Қуыршақ театры баланың рухани әлемін қалыптастыратын өнер

Фото: Қуыршақ театры

ТЕАТР
21

Қуыршақ театры бала жүрегіне бірден жол табатын, ерекше әсерге толы өнер кеңістігі. Бұл  баланың қиялын оятып, оны мейірім мен ғажайыпқа жетелейтін тылсым әлем. Өзге театр түрлерімен салыстырғанда, қуыршақ театрының әсер ету формасы да, қабылдануы да өзгеше. Себебі оның негізгі көрермені бала. Ал бала санасы тазалықты, шынайылықты талап етеді. Сондықтан мұнда ұсынылатын әрбір образ, әрбір әрекет ерекше жауапкершілікпен берілуі тиіс.

    Қуыршақ театры бала тәрбиесінде маңызды құрал ретінде қызмет етеді. Ол ойын формасы арқылы баланың эстетикалық талғамын қалыптастырып, оның ой-өрісін кеңейтеді. Сонымен қатар, баланың әлеуметтік белсенділігін арттырып, қоршаған ортаны қабылдау қабілетін дамытады. Осы бағытта Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театры жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Театр репертуарында отансүйгіштікке баулитын «Ана-Жер Ана», «Алтын Адам», «Мама для мамонтенка» сияқты қойылымдармен қатар, адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін «Сұғанақ ешкі», «Теремок», «Ұр тоқпақ» сынды спектакльдер де бар. Бұл қойылымдар арқылы театр ұжымы кішкентай көрерменнің дүниетанымын байытып, өнерге деген қызығушылығын оятады.

 


   Соңғы жылдары театр сахнасында ұлттық мұраны жаңаша қырынан танытатын «Ортеке» қойылымы да ерекше орын алып отыр. Бұл спектакль қазақ халқының көне қуыршақ-музыкалық өнеріне негізделген. Ортеке домбыра үнімен бірге қимылға келетін ағаш ешкі бейнесіндегі қуыршақ арқылы орындалатын синкретті өнер түрі  . Қойылым барысында музыка, қозғалыс және қуыршақ театры біртұтас көркем жүйеге бірігіп, балаға ұлттық мәдениетті тереңірек сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, спектакль интерактивті элементтерімен ерекшеленіп, көрерменді оқиғаға тікелей қатысушы етеді, бұл балалардың қызығушылығын одан әрі арттырады.

   Балаларға арналған сахналық қойылымдар бүлдіршіндердің  нәзік жан дүниесіне әсер ете отырып, оған жақсылық пен жамандықты ажыратуды үйретеді. Сахнадағы кейіпкерлердің әрекеттерін бақылау арқылы бала олардың мінез-құлқын іштей саралайды, дұрыс пен бұрысты өз бетінше түсінуге тырысады. Бұл  тәрбиенің ең тиімді формаларының бірі. Себебі бала дайын ақпаратты қабылдамай, өзі қорытынды жасайды.

    Баланың қиял әлемінде ойыншықтар тірі бейнеге айналады. Қуыршақ театры осы ішкі арманды шындыққа айналдырып, баланың шығармашылық ойлауын дамытады. Түрлі мінезге ие қуыршақтар арқылы бала батылдық пен қорқақтықты, адалдық пен арамдықты салыстырып, өз мінезін қалыптастырады.

   Театрға келген әрбір бала ең алдымен ертегі әлеміне енеді. Ал ертегі  бала тәрбиесінің негізі. Ол арқылы бала бойында туған жерге сүйіспеншілік, әділетке сенім, адамгершілік қасиеттер қалыптасады. Сонымен қатар, қуыршақ театры баланың тіл байлығын арттырып, сөйлеу мәдениетін жетілдіруге ықпал етеді.

  Қазіргі қоғамдағы қарбалас тіршілік ата-аналардың бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлуіне кейде мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан ертегі тыңдамай өсіп келе жатқан балалардың саны артуда. Осындай жағдайда театрдың рөлі одан сайын маңызды бола түседі. Егер әр отбасы театрға баруды дәстүрге айналдырса, бұл баланың рухани дамуына үлкен үлес қосар еді.

  Қуыршақ театры  тек ойын-сауық емес, ол тәрбиенің, танымның, рухани дамудың орталығы. Оның ішінде ұлттық негізге құрылған «Ортеке» секілді қойылымдар балаға тек эстетикалық әсер сыйлап қана қоймай, оны өз халқының мәдениетімен терең байланыстырады. Сондықтан қуыршақ театрына қолдау көрсету болашақ ұрпақтың саналы әрі мәдениетті болып қалыптасуына жасалған маңызды қадам.

                                         Бибігүл ЯТАЙ,

Темірбек Жүргенов атындағы

Қазақ ұлттық өнер академиясының

«Театртану» бөлімінің 2 курс студенті

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы жер асты шахтасына түскендер ұсталды, деп хабарлайды MadeniPortal...

ТЕАТР

Қазақ халқының рухани болмысы мен дүниетанымын айқындайтын ең асыл қазыналарының бірі – дәстүр...