Чехов жайлы қызықты деректер оқып отырып, оның қазақша айтқанда, мына бір әулиелігіне еріксіз бас ша...
ТҰРСЫНЖАН ШАПАЙ. АБАЙ МЕН ДУЛAT
Ұзын ғасырлардан созылып аққан қазақ, сөзінің мәйегі Абайға кеп сарқып, өзін өзі танымастай жас қуатпен жайнап, жана арнаға лықсыды. Осы кеп құйған дариялардың толқыны абайлық ағыстың ұзына бойында арқауын үзбен жөңкіліп жатыр. Абай мұны сезген жоқ, бағалаған жоқ деуге ауыз бармайды. Абай «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырауды» бекерге ауызға алмайды. Бұлар – сарай ақындары емес, Абай жек көретін ел ақтап өлең айтқан, сөз қадірін кетірген қатардағы өлеңшілер емес. Бұлар, күмәніңіз болмасын – Абай үшін, өзінің алдымда өткен қазақ ақындарының ішіндегі ең қадірлі есімдер. Бұхар, Дулат, Шортанбайларды «мансұқтау» – таза эстетикалық деңгейдегі «терістеу». Бұл, айталық, Шортанбай, Дулат шығармашылығының қалықшылдық, әлеуметшілдік сипаттарын, өзіндік шындығы мен әсемдігін жоққа шығару емес – жаңа поэтиканың туғанын жариялау. Осы фактіні жұрт санасына сіңіру үшін нақ солардың беделі қажет болды деп түсіну керек.
Меніңше, кейбір әдебиеттерде, айталық, көне шығыс поэзиясында пәленшенің ұстазы (немесе, ізбасары, Шәкірті) түгенше деп нақтылап айту тым шартты нәрсе. Мәселен, ортағасырлық шығыс шайырларының негізгі, анық ұстазы – тұтас әдеби канондар. Қазақтағы жыраулық поэзия туралы да осыны айтуға болады. Бұхардың, Махамбеттің ұстазы Шалкиіз, немесе Доспамбет еді деу – жеткіліксіз. Оларға ұстаз – тұтас поэтикалық дәстүр, жыраулық поэзия. Абайдан бастап, жалпы поэтикалық үрдістермен қатар ақынға ерекше ықпал еткен, оның поэтикалық әлемінде үзілмей желі тартып жататын жеке есімдер пайда болды. Абай үшін қазақ топырағындағы мұндай ең алғашқы тұлға, даусыз – Дулат.
Абайдағы әлеуметтік сарынға бойлаңыз. Тақырыптарды шолыңыз, поэтикалық тіл кестесіне, түрлік, бейнелік үлгілерге, кейбір ырғақтық-интонациялық-әуендік құбылыстарға назар аударыңыз — Абай әлемін зерлеген дулаттық өрнектерді жазбай танисыз.
Дулаттағы әлеуметтік Мұң — қазақ санасында бұрын болмаған жаңа күй, жаңа сарын. Әуелден бар ел айырылғанның зары, жерден кеткеннің сағынышы, жаудан көрген жапаның ыза-наласы, қара орман, қарындастың қайғысы емес, мынау — бауыры бүтін, бас аман, елде, жерде отырып елдіктен кетудің күйігі. Әлеуметтік азып-тозудың назасы.
Бұл сарын Абайға да көшті.
Кері кеткен заманын ойлағанда «ұйқы беріп, қайғы алатын» Дулат өзінің әлеуметтік Уайымында – бір сарынды. Қазіргіні, азған ел, тозған құлықты сыпыра сынау, өткенді — алтын дәурен, құт-береке заманды таусыла көксеу, талмай жоқтау. Тұйықтан шығар жол қайсы, тығырыққа қаматпас айла бар ма – жауап жоқ.
Дулаттың аңсары – өткенде. Абайдың тілеуі – келешектен күдер үзбейді. Абайдың назары – болашақта.
Дулат, көбінесе, заманның жалпы сипатын мінездейді. Адамның кемшілігі, кеселді мінез, кесірлі құлық – сол заманның кейіп-келбетіне детальдар ғана.
Абайдағы зар – адамнан басталады. Тұстастарының надандығын, күйкілігін, алауыздығын, ынтасыздығын, пәлеқорлығын, кербаққан берекесіздігін... мінеуден басталады. Пенденің құлқы түзеліп, көкірегіне ғылым, білім шам жаққанда ғана заман оңалмақ, қазақ теңелмек. Абай шығармашылығының әлеуметтік пафосын айқындаған — осы сенім.
Әлеуметтік уайым тұрғысынан Абайға бастау болған Дулатта мұндай тиянақ, бағдар жоқ.
Абай жаңа поэтикалық тіл жасақтады дедік. Оның бұл жөнінде де ең жақын кеңесшісі—Дулат болғаны күмәнсіз.
Қазақтың ет пен қымызға қатынасын, ет пен қымыз дегендегі мінезін алғаш Дулат мінеді. («Май, май, дейсің, май дейсің...», «Қымыз аңдып қыдырып»), Оны Абай неше өлеңінде сөз ғып жеріне жеткізді:
Осы қымыз қазаққа
Мақтаның ба, асың ба?
«Бір тойған — шала байлық» деген қазақ
Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей?
Ет пен қымыз секілді ас жоқ дейді
Ол немене, жоқтықтың әсері емен?!
Дулат: «Ел құлағы саңырау — Кімге айтамын сөзімді?» деп торыққанда, Абай:
«Тыңдаушымды ұғымсыз
Қылып тәңірім бергенді»
«Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ»
«Құлағын салмас»,
Тіліңді алмас
Көп наданнан түңілдім»,—
деп налып, бұл қайғыны тұтас бір тақырыпқа айналдырып жібереді.
Осылай жалғастыра беруге болады.
Немесе, мына сияқты ырғақ пен әуен туыстығына назар аударыңыз:
Қымыз құмар, сор құмар,
Сор құмар, өңшең сорлылар
(Дулат)
Не ол емес, бұл емес,
Менің де күнім күн емес.
(Абай)
«Күлембайға» мен «Ойға түстім толғандымның» да тек-төркінін Дулаттан оңай тауып аласыз.
Ал, жалпы, мұндай ауыс-түйістерді ізіне түсіп тәптіштеу; ұқсастықтарды тізбелеу – жеке мақсат бола алмайды және мұндай «зерттеуде» мағына жоқ. Мағына болады – егер осы белгілер ақынның әлеуметтік тұрғысы, әдеби санасы, поэтикалық әлемі қай ыңғайда қалыптасты, қай өрістерден құмар тартты деген мәселені айқындауға бағытталса ғана.
Абайдың Бұхар, Шортанбай, Жанақтарға қатынасы Пушкиннің Державин, Жуковскийлерге ілтипатын еске түсіреді. Ал Абай мен Дулаттың қоян-қолтық ымыраластығы Пушкин мен Лермонтовтың тығыз байланыс, етене жақындығына орайлас.
Дулаттағы көп жүлге Абайда арна тартады. Дулат тілінін ажары Абай сөзінің шырайында тұр. Дулаттағы уайым Абайдың да сыры болып күңіренеді...
Дулат – Абайдың ризашылығына анық лайық ақын еді. Дулат кемеңгер інісінен мадақ дәметуге толық хақылы кісі еді. Есіл жырау, керісінше, Бұхар бабасы,. Шортанбай замандасымен бір сапта данышпан ізбасарынан аяусыз «сөгіс» естіді! Жетілген, толған, озған шәкірттің, ұлы дарынның астамсуы емес (болса да, айып емес), бұл «сөгіс»— поэтикалық ұлы реформаның декларациясы еді. Ал бұл жарияның формасы – сөгіс бола ма, мадақ бола ма, мәселе онда емес. «Өлеңі бірі – жамау, бірі – қурауды» Абай анықтап өзі айтпаса да, Абай шығармашылығының рухы, жаңа поэтикалық мәдениеттің шырқау биігі айтар еді. Бұл – ескіні жерлеу емес, жаңаны жарлау. Ал, жарнаманың тілі жақынды, жатты танымайды – жарық дүниеге тек жаңа шығу керек!
«Поэт всегда имеет предшественников, и всегда его с предшественником соединяет не столько традиция, сколько отрицание» – дейтін В. Шкловский сөзінде шындық бар.
Өз жаңалығына толғатқан Абай да ескілікті ет жақындарын «танымай» кетеді. Бірақ, Жаңаның жадында қашанда күңіреніп Көне тұрмақ, — ескіні жаңа ұмыта алмайды. Абайдың алуан сырмен жаңғырып, сан бояу, мың сәулемен құбылған поэтикалық ғажайып ғаламында дулаттық ұлы өнердің де нұры шалқып жатыр.
Егер орыс поэзиясындағы арнау өлең дәстүрі (ақындар арасындағы) қазақ поэзиясына сол тұста сіңісті болса, Абай – Дулат туралы Пушкиннің Жуковскийге арнаған сөзіндей:
Его стихов пленительная сладость
Пройдет веков завистливую даль, –
деген сыңайда ризашылық, құрмет танытар да ма еді деп ойлаймын. Кім білген...
Қайткенде де, әділеті сол еді.
"Шын жүрек - бір жүрек" кітабынан алынды
Жалғасын оқып алыңыз 5. АБАЙДЫҢ ДИДАРЫ