Лайықты марапат!

ӘДЕБИЕТ
2644

Моңғолдың Жазушылар Одағы 90 жылдық мерейтойына орай ҚЖО, МЖО мүшесі Жүкел Қамайды "Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін" алтын белгісі және "МЖО-ның 90 жыл" медалімен марапаттады.

1958 жылы 20 мамырда Монғолияның Қобда аймағының Бұлғын сұмынында дүниеге келген. 1987 жылы Монғолия Жазушылар одағының жанындағы Жоғары әдебиет кафедрасының поэзия бөлімін, 1995 жылы Дания-Монғолия халықаралық журналистика курсын аяқтаған.1979-1984 жылдары Монғолия Жастар одағының мәдениет-оқу орталығында, 1987— 1990 жылдары Монғолия орталық радиосының редакциясында арнайы тілші, редактор, «Рух» ұнпарағының Бас редакторы, 1990—1991 жылдары «Әлем» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, қазақ тіліндегі «Шарапат» газетінің Бас редакторы, 1995 — 2000 жылдары «Қазақ Елі», «Ана тілі» апталықтары мен «Қазақстан тарихы», «Ислам әлемі» журналдарында бөлім меңгерушісі, 2004 жылдан «Алатау» апталығында бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен. Баспасөз бетінде алғаш рет 1979 жылы көрінген. 80-жылдардан бастап монғол тілінде жазатын ақын, аудармашы ретінде танылады. Шығармаларын монғол, қазақ тілдерінде жазады. Жекелеген туындылары орыс тіліне аударылған. Көптеген қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын монғол тіліне аударған. Монғолияның еркін Жазушылар одағының мүшесі. Абай Құнанбайұлының толық шығармаларын монғол тіліне көркем аударғаны үшін Түрік тілдес халықтар ІІ поэзия фестивалінің лауреаты болған. «Шуақты сезім» (1986), «Жылу, сәуле» (1987), «Топырақ-тозаң» (1989), «Ақтық сөз» (1992) ұжымдық жинақтарына өлеңдері енген. Құран сүрелерін, Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін, Сейітхан Әбілқасымұлының «Қара боран» романын, М.Егеуханның «Ару арманы» жинағын, Махамбет Өтемісүлының жырларын, Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс ханның шарапаты» шығармасын, Жамбыл Жабаев, Ақыт Үлімжіұлы, Мағжан Жұмабаев, Мүқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Олжас Сүлейменовтің шығармаларын монғол тіліне аударған. Х.Пэрлэнің «Көшпенділер тарихын көне таңбалар арқылы зерттеу», А.Амардың «Моңғолдың қысқа тарихы», Лүбсанданзанның «Ежелгі хандар негізін салған төрелік жосығы» («Алтан товч» тарихи кітабының аудармасы мен түсініктемелерін) туындыларын, У.Уйтмен, А.Мачадо, О.Дашбалбар, Ж.Болд-Эрдэнэ, Мэнд-ООЕО, А.Чакраворти, И.Хистің шығармаларын қазақ тіліне аударған

Кешкілік,
Аспан жиегінде
Жалғыз қалатын
Есекқырғандай
Алатауға
Бұрындай төбелерінен
көз салып,
Даңқа алжып,
жанары солған қарт жазушыдай
қайдағы бір естеліктер айтып…
Желтоқсанның басында
Қыстау үйшіктен шыққан
көтерем тоқтылардай
оң мен солы ауысқан
көп “ақын” басқостық.

Баяғыәңгімелер…
Білтелі шам сәулесінен
елес беріп,
Еліне өкпелі кейбір “есті”
Қаптауын қопарып,
Қас жауын қиратып келгендей,
Талдыдан барған менің алдымда
Пай-пай, шіркін!..
Құрт-қабының ауызын сөгіп,
ағытыла, ақтарылып,
Атасына қауышқан кезбедей,
Айлы түнде, әдемі-ақ бөсті –
Аңсарым сол болғандай!..
Әй, өлерін ұмытқан,
ақжүрек ақындар-ай!..

 

*  *  *

Мен уақыттан озарда
Не болар екен
Мына біздің жұпыны аулада?!.

Адам сыймай…
Көлік дегенің,
Көк тулы президенттің
Қорғаушысындай қаумалап…
Қалың елім топырлап…
Мен дегенің бір «сопы»
Қайқая ұшып бара жатпайын!..

Мен кетерде,
Не болар екен
Мына біздің аулада?!.

Көрген де, көрмеген де,
Алыс, жақыннан күймелеп…
Зередей көріс айтқан
Сенің алдыңа үймелеп…
Әкесімен қоштасқан
Шық жанарлы ұлдарыма
Көңіл айта кимелеп!…

Мен қайтқан күні
Не болар екен
Мына біздің аулада?!.

Мен ғой сонда,
Мезгілсіз ақылым тасып…
Баяғы әдетіме басып,
Қайғылы сенің алдыңда
Күліп жібермесем болғаны!..

Мен кететін күні,
Не болар екен
Мына біздің жаман аулада?!.

УАҚЫТ

Біз еккен ақтерекке
Үшқарға ұясын салыпты –
Үш отауымыз сияқты!..

Қараталдың жусанына бөгіп,
Бізде біраз жерге барыптық!..

Қапалдың қары қалыңдап,
Саршағанның мұзы кетпейтін
болыпты!..
Мен саған жақындап,
Сен маған еніп,
Екеуіміз бір адамдай толыптық!

Шайыңды құй,
кемпірім!..
Сарымайыңмен сапырып,
Терімді сүртіп,
Өзім ғана білетін
Сол бір гүлді
саған арнап берейін!..

Батар Күнде
уақытпен таласып,
Көкжиеккке жақындап барады!..
Асықпа,
немерелеріңнің
ортасында ойна,
Сырмағыңды көп сырма,
Көзің талар
БЕЙУАҚТА!..

Сонан шалың келгенде,
Екеуіміз жұптасып,
Бұрынғылар жолымен
Қоңырға қайта бір
барармыз!..
Қоңырқаздың
қаңқылын,
Саралқаздың
саңқылын
естіп,
Баяғыдай тағы бір көңілденіп
қайтармыз!..

 

*  *  *

Күзде қоңыр белден
Ел етекке түскен тұста
Жұртта қалған ақсақ қоңыр қозының
Маңырағанын естіп,
Мен өлең жазған болуым мүмкін.

 

Көктемде қара үйдің іргесі түріліп,
Қара жел аңыраған тұста
Ошақ басында отырған
Жетім қара қызды көріп,
Мен өлең жазған болуым мүмкін.

 

Жазда сары шіркей қаумалап,
Сары ұлдың бетін
Арлы-берлі талаған тұста
Қауқарсыз саусақтарын аялап,
Мен өлең жазған болуым мүмкін.

 

Сары інген ботасынан жеріп,
Сары даласына қарай босқан тұста
Қалың ел – қазағымды ойлап,
Мен өлең жазған болуым мүмкін.

 

Қырқадан екі сыңар қарлығаш
Қайшыласа қарсы ұшқан тұста
Тағдыры тоғысар ма, деп қаймығып,
Мен өлең жазған болуым мүмкін.

 

КЕШІРІҢДЕР…

Мен көрген Ай,
Жұлдыз,
Аспан – көкала
Кешіріңдер, Мені?

Мен жұлған шөп,
лақтырған тас,
Үзген тошала
Кешіріңдер, Мені?

Мен еркелеген Ана,
Ойнаған бала,
Мінген тай-құлын,
қозы,..
Жүгірткен тазы,
Ұшқанқұс
Кешіріңдер, Мені?

Мен жарған
жұмыртқа,
Жорғалаған құмырсқа,
Тау, қырат,
Көлбеген дала,
Ішкен бұлақ,
аунаған құрақ
Кешіріңдер, Мені?

Барар жер –
басқан топырақ,
малтаған құрт,
секірген лақ,
оқылған кітап,
айтылған дұға,
Ақылды Адамзат,
Дүние-ғұмыр
Кешіріңдер, мені?!.

 

*  *  *

Күміс жусанның исі аңқып,
Көкшіл сағым мүлгиді.
Самайымды самал тарап,
Жартастан естіп күлкіңді!..

Сары жайлаудың соңғы күні,
Ат ағашты айнала ұшқан
Сәнді сарала торғаймен бірге,
Уақыттың күміс қоңырауына ұқсап,
Сыңғырлаттым бір күйді!..

Жайлаудың сол соңғы күні
Сенің күлкің шоқ қарағайдан естіліп…
Солған түрлі жапырақтар
Шыт көйлегіңнің бедеріндей көрініп…
Көкала марқа жұлған көк гүлдің сабағын
Көңілде қалардай сонша бір аядым!..

  

*  *  *

Тұман етек сұры бұлт
Қаратал бойын тұмшалап
Төңірек уақсыз жаңбырға
малтығып,
Бұлт үсті:
Көк аспан
Көк туды желбіретіп,
Жер асты:
ынтығып,
Әлде кімдер тәуелсіздік
тойлап жатқандай
Ауық-ауық
көне қанды қоңыр саулық
тарлау жұла маңырап,
Бұралқы сары кәнденді
қанды шуына қызықтырып
Ақ маңдай қызыл тұсақ
егіз туды…

 

*  *  *

Ескі,
Тым ескі
Және уақыттан жаңылған
Таңы уақытында атпайтын,
Күні уақытында батпайтын
Мына бір елдің
Адамдары неткен қайғылы
Иттері неткен көңілді?!.

Құйысқанға ілінген құмалақтай
Қу бақанда қуарған
көне мыс қоңырау:
“Алыптар туатын Ел
Осындай болады!” – дегендей
Қоңыр желдің ырғағымен
Қоқаң-қоқаң етеді!

 

ПУШКИН

Пушкин деген
ақын болған, дейді
Менен бұрын –
Қылыш, карта, қатынқұмар –
Граф!..
Жазғандары –
кедір-бұдыр,
мың парақ!..
сайқал, содыр…
Пушкин деген
ақын болған, дейді!..

Дуелдің – “патшасы”
Ақпатша хатшысы –
Пушкин деген ақын
өлген, дейді
Оралға дейін келген,
дейді!..

Өлеңі жоқ,
татырлық,
Сөзі де жоқ
аларлық!
Пушкин деген бір ақын
Болып кеткен дейді…
Абай атам
қиналып,
Қатынына жазған хатын
әзер аударған
дейді!..

Түгел жұрт оны –
ПУШКИН дейді!

author

Жүкел Хамайұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...