Мысыр – әлемдегі ең көне мемлекет, ал оның өнері – Ежелгі Шығыс мәдениеті тарихына ең ал...
«Жанарда жүрген қонақтап, қоңырқай күзде сорлы мұң»
(Бір суреттің тарихы)
Бұл портреттің авторы – қарағандылық суретші Таңсық Мәжитова. Осыдан екі-үш жылдай бұрын Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай қазіргі Назарбаев орталығында ұйымдастырылған «Адам. Уақыт. Дәуір» көрмесінен Фариза ақынның жағын таяна, мұңлы жанарымен ойлана қалған қалпы көзімізге оттай басылып, алдында ұзақ тоқталғанымыз бар еді. Бар болғаны Арқалық педагогикалық институтының көркем сурет факультетін тәмамдаса да, қылқаламшы ретінде бояуы қалың, болмысы бөлек дүниелерге бейім Таңсық кейінгі он шақты жылда қазақ қоғамының белгілі тұлғалары мен қайраткерлерінің портрет галереясын жасауды сүйікті ісіне айналдырыпты. Әр портреттің артында тұлға хақында тұщыну, қыр-сырына қанығу бар. Сырын білмей сыршырай шықпайды, әйтпесе. Фариза ақынға да суретші сондай мағлұмат жинап барғанмен, өлеңдегі бейнесі мен өмірдегі мінезі бір-біріне кереғар жанмен бетпе-бет келгенде жіпсіз маталғанын айтады. Әрі қарайғы сөзді Таңсықтың өзіне берейік:
«2011 жылдың бас кезі еді. Телефон арқылы жөнімді айтып ем, «Жарайды, келе ғой» деп құлықсыздау жауап қатқанына қарамастан, мольбертімді, бояуымды алып үйіне бардым.
Бір уақытта:
– Мені, жұрт «тікенек» дейді. Ал, ертең салған суретің ұнамай қалып, тілім тиіп кетсе қайтесің? – деп тергей бастады. Өзімнің қазақша ағылып тұрғаным шамалы, шала былдырлап, ық жағынан сая тапқандай боп іске кірістім. Баяғыда өлеңдерін неміс тіліне тәржімалауға келген аудармашы әйелді алдына тартқан қойдың басына кеңкілдеп күлгені үшін үйінен қалай шықпыртып қуып шыққандығы жөнінде ел аузында жүрген әңгіме қайта–қайта есіме түсіп, аяқасты ебіл-дебіл бола қалдым. Апайымның жұмыс үстелінде жиырылып отырғанын көріп, мүлде қолым жүрмеді. Шыдай алмай, рұқсат сұрап кетіп қалдым.
Шыға көзімнен жас парлап, ақынның сынай қарағанына арбалып қалғаныма бір жағы қорланып, бір жағы мысы басым екенін мойындап келемін.
Содан кейін біраз уақыт қолыма қылқалам ұстай алмай қалғаным есімде. Бірнеше айдан соң Асанәлі Әшімов ағамыздың портретін салудың орайы түсті. Қорыққаннан не жан қалды дейсіз? Беттің арын белбеуге түйіп, ағамызға болған жайды баяндап, «сіз де сөйтіп кілтіңізді аспаннан іздетіп әуреге салмайсыз ба?» деген сұраулы жүзбен қарағаным бар.
Әртіс дегенің – қанша дегенмен оңай жұғысатын, адам жанының емшісі екен ғой. Менің тосылып тұрғанымды байқап: «Қызым, шығармашылық адамында ондай тоқырау болады. Апаңның ә дегеннен көңілге қонақ бермеуі сенен жеткілікті дайындықты көрмеген болуы керек. Жүрегің орныққанда, тағы бір алдынан өт» деп ақылын айтты.
Қоңыр күзде қайыра қоңыраулаттым. Бұл жолы ақынның иі жұмсақ:
– Ә, Таңсықсың ба? Сені сол кеткеннен жоғалған шығар деп ойлап едім. Келе ғой, айналайын! – деп, әңгіменің түйінін өзі тарқатып берді. Содан үш-төрт күн жұмыс істедік. Таңертең өзі бәйек болып күтіп алады. Өз қолымен пісірген ыстық тоқаш-бауырсағын да жедім, ыстық ықыласына да бой жылыттым. Жұрт қатал, бетке айтатын тікмінез дейтін Фариза ақынның шын мәнінде жүрегі нәзік, көкірегі шерлі, өзім деген жанға өзегін жұлып берердей бауырмал жан екенін сонда сездім. Бірталай әңгіме айтты, бірақ ортадағы көзге көрінбейтін байланысты ұстап, есіл-дертім кенеп үстіндегі кейіпте болғанда оның ешқайсысын қаперге ілмеген екем ғой.
«Келесің дәйім шілденің
От күні болып, ынтығып.
Құшағыңда
құрып сүлдерім
Шыға алмай қалам
бұлқынып.
Кетеді сонда жон аттап
Тәкаппар менің өрлігім,
Жанарда жүрген қонақтап
Қоңырқай күзде сорлы мұң»
– деп жырлаған ақынның ішінде өзімен бірге талай құсалы сыр, құмбыл дауыс кеткендей болады да тұрады» дейді Таңсық суретші. Сол күннен қалған естелік – ақынның сәтті портреті қазір Таңсықтың төрінде ілулі тұр.
Әділбек ЖАПАҚ