Ақын Маралтай Райымбекұлының 7 өлеңі

7 ӨЛЕҢ
8792

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Бүгін ақын Маралтай Райымбекұлының 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!Ақын Маралтай Райымбекұлы

Ақын Маралтай Райымбекұлы


Кентавр

Тұлпарға мінген ұлы даланың
Тарпаң мінезді ұлы боламын.
Жауларым семсер сілтеген сәтте
Қиылған талай гүлім, қарағым.

«Тереңдеп кеткен әжімің» деме,
Бүгінге қарап қажыдым неге?
Сұңқарлар анау торғайға түсіп,
Естілмей кетті-ау қаз үні көлде.

Бір ғажап рух ғарыштан келіп,
Дұшпанмен бабам алысқан дедік.
Сүйемдей жерге сүйегін берген
Арыстар туып, намыстан өліп.

Көнеден қалған жыр тегін ұқсақ,
Ұйқыдан безем Күлтегін құсап.
Келмейді мені мойындағысы
Өркениеттік ділдегі ынсап.

Неғылсын сон-оу заманды надан,
Жаулаған жарты ғаламды бабам.
Толассыз уақыт толғату керек,
Табанға салса адамды адам.

Болмауы тиіс мұратым мұңды,
Толағай бір ұл туатын сынды –
Кісі бейнелі, тарпаң жүректі,
Кешегі… біздің ұғатын сырды.

Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі
Бабалар бүгін түсіме енбейді.
Солардан қалған жүрек қой мынау –
Жүрегім неге кісінемейді?

Пұшайман халім өртеді мені.
Қылқобыз кеудем шертеді нені?
Жал бітті,
кенет… жотама менің,
Оқиғадағыдай ертегідегі.

Ғаламат солай басталып бір сәт,
Құйғытып кеттім тастарды турап.
Атылдым көкке жай сияқтанып,
Тұяғым алтын – Ай сияқтанып…

Алапам тасып,
ақырып,
төніп,
Аруағымды шақырып келіп:
Шығысқа қарай адырна тарттым,
Жар болса Тәңір, ақырын беріп!

АВТОПОРТРЕТ

Сүлеймендей аң мен құсқа зар айтып,
Өз басымды өз жырыммен қарайтып,
Опат болып оты сөнген ғаламдай,
Жанға дәру бір сәулені таба алмай.
Ойларымды жинай алмай шашылған,
Мен Уақыттың өтіп барам қасынан.
Мұң түбінен дос таппаған мұңлықтай,
Ар түбінен жар іздеген зарлықтай,
Қаңырадым сауап емес, обалдан,
Тәж-Махалдай жаһұттары тоналған.
Менің жаным сүйкімді бір ботаның
Жүрегіне түсіп кетті, о жалған.
Көр ішінен тәнімді ертіп келем Мен,
Жанымды іздеп жер бетінде жоғалған.
Сәуірдегі қар астында қалған гүл,
Ол да мендей, қауызында арман тұр.
Армансызға орын тимес жалғаннан,
Мен де көптің бірімін бе алданған?!
Шөл шөбіндей тамыр тарттым тереңдеп,
Ажалымның арашасы – өлең деп.
Не бүлдірдім, не тындырдым, кіммін Мен,
Отызға кеп иек сүйеп тұрмын Мен.
Бар ма, жоқ па бұл өмірге керегім,
Мен не дедім, сен не дейсің өлеңім?
Достарым да, дұшпаным да байқаған
Мен бір істің ақиқатын айта алам:
Арасында фәни менен бақидың
Менің ізім жол боп қалды ел танитын.
Қыл ішегіне шыбын қонса, мұң құлап,
Қоя берер сай-сүйегің сырқырап.
Сүтке тамған қызыл түсті сиядай,
Менің қобыз жүрегімнің қияғы – Ай.
Жанарларын құбылаға қадаған
Жайнамазын төсек еткен бар адам.
Жан аурасы шайқалмаған жарандар,
Мен өзіме ұқсаймын ба, қараңдар!

У ҚАЙТАРУ

Құдай – Көкте,
Мен – Жердемін,
Жердегі –
Қаламымда тағдырымның кермегі.
Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп
Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі.

Кермегімде кешегімнің зәрі бар,
Өрнегімде өмірімнің зары бар.
Боздар болса, мен боздайын ботадай,
Жүрегімде аруана елдің қаны бар.

Сол қайғыны жою үшін ғасырлық –
Арманымды алмау үшін ғасыл қып.
О, Кер Далам, сөйлесін деп биіктен,
Батыр тудың күркіреген күйіктен.

Ақын тудың ұланғайыр Тұранға
Бөрінің де көкірегін иіткен.
Олар сенің таптатқан жоқ гүліңді,
Бүлдірткен жоқ тіліңді.

Содан бері жазылып сан Ғазалдар,
Қирамады дейсің не дүр мазарлар!
О, Туған ел, мен сен үшін шаттанып
Һәм күйредім саған төнген ажалға әр.

«Басыбайлы бөтен тұтып баламды,
Сыйлаудан да қалып мүлдем анамды,
Игере алмай иірімге кетем бе,-
деп ойлаушы ем, – жат билеген санамды».

Дінім, ділім, ғұрыптарым – күш, қаным,
Қайта айналып қонса, рас ұшқаным.
Босағамда сүйек мүжіп төбеті,
Неге озады-ей төріме әлі дұшпаным!?

Бірлігімді тапсам-дағы жоғалған,
Қайдан табам тарихымды тоналған?!
Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың
Сәби-елге сәулеңді құй, о, жалған.

Кәрін қайта төкпесін деп жат әмір,
Уа, бабалар, балаларыңа бата қыл.
Үмбеттерің үмітіне ер салды,
Қолың бос па, демеп жібер, 0, Тәңір.

Тамырынан таратылып текті сөз,
Ал, арманшыл асыл халқым, көкті кез.
Көк байрақты қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр жетті кез...

ЗИРАТТАҒЫ ЗАР

Жүр, апа,
үйге қайтайық,
Бұл базар мені шаршатты.
Сүйсеңіз мейір қанатын
немереңіз бар – қанатым!
Ішуді қойғам,
(қоймасам, оңбайтын болдым – сорлайтын),
Аллаға сенем! Өзіме...
кімім бар басқа қолдайтын.

Үйге жүр, апа, үйге жүр.
Жүр, апа, үйге қайтайық,
Бұл базар мені шаршатты.
Күмістөбенің басындай
ағарып кеткен шашыңды-ай!
Қызылқиядан құлаған самал жел өпсін денеңді,
Өзім-ақ жазып берейін
той бастар болсаң өлеңді.

Үйге жүр, апа, үйге жүр.
Жүр, апа,
үйге қайтайық,
Бұл базар мені шаршатты.
Құлын шағымды алды бұл,
Құлыншағымды жарды бұл.
Саңырау, мылқау жалғанның қоңырауын қағайын,
Аманқоныста жоғалған бауырларымды табайын.

Үйге жүр, апа, үйге жүр.
Жүр, апа,
үйге қайтайық,
Бұл базар мені шаршатты.
Жақсылығы аз да, уы көп,
таңдайға тамар суы жоқ,
...мемлекетіміз, міне, бүгінде –
еркін ел,
бай ел әйгілі,
(Иә, мен соған сеніп жүргендей)
ұят-ау,
тіпті қайғылы.
Құрысын бәрі!
...Батқаны –
Анамның үнсіз жатқаны.

КӨЗ БЕН СӨЗ

Жазушылар одағынан кеш қайтатын күндерім аз емес. Сондайда, сонау дәліздің түкпірінен беймәлім көздер ту сыртымнан қарап тұрғанын сезінем…

Жон арқамнан көз қадалған сияқты,
Жон арқамнан сөз қадалған сияқты.
Дәл қасымнан шауып өтіп барады.
Арғымақтар айбоз алтын тұяқты.

Жануарлар тек шабысқа бейім бе,
Қалдым ба әлде уақытымнан кейінге.
Кетті, кенет, Сүгір күйі кісінеп
Көкейімде.

Басымыздан жасымыздан өтті азап,
Өткеніңді айтсаң Махамбеттік кек қозад…
Абайжырдың бауырында өксіп тұр,
Көктен түскен Көкбоз ат.

Қайда Ақбоз? Самаладай жарық боп…
Ғаріп көк!
Жазушылар одағының залына
Бір құлыншақ кіріп кетті шауып кеп.

Қарауыл боп мен қаламын қосынға,
Сенім артар қасым да жоқ, досым да.
Қамбар ата жарықтықтың зәузаты,
Кеш батқанда жиылады осында.

Оқыранып, жер тарпиды түнімен
Шайқасады, шайнасады… түнілем.
Адамдардай неге тату болмайды,
Неге, бірі-бірімен!

Сәкен еске түседі, Сәбит еске түседі.
Қадыр неге ішпеді. Мұқағали ішеді.
Әділ кетті жоғалып… өлді Әмірхан өртеніп.
Қандай ауыр түс еді?!

Жон арқамнан көз қадалған сияқты,
Жон арқамнан сөз қадалған сияқты.
Өлгендердің көзі шығар, білмедім.
Тірілердің сөзі шығар, білмедім…

СИЗИФ

Күн бе анау – жанып жатқан моладай,
Жер ме мынау – тастан соққан обадай.
Нәтижесіз, мағынасыз, мақсатсыз
Бірін бірі шыр айналған, обал-ай…

P.S.: Мен Жыр едім ғұмыр кешкен Жерде бір,
Мен өлмеймін, жырым да өлмес – көр де тұр!
Жербетілік «Құдайларға» қапа боп,
Дәу зіл тасты домалатқан өрге кіл.

Шебер Алла бәрін білген, не етемін?!
(Және соған қайрат берген жететін).
Шын ақынға жыр жазудың азабы,
Тауға тартқан тастан да ауыр екенін.

Уа,Сизиф, сұм тірлікке еті өлген,
Парызымыз ұқсас біздің өтелген.
Ол дәу тастың аты – өлең, нәті гүл
Жүрегімнің төбесіне көтерген.

Арманымды, аңсарымды ластаған
Танатостай дұшпаным көп – қас маған.
Қазақ барда өлмейтұғын жырыммен,
Мен де Ажалды мәңгі байлап тастағам!

Танатостай дұшпаным көп маған қас,
Ажал бірақ енді мені таба алмас.
Мен де бүгін бақытымды тапқанмын,
Сизиф құсап… ешкім тартып ала алмас!

Бізге енді жүргізе алар әмір кім,
Уа, Сизиф, тағдырласым, тамырлым!
Мен Құдайдың құлы емеспін үнімін,
Ұлы Сырын тасқа жазған Тәңірдің…

БАЛБАЛ ТАС

Қобыз алсам қайғым сонда қалғиды,
Маңдайыма жазу түсіп сан қилы.
Түбі – туыс, зәузатындай зары – бір,
Тас жүрегім сені көрсе балқиды.

Заты бөлек, нәті бөлек, не білер,
Нәмі бірге, қаны бірге төгілер.
Жан жүрегі жоса-жоса мұңдасым,
Тас жүрегім сені көрсе егілер.

О, Балбал тас, сен Жерліксің, мен жатпын,
Бұл бір тылсым, жұмбағындай әбжаттың.
Сені көрем, сені көрсем, сен менің
Рухымды түпсіз көкке самғаттың.

Әзірейлі ойнақ салып, іргемде,
Кеше аноу жер бетінде жүргенде.
Өз ажалын өз тойына жалғаған,
Көкте туып, жерде өлген бір мен бе?!

Ақшамдағы ару қыздар ойныма,
Жылан болып кірген талай қойныма.
Үш тоғыз да құрметіме жарайды,

Кісі қанын жүктемесін мойныма.
Кім өзгертер маңдайдағы жазуды,
Көр дейсің бе, көрің де, әне, қазулы.
Құрбандыққа шалар едім бақыртып,

Дұшпан да жоқ арыстандай азулы.
Күн Құдайы қуат беріп құтымен,
Күннен де зор бір жарықты күтіп ем.
Адам менен Ібілістің арасын
Бітістірер Көк Түріктің дітімен.

Шып-шып етіп, сұрғылт тастан шоқтанып,
Көк төсінде жанарынан от тамып.
Жылап тұрған сенің жаның емес пе,
Тамып тұрған менің қаным емес пе!

О, Балбал тас, бауырым!

author

Маралтай Ыбыраев

АҚЫН

Жаңалықтар

Қазір қазақстандықтар екі түрлі банкте бір уақытта ірі жүлде ұтып алған Санжар есімді өте сәтті жігі...

Жаңалықтар

25 желтоқсан Ақтауда болған ұшақ апаты кезінде қаза тапты деп ойлаған Әзірбайжан азаматы тірі болып...