Кәкімбек Салықов - Елім деп тебіренбеген бір күнім жоқ

ӘДЕБИЕТ
6128

Таныс болыңыз: Кәкімбек Салықов. Тау-кен инженері, Жезқазған шахтасында учаске бастығы, бас инженер, бастық болып істеген. Содан соң Жезқазған тау-кен комбинатының партком хатшысы, обкомның екінші хатшысы, Қарақалпақ обкомының бірінші хатшысы болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі экология комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Жоғарғы Кеңестердің депутаты болып сайланған. Қазір Арал мәселесі жөніндегі Ұлттық кеңестің бас сарапшысы, Халықаралық Қ.Н.Сәтбаев қорының президенті. Қазақстанның «Экология» халықтық академиясының академигі, ақын.

         -Кәкімбек аға, қазіргі өтпелі кезеңнің уақытша қиыншылығынан ба, арамызда тәуелсіздігімізге немқұрайды қарайтындар табылып қалып жүр...

         -Тоз-тозы шыға ыдырап, келмеске кеткен кешегі «қызыл империяны сағыну» - мүлде ұят іс. Халқы бізден әлдеқайда шағын Моңғолия, жері ұлтарақтай шағын Люксембург, тағы басқалары дербес мемлекет. Ал біздің олардан неміз кем? Байлық жетеді. Мемлекетіміздің негізі –рухани игіліктер, білікті кадрлар да баршылық.

Өркениетті елдердің жүйесіне кіріп алуды көздеген ұмтылысымыз дұрыс. Бір орында тұрған жоқпыз. Аман-есен оған да жетеміз. Тек шыдам керек. Бір ойым: неміс пен жапонды көп мақтаймыз. Олар бүгінгі күнге ұлттық намысы мен ерен еңбегінің арқасында жетті ғой.

Жүрек пен санада ұлттық намыс болу үшін жастармен қатар орта буын, аға буын өкілдерін де білімі мен тәжірибесіне лайықты өз орнында пайдаланған жөн. Аға буында көп асыл қазына бар. Олардың бәріне бірдей «сен кеше анау болғансың» деп айдар таға беру жөн емес. Иә, ұрпақтар жарасымды үйлесім тапқанда ғана елдің болашағы үшін төккен тер мәуелі жеміс береді.

Біз – баймыз. Сондықтан бізбен дос болғысы, сөйтіп бізден өзіне нәпақа тапқысы келетіндер аз емес. Мәселен, Жезқазған, Балқаш аймағын «Самсунгке» бердік, қазір ол қандай? Отыз мыңдай жұмыскері бар Жезқазған өндірісі тоқтап қалса, не болар еді?

Одақ кезінде ғой, «ең арзан мыс өндіріп жатырмыз» деп мақтандық, ол қайда кетті? Бізге содан ұшығы мен пұшағы ғана қайтушы еді ғой.

         -Өндіріс ошақтары шетелдік компаниялар қолына көшіп жатқан шақта қазақ қандай болуы керек деп ойлайсыз?

         -Президентіміз айтатындай, бұрынғыдан жинақылау, іскерлілеу болу ләзім. Жайбарақаттықтан арылу керек. Сонсоң жеке бастың қабілетін, сапасын көтермей тағы болмайды. Онсыз халық, ұлт көтерілмейді. Немістер күндіз бір жұмыс істесе, кешке тағы бір жұмыс атқарады.

Өндірісті алып жатқан шетелдіктер ақшалы ғана емес, шебер де. Ендеше атқарушы директорлардың, өндірістің барлық буындарындағы білікті мамандардың қасында қазақ жүруі тиіс. Бос салақтап емес, әрине, үйрену үшін, жетілу үшін. Елдің байлығын білгір, шебер, еңбекқор адам ғана ұқсата алады.

         -Өндіріс егер дұрыс жүргізілмесе, жер-суды бүлдіреді. Ал шетелдіктер ол жағына мән беріп жатпас, ойлайтындары ен байлықтан молырақ қарпып қалу ғой дейтін де пікірлер айтылады.

         -Баяғыда қазақтар танысы мен көршісінен ат сұрап мінсе, күш көлігін пайдаланса, «майын» төлейді екен. Беруші де, алушы да өзара қарым-қатынастарып пайдаға құрады. Демек, келісім шартта қоршаған ортаны бүлдірмеу талабы болуға тиіс те, бар да. Әсілі, сұрағың экология мәселесіне қарай ойысуға шақырғандай-ау?..

Иә, бұрынғы одақ кезінде 1984 жылы Қарақалпақстанға басшы болып барғанымды көзі қарақты оқырман білетін шығар. Сонда Арал апатымен бетпе-бет кездестім. Одақ көлемінде Аралды құтқаруға екі қаулы қабылдануына себім тиді, білем.

Қазір де осы салада қызмет атқарам. Аралдың жайын білесіздер. Ал Каспий деңгейі соңғы он сегіз жыл бойы көтеріліп келеді. Бірін суға қалай толтырамыз деп қиналсақ, екіншісінің топан суынан қалай қорғанамыз деп қиналудамыз.

Көлдерді сақтау да үлкен міндет. Солардың ішіндегі зоры –Балқаш. Өйткені түбінде шөлден қысылатын түріміз бар. Қазірдің өзінде Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстанның бес ауданы, Ақтөбенің бес ауданы, қазіргі Қарағанды облысының Жезді аймағы, Байқоңыр, Сәтбаев елді мекендері судан тапшылық көруде. Арал тартылған соң бұлақ құрыды, бары ашып кетті. Рас, Халықаралық Арал қоры бар. АҚШ, Франция, Халықаралық банк тәп-тәуір көмек беріп тұр. Бірақ Арал отыз жыл бойы құрғады ғой. Енді оны алдағы отыз жылда тұрақтандыра алсақ жаман болмас еді-ау. Ол үшін Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан күш біріктіруі тиіс. Қырғыздар мен тәжіктер де сырт қала қоймас.

         -Бір кездері Сібірдің ұлы өзендерін бұру сөз болды. Жобасы да жасалған сияқты еді...

         -Сібір суын Аралға әкелу... Құндылығын жойған жоқ. Бүгінгі күннің барша әлем түсінген басты ұраны – Адамды сақтау. Ендеше Ресей ауызсу үшін деген уәжді, әрине, қабылдайды.

         -Сонда қалай ішкі мүмкіндікті толық сарқып біткенбіз бе? Ертіс суы ше?

         -Қажетімізге Қазақстан суының оннан бірін ғана жаратып жүрміз. Былтыр Семей, Павлодар облыстарын аралаған едім. Сонда Ертіс суын қараторғайлатып, терісаққандатып, қаракеңгірлетіп, сарыкеңгірлетіп, сарысулатып Телікөлге жеткізсе-ау деген ой баураған-ды. Бұл да бір жоба, түбі жүзеге асуы мүмкін.

         -Әйтсе де...

         -Қостанайлатып бүкіл Қазақстанды басып өтетін бұрынғы жоба дайын дедім ғой. Және ол жүзеге асса Қазақстан мен Ресейдің ежелгі көршілік қарым-қатынасы өркениетті жаңа қырынан байып, нығая түсер еді.

Жалпы, жұмыр жердің тұрмыс-тіршілігі бір-бірімен тонның ішкі бауындай жалғасқан құбылыс. Мысалы, Балқашқа алты өзен құяды. Толымдысы Іле еді. Бөгеп, Қапшағайды тудырдық... Жә, болған істі жамандағаннан не түседі. Одан да Балқаш көлінің тағдыры жайында Конвенция қабылдау керек болар. Бұл енді Парламентіміздің шешетін ісі.

Мәлім жәйіт, дүниежүзі шөліркеп барады. Жерорта теңіз, Қара теңіз, Каспий, Арал, Балқаш, Байкал – бәрі бір деңгейде жатыр. Адамзат әлемін сақтап тұрғандар да осылар. Аралды айттық, енді Балқаш құрыса шөл тайгаға бір-ақ жетіп барады. Ал тайга бәріміздің тыныс алар өкпеміз ғой. Ата-анаңды таңдай алмайтының сияқты Отанды да таңдай алмайсың. Әр жер табиғатының адамға берер өзіндік ризығы бар. Соны орайымен игілікке жарата білу – ақылың мен шеберлігіңе, еңбекқорлығыңа сын. Тілін тапсаң – бақытың. Балқаштың балығы, су құндызы... Оның үстіне тарихи өнегелі жер. Ұлы адамдар жүрген өңір: Кемпірбай, Жамбыл, Балуан Шолақ, Шашубай, Тайжан, Кенен. Шашубай осында Балуан Шолақпен кездескен, содан көп өнер үйренген.

Әсілі, Қарағанды облысы суға бай өлке емес. Қазіргі халқының санына жететіндей ғана қоры бар. Әсіресе, жер астынан тым көп мөлшерде су алып жатырмыз. Жанай, Есқұлақ, Үйтас-Айдос, Тұзкөл, Тоқырауын. Бұлар таусылмайтын, сарқылмайтын дүние емес. Оны үнемдеу, орнын толтырып отыру жағын да ойластырмай болмайды.

         -Әңгімеңізден ел-жұртты қызметтегі жалаң міндет тұрғысынан емес, жан-тәнмен, жүрекпен жақсы көретініңізді байқап отырмын. Енді Халықаралық Сәтбаев қорына қарай ойыссаңыз. Сіз оның президентісіз ғой.

         -Қор 1995 жылы құрылды. Негізгі құрылтайшысы Жезқазған облысы еді, тарап кетті. Сол себепті мен Қарағанды облысының әкімі Мәжит Төлеубекұлы Есенбаевқа арнайы барып жолықтым. Ол кісі жақсы ықылас көрсетті. Мәселеге түсіністікпен қарады. Рахмет. Енді қалай? Жезқазған мен Қаныш егіз ұғымдар ғой.

         Қазақ Ұлттық Академиясын құрған – Қаныш.

Кен барлау институтын құрған – Қаныш.

Ол – дүниежүзілік деңгейге көтерілген шынайы ғалым. Орталық Қазақстанның металлогениялық картасын жасады. Қарапайым тілмен айтсақ, кен жатқан жердің тұқым-тегі жаратылысын таңбалады. Яғни қай жерде не жатыр, нені, қайдан іздеу керек – дәл айтып, көрсетіп кеткен.

Қанекең Баянауылда туып, Жезқазғанда еңбек етсе де бүкіл Орталық Қазақстанның қазба байлықтарының даңқын бар әлемге айғақтады.

         -Иә, ғұламаның мерейтойы да жақындап қалды-ау.

         -1999 жылы жүз жасқа толады. Оған осы бастан дайындалып жатырмыз. Үкіметке арнайы бағдарлама ұсынбақпыз. Ойымызды Мәжит Төлеубекұлы мақұл көрді. Той өткізгенде тігілетін кигіз үй санына емес, мазмұнына, яғни халықтың, жас ұрпақтың жадында қалар өнегесіне баса назар аудармақпыз. Екі ескерткіш мүсіні қойылады: бірі, Алматыда, оның шығынын Үкімет көтереді, екіншісі, Сәтбаев қаласында, оның қаржысын облыс пен қала көтермек.

         -Айтпақшы, Қанекеңнің тоқсан жылдығына байланысты да кезінде Үкімет арнайы қаулы қабылдаған сияқты еді.

         -Иә, содан бері бақандай он жыл өтті. Қаулы далада қалды. Астанадағы полтехникалық институттың алдына «Бұл жерге ескерткіш қойылады» деп белгі орнатқан. «Қаңқ етіп, түкті байқамай» әлі сол қалпы тұр. Кезінде кемеңгер Мұхтар Әуезов айтқан екен: «Қанекең – Абай, Шоқан қатарындағы тұлға» деп. Қазір сол қатарға Мұхаңның өзі де қосылды. Бұл төртеуі теңдесі жоқ тұлғаларымыз. Бұлардың азаматтық парасатын, ғалымдық кемеңгерлігін, біліктілігін ел жүрегіне, әсіресе жастарға, одан қалды бүкіл әлем халқына айғақтай, жеткізе түсуіміз керек. Абайды поэзияда қалай асқақтатсақ, ғылымда Қанышты да сондай биікке көтеру – міндетіміз.

         -Ғұламаның тойын өткізгенде мазмұнына көбірек көңіл бөлетін боламыз дедіңіз-ау.

         -Тойға жиналып жауыр болған сөз айтып, ішіп-жеп кету мұрат емес. Өркениеттілікке де жатпайды. Тойды Алматыдан бұрын Қарағандыда 1998 жылы Сәтбаев оқуларын өткізуден бастайтын шығармыз. Мұны Мәжит Төлеубекұлы да қолдап отыр. Ал тақырып ұшан-теңіз:

         Қаныш және Жезқазған;

         Қаныш және қара металлургия;

         Қаныш және әдебиет;

         Қаныш және мәдениет;

         Қаныш және өнер.

         Қанекең энциклопедиялық тұрпаттағы білімдар адам еді ғой.

         -Сөзіңіздің ара-арасында облысымыздың әкімі Мәжит Төлеубекұлын жиі айтып кеттіңіз. Қарағанды облысына енді Жезқазған аймағы қосылды. Жүк ауырлады. Соны ескеріп әкімге іштартқаныңыз ба? Жалпы, осы облыстардың қосылуына қалай қарайсыз?

         -Мәжит Төлеубекұлына, әрине, іштартамын. Жас, жігерлі, өткір. Ең бастысы, білімді де білікті. Иә, басшылыққа өте ауыр кезде келді. Бірақ нар жүгін көтеретін азаматтарымыз бұрын да болған, қазір де баршылық. Әйтпесе ел боламыз ба? Қарағанды – Жезқазған аймағы Мәжиттің бала боп жалаңаяқ жар кешкен, ер жетіп білім алған, еңбекке баулынған туған өлкесі ғой. Ендеше оған деген жүрегінің балалық ерекше ыстығы бар деп білемін.

Облыстардың қосылуы Президент Жарлығымен болған іс. Өйткені мемлекеттің аймақтық-әкімшілік құрылымы дегеніңіз үлкен де нәзік саясат. Әсіресе нарықтық экономика жағдайындағы ролі өте зор. Бұл жерде аймақтардың өзін-өзі сақтап, өзін-өзі асырауына қол жеткізу – басты мақсат. Қараңыз, Қарағанды, Жезқазған, Жезді, Теміртау, Балқаш, Ақшатау, Қаражал – кен байлықтары тұнып тұр емес пе?! Қанекеңнің картасына түскен шұрайлы кеніштер ғой.

Сондай-ақ, Президентіміздің осы аймақтың кенішін «Самсунг» сияқты әлем таныған қуатты да іскер фирманың игеруіне жол ашуы да үлкен көрегендік деп білемін. Басқарушы В.С.Кимнің «Қазақстанның азаматымын, ел намысын қорғаймын» деген сөзін естідім. Біреулер өсек айтады: шетелдіктер талан-таражға салды, жыртқыштықпен алып жатыр... Қате түсінік, білместік. Байыптаңыз, Ғазиз Омаров, Төлеген Әбдірахманов, Игнат Ли, Руслан Юн сияқты Жезқазғанның білікті өндірісшілерін төңірегіне топтастырды. Ақылдылық емей немене бұл? Былтыр қыста Кентау қатып қалды. Жезқазған аман-есен. Дүниеде кемтарлардың, қарттардың, балалар мен аналардың ашығып, тоңып-жаурағанынан жаман не нәрсе бар.

         -Кәке, оқырмандарды сіздің қайраткерлігіңізден, ғалымдығыңыздан хабардар етіп отырмын. Көп жұрт сізді мен айтпасам да жақсы біледі, әрине. Оншақты кітабыңыз жарық көрді. Өлең сөзіне ән көп шығарылған қазақ ақындарының алдыңғы қатарында жүрсіз. Біз білетініміздің өзі екі жүздей. Соның 175-і «Аққу жеткен» деген атпен жеке кітап болып та шықты.

         -«Сөз өнері дертпен тең» деп Абай айтқандай, поэзиядан кете алмайды екенсің. Соңғы уақытта поэзияның мол көсіліп, кең толғанатын поэма жанрына ден қойып жүрмін. Соның бірі – «Үкілі Ыбырайдың абақтыда қалдырған сөзі». Қабырғаға жазылған екен. Жендет қызметін атқарып жүрсе де көзі қарақты біреу сыртқа шығарған, білем. Ауылдас ағайындасым, Үкілі Ыбырайдың шәкірті, белгілі халық ақыны Молдахмет Тырбиевтен естігем. Ол мынау:

         ГПУ деген сотыңыз,

         Жүріп тұр ғой қотыңыз.

         Жетпісте шалды айдаттың,

         Кесілді ғой к... міз.

Кенесары – Наурызбайдың өлімі туралы ел аузында алуан-алуан аңыз бар. Мен бір орыс оқымыстысының дерегіне сүйендім. Кенекең «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп бір ауыз сөз сұраған екен. Ойын тақпақтап айтып, өлеңдетіп бітіріпті. Елінің тәуелсіздік арманы ғой. Мен осыған «Кенесарының соңғы сөзі» атты поэма арнадым.

«Қарақалпақ немесе Арал назы» деген жырыма да көп тебірендім. Арал кепсе, біздің тыңымыздың да, шыңымыздың да сәні кетеді. Мен осыны жүрегімнің лүпіліне бөледім. Ал «Дала» атты поэмамның халыққа кең тарағанын өздерің де жақсы білесіңдер.

Менің жанымның жайлауынан ерекше ойып орын алған еңбегім – «Тәттімбет». Бұл поэманы 1984 жылы бастағам. Тарауларын бөлек-бөлек жаздым. Кезінде «бай баласы» деген сөз де шығарды «қырағы білгіштер». Қаздауысты Қазыбек бидің туысы екенім рас еді. Одан Қарақалпақ кеттім. Өстіп жүргенде егеменді заманға да жеттім. Еркін көсілер күн туды. Гоголь айтқан ғой: «Жазғанымды жеті рет түзеймін. Сегізіншіге күшім жетпей қалады» деп. «Тәттімбетті» мен де қайта-қайта түзедім.

Әрине, басқа шығармаларға да уақыт табылып қалады. Жиырма баспа табақтық өлеңдерім «Жазушы» баспасынан жарық көрмекші. Сәкен, Ілияс, Бейімбет тойларында жыр оқып жүрмін. Абай тойына арналған «Абайым – ақындықтың пайғамбары» деген өлеңіме атақты сазгер Нұрғиса Тілендиев ән шығарды. Өлең маған анамның ақ сүтімен келген. Жасым ұлғайған сайын ол мені мүлде баурап, жеңіп барады. Бірыңғай ақындық жолмен кетуім де мүмкін еді. Бірақ Қаныш Сәтбаевқа еліктедім, соның жолын қудым, оған себеп әлгінде айтқан Молдахмет Тырбиев.

         -Сен кім болғалы жүрсің?

         -Мұғалім.

         -Сенсіз де жетеді.

         -Агроном.

         -Сенсіз де бидай өседі. Көкшетау, Сырымбет астында не жатыр, білесің бе? Қаныш біледі.

         -Ақын болам.

         -Өлеңмен еліңді тойындыра алмайсың. Құдай берген өнер болса, жаныңнан қусаң да қалмайды...

Сөйтіп, кен инженері болуды ұйғардым. Қанекең салған жолды таңдадым. Қанекең ашып кеткен ризық ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Тек оның орны қайта толмас байлық екенін де естен шығармайық. Ұқыптылық та, есеп те керек. Егер өндірісті білгірлікпен өркендетсек, одан ауылға келер шапағат та мол болмақ. Екеуі жарасым тауып ұштасқанда берекелі тіршілікке жол түседі. Әкімдеріңіз жарғақ құлағы жастыққа тимей қала мен даланың жағдайын өз көзімен көріп, мұң-шерін өз құлағымен естіп тыным таппай жүрсе, оған күш-қуат беріп жүрген құдірет осынау үлкен мұрат болар.

(«Қазақ әдебиеті» газеті, № 40, 7 қазан, 1997 жыл)

Әңгімелескен, Өтен Ахмет


author

Кәкімбек Салықов

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...