Қарағандыда «Қасым үйі» ашылды

ӘДЕБИЕТ
2482

Бүгін Қарағанды қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойы аясында «Қасым үйі» рухани, мәдени, шығармашылық орталығы ашылды, - деп хабарлайды Мәдениет порталы

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында осындай қуанышқа ортақтасып отырмыз. Рас, 30 жыл деген тарих үшін айтарлықтай көп уақыт емес. Бірақ, осы жылдардың ішінде ел болып еңсе түзедік. Қиындықтар да болды. Оны бірге еңсере алдық. Қазақстанның әлемге белгілі ел болуына Қарағанды облысының да қосқан үлесі зор. Өндірісте, экономика салаларында үлкен жетістіктеріміз бар. Руханият саласында да бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Биыл Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сынды Алаш арыстарының мерейтойлары аясында қыруар жұмыстар атқарылды. Октябрь ауданының атын өзгертіп, Әлихан Бөкейхан есімін бердік. Ол да, тек, қарағандылықтарға ғана емес, жалпы барлық қазақстандықтар үшін үлкен жетістік деп санаймын. Ол мәселенің де көтерілгеніне көп жылдар өткен еді. Міне түйіні қойылды, - деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек құттықтау сөзінде.

Шығармашылық орталықтың ашылу салтанатына арналған дөңгелек үстелді «Абай» атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы тізгіндеді. Айта кету керек, Арқаға «Қасым үйін» салу туралы бастаманы алғаш көтерген осы азамат еді. Бастама қолдау тауып, Тәуелсіздік тойы қарсаңында қарағандылықтарға үлкен тарту жасалып отыр.

Қасым бәленбай мың адам сыйған Алматыдан пана таппай, құрт ауруына шалдығып қайтыс болған. Мен облыс әкімінің қабылдауына барып «Қасым осылай қайтыс болған адам. Тағдыры трагедияғы толы. Енді Қарағандыға «Қасым үйін» ашып қойсақ, қандай керемет болар еді» деп ұсыныс білдірген едім. Жеңіс Махмұдұлы бірден қолдау көрсетті. Жәй уәде беріп қана қоймай, өзінің ұлтжанды, мемлекетшіл жан екенін көрсетіп, осындай әсем ғимаратты тарту етті. Барша әдебиетші қауымның атынан құттықтай отырып, алғыс білдіремін, - деді Серік Ақсұңқарұлы.

«Қасым үйінің» ашылу салтанатына Жазушылар Одағының басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай және ақын Маралтай Райымбекұлы арнайы келген екен.

Қазақтың қай өңіріне барсаң да тарихтан сыр шертіп тұрады ғой. Мысалы, Қарағанды мен Қарқаралының әр тасы тарих болып сөйлеп жатады. Ал, қазір қарасам Қарағанды облысының әр күні тарихқа айналып жатыр екен. Өткенде ғана Қарқабат ананың ескерткішінің ашылуына қатыстық. Одан соң «Қасым құдығының» жөнделгеніне куә болдық. Күні кеше ғана болмай қалған коммунизмнің елесіндей болып тұрған Октябрь ауданының атауына Әлихан Бөкейхан есімі берілді. Бүгін «Қасым үйі» ашылып отыр. Бұл әдебиет үшін, мәдениет үшін өте маңызды шара, - деді Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Салтанатты шарада Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басқарма төрағасы Нұрлан Дулатбековтің бастамасымен жарық көрген Қасым Аманжоловтың библиографиялық жинағының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ, Жазушылар Одағының Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлының "Ойтамған" жыр жинағының тұсауы кесілді.

Шығармашылық орталықта Қасым Аманжоловтың мұражайы орналасқан. Онда ақынның сирек кездесетін суреттері, өзі тұтынған сиясауыты мен қаламсабы және басқа да жәдігерлер қойылған екен. Сондай-ақ, көрмеге ақынның туған жері Сарыобалы ауылынан Дәулетқазы Мұқадиұлы арнайы келіп, Қасымның кіндігін кескені үшін әкесі Рақымжанның Шәрия Садыққызына тарту еткен күміс білезік пен жүзікті алып келген екен.

Бұл жәдігерлер біздің әулетте сақталып келе жатқанына ғасырдан асып кетті ғой. Күні кеше Жанат Жаңқашұлы хабарласып, көрмеге алып келуімді сұраған. Рас, музейге тапсыру туралы да ұсыныс түсті. Бірақ, отбасылық жәдігер болғандықтан, өзім білемге салып, шешім қабылдай алмадым. Туыстарыммен ақылдасу керек. Дегенмен, түбі музейге беретін шығармыз, - дейді Дәулетқазы Мұқадиұлы.

«Қасым үйі» шығармашылық орталығында ақын музейінен бөлек, Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы, ақын Серік Ақсұңқарұлы атындағы кабинет, «Қасым» журналының редакциясы, мәжіліс залы орналасқан. Сондай-ақ, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі, Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңына да орын бөлініпті.

madeniportal.kz

Жаңалықтар

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мейрамбек Дөненбаев ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын шарық...

Жаңалықтар

Кейде өмірлік таңдауыңның дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарайтын кездерің болады. Сондайда болмашы нәрс...