Ақын Серікбай Әбілмәжінұлының 7 өлеңі

7 ӨЛЕҢ
2108

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал ЖұмабайТоқтарәлі ТаңжарықҰларбек НұрғалымұлыЫқылас Ожайұлы, Мирас АсанТөлеген МеллатЕрлан ЖүнісЕрғали БақашАсылбек Жаңбырбай секілді ақындар өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын - Серікбай Әбілмәжінұлы! Мархабат!

Ақын Серікбай ӘбілмәжінұлыАқын Серікбай ӘбілмәжінұлыДала 

Білмейтін уақыт өлшемін, 
соныңа қызығам мен сенің. 
Сағынтар әр бір тал бөлшегің, 
жанымды көмсе мұң. 

Сенде мен аңсайтын мың ән бар, 
әр мұңым ән болып жылаңдар. 
Шашымның ағартар әр талын, 
қаланы қартайтар ұрандар. 

Е, Дала, даланың інірі, 
ертеңін күтетін егілмей. 
Еңселі қасиет тым ұлы!! 
Арғымақ көретін түсінде, 
батырдың үзілер деміндей, 
даланың күбірі. 

Күзеткен шәйірдің мазарын, 
тіріде жылатқан ғазалы. 
Сені де әлдилеп тұрады, 
естіші мынаны!! 
О, қандай ғажап үн!! 
Өлген соң мұңымды күзетер, 
мен қашан сондай жыр жазамын. 

Күлкісі тым қатты қаланың, 
секілді шайтанмен үйленген, 
мұңы да бөлекше күйге енген. 
Шаршаймын. Шәйірдің әдеті, 
шаршаса мәйхана паналау,
Мен де оны үйренгем. 

Мұңлы айдың кірлеген ажары, 
Астында ақынның мазары. 
Тағы да құлазу, күрсіну, 
үздіккен арманның ажалы. 
Сағыну, қайғыру, жылауды, 
о, дала, сен ғана көтерер, 
еңселі һәм мұңлы, ғажабым!! 

Аға 

(Мұрат ШАЙМАРАНҰЛЫНА) 

Аға-ау, Аға!! 
Өзіңдей асыл жанды ойлап, 
санада сағныш салды ойнақ. 
Ертелі-кеш жыр жазам, 
бұйырар содан қандай бақ. 

Бал кештің тыңдап күбірін, 
өтеме деп ем ғұмырым. 
Аспандағы айға ұлып жүр, 
бөрі болам деп бұл інің. 

Сен жазған жырдай әдемі, 
айтылмас сырдай сәлемі. 
Санамда жүріп шаң басты, 
мінсіз бір музам бар еді. 

Тәбетім тартпай күлкіге, 
тағасыз аттай іркілем. 
Ініңді жасын үніңмен, 
сілкілеп алшы, сілкілеп. 

Тымырсық қандай тар әлем, 
сырлассам бағзы даламмен. 
Алатау сынды тұлғаңды, 
сағынып жүрмін, аға мен! 

Елітіп шәйір жүрегін, 
есіней тыңдап тілегін, 
Алматы әлі жатырма 
Алатауға артып білегін?! 

Аруы – арман, кіл керім, 
мәйхана болған түнгі емім. 
Көне шаһарға көмілген, 
қайғысыз, қамсыз күндерім. 

Жырлары жаһұт, үні мұң, 
Шираздың сүйген сұлуын, 
кәйіпшіл сол бір шәйірдің,
аңсаймын мен де ғұмырын. 

Сыймаған Алтай, Алатау, 
бұйырар бізге қандай бақ?!  
Жалау ғып жасын ән байлап, 
Татымсыз күнге қан қайнап, 
Тартып бір кетсем қайтеді, 
Бататын күнді маңдайға ап!? 
Аға-ау!! Ақын Мұрат Шаймаран мен ақын Серікбай Әбілмәжінұлы***

Бұлт ішінде бұлаң еткен бір сурет, 
Өлеңіме көшірдім. 
Сен орамал бұлғаған күн келмедім, 
Қырсықтығымды кешіргін. 

Елесіңді құшу ғана бұйырған, 
Әр түн сайын түсіме кеп түнерсің. 
Жүз өлеңге айналдырып қайтарам, 
Бір хат салып жіберші. 

Бір хат байлап жіберші, 
Сенен ұшқан қанатына құстардың. 
Әуен болып әлдилейтін біздерді, 
Маһшар да сені құшқан күн. 

Бір хат жазып жіберсеңші тағы да, 
Жар ете алмай армандаған «жарыңа». 
Шыр-пыр етіп маза бермес жаныма, 
Құс – сағыныш қонақтасын бағыма. 
Бір хат жазып жіберші!! 

Жырау

Араб бол деп үндеген, 
Сиқы мынау дінімнің. 
Жатырласым күндеген, 
Мүкісі бар тілімнің. 
Бір қазан ет құны жоқ, 
Тұлпар шығар құлынның, 
Бір бақырлық құны жоқ, 
Хас ақынның жырының. 
Әй, кектенем, кектенем, 
Кек алардан түңілдім. 

Балта саптан озған соң, 
Хан тегінен азған соң, 
Артық көрер халқынан, 
Дүр көбейді күйіттеген өз басын. 
Оқ атылды оғылан ұл Оспанға, 
Кесіп алдық хан Кененің әз басын. 
Басы байлы құл көбеймей қайтеді, 
Бірлігіміз тозғасын. 

Я, әруақ, әруақ! 
Айбыныңа түсті бүгін сары дақ, 
Өсер ұлдың бағына бір жармасты, 
Кесек ұлдың тағына бір жармасты, 
Өңшең құлдар жамырап. 
Қатын би боп, 
Пұл боп қара топырақ, 
Жетімің жүр шетел асып аңырап. 
Жесір кетті отын өзі өшіріп, 
Жатырында жаттың ұлы тамыр ап. 
Әй, бұл да бір қысыр заман, кер заман, 
Қолда өзің, Әруақ! 

Бебеу қаққан, беу заман! 
Осындағы он миллион халқыма, 
Босып жүрген бес миллион халқыма, 
Қашан түсер шуағың?! 
Қысық көздің иреңдетіп жыланын, 
Мысық көздің тіксіндіріп құлағын, 
Қашан туар күллі түркі қосатын күн ұранын!! 

Түркі ұранын қосқан күн, 
Асыл текті, бек мүсінді тұлғалар, 
Таққа отырар күн болар. 
Теңгеміз бен тілімізде құн болар, 
Басқан ізім гүл болар, 
Өр рухым жырланар. 
Сары албасты алшаңдауы мұң болар. 
Иығымызға ай қонар, 
Төбемізге күн қонар. 
Төбеге күн қонғанша, 
Талай ғасыр сырғанар. 

Күзгі жыр 

Торғайбас қар күздің шырқын бұзды бір, 
Мендік жүрек сол сағыныш, үздігу. 
Жапырағын желге берген қайыңдар, 
Жұбатады бізді кім?! 

Жапырағын желге берген теректер, 
Жерде жатқан жапырақтар – желектер! 
Сәлден кейін қыс келеді ақ бөрік, 
Кәрі әжемді көрпеге орап өбектер! 

Биылғы күз Алтай күзі секілді, 
Жылыуы да, суығы да өтімді. 
Сары дөң жақта сарыалақаз дауысы, 
Айтып бара жатыр тездеп жетуды. 

«Бұл мекенін сағынады-ау ол енді...» 
Бір суық үн дел-сал еткен денемді. 
Сары күзден күтем неге жақсылық, 
Күзде жазам неге жақсы өлеңді?! 

Күз әні

Көңілімнің іргесінен қыркүйектің бұлыты аунап, 
мұңдастығын сылтау етіп сезімімді жылытар бақ. 
Жапырақсыз бәйтеректер, тыр жалаңаш емендер, 
жайрап жатқан жапырақар, жапырақтар – өлеңдер. 
Жастық тойы тоқыраған гүлдің еріні кезерген, 
Бұлбұлдардың бұла әнінен бір салқындық сезем мен. 
Бар тіршілік қақ бөлінген, екі үйекке жіктелген, 
Бірі мұңлы һәм самарқау, мезі болған күткеннен. 
Бірі асығыс, әр қадамы, әр тынысы есепте, 
Бақыты оның – байлығы мен бақастығы кесектеу. 
Бір бойжеткен көз бұлады армандасын жоғалтып, 
Бір бозбола кердең басты арманына қол артып. 
Бір жеткіншек мектебіне, ертеңіне асықты, 
Бір қария сөзін бұлдап ел төріне асықты. 
Бір келіншек жар төсегінде өртенуге асықты, 
Бір жұмысшы тұрмыс үшін тер төгуге асықты. 
Бір бұрышта иесіз ит налу да жоқ, қайғы жоқ, 
Бір бұрышта қаңғыбастар, асқақтық пен айбын жоқ. 
Құмығыңқы күздің даусы...
Қала у-шу, даңғаза, 
Бұнда оқылған өлең жетім, бұнда салған ән қаза. 
Көгіс тартқан бетон сынды күл беттенген өтірік, 
Дәйегі жоқ сөз боратқан көрік сынды көкірек. 
Тәубесімен өксік басып, өзін-өзі жұрт алдап, 
Көгіс тартқан көңілдерін сәл-сәл ғана жылытар бақ. 
Қайда барсаң дірдек көңіл, қайда барсаң құлазу, 
Тыңдап тұрар бір құдырет бар да шығар күз әнін.
Күз реңді сары қызға ғашықтықтан шығар бұл, 
өзім осы көңілсіздеу күз әніне құмармын. 

Соңғы сөз 

Ақтық үн емес пе екен мына күбір: 
Тарпаң едім бір аты - ұл, бір аты - нұр. 
Ақылын қара өлеңнің десі басқан, 
Ақыныңды өбектеп жұбат іңір. 

Бәрібір еңсем түспей тік тұрамын, 
Аман болса тұраным – нық тұрағым, 
Арқама ат ойнатқан оспадарға 
Қазақтың кім екенін ұқтырамын. 

Көк теңіз, көкбет толқын – кекті кеуде, 
Ұсынды уын құйып отты демге. 
Кең төрде көсілмейтін көбең өмір, 
Мұң тербер өлең болып өтті менде. 

author

Серікбай Әбілмәжінұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Биыл Тәуелсіздік күніне орай қатарынан үш күн демалыс беріледі, деп хабарлайды madeniportal.kz....

Жаңалықтар

2024 жылғы 23-34 қараша күндері Астана қаласынан Қазақстан Қарулы күштері авиациясының жоспарлы ұшул...