Ақын Алтыншапақ Хаутайдың 7 өлеңі 

ӘДЕБИЕТ
2587
Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал ЖұмабайТоқтарәлі ТаңжарықҰларбек НұрғалымұлыЫқылас Ожайұлы, Мирас АсанТөлеген МеллатЕрлан ЖүнісЕрғали БақашАсылбек ЖаңбырбайСерікбай ӘбілмәжінұлыЫрысбек ДәбейАхат РасулОлжас СәндібекҰмтыл ЗарыққанЕрмек Дайырбаев секілді ақындар 7 өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын - Алтыншапақ Хаутай! Мархабат!
Ақын Алтыншапақ ХаутайАқын Алтыншапақ Хаутай* * * 
Сол дəурен сағым сынды алыс қалды... 
Біз кештік теңіздерді, 
Ағыстарды. 
Жанымнан жылжып өтіп бара жатқан, 
Жиырмалық жас қыздарға табысталды. 

Жас қызға жарасар сол сезім деген, 
Мен кеттім. 
Жанымда мұң, 
Көзімде өлең. 
Қайтейін сол сезімді өлең етіп, 
Табыса алмаған соң өзіңменен. 

Ұмытып кейде бір сəт жырды, мұңды, 
Қуалап кетем сосын тірлігімді. 
Тек уақыт мол қазынам еді менің, 
Жоғалтып алам күнде бір күнімді. 

Билейді беймаза мұң шақырып ап, 
Далада күздің демі жақынырақ. 
Жыр жазып жалғыз өзім отырамын, 
Қаламды қара түнге батырып ап...

* * *

 Тағдырға тілек тыңдата алмадым,
 Тар жолым неткен тайғанақ еді?!
 Үздігіп саған үн қата алмадым,
 Ұмытты екен деп ойлама мені.

 Тарам жолдарда кез келгенің шын,
 Толқытады өзге күй ғана мені.
 Айта алмай кеткен сөздерің үшін,
 Көзқарасыңмен қинама мені..

 Көңіліңнің алсам көшіп төріне,
 Мен салған əнді есітпедің бе?
 Алқызыл гүлмен жолымды тоспай,
 Қасымда жүріп кешіккенің не?! 

 Апырмай, саған, түсін, не айта алам,
 Жолымнан қайта кез келесің бе?
 Адасқан аппақ құсың қайтадан,
 Тартады бағыт өзге мекенге...

***

Хабарыңды еш сұрамай жер-көктен,
Хат жазбадым. 
Қоңырау да шалмадым.
Қалай айтам, күнде мені тербеткен, 
Қиялымды жылдар ұрлап алғанын.

Саулығыңды сұрамадым самалдан,
Сен жайлы ойды жеткізер деп өзгеге.
Күндей күліп, шығар ма еді тағы алдан,
Сол бір іңкәр оралмайтын кез неге?!

Өзің жайлы өлең қайта жазбадым,
Өзегімді өртер дедім өрті кеп.
Жер бетінде аман жүр деп алдадым,
Жанарымды...
Жасқа толған мөлтілдеп.

Үнсіз жүрдім,
Сыр ашпадым ешкімге,
Көңілімнің өзің ғана шерт мұңын.
Ұмытып ем...
Ой теңізін кештім де,
Сені еске алдым сәл мұңайып....
тек бүгін.

*** 

Қала. Түн. Көліктің әйнегі...
Кешегі қиялым қайда еді?
Есіме оралып өткен күн,
Елестеп біреудің ай реңі...

Көшеде түн ғана мүлгиді, 
Уақыт та тым баяу жылжиды.
Терезеге тиген тамшылар,
Бір-бірін қуалай сырғиды.

Тамшылар. Жанымның жасы ма ең,
Мен-дағы біреуге ғашық ем.
Ғашық ем...
Сөнбейтін кеудемде,
Махаббат, не деген асыл ең?!

Қала. Түн. Кептеліс көшеде.
Адамдар тағдырын шеше ме?
Бір-бірін іздейді жүректер,
Бәріне кінәлі пешене.

Көлікте мұңлы әуен ойнайды,
Мені де ол, бәлкім, ойлайды...
Бір сезім билесе сол қайғы,
Болмайды, дүние-ай, болмайды...

* * *

 Ол дүние - белгісіздер мекені,
 Белгісізге ел неліктен кетеді?
 Аз ғұмырың - аялдама тәрізді,
 Ақиқаты - адамзаттың өтері.

 Бақи деген шындық па екен, бар ма екен,
 Қалғанына енді дүние тар, бөтен...
 Арттағының көзін жасқа толтырып,
 Алғанына Аллам өзі жар ма екен?...

 Ол дүние - сағыныштың тұрағы,
 Бұйырар ма Жаратқанның жұмағы?!
 Жетер ме екен қабірінің қасында,
 Қолын жайып, бағыштаған құраны?!

 Ғұмыр дейтін ұзын жолды жыр ма екен,
 Уақыт деген қолдан сусыр құм ба екен?
 Қайран тəнін қара жерге қалдырып,
 Көк жүзінен қарап бізге тұр ма екен?!

 Сұм дүниенің болмаса егер баяны,
 Қызық сəттің есте қалар қай əні?
 Аз ғұмырдың қызығына алданған,
 Аяқ асты адамдарды аядым...

 Барады екен өмір бізді қайда алып,
 Өтеді екен бір үмітке байланып.
 Сосын адам сіңіп кетіп ғайыпқа,
 Кетеді екен сағынышқа айналып...

* * * 

Мен туған топырақ, тал, қайың,
Бөкеннің күн сүйіп маңдайын.
«Балам» деп бата айтып, үлкендер,
Бір бақыт тілейтін әрдайым.

Ондағы жандардың жаны ізгі,
Тау – мамық, аспаны – жамылғы.
Бәрі де анамдай аяулы,
Бәрі де әкемдей қадірлі.

Мекені мұқалмас рухтың,
Содан ба таулармен туыспын.
Қай жерде өлерім беймәлім,
Ең ғажап өлкеде туыппын.

Күркіреп құлайтын өзендер,
Көз ілмей күтетін кезеңдер.
Бәрің де тәкаппар, өр еңдер,
Сондықтан хақым жоқ төмендер.

Артықтау құнынан алтынның,
Аңсадым, таусылдым, сарқылдым.
Сағыныш дейтұғын жалынның,
Күн сайын өртіне шарпылдым.


Кеудемді қылды да шер мекен,
Жерұйық дегенім – сенде екен.
Мен туған топырақ, мені ойлап,
«Құлыным, қайда жүр», - дер ме екен?!

* * * 

 Таусылмайтын жолдарда ұзақ,
 Таусылмайды ой неге?
 Қимас жандай қалған жырақ,
 Қатар жүзді Ай - кеме.

 Түрілуге түн ерінді,
 Тамыз таңы салқын ба?
 Қайтем енді жүрегімді,
 Қалып қойған артымда.

 Шықты күн де қайта күліп,
 Əуре етеді сарсаң ой:
 "Қос бөлігін Алтайымның,
 Қайта жалғай салса ғой".

 Қол бұлғайды жазым, əне,
 Талып қайта қарашық.
 Көз ұшында созылады,
 Кең Россия даласы.

 Созылады дала мұндай,
 Орманы көп, асқары.
 Орыс қыздың жанарындай,
 Төңкеріліп аспаны.

 Гүл көмкерді реңімді,
 Қиял көкке алып ұш.
 Түрткілейді жүрегімді,
 Таусылмайтын сағыныш.

"Мәдениет порталы" елге белгілі, өзіндік орыны бар суретшілерге сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 картинасын сұрап, жариялап отырмақ. Еске сала кетейік, бұған дейін суретші Әділғали Баяндин, Төлеген СүлейменовСерік Тайнов жазған 7 картинаны ұсынған болатынбыз! Бүгінгі суретші - Бақытнұр Бүрдесбеков! Мархабат!


author

Алтыншапақ Хаутай

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...