Анар Абдуллина. «Тырнақтың» тағылымы

ӘДЕБИЕТ
1344

(А.Кемелбаеваның «Тырнақ» әңгімесі туралы бірер сөз)


Қазіргі қазақ прозасында әңгіме жанры тек формалық жағынан ғана емес, тақырыптық-идеялық тұрғысынан, көркемдік арна мен бағыттың, философиялық ағымдар мен жаңа ізденістердің жандануынан трансформацияға  ұшырады десек қателеспейміз. Эпикалық түрдің шағын көлемдісінде қарастырылғанмен, әңгіме басқа жанрларға қарағанда оқ бойы озық тұрады. 

Оқырманның сұранысы, уақыттың тиімділігі, пішіндік нұсқалығы, идеялық гипотезасы, соңына дейін аяқтау мүмкіндігі секілді шарттардың негізінде тез, көп оқылатындығымен әңгіме де дәстүрлі бір сарынды форматтан жаңа белеске көтерілді. Бұрын роман, повесть, поэмалардан байқайтын жаңашылдық соңғы жылдарда әңгімеде ерекше көрініс тауып жүр. Оған себеп – әрине, жалпылама айтқанда, қазақ постмодернизмі. Осы ретте әр әңгімесі бір-біріне ұқсамайтын, әрқайсысы бір-бір ірі шығарманың жүгін арқалайтын, түрлі бағытты қамтитын көпфонды әдеби дискурс негізінде зерделеуге болатын шығармалардың авторы ретінде А.Кемелбаеваның 2022 жылы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығындағы жүлдеге ие болған «Тырнақ» әңгімесін талқылайық.

Әңгіме «Табалдырық», «Жұмбақ», «Қарға», «Қорым», «Студент», «Қара дақ», «Омарта» атты тақырыпшалардан тұрады. Бір шағын әңгімеде осыншама тараулардың шығуына басында үрке қарап, «үй ішінен үй тігілген» шытырман оқиға ма дерсіз? Шынында, әр бөлімі тек идеялық жағынан ғана емес, түрлі бағыттың басын бір арнаға тоғыстыра отырып, терең философиялық түйін жасаған.

Готикалық сарын. Предромантистік бағыттан бастау алып, сонау сәулет өнерінен ұласып, әдебиетке орныққан бұл стильді мистикамен шатастырып жатады. Мистикадан басты ерекшелігі – оқырманын сендіру, түрлі витражды, яки заттық, мекендік кеңісті негізге алып, адамды үрейге билету, қорқыныш сезімін «ояту». Яки тек баяндалатын оқиғадан бұрын, жалпы тұтасталған дискурстық (мекен, мезгіл, орын, ғимарат) әлеммен ерекше. Энн Райстың «Вампирмен сұхбат» романы толық готикалық стильдің қағидаттарына жауап береді. Мәселен, ультраготикалық роман жанры деп айдар тағылған бұл шығармада жанкешті де жағымсыз рөлді сипаттай отырып, жалпы адами мәселелер, яки дүниенің ақ-қарасы, өмір мен өлім секілді дихотомиялық құбылыстар философиялық тұрғыда баяндалып қоймай, сол образ арқылы әлемнің, дүниенің ғаламдық бейнесі басқа фокустан беріледі. Осы әңгімеде де готикалық сарын шығарма бастауында орын алып қана қоймай, оқиға түйінін де меңзейді.

Әлі құрыған, суықтан денесі ауырып, мең-зең болып, бір жары құлаған ескі де тастанды қыстақтың қорқынышына қарамастан бақташы табалдырықтан аттай бере, өз дауысымен ғана бетпе-бет кездеседі. Мистикаға толы шығарманың басталуы да оқырманын үрейге баурап алады. «Табалдырық» тақырыпшасының өн бойында интригаға толы эпизод оқырманын бей-жай қалдырмайды. Өлара уақыт, үш күнгі сүйектен өтіп кеткен ызғар, отты найзағай,  түнгі пейзаж, таулы даладағы қорқынышты мезет, аш, дел-сал күйге түскен бақташы – барлығы да үрейлі тақырыптың басын ашқандай. Оттықты тұтатып, ішке ене бергенде, қап-қара сұлбаның жұлқи тартып алып, сол кіргеннен ес-түссіз шала-жансар жатып, 3 күннен кейін тауып алып, тілге келмей, тек «тырнақ» сөзбен о дүниеге кете барған кейіпкеріміздің жұмбақ өлімінің шешімі табылу үшін оқиғаны түрлі бағытта өрбіткен. Алайда мал іздеуге кетіп адасқан бақташының үстіндегі іздер сюжетті одан сайын қоюлата түседі: «Бас сүйегі, денесі, беті, тегі терісінде сау-тамтық жер жоқ, былғары күртесі айқұш-ұйқыш жыртық.Аюдың шор тырнағы сүйекке шейін шеңгелдей батқандай, қандыжолақ терең сызықтар қызыл етті ырсита тіліп-тіліп, осып-осып тастаған. Қанталаған сояудай тырнақ іздері кеуіп қарая бастаған. Бас киім бұрышта бөлек жатыр». Бұл суреттеу тозақтық азаптаулардың мотивін еске түсіреді. Бақташы да өмір мен өлімнің арасында арпалысып, қиналып, азапталып, ана өмірдің тұрғынына айналып кете барды. Шығарма әдеттегідей мифтік-мистикалық сарында жүзеге асатындай көрінеді де тұрады. Өйткені жазушының көп шығармасы этномистикалық бағытта өрбитіні тағы бар. Алайда шығарманың одан кейінгі желілері реалистік бағытпен жылжи түседі.

Этномистика. Жазушының қай шығармасын алсақ та, мифтік-мистикалық бағытының ауанынан Шығыстың, туған жердің ауаны еседі де тұрады. Марқакөлдегі айдаһарды өлтірген ана, өр Алтайдың бауырындағы алтынын қызғыштаған ордалы жыландар, Мың биенің қазынасындағы тылсым әлемді автор аңдатпадай шығармада орайлы келтірген. Жалпы этномистикалық, ғылыми фантастикалық ұғымға сай нәрсе – ұлттық атрибуттарды уақыт пен кеңістік әлемінде көркем дүниеде тиімді пайдалану. Қазақ ұғымында ескі қыстау, ескі там ұғымдары – астарында қорқыныш, үрей ұғымдары ғана емес, тыйым мәні бар концепт. Тіпті бұл маңдағы ескі қыстауға ешкімнің келгісі жоқ, Бозтайдың әкесінен кейін басқа жан мекендемеген утопиялық жер. Табиғаты керім, суы мен шөбі мол жер болса да, ел арасында мүттәйім мекен аталып кеткен бұл қыстаққа көбінің жүрегенің дауаламайтыны содан. Ескі қыстаудың тарихын мәлімдеген Ерболаттың әңгімесінен кейінгі табиғаттың ерекшелігін байқаған Саянның сезімдері алда орын алар көп нәрсені меңзейді. Тырсым қара күшке қарсылық, терістеуді терістеу заңдылығы осы сәттен бастау алса керек. Шығармадағы тағы бір ұлттық ерекшелік – жылқы малының қасиеттілігін дәріптеу. Иесі кеткесін, өзі де өліммен бетпе-бет келіп, адам секілді ол да шошынып, есті жануар да құрбан болды. Тағы бір ескеретін жайт – мүшел жас. Скептиктердің пікірінше жаста тұрған ештеңе жоқ шығар, алайда тамырлы қазақ осы мүшелден сескеніп, қорғанған. Сынақ, өлім, жайсыз жайттар секілді тізбектер осы жаста болады деп, бәлкім жазмышты осы жаспен байланыстырған болар. Жә, біздің айтпағымыз әлі алда. Тек әңгімедегі этномистикалық, яки тылсым, наным-сенімге, танымға негізделген мотивтерге тоқталдық.  

Детективтік дабыл. Жалпы әдебиеттану ғылымының тарихына үңілетін болсақ, детектив, криминал жанрлары сонау ерте заманнан қалыптасқан, оқырманның басқа психологиялық, тарихи, философиялық бағыттағы шығармаларға қарағанда, көп «сұранысқа» ие түр десек болады. Бұл шығармалардағы басты үштік: өлім, өлік, тыңшы (құзырлы мекеме маманы). Бірақ бұл әңгімеде осы қалыптасқан үштікке көмек келетін образ – Ерболат, яки Бозтайдың жиені, түй құрдасы. Ерболатты атап өтуіміздің өзіндік себебі де бар. Тартысқа құрылған сюжеттің әрқилы иірімдері мен қалтарыстарын шешуге, оқиғаның жан-жақты қамтылып, ашылуына септігі тиетін басты кейіпкер десек те болады. Түрік әдебиетінде «полисие» термині де осы детектив жанрының эквиваленті ретінде жүреді. Осылайша жұмбақ өлімнің, құпия да тылсым әрекеттердің орын алуы мистикадан детективке ұласады. Бұл да әңгімедегі екінші ерекшелік деп қарауымызға болады. Тек қана өлімнің құпиясын ашу басты мақсатқа айналмай, бұл шығармадағы детективтік сарын адамзат баласының сенгісіз, нанғысыз оқиғаларға тап болып, шынайы өмірде де ғайып пен ғажайыптың орын алып, аналитикалық, сыни, логикалық тұрғыдан зерделеу, бағамдау секілді күнделікті күйбең тіршіліктен тыс жағдаяттарды түсіндіруге бағытталған. Полиция сержанты Саян Жұматаевқа жүктелген жұмбақ өлім оны әуре-сарсаңға салып қана қоймай, кәсіби «азапқа» салады. Өйткені түрлі экспертизадан өткен барлық айғақтарда тырнақ тұрмақ, еш іздің саңылауы да байқалмайды. Шығарманың басталуы, дамуының өзі дәстүрлі әдістен алшақтап, оқырманының мойнына бірден қамытты іліп, шығарманың түбіне жеткенше зарықтырады.

Интеллектуалдық дискурс. Кезінде Т.Манның бастауымен қалыптасқан «интеллектуалдық роман» жанры басқа жанрлық түрге еніп, қазіргі заман, әлеуметтік үдеріс, ғылыми-техникалық прогресті оқиғамен оңтайлы сабақтастыра білу, оқырманды «сілкіндіру», ояту, тек терминмен, жаңа да түсініксіз сөздермен көмкеру емес, ақпараттық, гносеологиялық, тіпті кейде аксиологиялық мәнде түсіндіру жұмыстарын қамту. Мәселен, Ерболаттың Саянмен диалогындағы ашылып, ішіндегі ойын бүгіп қалмай айтуы, тамға, одан кейін қорымға барып, молдалардан, тіпті өзінің Лондондағы ұлынан ақпараттар жинауы да – аруақ алдындағы борышы ғана емес, адам ретіндегі рационалды әрекетін бірден байқаймыз. Тек естіген, ескі, ел арасындағы жүрген мистикалық оқиғаларды шетке ысырып, ғылыми тұрғыдан да білгісі келуі – оқиғаның, жалпы шығарманың реалистік табиғатын танытады. Әкесінің жарты жылдан бері депрессияға түсіп, сонау жұмбақ өлімнің жанын жегідей жеп, жағдайының мәзі кеткеніне ұлы да қол ұшын береді. Ұлымен диалогының өзінде ескі мен жаңаның тартысын, яки ұлттық таным мен ғылымның айтысын байқаймыз. Жас та болса көп оқыған ұлының ұлттық идеяға қарсы келуі – түбегейлі ұлттық танымға қарсылығы емес, тұңғиыққа батып кеткен әкесін ойдың түбінен шығарып алу мақсатындағы «ойыны» болатын. Әрине, бойында ұлттық мінезі бар адамның қазақылықтан қол үзе қоюы – сиректік. 

Сол себепті де жас баланың «тырнаққа» қатысты танымдық, интеллектуалдық пайымы – тек Ерболаттың бейнесіне байланысты эпизодтар емес, оқиғалар арасындағы тұтастықты, «тырнақ» символикасының аллюзиялық сипатын ашу мақсатындағы иірімдер. Мәселен, жас студенттің «кератин» ұғымының мәнін аша отырып, адамдардағы шаш, тырнақ пен жануарлардағы қанат-құйрық қауырсындарын салыстырады. Мүйіз бен тырнақты салыстыруы да – табиғи процестегі дамудың түрлі заңдылықтарын ұғындырады. Осылайша зоологиялық пікірлерді, түркі халықтар арасындағы хикаялық мифтерді (Баба Түкті Шашты Әзізге тырнағыма қарама деген аққу-қыздың талабы), қынаменде салты, дәстүрдегі «тырнаққа» қатысты ойларды, нагльфар, скандинав, карел-фин мифологиясындағы түсініктерді, физиологиялық, анатомиялық тұрғыдағы ғылыми тұжырымдарды, ислам діні тұрғысынан алғандағы наным-сенімдерді бір арнаға жиыстырып, барлық танымдық-ақпараттық өзекті студенттің «аузынан» естіртуі – шығарманың орайын оқырманға тікелей бұрғандығының белгісі. Көркем прозада бұндай ақпараттардың берілуі үйреншікті болмағанмен, көркемдік шешімге ұласқан деректі шындықты байқаймыз. Интеллектуалдық шығармадағы басты негіз – деректердің нақтылығы.

Авангардизм. Сана ағымы. Әңгіменің өзегіндегі тағы бағыт – авангардизм. Психологиялық шиеленістердің, сана ағымының түрлі трансформацияға ұшырап, интерпретациялық нарратологияның жемісінен әңгіме де коллизияға ұшырады. Аты аталып тұрғандай, авангардизм де – алдыңғы шепке шыққан оқиғалар мен кейіпкерлердің өзара тартысы ғана емес, тіпті антиномиялық бағытта өрбитін тұтас жүйе делік. Оның түрлі фигуралары да бары анық. Соның бірі – кубизм. Жалпақ тілмен айтқанда, нарратордың пікірінің түрлі сан-саққа жүгіруі, оқиғалар бір кейіпкердің атынан баяндала отырып, басқа да бір образдардың көзімен, сөзімен бейнеленуі. Мәселен, бұл шығармадағы бір ғана Саянның «зерттеуінен» кейінгі Ерболаттың, молданың, ұлының көзқарастарымен өріліп кете баруы. Екі түрлі кейіпкер (Ерболат пен ұлы) бір нүктеге екі түрлі фокуспен қарап, түрліше бағамдайды. Бірақ нарратор екі түрлі кластерді параллель қоя отырып, оқырман жадына ой салады. Авангардизм фигураларының тағы бірі – коллаж. Иә, кәдімгі өнердегі коллаж. Бірақ көркем шығармада да оның өзіндің рөлі бар. 

Мәселен, тек студенттің жинаған материалдары ғана емес, Ерболаттың да түрлі ақпарат көздерінен, ел аузынан, халықтан, анадан-мынадан естіген, миына сіңген ақпараттардың қиындысы, олардың бір оқиға айналасына жинала қалуы – коллаждық әдістің негізінде жасалған тәсіл. Автор бұны әңгімені әрлеу немесе «ерекше» ету үшін емес, кейіпкер жан-дүниесіндегі арпалысты, санадағы жаңғырған түрлі ақпараттар ағынынан шыға алмаған психологияны, адам жадындағы иррационалдық, сентименталистік, тіпті иллюзиялық дағдарысқа түсіп, депрессияға ұшыраған жүрек иесін көрсету үшін қолданған. Ерболаттың ішкі толғанысы, күйініші, ешкім түсіне алмас әлемі оны түрлі ойға батырды. Ойнап жүрген балалардың бас сүйекті тауып алуы, кәрі аңшыны, омарташыны еске алуы, адамның обыр, кеще екендігіне күйінуі, бір отбасына солайымен қара басып, карма заңдылығының шынымен жүзеге асуы секілді ойлар – Ерболатты одан сайын психологиялық дағдарысқа ұшыратып қоймай, оқырманына да ой шоғын тастайды.       

Магиялық реализм. Шығарманың шиеленісуі тіптен қызық. Саянның кэнон фотоаппаратына түсіріп алған 7 кадр 7 түрлі. «Ергежейлі. Қара силуэт. Сырт пішіні адам анатомиясына келіңкірейді, кеспелтек, басы саңырауқұлақ сияқты дөңгелек, аяқ жағы кескен томар сияқты, тұтасымен қою қара даққа ұқсайды. Бірнеше кадр түсірген, ең қызығы, әр кадрде ол құбылып, басқаша сипатта көрінеді. Жеті кадрде жеті түрлі кескін. Әлгінің бойы сәт сайын бес сантиметрге ұзарып өскені білінді». Бұл – Саянды таңқалдырған мезет еді. Тіпті жазушының шеберлігі сонда, суреттегі ергежейлінің өсу процесінің өзін ақ құртқа теңегенінің өзі сол қорқынышты сезімді одан сайын коюлата түсетіндей. Саян мен суретші досының диалогы – жоғарыда аталған суреттердің шешіміне нүкте қоятын философиялық түйін. Алғашында фотосуреттер қарапайым адамның көзімен суреттелді де, автор әдейі суретшіні сөйлетті. Өйткені кез келген туындыны өнер адамы өзгеше сипаттайды. Өнердің құдіреттілігі де осында. Қаламгер фотоны өнер туындысына талдата отырып, қоғамдағы түрлі мәселелерді тіпті басқа форматта түсіндіреді. Құбыжықтың әр фотода өсу құбылысына суретші былай жауап береді: «Саян, сен құбыжық деп дәл атадың. Қазір білесің, қоғамда тренинг, коуч деген ұғымдар алға шықты. Жұрт ақы төлеп, жаппай соларды тыңдайды, өздері ізденіп оқуға құлқы жоқ. Оңай баюдың жолын іздейді. Еңбексіз, білімсіз іс бітпейтінін ұқпайды көбі. Мен психологияны метафизикалық тереңдікпен жазатын ғұлама авторларды бағалаймын. Мұның сырын ашатындай теорияны Айванховтан оқыдым. Оның айтуынша, эзотерикалық кітаптарда табалдырық қарауылы туралы айтылған. Ол табалдырық күзетеді. Оны эзотериктер адам баласы күндердің бір күні бетпе-бет кездесетін құбыжық түрінде елестетеді. Міне, осы табалдырық күзеткен құбыжық мына біздің өзіміздің бір бөлшегіміз, қара пиғылымыз, тұла бойды құрсаған барша жаман, зиянкес, кінәратты, күнәлі, бұзақы, теріс істердің конденсациясы, яғни, қойытылған, байытылған түрі. Қант қосып қойытылған қалбырдағы сүт сияқты.

Бірақ тіл үйіретін тәтті дәм емес, кілең улы, ащы қосынды. Зұлымдық, кесір, ақау, кемістіктен таудай қор жиналып, тұтасып тығыздалып қалады. Адамда барлық жақсы нәрсе де, жаман нәрсе де табиғаттағы сияқты жинақталып, нығыздалады. Ұйыған қан сияқты қарайып түнереді. Жүрек қарайса адам аңға айналады». Шығарманың түйіні де осы еді. Шешімі де осы. Бәлкім, оқырманға қораш немесе мистика болып көрінер. Тіпті, фантастика, ертегі дерсіз, келіспессіз. Алайда, шынымен де, біз нені егеміз, соны орамыз. Фотодағы қара ергежейлі – қарғыс, қара дақ. Осылайша, жұмбақ жағдайдағы өлім – магиялық реализмге құрылған оқиға дейміз. Шығармадағы фантом да – адамның «өзі». Суретшінің өзі де, пікірі де жайдан-жай қиыстырылған ойлар емес. Өнер иесінің жалпыадамзаттық құндылық тұрғысынан бағалауы – адамдар сезбейтін, сезіне білмейтін, ойы жете бермейтін, санасы сілкіне алмайтын, ми қыртысындағы қалтарыстарды жүзеге асырмайтын ұсақ та маңызды тұстарды түйсіндіру. Міне, нарратордың шеберлігі осында, суретші арқылы саналы да кәсіби тұрғыда жіліктеп, жеткіздірту.

Әңгіме ішіндегі әңгіме. Бұл тәсіл эпиканың орта, кең көлеміндегі көп кездесетіні бар. Алайда, әңгімеде де оңтайлы пайдалану – шеберлік. Көркем образ арқылы әңгімені нақты, қанық, оқырманға жетерліктей, нанымды, тіпті сіңімді дейікші, толыққанды жеткізу үшін қысқа шағын мәтіндермен характер, образ, идеяның бірсыпырасын ұғындыртады. Бұл тәсілдің тағы бір ерекшелігі – автор мен кейіпкердің ортақтығын, өзара байланысын, пікірлер тоғысын, көзге көрінбейтін іштей байланысты көрсетуі. Бұл әңгімеде осы тәсіл өте мол.

  1. Ерболаттың әңгімесі. Түсіне Бозтай кіріп, оған барлық нәрсені айтуды өтінуі, сол сәттен бастап Ерболатты сол түс жегідей жеп, сан мыңдаған сұрақтың сарсаңына түсуі – алғашқы әңгіме. Ерболат бар білгенін көсіле Саянға айтып қана қоймай, ескі там мен айналаны, қорымды көрсетіп, тергеуге ат салысып қана коймай, әбігерге түскен жаны, есінен кетпейтін нағашысының рухы, психологиялық жай-күйі үшін де көп ойланады. Ерболаттың айналаны барлап отырып, балалық шағы, жастық кезі, нағашысының кейпін сағына еске алуы композициялық құрылымның фабулалық желісіне өзінше түр береді.
  2. Молданың әңгімелері. Ишанбай молданың өлім (қарға) туралы аңызы, ешкі туралы танымдық әңгімесі, жәннаттан қуылған ібілістің адамға өшігуі секілді діни-нанымдық әңгімелері де ойға тамызық болады. Ишанбайдың мына сөзін алайық: «Азған жанға жын жолдас. Бар жерде құдайдың заңдары бұзылып, адамдар азып барады. Ұяттан адам өлмейді, сағы сынады. Құдайдың жарығы адамды әрдайым алып жүреді. Тек соқыр, мылқау, антұрған сәулеге ермей қасарады». Шығарманың айтары да осы жерде ма деп ойлайсың?!
  3. Студенттің әңгімесі.  Ерболаттың Лондонда оқитын баласының «тырнаққа» қатысты «әңгімелер» тізбегі де фабулалық шешімнің түйінін айғақтайды.
  4. Суретшінің Малевич, Гойя, Айванховтың дүниелері мен шығармаларын түсіндіре отырып, айтқан тұжырымдары да бір жағынан суретшіні биік қойып, Саянды төмендету емес, немесе адам баласын кемсіту емес. Суретші әңгімесі – авторлық позициядан туған «көшірме» сәуле.

          Символ. Шығарманың соңында Саян суретші досымен әңгімеден кейін жаны жайланып, сұрағының шешімін тапқандай күйде ерекше сезімді бастан кешіреді. Бір жағынан пікірге мойынсұнады. Қарсы да шықпайды. Үнсіз түсініседі өйткені. Іштей келіседі. Саян да осы ойдан кейін өзін басқаша сезініп, полициялық қызметті тастап, жаңа өмірге бет бұрады. Шарап ішпей, кофе ішкені де, хариус балығын қуырғаны да – ерекше детальдар. Хариус – тау өзендерінде, әсіресе Европа мен Сібірдің салқын да саф суында ғана өмір сүретін балық. Саянның жаңа өмірді бастауы, «таза» білімді игеріп, соны қадаммен болашаққа нық қадам аттауы да осы оқиғадан кейін пайда болған идея еді. Ерболаттың түсі де – символикаға құрылған. Жапалақтап жауған қар, кеуіп тұрған ағаштың көгеруі – Бозтай атының, Бозтай мекенінің ғана емес, жалпы ұлттың өсуі, өнуі еді. Саянның басында мүттәйім жер болса да, табиғатына қызыққан жерді гүлдендіріп, қопарып тастап, жаңа мекен етуі де жайдан-жай емес. Нағашысынан қалған көздің қарашығындай жердің гүлденгеніне іштей ырза болған Ерболаттың да жаны кірді. Алайда, қадамгердің айтпағы – мәңгілік ел идеясы. Осы уақытқа дейін жиналған қорқыныш, үрей, зорығу, шаршау, шығармада келтірілген «ашу, ыза, кек, жек көру, қызғану, алдау, арбау, өтірік, настық, кір, қоқыс, былғаныш, нәпсі, оңбаған, сұм-сұрқия, бұзылған, пасықтық, залымдық, агрессия» секілді қара ниеттерден құтылып, жаңалыққа ұмтылу, жаңа белеске шығу, жаңа мемлекетті қалыптастыру идеясы жатыр бұл жерде.

Сөз соңы.  Шығарма композициясы бірізді болмауымен, интелектуалдық, интертекстуалдық сипатымен ерекшеленеді. Туындыда аталған «Қара дақ» симулякр образ. Барша жамандықтың жинақталған образы ретінде қара дақ – әр адамның бойында кездесетін жаман тұсы. Қара дақтың сәт сайын өсіп отыруы мифтік таным арқылы жезтырнақ сынды мифтік кейіпкерлерді еске түсіреді. Дегенмен симулякр образының ерекшелігі осында. Қара дақ жағымсыз мифтік кейіпкерлердің бірі деп ойлағанмен де, олай болмай шығады. Авторлық позиция мифологеманы терең түсіне отырып, бүгінгі жаңа көзқарастарды естен шығармай, әр адамның жаман тұсын көрсетпеуге тырысатынын, әр адамның ішінде қара дақтың болатынын жеткізеді. Шығармада Абыл мен Қабыл аңызы қолданылған. Бұл аңыздың қолданылуы қаламгердің жазушылық кредосына байланысты. 

Мәселен, М.Мағауин «Аласапыран» романында Абыл мен Қабылдың оқиғасын көшпенділік пен отырықшылық салттың қайшылығына негіз етіп қолданған. Өзге де қаламгерлер жақсылық пен жамандық қатынасын бейнелеуде қолданып, туындының философиялық қырын таныта түседі. «Әлем – мәтін» түсінігі А.Кемелбаеваның «Тырнақ» туындысында хронотоп арқылы ерекше сипатта қолданылады. Жеке суреттелген оқиғалар тізбегі біртіндеп авторлық позициядан көркем баяндауға алмасады. Осылайша автор‑кейіпкер тізбегі құрылады. Туындыда автордың мәтінге ену эффектісі көрініс тапқан. Осылайша А.Кемелбаева оқырманмен тығыз байланыс орнатып, қазіргі қоғамда болып жатқан оқиғалардың негізгі себебін анықтап береді. Жүйелі түрде жүзеге асқан суреттеулермен, бейнелеулер арқылы көркем мәтіндегі уақыт концепциясы бірде кейінге шегеріліп отырады. Енді бірде автор кейіпкерлерінің арасында интеллектуалды сұхбат құрастырып, интермәтінділікті тиімді қолданады. Тырнақ жайлы ақпараттардың барлығы да шығарманың постмодернизм дискурсын күшейте түседі. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап қазақ қоғамының трансформациясын сынаған қаламгер қара дақ симуляциясы негізінде түсіндіруге тырысады. Сонымен бірге шығармада интеллектуалдылықтың жаңа типі ретінде кейіпкер Ерболаттың Лондонда оқитын баласы суреттелген. Дегенмен автор тәуелсіздік жылдарынан орын алған өзгерістерді саралай келе, мәдени және адами құндылықтардың, этномәдени дүниетанымның сақталуы керектігін жеткізеді. Айта кетерлік артықшылық: оқырманмен ойын. Бұл – постмодернизмнің негізгі құралы. А.Кемелбаева «Тырнақ» шығармасында «қара дақты» оқырман дүлей күш, құбыжық деп күтеді, десе де авторлық позиция тұрғысынан олай болмай шығады. Қаламгер шығармаға детективті сипат бере отырып, қара дақтың мәнін интеллектуалдық сипаттан түсіндіреді.

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...