті. Жалпы повесть бойынша екеуінің арасында өрбейтін махаббат линиясы қысқа ғана. Алайда бұл жолы режиссер бәлкім көрерменді тарту мақсатында немесе конфликтті үдету үшін оқиға арнасын ұзарту шешіміне барған болар деп түйдік. Дей тұрғанмен, бұл сахналар өте әсерлі жеткізіліп, актерлер арасындағы байланысты, өзара тандемді нанымды аша түскен. Кейіпкерлердің бір-біріне деген қарым-қатынасы мен ішкі сезімі  сахналық әрекет арқылы табиғи өріліп, олардың арасындағы эмоционалдық жақындықты көрерменге анық сезіндіре алған.

Қан майданда техниканың қаншалықты ықпалды екенін көрген Танабай соғыстан соң елге де коммунизмнің жемісі жетіп, халықтың тұрмысы түзелер деген үмітте болған еді. Алайда өзі сенген партияның атын жамылған Ыбрайым сияқтылардың әрекеті оның бұл сеніміне сызат түсіреді. Ыбрайым бейнесін сомдаған Еламан Иманбаевтың ойыны да көңілден шықты. Актер кейіпкердің билікке жақындығын ғана емес, өз мүддесі жолында адамдық ұстанымнан аттаған ішкі болмысын нанымды жеткізе алды. Ал Бибол Байғара мен Алмаз Әбденов сомдаған екі жылқышы көбіне Ыбрайымның көмекшілері сипатында көрінді. Олар-ауылдың қарапайым адамдары болғанымен, билікке жағынуға бейім көпшіліктің жиынтық бейнесін аңғартатын кейіпкерлер. Дегенмен кейбір сахналарда, әсіресе драмалық ширығу күшейген тұстарда, орынсыз айтылған репликалары негізгі әрекеттің салмағын әлсіретіп, сахнаның эмоционалдық тұтастығын бұзып жіберген сәттерінде аңғардық.

Бізді ойландырып қойған режиссерлік шешімнің бірі-Шораның  қойылымда мүлде болмауы. Партия қатарында қызмет еткенімен, адалдығы мен адамдығын бәрінен биік қойған Шора Танабайдың жан серігі, қиындықта қасынан табылған шынайы досы еді. Повесте де, кинода да көрерменнің көзіне еріксіз жас алдыртатын әсерлі сахналардың бірі-осы екі достың арасындағы көрініс. Ал қойылымда Шораның болмауы Танабайдың тартыс жолындағы жалғыздығын одан сайын айқындай түскендей. Ыбрайыммен текетіресте де, өз ұстанымын қорғауда да Танабай жалғыз қалғандай әсер береді. Бәлкім, бұл- режиссердің әдейі таңдаған шешімі шығар. Алайда Шора бейнесінің алынып тасталуы арқылы Танабайдың жалғыздығын күшейту көзделсе де, оның адал досынан айырылуы кейіпкердің ішкі әлемі мен драмалық тартысының тағы бір маңызды қырын сахнадан тыс қалдырғандай әсер қалдырды.

Танабайдың ең соңғы сәтте бүкіл колхоздың қойын бағуға міндеттелуі драматургиялық желідегі маңызды түйіндердің бірі ретінде сахнада ұтымды шешім тапқан. Ал артқы планда арғымағының атқа айналып бара жатқаны параллельді әрекет арқылы кейіпкерлер тағдырындағы ауыртпалық пен өзгерісті айқындап, көріністің эмоциялық әсерін күшейте түседі.

Қорытындылай келе, жылқы-көшпелі халық үшін жай ғана тіршілік иесі емес, табиғатпен біте қайнасқан рухани ұғым, өзіндік тотемдік мәні бар қасиетті жануар. Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» повесінде айғыр тағдырын адам тағдырымен сабақтастыра суреттеуі арқылы дала жұртының бастан кешкен қасіретін, еркіндігінің шектеліп, адамдық қадірінің тапталғанын астарлай жеткізеді. Сондықтан қойылымдағы жылқы образын тек табиғат пен адам арасындағы қарым-қатынас аясында қабылдау жеткіліксіз. Оның астарында тұтас бір дәуірдің шындығы, адамның еркіндігі мен рухының тағдыры жатыр.

Режиссер Ералхан Мырзахмет те осы ауқымды ойды актерлік құрамның мүмкіндігі мен театрдың көркемдік тілін ұштастыра отырып жеткізуді мақсат еткенін аңғарамыз. Жас режиссердің осындай күрделі әрі философиялық салмағы басым повестьті сахна тіліне түсіруге баруының өзі-үлкен батылдық. Еліміздің бірқатар театрларында жылқы тақырыбына арналған қойылымдар сахналанып жүргенімен, әр шығарманың табиғаты, әр режиссердің айтар ойы мен көркемдік шешімі бөлек. Бұл қойылымның да өзіндік ізденісі мен айтары бар.

Әрине, қойылымның драмалық қуатын әлсірететін тұстар мен толықтыруды қажет ететін сахналық шешімдер жоқ емес. Аталған мәселелермен шығармашылық ізденіс тұрғысынан ден қойылса, спектакльдің ішкі драматизмі мен кейіпкерлер арасындағы байланыс одан әрі тереңдей түсер еді. Режиссерге Гүлсарыдай тек алға шауып, шығармашылық биігін асқақтата берсін деген тілек білдіреміз!

Заманиянова Арайлым

Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің театртану мамандығының 3 курс студенті

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Оқиға туралы оқырман Telegram-ботқа жазып хабарлаған. Оның айтуынша, ұлы сол сыныпта оқиды, деп хаба...

ЖАҢАЛЫҚТАР

17 қарашада Қазақстанның батысында, солтүстік-батысында және оңтүстігінде жаңбыр мен қар жауады. Өзг...