Жауабы жоқ сұрақтарың түк емес, Сұрағы жоқ жауаптардың алдында... Аян МейрашАйдын: Сәлем,...
Сұраған Рахметұлы. Бәдікөткел: Көшпелі өмірдің күпіті (күлгін эссе)
Фото: автордың дерекқорынан
MADENIPORTAL.KZ ұжымы назарларыңызға Сұраған Рахметұлының "Бәдікөткел: Көшпелі өмірдің күпіті" атты күлгін эссесін ұсынады.
БӘДІКӨТКЕЛ
Қай жылы екені нақты есімде қалмапты. Бір қары мен аязы зәрлі қыс сарылтып барып сабырмен өтіп жатқан сәруәр маусым болаты-ды. Саздың жиегінен мұз қашқан сәуір, сасық қоғаның ылғал иісі аңқыған жазғытұрым. Сарала қаз қаңқылы сайын даланың самалымен қайта айналып, түрлі түмен миселі тіріліп, түз кейіпі түгел ояна бастаған уызды мезет. Өркениеттік индустриализациядан мүлдемге өңге бейжай уақыттың уысындағы көшпенді ауылдың бейкүнә кейіпі.
Біздің бір тарап ауылдар сызды жасаңның шетін көңмен көмкерген жалпақ шидің шетіндегі жаңа жұртқа таман тасынып қонған тұғын. Көкек айы туғанда қасат қар қақырап Ақұңты мен Бұрғұстының тішке тентектеу арнасыда тебіндеп Көкжалдың көбесін көктей өтіп ылдиға қарай көбік шашып тасқындаушы еді көктемде.
Өзек бойын өкшелей өрекпіген қос өзектің құйғаны - "Бәдікөткел" деп аталатын-ды.
Оның топонимдік тарихы қандай, кім осылай атапты, нендей сеуебінен ешкім нақты ештеңе айта бермейді.
Тасыгөйім ұмыт қалғандай біртүрлі елдің ерекшелігі күңгірт-ті. Қырдан құлдап - өзенге, өзеннен өрлеп қыр басындағы қыстау, жайлауларға қарай өрлі-қырлы жоситын жылан жым бар. Жүргіншілер таңертеңнен кешке шейін осы "Бәдікөткелден" ары-бері өтеді. Қай жолмен жүрсең де бәрібір - "Бәдікөткелге" тірелесің.
"Бәдікөткел" - төрт жолдың түйім түстігіндегі өңірден өмірлік ақпарат өндіріп, өткізетін оны жөткейтін кіші "Енешкіей" һәм "Үрейтеріс" немесе "Әл Жәзира" һәм "Шыңқуа" торабы сықылды дүйім дүниенің бір шөкім сыйы.
Өртеңсайынан өзенге шейінгі бойлық пен ендіктің мекендейтін елдің бірінен хабар алып тұратын өзінше қуатты ауыл арнасы да осы - "Бәдікөткелдің" шилі, түбекті сортаңды байсынды қолатты, қойнаулы үйығы.
Жоғалтқандары жоғын іздеп, малдарын қарап, іздегендердің ұшырасатын жері де осы кәрі мүйіс.
Қабақтың үстіртінде бақилық болғандардың көп бейіті бар баяғыдан бергі бөгенай белгідей. Бұл маңдағы жұрттың бәрі соншама момақан, бейкүнә, боз пейіл, сырттай орашолақтау және іштей беймарал, тиісінше аңғалша еді.
Өлім-жітім кезінің өзінде көр қазуға асарлап келгендер өткел аузында отырған ауыл-үйлерден күрек, тесе, сомтемір сұрап алып өзенге төніп тұрған жартасты жаңқалап, беттас қазатын-ды. Дүниедегі маңызды өзгерістерден мүлдем мақұрым, шептен шеткері мекендеген қоңыр аң сықылды үйелменнің үдерісті өткелі осында.
Қыбырлаған мал мен жан, шұбырған жұрттың сыбыры мен күбірінде бір сиқырлы сыр жататын-ды.
Қалалық урбанизацияның далалық антонимі һәм дәлірек балам(асы)ы да осы мәні ірі белгіге жуық.
Өткел аузында ұшырасқандар аспандағы жұлдыз жиегінен ауа райлап, айдаладағы итқұстың жамандығынан мал жанның амандығына шейін бірсыпыра ақпарларды анықтайды. Саламатқа сауалдық жауабы әзір: хат хабары амандықтан басталып аманатпен аяқталады. Арасында жамағатаралық сүйінші һәм жаманатты да хабар-ошарлары болады, расында адам айтса нанғысыз...
Сұмын түбтен қайтқандар болса: қоршанға түскен ұн мен шай, тұз, көр-жөр, ол-пұлдың бөлісі, тері-терісек, жүн-жұрқаның құны, тамсандырып барып-барып әзерге алақанға түсетін ташантиын, тумаханада туған нәресте, оның жынысы, ондағы ауру-сырқаулардың жағдаяаты қамтылады. Сол уақыттағы соц "жатақтаққамақтағы" жарым құрсақты шәкірттердің жай-күйі, шерікте жүргендердің тілхаттары түгел түгенделіп ары қарай қыруар әңгімеге арқау болатыны өз алдына.
Сол бір заманғы "Бәдікөткел" - сәбеттік тәртіпке негізді ғаламтор желісі сықылды ма, соған ұқсас па еді әйтеуір әдепкідегі әрдеңе, бізге мәлім, беймәлім "бірдеңе".
Өзеннен өрге қарай өрлеген көшкен ауылдар осы жерден "шөлін" басады. Мал айдап артта қалған ежелгі абориген тайпасының тұқымы құсаған немесе сол секілділердің бар болмысы да түр, тұлғасы да, бойы да ойы да стандарттан тыс қыңыр-қисық, қырбай, сойқан қыршаңқы, кейі әсіреқызылшыл, бәзі әйдік ақылман тіптен шаллдуарлау кейіптілері де жоқ емес.
Ай шуағын арқалап, таң шапағын уыстаған абыз қарттар-ай! Есім, сойлары да бұқым сыртқы пішім сүгіреттері де ерекше еді олардың!
Қатқан таяқтай екі қара шалдың бірі - сөзі мірдің оғындай Қарабай Базар, енді біреуі ашуы мен ақылы көзді ашып жұмғанша алмасып тұратын Құмар Бармақ дейтұғын кісілер. Ежелгі Бабыл мен Мысырды кезген әулиелер Әристөтілге (Аристотель) ұқсамаса да тегін емес шапшаң Қарекең мен сырттандай сақ Құмарды сырттай қарасаң: ауа мен судың арасында қалқақтап ұшып жүретіндей сезілуші еді...
Сонымен қатар жаратылыста қой мен ешкінің өрісте жейтін қисапсыз шөптесін өсімдіктерді өз көкіректерінде өсірердей өте-мөте жете білген биологияны тәптішпен танитын үшінші көзі бар нағыз түземнің "дарвиндері" болды. Таңғы сәскеден бастап, көз байланғанға шейін қой соңында жүретін томардай боз қариялар: Бозсопы Сәпи, Құлан Нұрпейіс, Әбдолда Раушандар осы жердің дегенбей табиғи сәуелі егелері.
Химия ілімі ауылдық тұрмысқа келмеген кездің өзінде үстіне киер тері тоны мен шылбырланған сары қайысты тұз бен ійге бектіріп, эко шом, ежелгі ер-тұрман, ат әбзелдерін әдемі көмкеретін Құспан Лұқпан мен Көрекеш Жаңбырбай қатарлы өзіне мығым, сенімді, өресі бөлекше тұлғалар осы - "Бәдікөткелден".
Адамзат дәуірінен адалдықы ғана енші еткен, өткен көшпенді өркениеттен үзіліп қалған саналы әулеттің сәдептің сынығындай бір пара жұлымы ғой бұлар. Әйтеуір қолдан жасалмаған ұлттың жарты жыртығы жалғасы болған.
Бұлардың ой-санасы түсірген түрлі-түрлі сөз бәдіздері Менделеевтің кестесінен де бұрынада болғанын сезіну сонша қиын емес... Олардың өздері де, сөздері де өзгеше жұмбақ!? Кім не десе де өз еркі... Бұлар өзгеден артық та кем де емес: әйтеуір бөлекше жаратылған жандар.
Тіпті бүткіл өркениеттің түренін өзінше "бүлдіріп өзгеше өшірген, өсірген" өңге "ат қойып", өлмелі "айдар таққан" Самюэль Хантингтонның да қисындарында шаруамыз жоқ. Ол, мүлдемге басқаша даудың басы, өзге сөздің жүлгесі...
&
"Бәдікөткел"-ді жарып өтер жұрттың бәрі шетінен ниеттерін тәңірі қабыл еткен ғажайып жандар бүгінгі жоғалтқанымыз да.
Сұраған Рахметұлы